Заң бұзған полицей, сот залындағы дау: Шерзаттың сот отырысында не болды?

cover Коллаж: Orda.kz

Бүгін Қазақстандағы ең атышулы іс — марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы Талдықорғанда жалғасты. Нұрғанатты заңсыз бейнежазбаға түсірген полицей қызметкері Медет Әділжанов пен айыпталушы Дархан Әскентай сот алдында жауап берді.

Назарларыңызға Orda.kz тілшісінің тікелей сот отырысынан таратқан ақпараттарын саралап, маңызды деректерді ұсынуды жөн көрдік. 

Әуелі сот отырысында Талғар криминалдық полиция бөлімінің басшысы міндетін атқаратын Медет Әділжановтың заң бұзғаны белгілі болғанын айту керек.

Фото: Orda.kz, Медет Әділжанов

Қысқаша айтсақ, аруханада жауап алған 24 жыл еңбек өтілі бар полицей:

  1. Ауруханаға барғаны тіркеу журналына жазылмаған;
  2. Емдеуші дәрігерден Нұрқанат Ғайыпбаевтың жағдайын немесе науқастың сұрақтарға жауап бере алатынын, не жауап бере алмайтынын сұрамаған, рұқсатын алмаған. Тек ауруханада жүрген бір медбикенің «Ғайыпбаев анау палатада жатыр» дегенін ғана естіп,  кіріп жауап алған;
  3. Хаттама толтырылмаған;
  4. Бейнежазбаны түсірерде тергеушінің арнайы қаулысы шығарылмаған;
  5. Бейнежазба түсірілуі керек деген ресми тапсырма берілмеген;
  6. Тергеу соты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге қаулы шығармаған;
  7. Іс бойынша жедел тергеу тобы (СОГ) құрылған. Әділжан Медет жедел тергеу тобының құрамында болмаған;
  8. Ішкі Істер департаментіне тиісті сертификатталған құрылғыға емес, өзінің жеке iPhone 14 Pro Max-ке түсірген;
  9. Нұрқанат Ғайыпбаевқа жасырын бейнежазбаға түсіретіні ескертілмеген. Құқықтары мен мендеттері түсіндірілмеген;
  10. Қазан айының 4 күні таңғы сағат 4-5 шамасында жауап алған. Ол уақытта қандай жағдай болмасын науқас демалуы тиіс;
  11. Қазан айының 4 күні түсірілген бейнежазба, қазан айының 15 күні ғана іске тіркелген. Оған дейін тергеушілер жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевтан ресми жауап алып қойған.

Медет Әділжанов қай бапты негізге алып, жасырын бейнежазба түсіргенін нақты айта алмады. Әділжанның прокурор мен судьяның не үшін бұл бейнежазбаны түсірдіңіз деген сұрағына, полиция қызметкері «осы қылмысты ашу мақсатында ғана», — деп қысқа қайырды.

Одан кейін айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай сот алдында сөз сөйледі. Ол бұған дейінгі жауаптарына ұқсамайтын жағдайларды баяндап берді. Мысалы бұған дейін марқұм Шерзат бір рет жұдырық сілтеген деп айтылған болатын. Бүгінгі сотта Дархан Әскентай Шерзаттың қолында кастет болғанын, көзінің астынғы сүйегі сынғанын айтты. Оның айтуынша оған басында тергеушілер қысым жасаған, содан «не айтып не қойғанын білмей, қол қоя берген».

«Мен ұсталған кезде маған және қасымдағы жігіттерге қысым көрсетілді. Біз бір күн бойы кабинеттен кабинетке сүйреп, сұрақ қойып, боқтап артынан тек адвокатпен көрісердің алдында ғана маған сұрақ-жауапқа қол қойдырып алды. Шынымды айтсам, соққының әсерінен не айтып, не қойғанымды нақты білмеймін», — деді Дархан Әскентай. 

Дархан Әскентай 293-баптың 3-бөлігі, яғни «Бұзақылық» бойынша айыпталып жатыр. Ол Шерзаттың анасын боқтамағанын, әкесіне де тіл тигізбегенін алға тартты. Оның сөзіне қарасақ, Шерзат өзінен өзі «сен менің әкеме тиістің бе?» деп кастетпен ұрып жіберген. Дархан Әскентай Қаржаубайдың 2 рет оларға пышақпен оқталғанын айтты. Ал мылтықты марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың қолынан көргенін, ол бір рет аспанға, содан соң жігіттерге бағытап оқ атқанын баяндады.

Осы сәтте прокурор Дана Сәрсенбайды айыпталушы Дархан Әскентайға ескерту жасады. 10 рет болған тергеуде айтылмаған «кастетті» бүгін айтқанына қатысты сөз сөйледі. Прокурор Дана Сәрсенбай мен Дархан Әскентайдың қорғаушысы Қалтаеваның арасында келіспеушілік болды. Судья екеуіне де соңғы рет ескерту жасады. Содан Дархан Әскентайдың адвокаты прокурор Дана Сәрсенбайды ауыстыру жайлы өтінішін сотқа айтты. Оны бүкіл айыпталушылардың адвокаттары қолдап, қоштай жөнелді. 
Осыдан кейін бүкіл айыпталушылардың адвокаттары бір ауыздан прокурорды ауыстыруды сұрады. 
Адвокаттар мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбайдың өткен сот отырысында айтқан «біз жәбірленуші жақпен біргеміз» деген сөзін алға тартып, істі объективті қарауға кедергі жасайтынын мәлімдеді. Адвокаттардың сөзінше бұл мемлекеттік айыптаушы айтатын сөз емес. Әрі прокурор шамадан тыс эмоцияға беріліп кетіп жатқанын айтты.

«Менің эмоциялық жағдайым туралы айтып жатыр. Бірақ олар оны қайдан біледі? Олар менімен бірге тұрмайды», – деп жауап берді прокурор. 
Фото: Orda.kz, прокурор Дана Сәрсенбай

Сондай-ақ, Дана Сәрсенбай жәбірленуші тарап емес, айыптау тарабының өкілі екенін атап өтті:

«Мен жәбірленуші жақпен емес, айыптаушы жақпен бірге екенімді айттым. Шатастырмаңыздар», – деп атап өтті. 

Прокурор өтінішті негізсіз деп есептейтінін айтып, судьядан оны қанағаттандырмауды сұрады. Судья кеңесу бөлмесіне барып, шешім қабылдап қайта оралды. Судья Ержан Жанұзақов прокурор Дана Сәрсенбайды соттан шеттетуге негіз жоқ деп, айыпталушылардың адвокаттарының талабын қанағаттандырмады.

Orda.kz тілшісі түскі үзілісінде екі тараптың адвокаттарынан пікірін тыңдады. Айыпталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Әскентай қорғауындағы адамды жәбірленуші деп тану керегін айтты. Ал адвокат Мейірман Шекеев бұл көзқарасқа қарсы болды. Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов әуелі жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың Дархан соққы алғанда жедел жәрдем шақырмағанын алға тартты.

«Қаржаубай Нұрымов Дархан Әскентайдан ешқандай кешірім сұрамаған. 103-ке хабарласпаған. Одан бөлек сотта жауап беріп отыр ғой: «Ақшасын ұсындым, сырасын бердім, ем көрсетейін дедім» деп. Ондай ұсыныс мүлде болмаған жәбірленуші жақтан», — деді Мәулен Ержанов. 

Сондай-ақ, Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов оның көзінің астынғы сүйегі сынғанын алға тартып, оны жәбірленуші деп тану қажет екенін айтты. Оның сөзінше Дархан Әскентай ешқандай төбелеске қатыспаған жай ғана куәгер. 

Ал Мейірман Шекеев айыпталушы тараптың адвокатына қарсы пікірін айтты.
Мейірман Шекеев әуелі кастет туралы прокурор дұрыс ескерту жасап отырғанын айтты.

«Бұған дейін кастет туралы айтылмаған. Қазіргі сотта тергеу барысында анықталған жағдайлар қаралады. Бүгінгі сотта келіп кастет туралы айтып тұр. Әрине, ол заңды. Біз үшін де заңды сұрақ. 10 рет тергелгенде айтпайды да, сотқа келгенде айтады. Сот оған назар аударады деп ойламаймын. Олардың өздерінің жіберіп алған процессуалдық қателіктері. Біз қазірдің өзінде оны жалған сөйлеп отыр деп ойлаймыз. Өйткені тергеу барысында ешбір жерде кастет анықталмаған. Басқа айыпталушылар да кастет жайлы айтпаған», — деді Мейірман Шекеев. 

Мейірман Шекеев Дархан Әскентайдың жәбірленуші ретінде танылуына келіспейтіндерін айтты.

«Дархан Әскентай қалай жәбірленуші болады? Сол топтың арасында жүрсе? Қазір сотта неге екенін айтамын. Дүкеннің алдында төбелес болды. Неге кетіп қалмады? Ол кетіп қалса жәбірленуші болатын еді. Ол топпен барды ғой. Не үшін бара жатқанын білді ғой. Анасы айғайлап жатты. Сондықтан Дархан Әскентайды жәбірленуші деуге келіспейміз», — деді Мейірман Шекеев. 

Түстен кейін сот отырысында Дархан Әскентайдан жауап алу жалғасты. Кейін «Қамажай» дүкенінің алдындағы бейнежазба көрсетілді.

Бұған дейінгі сотта тілшілеріміз үзіліс кезінде адвокаттардан хуторлықтар мен Чика деген лақап аты бар азамат жайлы сұраған еді. Әлеуметтік желіде «делайте» деп бұйрық берген Чика деген лақап аты бар адам сотта куәгер болып жауап берді. 

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған  Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар