«Митинг болмайды»: Талғардағы Шерзаттың үйі өртенгелі қандай жағдайлар болды?

cover Коллаж Orda.kz

12 қазан күні Азат ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті. Бұған дейін әкесіне біреулер қоқан-лоққы жасағанын айтқан болатын. 16 жасар Шерзатты бұзақылар ата-анасының көзінше өлтіріп кетті.

Orda.kz осы күнгі болған оқиғалар жайлы баяндайды.

«Әскери адам болғысы келді»

Азат ауылындағы 16 жасар Шерзат Болаттың қазасы ата-анасын ғана емес, жергілікті тұрғындарды да есеңгіретті. Өйткені олар оны белсенді және мақсатшыл жасөспірім ретінде білетін. Шерзат өмірін әскермен байланыстыруды армандап, түрлі әскери-патриоттық байқаулар мен шараларға қатысып, әскери қызметке дайындалып жүрген.

Мектептің оқу ісінің меңгерушісі Шерзатты үздік оқушылардың бірі ретінде еске алды:

«Шерзат сыныптастарына үлгі болды. Ол әрқашан оқуға қызығушылық танытып, мектеп өміріне белсенді араласатын. Әсіресе, әскери-патриоттық тақырыптар оған ерекше ұнайтын. Әскер болуды қалады және арманын жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады».

Жергілікті тұрғындар Шерзатты әрқашан мейірімді әрі жанашыр болғанын айтады. Оның көршілерінің бірі былай дейді:

«Біз Шерзатты әдепті, қарапайым бала ретінде білдік. Ол үнемі жұртқа көмектесіп, үлкен жауапкершілікті сезінетін. Бұл біз үшін орны толмас қайғы». 

Ауыл тұрғындары Шерзаттың бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген жарыстарға қатысқанын еске алады. Оның достары да Шерзаттың болашағына сенімді болып, әскери училищеге түскісі келгенін айтты.

Үйі өртенді 

Бүгін түнгі 00:50-лер шамасында Азат ауылындағы марқұм Шерзаттың үйі отқа оранды. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жайлы:

«12 қазан күні сағат 00-50-де Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында тұрғын үй өртеніп кетті. Шақыру орнына Алматы облысы ТЖД 10 қызметкері мен 3 бірлік техникасы дереу жіберілді. Бірінші өрт сөндіру бөлімшесі келген сәтте сағат 01-08-де тұрғын үйдің шатырының жануы орын алғаны анықталды. Үй толығымен отқа оранған. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі нақтылануда. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында»,  деп мәлімдеді ТЖМ.

Қазіргі таңда тергеу ісі жүріп жатыр. Оқиға орнына ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов барды.

«Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында», — деді Бауыржан Әленов.

Сондай-ақ ІІМ Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақтар алынып, қажетті сараптамалар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Өрт кезінде үйде ешкім болмады. Зардап шеккендер жоқ. Қайғылы оқиғадан соң Шерзаттың отбасы әжесінің үйінде тұрып жатқан. 

Қазір отбасын полиция қызметкерлері тәулік бойы күзетіп жатыр. 

«Ешқандай қаражат керек емес»

Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов халықтан ақша жинағысы келмейтінін айтты.

«Баламның қазасынан ақша жинау — маған береке де, пайда да бермейді. Оның маған қазір керегі жоқ. Мен тек қазір тыныш қана, елді дүрліктірмей баламның ісін әділ шешу үшін күресуге мұрша беріңіздер. Біреуден ақша алатын жағдайда емеспін. Біреуден ақша алып, қарабет болу — менің болашағыма да, намысыма да қайшы нәрсе», — деді Қаржаубай Нұрымов.

Қазіргі таңда Шерзаттың отбасына ақша жинау үшін ашылған парақшалардың бәрі жалған екенін мәлімдейміз. Қаржаубай Нұрымов ресми түрде қаражаттан бас тартып отыр.

Талғардағы қаскөйлер 

Шерзат Болаттың отбасының үйінде өрт шыққан күннің алдында ғана көршілер күмәнді автокөлікті байқаған.

Куәгерлердің айтуынша, олар ішінде екі әйел отырған қара «мерседесті» көрген. Әйелдер Шерзаттың отбасының үйі қай жерде орналасқанын сұраған, бірақ жергілікті тұрғындар күдіктеніп, оларға жауап бермеуді жөн көрген.

«Әйелдер Шерзаттың үйі туралы сұрады, бірақ біз олардың жергілікті емес екенін түсініп, ештеңе айтпадық. Оларға  өзіміз де бұл жерден емеспіз дедік», – деді тұрғындардың бірі.

Бейтаныс әйелдердің Шерзаттың үйін сұрауы ауыл тұрғындарына оғаш көрінген. Өйткені ауыл шағын, мұнда бәрі бірін-бірі таниды. Көпшілік бұл оқиғаның жай ғана қайғылы жағдай емес, әлдеқайда күрделі мәселе болуы мүмкін деп отыр.

Ауылда осы оқиғадан соң тағы да «Хуторлық» бұзақылар туралы, сонымен қатар «Казстрой» деп те аталатын бұзақылар тобы туралы әңгіме шықты. Талғар тұрғындарының айтуынша, екі жыл бұрын кісі өлімі болған. Осы іске де осы қылмыстық топтың қатысы бар дейді.

Біз бұл сол кезде қаза болған марқұм Сүйінбай Атаниязовқа қатысты оқиға жайлы ақпаратты таптық. Отбасы зар жылап қалған оқиғада да бірнеше адамның қатысы бар екені, алайда полиция тек бір ғана адамды тұтқындағаны жайлы айтылады. Ал 2021 жылы полиция қызметкері мас күйінде тағы бір адамды қағып кеткені және жазадан құтылып кеткені айтылды. 

Біздің бейресми дереккөздеріміз қылмысқа қатыстылардың бірі прокурордың, ал бірі ХҚК бастығының баласы екенін айтты. Оның сөзінше бұлар артында тірегі болған соң озбырлық жасап келген. Әлеуметтік желілерде пікірге «хуторлықтар» жайлы пікір қалдырыр жатқандар бар.

 

«Митинг болмайды»

Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, наразылығын туғызды. Тіпті желіде «14 қазан митинг» деген ақпарат тарады. Осыған байланысты марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен Айтбек Амангелді бейнежазба түсіріп, ешқандай митинг болмайтынын айтты. 

«Қазіргі кезде құзырлы органдар бар күшін салып тергеу жүргізіп жатыр. Бұл митинг тек қана тергеу ісіне кедергі болуы мүмкін. Отбасына ешқандай ақша жинаудың қажеті жоқ. Ақшаға мұқтаж емес», — деді Айтбек Амангелді.

Сондай-ақ ол Шерзаттың ісіне қатысты бар ақпаратты салып отыратын парақша ашқанын мәлімдеді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржаубай Нұрымовпен оның отбасы және бір топ белсенді Талғарда жолды жауып, наразылық көрсетті. Осы кездің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде таралып кетті.

«#Шерзатүшін» хэштегі

Қазіргі кезде елдің құзырлы органдар расымен қылмысқа қатысты топқа әділ жазасын беруге қауқары жете алады деп үміттеніп отыр. Әлеуметтік желілерде түрлі пікірлерден бөлек, #шерзатүшін хэштегімен суреттер таралып жатыр. Қазірдің өзінде бұл суретті 220 мың адам салды. 

Ал мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғар ауданында болған қайғылы оқиғаға қатысты instagram парақшасында жазба қалдырды. Онда ол құзырлы органдарда реформа жасау үшін бірігудің маңызы жайлы айтты.





Жаңалықтар

барлық жаңалықтар