Еліміздің кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру қалай жүріп жатыр?

cover Коллаж: Orda.kz

Қазақстанда жоғары лиганың кәсіби футбол клубтарын ауқымды жекешелендіру жүріп жатыр, оның мақсаты — мемлекеттік қаржыландырудан жеке инвестицияларға көшу.  Orda.kz тілшісі осы футбол клубтарының жекелендіру жағдайын зерделеп, назарларыңызға ұсынады.         

2026 жылдың басында бес клуб (оның ішінде «Қайсар», «Ақтөбе») жеке меншікке көшті, ал 2026 жылдың наурыз айының соңына қарай инфрақұрылымды жаңғырту үшін барлық 14 клубты жекешелендіру жоспарланған.

 

Бұған дейін Қазақстандағы жалғыз жеке клуб алматылық «Қайрат» қана болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімінен кейін 2025 жылы оған тағы «Қайсар», «Жеңіс», «Шахтер», «Қызылжар» және «Ақтөбе» сияқты бес клуб қосылды. 

2026 жылдың басында қазақстандық футбол әлемдік спорт қоғамдастығының назарында болды. Бұған екі резонансты көшу себеп болды.  Англия Премьер-лигасының мықты жұлдыздары Луиш Нани мен Виктор Мозес «Ақтөбе» мен «Қайсар» клубтарымен келісімшартқа қол қойды. Бұл оқиғалар қазақстандық Премьер-лиганың амбицияларын айқын көрсетті және 2025 жылдың соңында басталған ауқымды мемлекеттік реформаның — кәсіби футбол клубтарын жекешелендірудің тікелей салдары болды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастама футболды мемлекеттік қаржыландырудан жекеменшік негізге көшіруге бағытталған. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтып, ұзақ мерзімде отандық футболдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.

«Біздің мақсатымыз – клубтар өздігінен табыс табатын, инфрақұрылымды дамытатын және таланттарды тәрбиелейтін тұрақты модель қалыптастыру. Жекешелендіру – футболдан бас тарту емес, оның болашағына салынған инвестиция», – деді Тоқаев. 

Реформаның мәні – кәсіби клубтарды тікелей мемлекеттік қаржыландырудан толық бас тарту. 2025 жылдан бастап легионерлердің жалақысын бюджеттен төлеуге тыйым салынды, енді бұл шығындарды жеке инвесторлар өтейді. Билік бұл қадам салаға бизнесті тартып, заманауи инфрақұрылым салуды жеделдетеді және жас ойыншыларды даярлау жүйесін күшейтеді деп күтеді.

2025 жылдың желтоқсан айының соңына қарай жекеменшікке өткен клубтар қатарында Қайсар (Қызылорда), Қызыл-Жар (Петропавл), Жеңіс (Астана), Шахтёр (Қарағанды) және Ақтөбе (Ақтөбе) бар. Жаңа иелер (барлығы Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер) инфрақұрылымды жаңарту, заманауи стадиондар салу, академияларды жетілдіру және негізгі құрамды күшейту барысындағы жоспарларын жариялады.

Қазақстанның жоғары лигасында барлығы 14 команда өнер көрсетеді, жекешелендіру үдерісін 2026 жылдың наурызының соңына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Бұл ретте мемлекет балалар және бұқаралық футболды қолдауды сақтайды. Бұл орайды ресурстар қайта бөлінеді: мемлекеттік қаржы балалар алаңдарын салуға, мектеп турнирлеріне және әлеуметтік жобаларға бағытталады, ал клубтар билет сату, демеушілік және медиақұқықтар арқылы өздігінен табыс табуды үйренуі тиіс.

 

Осы тұста қаңтар айындағы трансферлік терезе нағыз сенсация әкелді. 2024 жылдың желтоқсанында мансабын аяқтағанын жариялаған 39 жастағы португалиялық жартылай қорғаушы Луиш Нани күтпеген жерден Ақтөбе клубымен бір жылдық келісімшартқа қол қойды. Деректерге сәйкес, оның жылдық жалақысы шамамен 840 мың доллар, әрі ол тек ойыншы ретінде ғана емес, клубты халықаралық деңгейде ілгерілетуге де қатыспақшы.

«Мен Қазақстанның үлкен амбициялары бар ел екенін білемін. Мұнда тек ойнау үшін емес, жергілікті футболды дамытуға үлес қосу үшін келдім. Жас ойыншыларға тәжірибемді жеткізгім келеді», – деді Нани. 

Тағы бір резонансты трансферді Қайсар жасады. Клуб еркін агент ретінде нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозеспен келісімге келді. Бұған дейін Челси, Интер және Спартак сапында ойнаған 35 жастағы футболшы да бір жылдық келісімшартқа қол қойды.

«Мен әрдайым жаңа сын-қатерлерді іздеймін. Қазақстан сен үшін жаңадан бастауға, жанкүйерлердің ықыласын сезінуге және клубтың дамуына көмектесуге мол мүмкіндік», – деді ол. 

Сарапшылардың бір бөлігі бұл трансферлерді имидждік қадам деп бағалайды. Алайда Қазақстандағы жағдай Сауд Арабиясынан өзгеше – мұнда басты мақсат лига мәртебесін көтеру үшін жұлдыздарды жаппай тарту емес, халықаралық БАҚ назарын аудару.

Нани мен Мозес сияқты тәжірибелі ойыншылардың нақты спорттық нәтижеге әсері әзірге белгісіз. Олардың мотивациясы, физикалық дайындығы және жергілікті жағдайларға бейімделуі уақытты талап етеді. Соған қарамастан, олардың келуі жанкүйерлер мен демеушілердің қызығушылығын арттыра түсті. 

«Бұл – басқа клубтарға белгі. Осындай есімдер ҚПЛ-да пайда болғанда, қызығушылық артады, ТВ-құқықтар мен демеушілер келеді. Ең бастысы – жастар тәжірибелі ойыншылардан үйренеді», – деді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза бұл үрдісті қолдап.  

Кейбір мәліметтерге сәйкес, басқа клубтар да мансабының соңындағы танымал футболшыларды шақыру мүмкіндігін қарастыруда. Кандидаттар қатарында Миралем Пьянич, Джесси Лингард және Курт Зума есімдері аталды.

 

Жалпы, жаңа модельдің табысы тек инвестиция көлеміне емес, басқару сапасына да байланысты болмақ. Жаңа иелер ұзақ мерзімді стратегия құра ала ма, жастарды дамыту мен ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ете ме – бұл әзірге ашық сұрақ. Алайда бұл ауқымды өзгерістер қазірдің өзінде билік пен бизнестің қазақстандық футболды жаңғыртуға деген ниетін көрсетіп отыр.

Сонымен 2026 жылдың сәуір айының ортасындағы жағдай бойынша Қазақстан Премьер-лигасы аясында өнер көрсететін барлық 16 футбол клубы ресми түрде мемлекеттік емес. 

2025 жылдың күзінде мемлекеттік меншіктен жекеге өткен немесе өтіп жатқан клубтар санаулы ғана болатын. Олар – Тобыл, Елім-ай, Жеңіс, Ұлытау және Қызыл-Жар еді.

2026 жылдың сәуірінің ортасына қарай ҚПЛ-дегі жекеменшік клубтардың үлесі ресми түрде 100%-ға жетті. Дегенмен, жекеменшікке өткен командалардың басым бөлігі әлі де мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыр, бірақ тікелей емес, мемлекеттік сатып алу арқылы. Жоспар бойынша бұл қаржыландыру кезең-кезеңімен қысқартылып, бірнеше жылдан кейін толық тоқтатылады.

Жоғары дивизиондағы клубтардың ішінде қайта тіркеуден өтпеген жалғыз команда – алматылық Қайрат. Ол 2012 жылдан бері жекеменшік клуб болып саналады және иесінің таңдаған даму моделі бүгінде нақты нәтиже беріп отыр.

Жеке инвестор клубты алған сәтте жағдайды бірден түбегейлі өзгерте алмайтыны түсінікті, өйткені академия салу мен инфрақұрылымды жаңарту уақытты қажет етеді. Соған қарамастан, инвесторлар қысқа уақыт ішінде жаңа леп әкелуге тырысуда.

Енді әр клубқа жеке тоқсталсақ.

«Оқжетпес»

Көкшетаулық Оқжетпес жекешелендірілгеннен кейін бірнеше рет БАҚ назарына ілікті. Клубтың жаңа иесі, белгілі Иван Сауэр футболшыларға сыйақы жүйесін жариялады. Әр гол үшін – 1 млн теңге, жауап гол үшін – 2 млн теңге, ал қақпашы өз қақпасын гол кіргізбей қорғаса – 1 млн теңге беріледі.

Алайда мұндай тәсіл футболшылар арасында аздап түсініксіз болды, себебі футбол – командалық ойын. Дегенмен кейін кей ойыншылар 4–5 млн теңгеден алған соң, команда сыйақыны барлық ойыншыларға тең бөлуді ұсынды. Нәтижесінде алты турдан кейін команда бесінші орында келеді.

 

Клуб директоры қызметіне спорт журналисі Ербол Қайыров тағайындалды. Айта кету керек, Жеңіс клубын да журналист Айдын Кожахмет басқарады.

Айтпақшы Жеңіс клубы да жаңа ойыншысы Лука Имнадземен тізе қосқан болатын.

«Алдағы маусым барынша мазмұнды болады, чемпионатқа 16 клуб қатысады. Осындай ұзақ қашықтықта құрамның тереңдігі өте маңызды.Біздің мақсатымыз - жаттықтырушылар штабын екі бірдей құраммен қамтамасыз ету. Лука Имнадзеге қол қою — стратегиялық қадам. Лука қазақстандық жанкүйерлерге «Қызыл-Жар» және «Ордабасы» ойындарынан жақсы таныс. Біз тек сапалы орындаушыны ғана емес, ҚПЛ мен Әли Әлиевтің талаптарына толық бейімделген футболшыны алдық»  деп мәлімдеге болатын ақпан айында  Айдын Кожахмет. 

Сонымен қатар команда басшысы оның күш-қуаты мен жұмыс қабілеттілігі биыл команданың табысының маңызды факторы болатынына сенетінін айтты.

«Ордабасы»

Шымкенттік Ордабасы клубының матчтары енді жұлдыздардың қатысуымен өтіп жатыр. Команда иесі – кәсіпкер әрі Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп.

 

Алтыншы турда арнайы қонақ ретінде әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келді. Қазір команда турнирлік кестеде екінші орында тұр.

«Ақтөбе»

Ақтөбе клубындағы жекешелендіру әзірге оң нәтиже бермеді. Клубты кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алған. Құрамға Еуро-2016 чемпионы португалиялық Нани қосылғанымен, команда нәтижелері көңіл көншітерлік болмай тұр.

 

Бас бапкер Николай Костов қызметінен кетіп, орнына Таркович тағайындалды. Жанкүйерлер клуб директоры Арман Оспановтың отставкасын талап етті. Кейін ол қызметінен кетті. Оның орнына үміткерлердің бірі ретінде Важа Тархнишвилидің аты аталды. Қазір команда 10-орында.

«Атырау» 

Атырау клубы да жақында жекеменшікке өтті. Тендер нәтижесінде команда 77 млн теңгеге сатылды. Жаңа иесі әзірге жарияланған жоқ. Қазір клуб 9-орында.

«Қайсар»

Қызылордалық Қайсар инвестор ретінде кәсіпкер Исламғали Қозыбақовты тартты. Ол заманауи футбол академиясын салу міндеттемесін қабылдады. Клуб құрамына бұрын Челси және Ливерпуль сапында ойнаған нигериялық Виктор Мозес қосылды. Жекешелендіру жалғасуда

Айтпақшы, астаналық Жеңіс клубына инвестор ретінде  Михаил Ломтадзе келді. Ол балалар академиясын құруды жоспарлап отыр.

Тұран клубының жаңа иесі – Дінмұхамед Ыдырысов.

Петропавлдық Қызылжар клубына инвестор болып Сергей Кан келді.

Семейлік Елім-ай клубы аралас – мемлекеттік-жекеменшік модельге өтті.

Астана клубы да жекешелендіру үрдісін жалғастырып жатыр.

Талдықорғандық Жетісу әзірге қоғамдық қор форматында жұмыс істейді.

Ал Ұлытау клубы жеке заңды тұлға болғанымен, ол да әзірше мемлекеттік қаржыландыруды пайдалануда.

Қорыта айтқанда бұл процеске уақыт, салмақты стратегия және инвесторлардың табандылығы қажет екені сөзсіз. Жалпы жүйе дұрыс құрылса жекешелендіру жастарды даярлау сапасын арттырып, клубтардың ашықтығын күшейтіп, футболды шынымен тиімді бизнеске айналдыра алады.

Ал егер механизм нақты айқындалмай, реформа өз әлеуетін толық аша алмай, жартылай жеңіс пен жарымаған айлыққа тәуелді болса, клубтар өз бетінше өмір сүріп кете алмай, қайтадан мемлекетке алақан жайып, жоспар іске аспай қалуы да әбден мүмкін.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар