Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді

cover Коллаж: Orda.kz

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан резонанс тудырған іс бойынша сот отырысында оқиға орнындағы бейнежазбалар жария етілді. Өткен соттан бері сотталушылардың бірі Дархан Әскентай сот алдында жауап беріп жатыр. Дүкен ішіндегі және сыртындағы камералар түсірген материалдармен қатар, куәгерлердің де түсірген бейнежазбалары көрсетілді, деп хабарлайды Orda.kz.

Көрсетілген бейнежазбада сағат 23:43 кезінде күдіктілердің бірі дүкенге екі бөтелке сырамен келгені анық байқалады. 

  • 23:43 Екі бөтелке сыра алып кассаға келген.
  • 23:45 Әскентай кәмелетке толмаған Бекнұрға хабарласып 1000 теңге ақша аударуды сұрады. 

 Кейін 10-15 минуттан соң дүкенге қайта оралып, телефонын қуаттауды өтінген. Судьяның «Сыртта не істеп тұрдың, кетіп қалуыңа болар еді ғой» деген сұрағына Әскентай: «Телефонымды қуаттадым», – деп жауап берді.

Түнгі 00:11-де марқұм Шерзат дүкеннен шығады. Сол сәтте оны ұрғанын Әскентай мәлімдеді. Оның адвокаты Марлен судьядан Шерзаттың қолындағы затқа назар аударуды сұрады.

  • 00:33 кезінде дүкенге Нұрғанат Ғайыпбаев келген. Дархан Әскентайдың айтуынша, Шерзатқа жарақат алғаннан кейін ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген, сондықтан ол Нұрбол Тоқтаубаевқа хабарласып, алып кетуді өтінген.
  • 00:39 Нұрғанат пен Қаржаубай сыртқа шыққан. Артынша Қаржаубай қайта дүкенге кірген.
  • 00:42 Қаржаубай кірді. Артынша Нұрбол кірген. Дархан Әскентай: «Қаржаубай маған ақша төлемеді деп жала жапты» дейді. Сосын Нұрбол кіріп: «төледі» деген көрінеді.
  • 00:43 Қаржаубай, Шерзат, Нұрбол үшеуі сыртқа шығады. Нұрымовтың қолында пышақ болған. Артынша кіріп пышақты орнына қойған.
Адвокат Мейірман Шекеев Нұрболдың ақша тұрған жаққа өтуіне байланысты Қаржаубай оны сыртқа шығарған дейді.
  • 00:57 сотталушылар Қалияхмет, Әбдіқадір және Мұратов дүкенге кірген.
  • 00:58 куәгерлер Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова дүкенге кірген. Осы уақытта төбелес басталып барлығы сыртқа шыққан. 
Екі куәгер сөмкелері көлікте қалғанын айтқан. Ал бейнежазбада сөмкелері қолдарында екенін көруге болады. 

Сондай-ақ, қарама-қарсы үйдің тұрғыны түсірген бейнежазба да сотта көрсетілді. Онда: «Жедел жәрдем шақырыңдар! Тоқтатыңдар!» – деген айқайлар естіледі. Осы бейнежазбада күдіктілердің әрекеттері анық көрінеді.

Куәгер Мәмедованың бейнежазбасында Шерзатқа пышақ салынған соң, оны қорғауға ұмтылған Ғайыпбаевты Белғожаевтың, Шынасылдың, Ілиясовтің, Сакиевтің сүйретіп әкеткені көрінеді.

Прокурор Шынасыл мен Сакиевтің пышақ сұққанын мәлімдеді. Алайда сотталушылардың адвокаттары бұл тұжырыммен келіспей, дәлелсіз айыптаулардан бас тартуды сұрады.

Сот отырысы өтіп жатыр. Orda.kz тілшісі тікелей ақпарат таратады.

Бұған дейін болған сот отырысында Нұрғанат Ғайыпбаевты бейнежазбаға жасырын, еш қаулысыз рұқсатсыз түсіріп алған Талғар криминалдық полиция бөлімінің басшысы міндетін атқаратын Медет Әділжановтың заң бұзғаны белгілі болған еді. 

Сондай-ақ алдыңғы сот отырсында адвокаттар бірауыздан прокурор Дана Сәрсенбайды эмоцияға беріліп отыр деп, ауыстыруды сұраған еді. Сот бұл ұсынысты мақұлдамады. Айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай сол сотта жауап берген болатын. Ол өзін марқұм Шерзат кастетпен ұрғанын осы сотта айтты. Бұған дейінгі тергеуде ол жайлы мүлде жақ ашпаған. 

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған  Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар