Мойнына оралған сым: Шерзат Полаттың ағасының өлімінің артында не жатыр

cover Коллаж Orda.kz

Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі інісі Шерзат жерленген зират маңынан тізерлеп отырған күйі мойнында оралған сыммен бірге табылды. Айналдырған бірнеше айда бірінен соң бірі болған қаралы оқиғадан қабырғасы қайысқан отбасының туыстары не дейді? Нұрқанат өлерінің алдында ағасына не деп хабарлама жазды? Шерзат ісі бойынша негізігі куәгер ретінде болған Ғайыпбаевтың өлімінің мән-жайын Orda.kz тілшісі білді.  

Алдымен оқиғаға рет-ретімен тоқталайық, 9 желтоқсан күні таңертең Талғардың шетінде қайтыс болған жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, өлім себебі – дем жетпеу салдарынан тұншығу. Денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталған жоқ.  

Алайда Ғайыпбаевтың туыстары өз-өзіне қол жұмсау нұсқасын түбегейлі жоққа шығарып отыр. Қазіргі уақытта туыстары түсініктеме беруден бас тартып, кез келген түсірілімге тыйым салуда. Олардың айтуынша, марқұмның денесі мәйітханада жатыр, ал полиция өлімнің мән-жайын анықтауды жалғастыруда.  

«Нұрқанат суицид жасады дегенге сенбейміз», -  деп қысқа ғана қайырды туыстары.

Белгілі болғандай, Шерзат Полаттың отбасы тәулік бойы полиция бақылауында болған. Дегенмен, Нұрқанат Ғайыпбаев түн ортасында үйден шығып, жақын арада қайтып келетінін айтқан. Бірнеше сағаттан кейін оның денесі табылды. Ол бар болғаны 30 жаста еді. Өлерінің алдында ағасы Қаржаубай Нұрымовқа кешірім сұрап, жиенінің жанына жерлеуді қалайтынын айтыпты.

«Аға, мені кешір. Мен бауырымның өлгенін қаламадым. Мен оны аман алып қалуға барымды салдым. Бірақ Алла оны өзіне алуды қалады. Сен біз үшін өмір сүр, сен кек алу керексің. Сен осы үшін жаратылдың, бірақ мен жіберген қателікті қайталама. Қадірлім, сенің қызың мен ұлың бар, соларды ойла. Сені қатты жақсы көремін, кешір мені»  деген хабарлама жіберген.

Ары қарай марқұмның туыстарына көңіл айтуға әрі оқиғаға қатысты пікір білідіруге Шерзат Полаттың жанұясының адвокаттары келді. Қорғаушы Марал Жайлаубаеваның айтуынша, Нұрқанат Ғайыпбаевтың түн ішінде хабарсыз кеткенін туыстары байқап іздей бастаған, артынша полицияға хабар берген.

Шерзат Полаттың жанұясының адвокаттары

«Бір сәтте оның телефоны өшіп қалды. Кейін туыстары оны іздей бастаған, артынша полицияны хабардар қылған. Оның денесі Талғар маңында табылған деп айтты. Біз ол жерге әлі бармадық. Нұрқанаттың денесін бірінші болып туыстары тапқан. Содан кейін құқық қорғау органдарына хабарлады. Ал оның көлігі зират маңынан табылғанда көліктің есігі ашық болған екен. Нұрқанатқа ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Бастапқыда Шерзаттың туыстары қысым туралы айтқан кезде-ақ қауіпсіздік шаралары қабылданған болатын», – деді қорғаушы. 

Сонымен қатар, қорғаушы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсар алдында жазған хатында өзін кінәлі деп көрсету себебін де түсіндірді.  

«Бұл туралы нақты бірнәрсе айту қиын, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Біз негізінен алда болатын сотқа дайындалып жатыр едік. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Әрқашан туыстарының жанында болдық. Нұрқанат жағынан ешқандай күдікті нәрсе байқамадық», – деді Жайлаубаева.

Сондай-ақ ол Нұрқанаттың ісі бөлек қаралатынын айтты. 

Айта кету керек, марқұм дауыс жазбасын қалдырмаған, тек жақындарына WhatsApp арқылы хабарлама жазған. Бұл хабарламаны өзі жазды ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Марал Жайлаубаева бұл мәселенің тергелетінін айтты. Сондай-ақ, ол Шерзаттың ағасы Талғардағы Қамажай дүкенінің жанында жанжал болған күні оқиға орнына мылтықты бірінші болып әкелген деген ақпаратты жоққа шығарды.  

Адвокат Саида Тәуекелова туыстары суицид нұсқасына сене ме деген сұраққа жауап берді.  

«Қазір бұл туралы айту ерте. Қоштасу сипатындағы хабарлама барлық туыстарына жіберілген. Оның скриндері тергеу органдарында бар және қылмыстық іс материалдарына тіркелген. Біз қазір осы іспен танысуға барамыз», – деп жауап берді ол.  

Туыстары бұл скриндердің полицияға қалай түскенін түсінбей отыр. Осыған байланысты адвокат қазір іс материалдарымен танысып, кейін жауап беретінін айтып қысқа қайырды.  

«Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біз Нұрқанатпен бірге Шерзаттың өліміне қатысты тергеу шараларынан күн сайын хабар алып отырдық. Оның психоэмоционалдық жағдайы қандай болса да, ол беттестірулер мен тергеу жұмыстарына батыл түрде шыдап келді. Біз сәрсенбіде болатын жалған ақпарат тарату және жала жабу туралы өтінішіміз бойынша сот отырысына дайындалып жатқан едік. Соңғы күндері онымен сөйлескенімізде, олардың қиындықтарға қарамастан ет сататын дүкендерін қайта іске қосқаны бізді қуантты. Бұл отбасы ешқашан ешкімнен ештеңе сұрамаған. Ал бұл жаңалық барлығын естен айырды. Себебі Шерзаттың өліміне қатысты тергеу аяқталуға жақын еді. Біз сотқа дайындалып жатыр едік, онда Нұрқанат іс бойынша негізгі куәгерлердің бірі ретінде қатысуы керек болатын. Ол бұл істе жәбірленуші болып саналған, оған 3 рет пышақ салынған болатын», – деді Тәуекелова.  

Қоғам белсендісі  әрі қазір Шерзат Полаттың  отбасына қолдау көрсетіп жүрген Айтбек Амангелді Нұрқанаттың психо-эмоционалды күйі бірқалыпты болғанын айтады. Оның болашаққа деген жоспарлары болғанын жеткізді.

«Бұл – қатарынан болған екінші ауыр қаза. Біз бұл туралы бүгін таңертең естідік. Сол сәтте-ақ осында келіп, не болғанын өз көзімізбен көруге тырыстық. Алдын ала бұл суицид болды деп айтуда. Шерзаттың отбасы, оның ішінде Нұрғанат та, психологиялық көмек алған. Алғашқы 40 күн ішінде Қаржаубай мен Нұрқанат тергеуге қатысып жүрді, сол себепті Нұрғанат психологтарға аз барған. Оның үстіне, пышақ жарақаттарынан кейін медициналық тексерулерден өтіп жүрген. 40 күннен кейін ғана психологтар онымен жұмыс істей бастады. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған. Ол бұл аймақта ет сатумен айналысуды қайта бастады, осылайша табыс табуға тырысты. Соған қарамастан, ол ауыр жан жарасын бастан кешіріп жүрді. Себебі, Шерзат Нұрқанат үшін ағасының баласы болғанымен, өз баласындай, жақын еді», – дейді Амангелді.

Нұрқанаттың мойнынан табылған сым

Сондай-ақ, Айтбек Амангелдінің айтуынша, марқұм сол күні кешке отбасымен бірге тыныш қана кешкі ас ішіп, өзін қалыпты ұстаған.

«Ол кешкі астан соң өз бөлмесіне кіріп кеткен соң, көңілі түсіп, сыртқа шығып кеткен. Көлігіне мініп, кетіп қалған. Түнгі он екіден кейін туыстарына әртүрлі хабарламалар жаза бастапты. Оған ренжімеуді, кешірім сұрайтынын айтқан. Осы сәтте отбасы алаңдап, оны іздей бастады. Ауыл маңын қарап, Шерзаттың қабіріне барған, алғашында ол жерден таппаған. Кейін қайтадан қабір басына барғанда, есігі ашық тұрған көлікті тапқан. Оның телефоны көліктің ішінде жатқан екен. Зиратқа қарама-қарсы жерде сайдың маңынан Нұрқанатты тізерлеп отырған күйі мойнына оралған сыммен бірге тапқан», –  деді Айтбек Амангелді.

Қайтыс болған адамның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндігін жоғарыда атап өттік.  Біз Қаржаубай Нұрымовпен бірге Нұрқанаттың денесі табылған жерге бардық. Марқұмның мойнында ағаш діңіне байланған жарықдиодты сым болған екен.

Қаржаубай Нұрымов: «Аққа – Құдай жақ»

Қаржаубай Нұрымов өзінің  TikTok парақшасында бауырының өлі денесін нақты қай жерде, қандай күйде тапқандарын бүге-шегесіне дейін айтты. Оқиға қатысты өз көзқарасын білдірді.

«Мынау біздің Азат ауылы, Шерзаттың жатқан жері. Осы биіктің басына біз түнде бір кісілердің айтуы бойынша келеміз. Автокөлік осында деп айтқан соң келдік. Мына жерде көлік тұрды, есігі ашық, ішінде екі ұялы телефоны бар. Біз келгенде, есімде нақты емес бірақ көлік от алып тұрғандай болды. Осы көлік тұрған жерде жалғыз із жүріп, мына жардан төмен түседі, ары қарай, тас жол және орман көрініп тұр. Мына жерден арасы 7-8 метр. Бұл жерден адам оңайлықпен түспейді. Осы бағыттан түсіп шамамен 700 метр жүріп астына түскен. Мына жер екі таудың арасы, бұл жерде христиандар мен мұсылмандардың зираты бар. Мына қоршаудың артындағы жоңышқаның жанында екі аяғы жерге тиіп, бүктетіліп отырған күйінде тауып алдым. Мойнында жарықдиодты сым оралып тұрған. Ол сым мына бұтаққа оралғанымен ол емін-еркін отыр, механикалық күйде асылып өлсе асфиксия болады. Ал менің бауырымның мойнында сымның ізі тек бір жағында ғана болған, қалған жағында жоқ. Арасы осыншама алыстығына қарамай түнде көлігін арғы бетке қалдырып, мына жаққа не себепті келді деп ойлайсыздар? Міне, менің бар шындығым. Енді, әркім әртүрлі айтады, менің айтарым «Аққа – Құдай жақ», – деп бөлісті Шерзаттың әкесі парақшасында. 

Айтпақшы, полиция Ғайыпбаевтың денесі табылған орынды қоршауға алмаған. Бұл жерде криминалистердің жұмыс істегені және қандай да бір айғақтардың алын-алынбағаны белгісіз.  

«Мұнда аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жүр, олар Нұрқанаттың көлігін орнынан қозғаған, бірақ бізге бұл туралы ештеңе айтпады», – деп Қаржаубай әлеуметтік желіде бөліскен бейнежазбада құқық қорғау қызметкерлеріне наразылық білдірді.

Сол маңдағы көршілерден, көрген білгендерден жалпы Нұрқанаттың қандай адам болғанын сұрастырдық. Нұрқанаттың өзі жедел жәрдем бригадасында фельдшер болып 10 жылға жуық жұмыс істеген. Өткен жылы үйленген, балалары жоқ. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2021 жылы ол  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметіне тиесілі АН-26 ұшағы апатқа ұшыраған кезде екі әскериді өрттен құтқарып қалған екен. Көршілерінің айтуынша Шерзаттың әкесі Қаржаубай отбасыларымен 1998 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген. Жалпы бұл отбасында балалардың еңбекке жақын екендігін айтылды.

«Өте қонақжай отбасы, біз көп жылдан бері араласып, бір-бірімізге қонаққа барып тұратынбыз. Әрине, болған оқиға өте қорқынышты, үлкен қайғы. Бұл әулет негізінен медицина саласында жұмыс істейді. Марқұм Нұрқанаттың өзі жедел жәрдемде фельдшері болып жұмыс істеген», – деді көршілері.
Сонымен қатар, көршілері Азаттың тыныш әрі бейбіт ауыл екенін әрі бұл қайғылы оқиға үлкен резонанс тудырғанын айтып, оқиғаға әлі де сене алмай отырғандарын жеткізді.

Осы орайда біз психолог Ержан Мырзабаевтан маман ретінде пікірін сұрадық.

«Шерзаттың ағасының өзіне қол жұмсауына қатысты біз тек болжам жасай аламыз. Өйткені адам өмірден озды, енді оның нақты себептерін білу мүмкін емес. Оқиғаның мән-жайы марқұмның туыстарымен, жақындарымен сөйлесу барысында анықтала жатар. Адамды мұндай әрекетке не итермелеуі мүмкін? Бұл – депрессия, тығырыққа тірелу, жақын адамынан айырылу. Туыстарымен қалай жұмыс жүргізілгенін білмеймін, бірақ бір нәрсе анық. Шерзаттың өлімінен кейін отбасы мүшелерімен психолог мамандар белсенді жұмыс істеуі керек еді. Мұндай ауыр жарақаттардан кейін адамдар тек суицидке емес, кек алғысы келіп, адам өлтіруге де баруы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда қолдау мен психологиялық көмектің маңызы зор», – деді психолог. 

Оқиғаға қатысты пікірін білдірген қоғамдық белсенді Жарқын Күреңтаев, бұған дейінгі Талғар ауданындағы заң бұзушылықтар туралы белсенді айтқан болатын. Бұл инциденттердің билік құрылымындағы жүйелі мәселелердің нәтижесі екенін атап өтті.

«Біздің елде заң жеткілікті күшті, бірақ шенеуніктер ол заңдарды жиі өз түсініктері мен икемдеріне лайықтап түсіндіреді», — деді Күреңтаев.

Ол тұрғындардың бірнеше рет түрлі мәселелермен билікке жүгінгенін, алайда шенеуніктер бұл шағымдарды жауып тастауды жөн көргенін айтты.

«Бала өлімі барлық осы заң бұзушылықтарды ашып көрсетті. Кең көлемде жариялылық пен қоғамдық резонанстың нәтижесінде президенттің өзі осы трагедияға назар аударуға мәжбүр болды», — деп қосты қоғам белсендісі.

Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін көп ұзамай жергілікті тұрғындар ашық сот өткізіп, барлық кінәлілерді жазалауды талап етіп, митингке шықты. Ал енді бұл оқиғаның қалай өрбитініні  Orda.kz бақылауында болады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар