«Талғардың қанды түні»: Шерзат ісіне ІІМ әділ тергеу жүргізе алды ма?
15 қазан күні ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов және ІІМ тергеу департаментінің бастығының орынбасары Самат Аисов брифинг өткізді. Олар Талғар ауданындағы қылмыстың тергеу барысы жайлы баяндап, «Қамажай» дүкеніндегі бейнежазбаларды көрсетті.
Orda.kz тілшісі брифингке қатысып, спикерлердің айтқандарын тыңдады.
Қандай оқиға болды?
Әуелі оқиғаны қысқаша баяндап берсек. Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов, ұлы Шерзат Полат және ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат Полат қаза болды.
Бұл оқиғадан соң әкесі әділ сот талап етіп, жақындарымен және бір топ адаммен Талғарда көшеге шығып, жолды жауып тастаған болатын. Осыдан кейін әкесі өзіне біреулердің қоқан-лоққы жасап жатқанын айтты. Кейін олардың үйі өртенді.
Ал тергеу ісіне келсек, 10 адам күдікті ретінде ұсталды. Сол кездегі екі әйел адам куәгер ретінде қалды. Ал желіге тараған бейнежазбаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Негізінен бұзақылық, кісі өлтіру, қоқан-лоққы жасау, қылмысты құзырлы органдарға хабарламау сынды айыптармен қылмыстық іс қозғалды. 3 пышақ, 1 мылтық айғақ ретінде алынды.
Сонымен дүкендегі жанжал неден шықты? Бұрын сотталғандардың әрекеттері үшін полиция жауапкершілікке тартыла ма? Шерзаттың әкесін біреу ұрып-соққан ба? Хуторлық қылмыстық топ расымен бар ма? Хасан Қасымбаев қылмыстық іске қатысы бар ма? Ұсталғандар кімдер?
Осы сұрақтарға бүгінгі брифингте жауап алуға тырыстық.
Бейнежазбаны таратып жібергендің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Бірінші болып Бауыржан Әленов сөз сөйледі. Ол журналистерге субъективті ақпарат таратпай, жауапкершілікті сезіну керегін айтты. Оның сөзінше әрбір жалған ақпаратты жоққа шығарып отыру тергеу ісіне кедергі келтіреді.
Кешеден бері желіде «Қамажай» дүкенінің алдындағы, ішіндегі бейнекамералар түсірген жазбалар таралып кетті. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айта кетейік. Олардың сөзінше оны біреулер таратып жіберген.
«Бейнежазбаның әлеуметтік желілерге таралып кетуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайлы баспасөз қызметі арқылы толықтай ақпарат береміз», — деді Бауыржан Әленов.
Сонымен қатар, қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының талаптарына байланысты шектеу болып, олар ақпаратты толық жариялай алмапты. Сол үшін Бас прокуратурамен келісіп, бүгін тергеу ісін жариялап отырғанын айтты. Әуелі брифингте ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов бейнежазбаны түсіндіріп берді.
Бір қызығы бұл жиында тек дүкендегі бейнежазбаны көрсетіп, оқиғаны «жағдайдың объективті көрінісін қалыптастыру үшін» деп, басқа бейнежазбаларды көрсетпеді. Оны осы бейнежазбаның таралып кетуіне байланысты деп түсіндірді.
«Назарларыңызға 4 қазан күні «Қамажай» дүкенінде болған оқиғаның бейнежазбасын ұсынамыз. Қазір толық қарап, негізгі моменттерді, сұрақтарыңыз болса талқылаймын. Құрметті журналистер қосымша айтып кетейін, қазіргі таңда күдікті адамдардың бәрі ұсталды. Айып тағылды. Соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде таралған жалған ақпараттар бар. Бейнекамерадағы жазбалар өшірілді, жоғалды деп... Басынан бастап сіздерге көрсетеміз. Себеп неден басталғанын», — деп сөз бастады Самат Аисов.
Ары қарай бейнежазбаны қосты.
«Бейнежазбада сотталушы А. дүкенге кіргенін көрдік. Іште марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов бар. Ол екі бөтелке сыра және 4 қорап темекі сатып алды. Каспийден төленген чегін көрсетті. Әкесі чекті тексеріп қаржының түспегенін айтады, артынша түскенін, байқағанын жеткізді. Кейін күдікті А. тағы бір бөтелке сыра алып, 1000 теңге қағаз ақшаны оның қолына ұстатты және 500 теңгедей ақшаны қайтып алды. Екі ер адам қол алысып, жұдырықтарын түйістіріп, тату қоштасты. Кейін күдікті А. дүкенге қайта келіп, телефонын қуаттауға қоюды сұрады. 4 минуттан соң ол телефонын алуға келді. Әкесі шудың даусын естіп дүкеннің алдына жүгіріп шықты. Күдікті А. мұрнынан қан ағып, еңкеңдеп камерада көрінді. Артынан марқұм Шерзат Болат көрінді. Әкесі күдіктінің қолынан ұстап тұрып ұлына ескерту жасады. Қаржаубай Нұрымов бөтелкемен су әкеліп, оның бетін жууына көмектесті. Кейін күдікті Т. марқұмның әкесімен телефонындағы бірдеңені көрсетіп дауласа бастады. Әкесі дүкеннен пышақ ұстап, А. және Ш. есімді күдіктілерге ұмтылды. Ұлы оны тоқтатуға тырысты және дүкенге қайта оралды», — деді Самат Аисов бейнежазбаны көрсетіп.
Алайда бейнежазбадағы Қаржаубай Нұрымовтың дүкен ішіндегі бір топ адаммен, өзінің касса жақта тұрған кезіне келсек. Ол аяқ-асты пышаққа ұқсас затты ұстап ұмтылады. Осы сәтте сыртта марқұм Шерзат пен оның ағасы және басқа адамдар жанжалдасып жатқан соң ұмтылуы мүмкін. Еске салсақ, бүгін ғана Orda.kz әкесінің пышақ ұстап келгендерге қалам ұстап шықпайтын шығармын дегені бар еді». Демек осы сәтте сыртта күдіктілердің қолында қару болуы әбден мүмкін.
Бейнежазбаның соңғы жағында бір әйелдің ер адамды басқа жаққа әкеткені анық көрінеді.
Бейнежазба толық емес. Ал Аисов Самат болса, оның толық екенін айтып, керек жерлерін алды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол бұл бейнежазбаны «негізгі фрагменттер» деді.
Еске салсақ, Orda.kz бүгін әкесі мен анасының керек жерлерін алды деп, бейнежазба түсіргенін жазған болатын.
«Егер төлем қағаздарының бәрі көрсетілген болса, тату шешілген болса, марқұм Шерзат пен күдікті А. арасында сыртта неге жанжал болды?» деген сұраққа Бауыржан Әленов қазір она анықтап жатқандарын айтты.
Қазір марқұм Шерзат пен күдіктінің арасында қандай дау болғанын анықтап жатырмыз. Бұл анықталады, деді Бауыржан Әленов.
Екі әйел куәгер
Аисов күдіктілердің бәрінің ұсталғанын айтты. Қыз балалар ажыратуға тырысқан деп отыр.
«Қазіргі таңда сіздерге назар аударып отырғанымыз, күдіктілерді ақтау үшін емес. Күдіктілерге ауыр қылмыс жасағаны үшін айып тағылды. Сот санкциясымен қамауға алынды. Біз сіздерге көрсеткен 2 сәт осы. Монтаж болмады», — Аисов.
Самат Аисов екі әйелді күдікті ретінде тануға еш себеп жоқ екенін айтты.
«Екі қыз күдікті ретінде танылмады. Оған ешқандай себеп жоқ. Қызметкерлер болса, тексеріс жүріп жатыр. Әр қызметкердің ісіне баға берілген соң, ақпарат береміз», — деді Аисов.
Ал Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қайғылы оқиғаның ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтып сөзін бастады.
«Кәмелетке толмаған іс бойынша тергеу қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығын объективті қадағалау қамтамасыз етілуде. Тергеу сатысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сот процесінің ашықтығы бойынша прокуратура сотқа өтініш хат енгізу қарастырылады. Біз сондай-ақ оның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзінің қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистрі мен резеңке қолғаптарға зерттеу жүргізілуде. Шығын келімі анықталып жатыр. Бұл істі ашық әрі объективті жүргізуді жалғастырамыз. Жаңа деректер пайда болған сайын сіздерді хабардар етіп отырамыз. Әділдік орнату және кінәлілерді табу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жәбірленушінің туыстары және жақындары тәулік бойы күзетке алынған. Мен Шерзаттың туыстарымен жақындарының жағдайын түсініп, сабырлыққа шақырамын. Бәрінен асығыс қорытынды жасамауға, сарапшы нәтижелерін күтуді және тергеу тобына бар қажетті іс-шараларды толықтай жүргізуге толықтай мүмкіндік беруді сұраймын. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату толқынына назар аударғым келеді. Митингке шақырған мәлімдемелер болды, жағдайды ушықтыруда. Бұл біздің жұмысымызға тек кедергі келтіреді. Бәрін тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және сабыр сақтауға шақырамын. Қылмыстық істі тергеу барысы менің өзім және бас прокурордың бақылауында тұр», — деді Берік Адамов.
Тайраңдаған бұрын сотталғандар
Еске салсақ, осы қылмысқа күдікті деп ұсталған азаматтардың арасында бұрын сотталған, бақылаудағы азаматтар бар. Олардың түнгі уақытта жүріп, ішімдікті түн ортасында алуы заңсыз.
Бүгінгі жиында Самат Аисов ұсталғандардың ішінде сотталғандардың бар екенін растады. Олардың бұзақылық және тағы басқа да қылмыстар бойынша айыпталып бұрын сотталғанын мәлімдеді.
«Бұл бұрын сотталған, бақылаудағы адамдардың түнгі уақытта жүруіне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп жатырмыз. Қызметтік тексеріс біткеннен кейін нәтижесін баяндаймыз», — Бауыржан Әленов.
Ал полиция қызметкерлерінің үй өртелгенде қайда жүргені жайлы сұраққа, Бауыржан Әленов қызметтік тексеріс жүріп жатқанын айтып жауап берді.
«Біздің басты мақсатымыз өртке қатысты қылмысты ашу. Қызметкерлердің қандай жұмыс атқарғаны бойынша тексеріс өткізіп, оның қорытындысын жариялаймыз», — Бауыржан Әленов.
Ұсталғандар кімдер?
Олардың «Хутордан» шыққандарға қатысы бар ма?
Бауыржан Әленов Қазақстанда қазір тіркелген қылмыстық топ жоқ екенін айтып, «хуторлықтар» жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Бауыржан Аленов ұстаған күдіктілердің бар таныстары, байланыстары тексерілгенін баяндады. Ал Хасан Қасымбаевтың бұл іске мүлде тартылмағанын айтты.
«Хуторлықтар» деген қылмыстық топ біздің есепте жоқ. Тергеу ісі аясында осы ұсталғандарды таныстырайын. Екеуі ипподромда ат баптайды, біреуі Шымбұлақта қара жұмысшы болып істейді, басқасы күзетші болып істейді, екеуі сұлулық салонында істейді. Олардың таныстары, байланыстары тексерілетін болады. Қолындағы затқа келетін болсақ, экспертиза жасап жатыр. Экспертиза анықтап көрсетеді. Қылмыстық іс қозғалды. 7 қылмыскер қамауға алынды. Одан кейін тағы 3 қылмыскер қамауға алынды. Айғақ заттар бойынша сараптамалар тағайындалып, олардың нәтижесі тергеу барысында тағы жарияланады. Хасан Қасымбаевтың бұл қылмыстық іске еш қатысы жоқ», — деді Бауыржан Әленов.
Сондай-ақ Бауыржан Әленов полицияға қылмыс болған соң ғана қоңырау шалынғанын айтты. Ал күдіктілердің арасында полиция қызметкерлері бар деген ақпаратты ол жоққа шығарды.
Ал әкім аппаратында отырған Аслан Қасымбаевтың бүгін қызметтен кеткені белгілі болды.
Ол жайлы Берік Адамов:
«Жақыны сотталған адамның мемлекеттік қызмет істемеуі керек деген сөз жоқ. Ол қызметке отырмай тұрып арнайы тексеруден өтті деп ойлаймын», — деп жауап берген болатын.
Талғар әкімдігі Аслан Қасымбаевтан бөлек Талғар ауданының әкімі мен орынбасары сөгіс алғаны жайлы жариялады. Алайда олардың не себепті жазаға ұшырағаны жазылмады.
«Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Қасымбаев Аслан қызметінен босатылды. Сонымен қатар, Талғар ауданының әкімі Айдарбеков Танат пен оның орынбасары Бидаев Айбек «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды» деп жариялады Талғар әкімдігі сайтында.
Марқұмның отбасына қысым көрсеткен
Бұған дейін өзіне қоқан-лоққы жасалғанын Қаржаубай Нұрымов айтқан. Оның анасы да бейтаныс адамдардың «балаңның қасынан көріңді қаза бер» дегені жайлы айтқан болатын. Көршілерінің сөзінше нөмірі жоқ көліктер сол үйді торуылдап жүрген. Сондай-ақ жәбірленуші тарап өздерін құзырлы орган қызметкерлері сұрақтың астына алып, қысым жасап, қорқытқаны жайлы баяндаған болатын. Желілерде Қаржаубай Нұрымовтың алғаш түсірген бейнежазбалары мен соңғы түсірген бейнежазбадағы бетін салыстырған суреттер таралды. Пікірлерде оны ұрып-соқты деген болжамдар айтылды.
Ал Берік Адамов құзырлы органдардан марқұмның туыстарына қысым жасау жайлы арыз келмегенін айтты.
«Қазіргі таңда құзырлы органдардан марқұмның туыстарына қысым жасау жайлы арыз келмеген, сондықтан мен бұл ақпаратты жалған деп ойлаймын,», —деді Берік Адамов.
Бауыржан Әленов бүгін оларға сұрақ қойып, осы істі анықтайтынын мәлімдеді.
«Бүгін біз жәбірленуші тараппен сөйлестік. Қандай қысым болып жатқанын, әкесімен және адвокатымен кездескенде ол біреу нақты келді деп айтады. Бүгін кездесіп сұрастырамыз. Сол кезде анықтаймыз деп ойлаймын», — Бауыржан Әленов.
Сондай-ақ ол полицияның дүкендегі бейнежазбаны өшіргенін жоққа шығарды. Еске салсақ, марқұмның туыстары бұл жазбаны өздеріне өшірілгенін айтқанын жеткізген болатын.
Ал бұған дейін тілшілердің сұрағына Талғар тұрғындары хуторлықтар тобы жайлы айтқан еді.
Қазір ел арасында резонанс болғаннан кейін, Қаржаубай Нұрымов қандай сөз айтса да, өз сөзіне «митингіге шықпау» жайлы қосып айтады. Соңғы бейнежазбасында ол басқа мемлекетке кететінін айтты.
Әлеуметтік желілерде #шерзатүшін хэштегімен суреттер таралып жатыр. Қазірдің өзінде бұл суретті 730 мың адам салды.
Бұған дейінгі болған оқиғаны мына материалдан оқыңыз.
Жаңалықтар
- Талғардағы бассыздық: Хасан Қасымбаев 8 жылға сотталуы мүмкін
- FlyArystan Мақпал Жүнісованы домбырамен ұшаққа кіргізбеді
- Жезқазған қаласында 54 жер телімі мемлекетке қайтарылды
- Ердоған Қазақстанды ортақ түркі әліпбиіне көшуге шақырды
- Абай облысындағы өрттен болған шығынды кім өтейді?
- Тоқаев Дональд Трампты құттықтады
- Президент Қырғызстанның Бішкек қаласына барды
- Қазақстанда әйелдердің жұмыс күні қысқаруы мүмкін
- Қостанай облысындағы мекемелердің бірінде жарылыс болды
- ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді
- Әлназарова медициналық апараттарды жалған зауыттан сатып алғанын мойындады
- «Заңсыз шығарылған қаулы»: спортшы Жанқош Тұраровқа қатысты тың дерек шықты
- «Заңнан шариғатты биік қойды»: Тәңіршілдер өткізген брифингте не айтылды?
- «Жұмыс іздеп барған»: Украинада Ресей жағында соғысқан өзбекстандық бес жылға сотталды
- Айсұлтан Назарбаев: Трамп тарихтағы АҚШ-тың соңғы президенті болады!
- 10 жасар қызын зорлаған өгей әке тергеуден соң босап шықты
- Қызылордада мектеп директоры мен бас есепші сотталды
- 6 жылға қамалған жасөспірім бостандыққа шықты
- ҚР ІІМ: Бір шапалаққа бола балаңызды тартып алмайды
- Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетіп, АҚШ-тың 47-президенті атанды