«Шыбынды да өлтірмеймін»: Санат Абдықадыр «Чика» Шерзат көз жұмған түн жайлы айтып берді

cover Фото: Orda.kz

Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полаттың соты жұртты бей-жай қалдырмады. Үлкен резонас тудырған іс ашық өтіп жатқан соң Жоғарғы соттың өзі YouTube-та тікелей көрсетіп жатыр. Содан болар халық сот отырысынан хабардар, жәбірленуші тараптың, куәгерлер мен қорғаушылардың, сотталушылардың әрбір сөзіне ерекше мән берді. Тіпті көпшілік әлеуметтік желіде куәгерлердің де, сотталушылардың да жауаптарында қарама-қайшылықтар бар деп өте көп пікір қалдырып жатыр.

28 сәуірде сот алдында жауап берген куәгер Санат Абдықадыр  көпшілік: «Чика» деген осы, дәл осы Абдықадыр  төбелестің алдында жігіттерге «делайте» деп айтты» деген пікір әлеуметтік желіде желдей есіп кетті. Оған себеп, Шерзат Полат қайтыс болғаннан кейін 2024 жылдың 28 қазанында Қаржаубай Нұрымовтың алдын ала тергеудегі беттестірудің бейнежазбасы. Санат Абдықадыр ондағы жауабы мен сот алдындағы жауаптарында айырмашылықтың болуы да осы пікірдің таралуына әсер етті.  

Санат Абдықадыр  Orda.kz редакциясына сұхбат беріп, әлеуметтік желіде оны «Чика» деп атап кетуіне қатысты өз пікірі бар екенін айтты.

Айта кетейік, Orda.kz Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полаттың сот отырыстарына қатысып, әу бастан бері ақпарат таратып келеді. Біздің мақсат не жәбірленуші, не мемлекеттік айыптаушылардың, не куәгер мен сотталушылардың сөзін сөйлеу емес. Біздің мақсат, сот отырыстарында не айтылды соны бүкпесіз, боямасыз жеткізу, сол арқылы шындықтың көлкіп шығуына сеп болу. Санат Абдықадыр  оқиғаға қатысты пікірін берудегі мақсатымыз тараптарға теңдей қарау. Сондықтан ескерте кетейік, Orda.kz бейтарап, біз тек ақпаратты жеткізуші көпірміз.

28 сәуірде сот алдында куәгер ретінде жауап берген Санат Абдықадыр  әлеуметтік желіде «Чика» деп атап кеткен соң, көпшілік оны сол Талғардағы басты баскесерлердің бірі деп жазып жатты. Сондықтан Әбдіқадірдің қай жақтың тумасы әрі немен айналысатынын сұрастырдық. 

«Мен Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келгенмін. Ал Талғарға біз отбасымызбен кішкентай кезімде көшіп келдік. Барлық саналы ғұмырымды сол Талғарда өткізіп келемін. Мен Талғардың орталығы — Инкубатор деген ауданда тұрамын. Отбасылы адаммын, бір ұлым бар, қазір әйелім екінші балаға аяғы ауыр, анам және бауырым бар. Өзіміз кішігірім кәсіппен айналысамыз», — деді Абдықадыр.

Шерзат Полат қайтыс болған кезде Талғарда мұндай заңсыздықтар, топ болып біреуді ұрып кету сынды оқиғалардың үйреншікті іс-әрекет екені айтылып жатты. Сонымен қатар, Талғарда «Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екені жайлы әңгіме тарай бастады. Осы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп танылып кеткен Хасан Қасымбаев та Шерзат Полаттың ісі резонанс тудырған соң 3 жыл бұрынғы іске қатысты уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Осыған байланысты «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп, ел арасында айтылып жатқан Хасан Қасымбаев пен «хуторлықтар» жайлы сұрастырдық.

«Менің ойымша ондай бұзықтық жасайтын аудандар еліміздің әр түпкірінде бар. Мысалы, Шаңырақ, Ұзынағаш жақта да бар екенін естідім. Сол сияқты осы Талғар жақта Бригада, Азат деген ауылдарда бұзықтық жасайтын жігіттер бар. Ал «хуторлықтар» деп танылып кеткен ауылдың жігіттері мүмкін бұзықтық жасаған шығар. Бірақ, арнайы бір ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп ойламаймын. Өзім де жасөспірім кезде, кейін де ондай бұзықтық, не төбелесті кездестірмедім. Ал Хасанға келер болсақ, мен ол кісі жайлы бұрын-соңды естімегенмін. Осы оқиға болған кезде оның түрін әлеуметтік желіден көрдім».

Сонымен Санат Абдықадыр  бізге 2024 жылдың 4-нен 5-не қараған түні «Қамажай» дүкеніне қандай мақсатпен келгенін айтып берді.

«4 қазан күні жұмыстан шарашаған соң мен және екі бөлем Қалиахмет Дидар мен Мұратов Дәулет үшеуміз моншаға барайық деп монша іздестірдік, көбісі бос болмаған соң біз «Қамажай дүкенінің артындағы көшеде орналасқан моншаға бардық. Одан шығып, дүкенге кіре салдық, ол жерде осындай оқиға боларын біз білмедік. Дүкеннің алдына келгенде бір қарағанда 7-8 жас жігіттер тұрды, бірақ түрлерін нақтылап көрдім деп айта алмаймын. Бірінші болып дүкен жаққа Дидар мен Дәулет жүріп кетті. Мен де сол жаққа қарай бара жатқанда маған бір жас бала келіп амандасып кетті, мен оны танымаймын. Артынша, марқұм Нұрғанат Ғайыпбаев келіп менімен амандасты да, «Төбелеске келдіңдер ме?», - деді. «Жоқ төбелеске келген жоқпыз, мен шалмын ғой»,- дедім. «Шал емессің ғой, асып кетсе 30-да шығарсың», — деді маған күліп, мен де оған күлдім де ары қарай дүкенге кіріп кеттім. Сол жерде тұрған жігіттердің мен танымаймын менімен амандасқан осы екі кісі, ал менімен сөйлескен марқұм Нұрғанат қана. Ары қарай дүкеннен Дидар сыраны алып, ақшасын төлейін деп жатқанда сырттан ерегестің дауысы шығып жатты.   Қаржаубай аға: «жігіттер, мен сатпаймын» деп дүкеннен бізді «шығыңдар» деп  шығарып жіберді». 
«Содан дүкеннен бірінші болып Дидар, Дәулет, артынан мен шықтым да тікелей көлік жаққа бардым. Рөлге Дәулетті отырғыздық, өйткені алдында біз Дидар екеуміз кішкене сыра ішкен болатынбыз. Көлікке сол сәтте үшеуміз де отырдық та кетіп бара жатқан бір қатты дауыс естілді. Сол сәтте Дидар көліктен шығып кетті. Мен де сыртқа шықтым. Дәулеттен сіріңке сұрап тұрғанымда артынша Дидар қайтып келді. Сотта прокурор өзі айтты: 2 минут 20 секунтта Дидар қайтып келеді де біз  көлікке отырып кетіп қалдық».

Екі минутта Дидарды күтіп тұрған екі бөленің не істегенін сұрадық. Сонымен қатар: «Дүкенге жақын жерге тоқтаса қандай да бір дауыстар естіді ме, Дидар қайта көлікке оралғанда дүкеннің алдында не болғанын айтты ма?» деп сұрадық.

«Екі минут деген тез өтіп кетеді, оның үстіне біз тоқтаған жерде бізге төбелес көрінбейді. Дауысқа шынымды айтсам мән бермедім. Себебі маған бәрібір, ондай төбелес дегенге қызықпаған соң. Содан Дидар келді біз үшеуміз көлікке отырып кетіп қалдық».

Біз Дидар екі минут төбелесті көрген болса, көлікке отырғанда «дүкен жақта төбелес болды, мылтық атылды» дегендей сөз айтқан-айтпағанын сұрадық.

 «Жоқ, ол бізге ештеңе айтқан жоқ, көлікке отырды да мен: «че, там?» деп сұрадым. Ол маған «ниче, нормально» деді. Сосын біз ол жерден кетіп қалдық»

ОҚИҒА БОЛҒАН КҮННІҢ ЕРТЕСІ 

Ал сол дүкеннің алдындағы төбелестен адам қайтыс болғанын Санат Абдықадыр  ертесіне әйелінен естіп, аудандық ішкі істер бөліміне өздері барғанын айтты.

«Ертесіне келіншегім: «krispi.talgar-ды қарашы»,- деді. Қарасам, кешегі біз барған дүкен екенін түсіндім. Екі күннен кейін іс резонас тудырған соң біз Дидар, Дәулет үшеуміз аудандық ішкі істер бөліміне бардық. Барып осылай болды, осылай көрдік деп өзіміз айттық. Ешқандай артымыздан келіп, ешкім бізді іздестіріп алып кеткен жоқ».

Сонымен қатар, әу баста оқиға қатысты 13 адам ұсталды деген ақпарат тарап, артынша 9 күдікті екені айтылды. Осыған қатысты Әбдіқадірдің статусы басында қандай болғанын сұрадық. Оның айтуынша басынан бастап, тергеп-тексеру кезінде үшеуіне де куәгер деген статус берілген. Кейіннен, Дидар Қалиахмет сол төбелестің жанында болғаны үшін куәгерден күдіктіге айналғанын айтты.

«Бізді Талғардан Қонаев қаласының ішкі істер департаментіне жіберді. Ол жерде екі күн бізден екі жауап алынды. Ал үшінші жауапқа шақырғанда Қалиахмет Дидарға күдікті статусы берілді».

6 мамырда өткен сот отырысында сотталуыш Дархан Әскентай жауап беру барысында қысым көргенін бір емес бірнеше рет айтты. Соған байланысты, Санат Әбдіқадір жауап алу барысында: «полиция қызметкерлері тарапынан қысым болды ма?» деп сұрадық. Оның айтуынша, ешкімнен қысым көрмегенін тек көрген-білгенін айтып бергенін жеткізді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ЖЕЛДЕЙ ЕСІП КЕТКЕН БЕТТЕСТІРУ БЕЙНЕЖАЗБАСЫ МЕН СОТТАҒЫ ЖАУАПТАР НЕГЕ ЕКІ ТҮРЛІ?

 28 сәуірде Санат Әбдіқадірдің сот алдында берген  жауаптарынан кейін журналистер жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтен «делайте» деп айтқан Чика деген кім деп сұрады.

 «Атын атап, түрін түстей алмаймын, бірақ, ол кеше жауап берген куәгерлер арасында болды және оны сіздер бір-ақ ауыз сөзбен таба аласыздар», — деген еді адвокат. 

Оған қоса сотты жіті бақылап отырған халық та Санат Әбдіқадірдің алдын ала тергеудегі Қаржаубай Нұрымовпен болған беттестірудегі әрі соттағы жауаптарының бейнежазбаларын салыстырып ондағы жауаптардың әртүрлі екенін әлеуметтік желіде таратып жатты. Оған қоса алдыңғы сот отырыстарында прокурор Ержан Құрақбаев куәгер Эльмира Нұрбекованың да жауаптарының бір-біріне қарама-қайшы екенін айтқан еді. Осыған байланысты екі негізі куәгер саналатын Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыгелдіні және Санат Абдықадыр куәгер статусынан күдікті статусына ауыстыу керек деген петиция да шықты.

 Сонымен, Orda.kz тілшісі 2024 жылдың 28 қазанында Қаржаубай Нұрымов пен болған беттестіруде және осы жылдың  28 сәуірінде сот алдында берген жауаптарында неліктен айырмашылық бар екенін сұрадық.

Еске сала кетейік, ол беттестіруде тергеушінің сұрағына Абдықадыр  «мен шалмын» деген әңгімені айтпадым десе, сотта «мен шалмын» деп айттым деген еді. 
 «Оны халық дұрыс түсінбеді деп ойлаймын. Себебі беттестіру кезінде маған тергеуші бірден бір сөзбен екі сұрақ қойды. Тергеуші маған «мен шалмын ғой, мен емес, мен үшін жас балалар төбелеседі», деген сөзді айттыңыз ба, деп сұрады. Мен сол кезде «жоқ» деп жауап бердім. Өйткені мен ол жерде «мен үшін жас балалар төбелеседі» деген сөзді айтпадым. Бірақ «мен шалмын ғой» деген сөзді айттым. Сондықтан «мен үшін жас жігіттер төбелеседі», немесе «делайте дегенді сен айттың ба?» деген сұраққа мен: «жоқ» деп жауап бердім. Тергеуші маған осылай бір сөзбен екі сұрақты қойды. Ал сотта мен жауап берген кезде мен «шалмын ғой» деген сөзді айтқанымды растадым», — деді Абдықадыр . 

Сондай-ақ, Санат Абдықадыр  18 сәуірдегі сот отырысында жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың берген жауабында өз аузымен «Дидар Қалиахметпен келген екі жігітке айтар менің шағымым жоқ» деген сөзді айтқанын жеткізді. 

 «Қаржаубай аға, сотта өз жауабында: «Дидар мен қасындағы екі балаға басында ашу, күйікпен көп артық нәрсе айттық бәрінен күмәнданып,  кінәладық. Бірақ, Hyundai Accent көлігінен түскен екі балаға менің ешқандай шағымым жоқ» деп айтты. Бастапқыда шынында да полиция бөлімшесінде Қаржаубай бізді боқтап, кінәлады, бірақ біз ол қылығын баласы өлген соң ішқұсалықпен әрі ашумен айтып тұр деп қабыладық. Беттестірудегі жауап сол ашулы сәтіндегі бейнежазба еді». 

Сондай-ақ, біз сотта Қаржаубай Нұрымов Қалиахмет Дидармен келген екі балаға еш шағымым жоқ деп айтса да, дәл сол 18 сәуірдегі сотта жауап берген Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишімбиева «Чика деген бала болды, сол «делайте» деп айтты», деген сөзді өз жауабында айтқан болатын.

Біз одан Нұрымов айтар шағымым жоқ десе, ендеше Гүлбара Бишімбиеваның сотта неліктен «Чика атты біреу сол төбелестің арасында болды» дегенін сұрадық. Ол «делайте» деген сөзді естігенін айтты.

«Біз дүкеннің алдына келгенде біреу «делайте» деп айтып жатқанын мен естідім, сол кезде барлығы жабылып кетті»,- деген еді сотта Бишімбиева.

Сотта жәбірленуші тараптың адвокаты: «Бишімбиеваға сіз «делайте» деді деп айттыңыз, сонда барлық адамдардың іс-әрекеті осы бір адамның бұйрығымен орындалып отыр ма?» деген сұраққа Шерзаттың анасы «иә», деп жауап берді.

«Күйінген ананың сөзі деп ойлаймын. Сол жерде болғандардың барлығы жауап берсін деген шығар. Бірақ мен ол кісіні оқиға болар алдында көрген емеспін. Ол дүкенге сотта айтқандағыдай төбелес басталғанда келген. Оған қоса ол кісі мені де көрмеген деп ойлаймын. Өйткені біз ол жерден арыға кетіп қалдық», — деп айтты Әбдіқадір.

СОНЫМЕН «ЖЫР» БОЛҒАН «ЧИКА КІМ?» 

Әлеуметтік желіде желдей есіп Сана Абдықадыр  «Чика» деген ақпарат тарап кетті. Алайда, ол өзін «тергеу мені әу баста куәгер деп таныды, мен төбелесті көрмедім, арасында болмадым, «делайте» деген сөзді айтпадым» деп отыр. Сонымен «Чика» деген лақап атты иесі кім? Марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеудегі жауаптары мен Гүлбара Бишімбиеваның сотта айтқан  Чика деген біреу «шалмын ғой»,  «делайте» деп айтылды деген сөздері не болмақ?

Еске сала кетейік, сотта Нұрғанат Ғайыпбаевтың алдын ала тергеуде дәл осы Чикаға қатысты жауабын прокурор Дана Сәрсенбай оқыған еді. 


  
«Hyundai Accent-тен төрт немесе үш бала шықты, Mercedes көлігінен Нұрқияс, Шыңғыс, тағы бір бала және екі қыз шықты. Маған бірінші болып Нұрқияс келді, барлығы амандасты. Содан кейін мен дүкеннің алдына жылжыдым. Сол кезде Accent-тен түскен Чика деген жігіт менімен амадасты, «мен оған сенің түрің таныс қой» дедім, ол менің бетімен қарап: «мен шалмын ғой» деді. Мен оған ары кетсе 30-да шығарсың» дедім. Ол күлді де дүкеннің есігін ашып,артындағы жігіттерге «делайте» деп айтты», — деген Ғайыпбаевтың жауабын прокурор оқыған болатын.

Абдықадыр  біз «Чика» деген лақап атты бұрын-соңды естіген-естімегенін сұрадық. 

«Менің ойымша ол жерде қателесіп кеткен шығар, бірақ мені ешкім де ешқашан Чика деп атаған емес. Атым Санат, бәрі Сәке, Санчо деп атайды. Бала кезден өскен сыныптастарым, достарым, әскерде бірге борышымызды өтеген адамдардан да, сырттай таныстардан да сұрап көріңіз. Мені ешқашан Чика деп атамаған».

Сондай-ақ, сотта жігіттер бір-біріне қоңырау шалып дүкеннің алдына шақырды деген ақпарат айтылған болатын. Осыған байланысты Абдықадыр  тергеу барысында (детализация) яғни тергеу барлық жасалған кіріс және шығыс қоңыраулардың, SMS хабарламаларды тергеу мақсатында ұялы телефондарын төрт айға алып кеткенін айтты. 

 «Тергеу барысында менің телефонымнан ол жігіттердің  не нөмірі, не бір сөйлескен сәт табылмады. Мен ол жігіттермен таныс емеспін. Тек ішінде бір ғана баланы сырттай танимын, кезінде біздің мектепте оқыған екен. Оны да мен кейін білдім».

Санат Абдықадыр  айтуынша, сотта жауап бергеннен кейін өмірінде өзгерістерге тап болыпты. Қайда барса да «Чика» деп көрсетіп, жеккөрінішті болып, жұрттың ызасына тап болған. 

«Адамдар сырттай жаман қарайды, мен оны сеземін. Күні кеше базарға киім алуға бардым, адамдар менімен ерегіскісі келіп, соттың шешімін күтпей жатып, мені бір халықтың «жауы» сияқты көріп жатыр. Әлеуметтік желіде неше түрлі нәрсе айтылып жатыр. Мені құдды бір ұйымдасқан қылмыстың серкесі қылып жіберді. Оның менің кәсібіме де кесірі тиіп жатыр. Мен дүкендерге бәліш сатумен айналысамын, енді сол бұрыннан келе жатқан сатып алушыларым да менен бас тартып, менімен жұмыс істегісі келмей жатыр. Бұның барлығы маған қатты әсер етеді. Себебі мен мүлде басқа адаммын, мен тіпті шыбынды да ренжітпейтін адаммын. Мен жайлы тақпақ шығарып тастаған,ешқандай соттың шешімі жоқ, ешнәрсе дәлелденген жоқ».

Осыған байланысты Абдықадыр  әлеуметтік желіде өзі жайлы өріп жүрген пікірлер мен бейнежазбаларға қатысты құқық қорғау органдарына арыз түсіріпті. Ол жайлы оның адвокаты Алмас Мырқасымбаев бізге толығырақ айтып берді.

 «Ашық сот отырысында Санат Абдықадыр  жауап берді. Артынан Чика деген лақап атты бұл кісіге ешқандай негізсіз таңып қойды. Сонымен қатар, ғаламторда Әбдіқадірге қатысты көптеген шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Сондай-ақ, Санаттың қылмысқа еш қатысы жоқ екені туралы жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов сотта айтып жауап берген. Прокурордың Hyundai Accent-пен келген жігіттердің әрекетін сұрағанда Нұрымовтың өзі бастапқыда бала қайтыс болған соң барлығын ашумен айыптағанын айтты. Кейінен ол кісі іс барысында бейнежазбаларды көріп, сотта: «бұл кісілерге ешқандай арыз-шағымым жоқ» деді. Соған қарамастан әлеуметтік желіде Әбдіқадірге негізсіз жала жабылып жатыр. Осыған байланысты Санат Абдықадыр  өзі ішкі істер министірлігіне желіде негізісіз тарап кеткен ақпаратқа байланысты арыз жазды», — деді Мырқасымбаев.

Сұхбаттың бейнежазбасын келесі сілтемеден көре аласыз.

Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында сотталушы Дархан Әскентай жауап берді. Ол өз сөзінде 6 рет алынған жауабы мен 4 рет болған беттестіруде айтпаған тың нәрсені айтты. Әскентайдың айтуынша, оны алғашында Шерзат Полат қолына кастет киіп ұрып жіберген болатын. Прокурордың неге осыған дейінгі жауаптарында кастет айтылмады деген сұраққа Әскентай қысым көргенін содан, ойын толық жеткізе алмағанын айттты.

Сонымен қатар, сот отырысында дүкеннің алдындағы оқиға болған түнгі бейнебақылау камерасының бейнежазбасы жарияланды.

Сондай-ақ, сотта сотталушы тараптың адвокаттары бір ауыздан прокурор Дана Сәрсенбайды істен аластатып, ауыстыру туралы сотқа талап-арыз түсірді. Дегенмен, судья Ержан Жанұзақов талап-арызды қанағаттандырмады.

Orda.kz сот барысын бақылап, алдағы уақытта да ақпарат таратады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар