«Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі

cover Фото: Orda.kz

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот өтіп жатыр. Сот отырысында екінші сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді. Оның айтуынша, оқиға кезінде досы Дархан көмек сұрап, көзінен жарақат алғанын айтып, дүкенге шақырған. Ол өзін және інісі Азамат Тоқтаубаевты тергеушілердің ұрып-соққанын, қысым көргенін айтып, алғашқы жауабынан бас тартты, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

Әуелі Нұрбол Тоқтаубаев өзіне Дархан Әскентайдың хабарласып «мені біреу ұрып кетті» деп көмек сұрап шақырғанын айтты.

«Мені біреу ұрып кетті деді. Қысқа-нұсқа ғана айтты. «Ұрып кетті, мені алып кетші» деді. Мен: «Қазір барамын» дедім. Даусы қобалжып тұрды. Көмек керек деп ойладым. Дүкеннің сыртында тұрды Дархан Әскентай. Бетінен қан ағып тұрды. Дарханның өзінен сұрадым. Ол «Дүкен сатушысының баласы ұрып тастады» деп жауап берді», — деді Нұрбол Тоқтаубаев. 

Нұрбол осыдан кейін мән-жайды білу үшін дүкен иесімен сөйлеспек болып ішке кіргенін айтты.

«Ол: «Сенің досың ақша төлемеді» деп айтты. Ашулы болды. «Мен ұрдым» деді. Біресе,  «балам ұрды» деді. «Жарайды, ақшасын төлемесе мен төлейін» дедім. «Қанша  теңге төлемеді?» деп едім. «1000 теңге» деді. Мен артығымен 1500 теңге төледім», — деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Ол Қаржаубай Нұрымовтың пышақ ұстап, оқталғанын айтты. 

«Мен Каспийге төледім. Бірақ ол менің келгеніме қарсы болды. Пышақ ұстады. Атылды. Оқталды. Сонымен мен досым үшін кешірім сұрап, өзімнің Volkswagen автокөлігіммен мен, Дархан Әскентай, Думан Ысқақ үшеуміз кетіп қалдық», — деді Нұрбол Тоқтаубаев. 

Ол қайтар жолда өзіне Дархан Әскентайдың аударымды көрсетіп ақталғанын айтты. Сондықтан дүкенге қайта айналып барғандарын айтты.

«Мен дау ақша туралы болғаннан кейін қайтадан айналып бардым. Артық төлеген ақшамды қайтарып алу үшін және де Дархан Әскентайдың ақшаны бірден төлегенін растағым келді. Сонымен қайтадан бардық. Қаржаубай тағы да пышақ алып, оқталды. Біздің қайтып айналып келгеніміз оған ұнамады», — деді Нұрбол Тоқтаубаев. 

Нұрбол Тоқтаубаев Қаржаубайдың ерегіс іздеп, пышақпен ақталғанын айтты. 

«Қаржаубай «Менімен шық» деді. «Менімен шықпасаң, баламмен шық» деді. Біресе, «балам ұрды» деді. «Тағы да пышақ тақады». Ол жерде ешқандай да өзімді «95 хуторлықпын» деп таныстырған жоқпын. Мен өзім 1996 жылғымын. «Денсаулығыңды қойып тастайсың» деген әңгіме болған жоқ. Ондай сөз ешқандай іс құжатта жазылмаған. Мен бұрын соңды сотталмағанмын. Мәселені тыныш қана бір жақты қылып кету керек болғанбыз», — деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Сонымен қатар ол Нұрғанаттың біреулерді шақырғанын, өзі туған інісін шақырғанын солай төбелес басталғанын айтты. 

«Сол сәтте Нұрғанат біреулерге қоңырау шалып, шақырып жатты. Қаржаубай «Мен сені өлтіремін» деп жатты. Мен өзім сол кезде күйзелісте болдым, кішкене абдырап қалдым. Сонымен 6-7 шақты бала келді. Денелі мығым жігіттер. Мен туған ініме қоңырау шалған болатынмын. Қасымдағы Чина деген, Шыңғыс деген жігіт бар ғой. Інімде телефон жоқ болған соң, сол Чинаға хабарласып, өзімнің інімді шақырғанмын. Сонымен балалар келді. Сөйтіп, төбелес басталып кетті. Мен дүкеннің ішінде тұрғанмын», — деді Нұрбол Тоқтаубаев.  

Ол марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың мылтықты әуелі аспанға, екіншісін бұлардың аяғына атқанын айтты.

«Содан төбелес басталды, оқ атылды. Нұрғанат Ғайыпбаев мылтық алып келіп, алдымен аспанға, кейін біздің аяғымызға атты», — деді ол. 

Нұрбол Тоқтаубаев Нұрғанат Ғайыпбаевты тепкенін мойындады.

«Өзім аяғымды сермеп Нұрғанат Ғайыпбаевты бір-екі рет тепкенімді мойындаймын. Қас қағым сәтте болды. Ондай төбелесу ниетімізде болған жоқ. Мылтық атылған соң төбелеске араласуға мәжбүр болдым», — деп мәлімдеді сотта Тоқтаубаев. 

Нұрбол Тоқтаубаев дүкеннің алдындағы бейнежазбаларға қатысты, өзінің тек «Қаржаубайды сабырға шақырумен жүргенін» айтты. Еш жанжалсыз, төбелессіз кетіп қалуды ойлағанын айтты. Ол ақшаны Қаржаубайдың қайтармаймын дегенін айтты. 

«Ақша ештеңе керек емес. Шерзаттың өзі келсін. Дарханнан келіп кешірім сұрай салсын, біз кете берейік дедім. Сол сәтте Нұрғанат Шерзатқа кілт табыстады. Сонымен Шерзат кетіп қалды. Олардың өйтіп қару алып, сайланып жатқандары менің ойыма келген де жоқ, құрметті сот. Мен інімді шақырған болатынмын. Балалар келді. Сонымен төбелес басталып кетті», — деді Нұрбол Тоқтаубаев.  

Нұрбол Тоқтаубаев өзінің інісі Азамат Тоқтаубаевқа:

«Дарханды ұрып кетіпті. Келе аласың ба? Соған балалар жиналып жатыр. Мәселені жанжалсыз, ушықтырмай шешіп кетейік, деп айттым», — деді.  

Нұрбол Тоқтаубаев мылтықты нақты Нұрғанат Ғайыпбаевтың әкелгенін көргенін айтты. Нұрғанат мылтық атқанда інісіне қарағанын айтты, ол қашып барып, аяғына оқ тиген-тимегенін тексеріп аяқ киімін шешіп көріп жатыпты. Ал Думан Ысқаққа Нұрбол Тоқтаубаев «мәшинеден шықпауды бұйырыпты». 

«Нұрғанаттың аяғынан бір-екі рет тепкенімді мойындаймын. Бейнежазбада қалай тұр, соны мойындаймын. Ешқандай да өтірік айтып, сөйлемеймін. Мылтық атылғаннан кейін төбелесуге мәжбүр болдым. Бір-екі рет сермеп тептім. Мен тепкенде ол отырған. Мылтық атылғаннан кейін абдырап қалдық қой. Мен Шерзаттың 16 жаста екенін де білген жоқпын. Жалған айғақ. Оны бізге айтқан жоқ. Ал Бишімбиеваның қолынан ұстаған жоқпын. Түрін де көрген жоқпын», — деді Нұрбол Тоқтаубаев. 

Сонымен қатар, сотталушы тергеу кезінде адвокатсыз берген жауаптарынан бас тартатынын айтты. Адвокат сот отырысында Нұрбол Тоқтаубаевтың бұған дейін тергеуде берген жауабын оқыды.

Онда ол мылтықты «Қаржаубай алып шықты, Қаржаубай атты» деп айтады. Ал өзінің інісі Азамат Тоқтаубаевтың Нұрғанат Ғайыпбаевтың аяғына пышақ сұққанын айтып берген еді. Бүгін ол осы жауаптарынан бас тартты. Адвокат берілмегенін, адвокатқа құқы бар екені ескертілмегенін атап өтті. 

Оның сөзінше, ол жауаптар қысыммен алынған, өзіне құқықтары түсіндірілмеген әрі опер қызметкерлері мен тергеушілердің ұрып-соққанын айтты. Ол тек өзін ғана емес інісін де ұрғанын, «бастарына пакет кигізіп» ұрғанын айтты. Бұл жөнінде бірнеше мәрте арыз түсіргенімен, адвокаты сотта сол арыздарға жауап келмегенін мәлімдеді. Прокурор оның арызы бойынша шешім көшірмесін келесі сот отырысына дейін жеткізетінін айтты.

Назарларыңызға айыпталушылардың тізімін ұсынсақ:

  • 1. Абзал Шынасыл - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі), «Адам өлтіру» (99-бап 2-бөлігі), «Адам өлтіруге оқталу» (24-бап);
  • 2. Равиль Сакиев - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі), «Адам өлтіруге оқталу» (24-бап 2-бөлігі);
  • 3. Шыңғыс Белғожаев - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 4. Дархан Әскентай - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 5. Нұрқияс Ілиясов - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 6. Нұрбол Тоқтаубаев - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 7. Дидар Қалиахмет - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 8. Азамат Тоқтаубаев - «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі);
  • 9. Думан Ыскақ Кайдарұлы - кәмелетке толмаған. 434-бап бойынша айып тағылған.

Оқиға орнында болған Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова және Санат Абдықадыр куәгер болып, сот алдында жауап берді. Санат Абдықадырдың жауабы марқұм жәбірленуші Нұрғанат Ғайыпбаевтың жауабындағы Чиканың сөзімен ұқсас болып қалған еді. Сотты көріп отырған қазақстандықтан оны Чиканың өзі деп біліп, түрлі жағымсыз пікірлер жаза бастады. Тілшіміз осының анық-қанығын білу үшін Санат Абдықадырдың өзімен жолығып, сұхбаттасқан еді. Ол бәрін жоққа шығарып, «шыбынды да өлтірмейтінін» айтты. 

Сот отырысы жалғасып жатыр. Бұған дейін бүгінгі сотта айғақ болған бейнежазбалар көрсетілді. Ол істің мән-жайын анықтап, куәгерлердің өтірігін әшкереледі.

Бұған дейін болған сот отырысында Нұрғанат Ғайыпбаевты бейнежазбаға жасырын, еш қаулысыз рұқсатсыз түсіріп алған Талғар криминалдық полиция бөлімінің басшысы міндетін атқаратын Медет Әділжановтың заң бұзғаны белгілі болған еді.

Сондай-ақ алдыңғы сот отырсында адвокаттар бірауыздан прокурор Дана Сәрсенбайды эмоцияға беріліп отыр деп, ауыстыруды сұраған еді. Сот бұл ұсынысты мақұлдамады. Айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай сол сотта жауап берген болатын. Ол өзін марқұм Шерзат кастетпен ұрғанын осы сотта айтты. Бұған дейінгі тергеуде ол жайлы мүлде жақ ашпаған. 

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары  Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар