Бірінші сыныпқа 380 мың оқушы барады: Мектептер оларды қабылдауға дайын ба?
Фото: Әлеуметтік желіден
Жаңа оқу жылында Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Ел мектептері осыншама оқушыны қабылдауға дайын ба және оқушылар санының көбеюі мұғалімдерге түсетін жүктемені арттыра ма? Бұл мәселені Orda.kz тілшісі зерделеп көрді.
Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде жұмыс істейтін, педагогика ғылымдарының магистрі Дильназ Амелованың айтуынша, бірінші сыныпқа баратын балалар санының артуы мұғалімдерге түсетін жүктеменің өсуіне және әр балаға жеке көңіл бөлу мүмкіндігінің азаюына әкеледі.
«Сыныпта оқушы көп болса, мұғалім сабақ беруге қарағанда тәртіп пен сыныпты ұйымдастыруға көбірек уақыт жұмсауға мәжбүр болады. Біздің жұмысымыздағы ең қиын нәрсе – оқушылардың назарын ұстап тұру. Ал бірінші сынып оқушылары әлі кішкентай болғандықтан, олардың назарын сабаққа аудару одан да қиын», – дейді Дильназ Амелова.
Оның сөзінше, бір сыныпта 20-дан астам бала отырса, оқу материалын барлығына бірдей түсіндіру қиын.
«Әдетте олардың ішіндегі ең белсенді 10 оқушы сабаққа өздері қызығып, мұғалімді тыңдайды. Ал қалғандары сөйлесіп, өз шаруаларымен айналыса бастайды. Мұғалім оларға жақындаған кезде, алғашқы 10 оқушы шулап, сабаққа көңіл бөлмейді. Мұндай жағдайда мұғалім жаңа тақырыпты толық түсіндіріп үлгермейді», – дейді педагог.
Оның пікірінше, сыныпта 12–15 оқушыдан болса, мұғалім әр баламен жеке жұмыс істей алар еді.
«Әр оқушыға жақындап, материалды түсінген-түсінбегенін сұрап, қосымша сұрақтар қойып, түсінбеген тұстарын түсіндіруге мүмкіндік болар еді. Нағыз білім осындай жағдайда қалыптасады», – деп атап өтті ол.
Педагог мектептер бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың санын алдын ала болжап, қажет болған жағдайда қосымша сыныптар ашып, мұғалімдер тартуы керек деп есептейді.
Алайда оның айтуынша, бұл нақты мектептің мүмкіндігіне байланысты.
«Қазір жұмыс істеп жүрген жекеменшік мектепте қанша бала қабылданатыны алдын ала нақты белгілі. Сондықтан қажетті заттардың барлығы алдын ала сатып алынады. Ал мемлекеттік мектептерде кейде кабинет, парта мен орындық, техникалық құрал-жабдық жетіспеуі мүмкін», – деді Дильназ Амелова.
Педагог өз тәжірибесінде кабинет жетіспеген кезде бір сыныптағы балалар басқа кабинеттерден орындықтарды тасып әкеліп, бір партаға үш-төрт оқушыдан отырған жағдайлар болғанын айтты.
Сонымен қатар оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеушілігі де мәселе болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кейде ата-аналар оқу материалдарын өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болады.
Мектептердің жаңа оқу жылындағы бұл сын-қатерлерге қаншалықты дайын екенін білу үшін Orda.kz тілшісі Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдаған.
Оқу-ағарту министрлігі не деді?
Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа баратынын растады.
«Құжаттарды қабылдау бүкіл ел бойынша Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бұйрық жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Ата-аналар өтініштерді бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен береді» деп жазылған министрлік жауабында.
Бірінші сыныпқа баратын балалар саны ең көп өңірлер қатарында:
- Түркістан облысы – 50 273 бала;
- Алматы облысы – 35 205;
- Астана – 33 000;
- Алматы – 31 200;
- Шымкент – 29 474.
Министрлік бұл өңірлердегі бірінші сынып оқушылары санының көп болуын халық санының жоғары болуымен және туу көрсеткішінің жоғарылығымен түсіндірді.
Мұғалімдерге түсетін жүктеме қалай өзгереді?
Мемлекеттік орган оқушылар санының артуына байланысты мұғалімдерге қосымша жүктеме түспеуі үшін кадр мәселесі де қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
«Жаңа оқу жылында 11 435 педагог жұмысқа қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның 5 741-і, яғни 50,2 пайызы – жас мамандар. Мұғалімдер тек қолданыстағы бос орындарды толтыру үшін ғана емес, жаңа мектептер мен сыныптардың ашылуына, сондай-ақ кадрлардың табиғи қозғалысына байланысты да қабылданады», деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Яғни жаңа оқу жылында мектептердегі мұғалімдер саны да артады.
Мектептерде орын жеткілікті ме?
Министрліктің мәліметінше, елдегі цифрлық инфрақұрылымның дамуының арқасында әкімдіктер мектепке қабылдау туралы өтініштерді уақтылы қарап, туындаған мәселелерге жедел әрекет етіп, әр баланы мектептегі орынмен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Сондай-ақ министрлік 2019 жылдан бері Қазақстанда 1 200-ден астам мектеп салынғанын және оларда миллионнан астам оқушыға арналған орын қарастырылғанын хабарлады.
«Тек 2023–2024 жылдары 510 мың орынға арналған 422 жаңа мектеп ашылды. Соның арқасында үш ауысымды мектептердің саны төрт есе, апатты ғимараттардың саны екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе азайды» деп жазылған министрлік жауабында.
Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында тағы 101 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Олар шамамен 60 мың оқушыға арналған.
Министрліктің пікірінше, жаңа мектептердің салынуы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтып, оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі мектеп инфрақұрылымы 380 мың баланың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз ете алады. Ал жаңа мұғалімдерді жұмысқа алу педагогтерге түсетін жүктемені төмендетуге тиіс.
Дегенмен басты мәселе баланың мектепке қабылдануы ғана емес. Әр оқушыға сапалы білім беріліп, мұғалімнің әр балаға жеткілікті уақыт бөле алуы да маңызды.
Бұған дейін Алматыдағы жүздеген отбасы балаларының жаңа оқу жылында қай мектепте оқитынын білмей қалғаны хабарланған еді. Алатау ауданындағы жекеменшік Abyroi School мектебі жұмысын тоқтататыны белгілі болған. 2026 жылғы шілдеде ата-аналарға мектеп ғимаратының мемлекеттік меншікке берілетіні айтылған.
2026–2027 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде оқушылар жаңа міндетті курстарды оқып, жасанды интеллект негіздерімен танысады. Ал бірінші сынып оқушыларына үй тапсырмасын беру тәртібі өзгермейді.
1 қыркүйекте алғашқы қоңырауда мұғалімдерге гүл шоғын сыйлауға болады. Алайда бұл әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болуы керек, деп Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін жауап берген болатын.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда (1–4 сыныптар) бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Себебі бұл бағалау түрлері тиімсіз әрі балаларға шамадан тыс оқу жүктемесін түсіреді деп танылған.
Сонымен қатар біз Астананың 315 мың оқушысы қоғамдық көлікте тегін жүретінін айтып, LRT картасын қалай алуға болатынан мына жерде түсіндірдік.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Бірінші сыныпқа 380 мың оқушы барады: Мектептер оларды қабылдауға дайын ба?
- Алматыда самокат мінген ер адам бордюрге соғылып, қаза тапты
- БАҚ: АҚШ Мәскеуге Трамп, Путин және Зеленскийдің саммитін өткізуді ұсынды
- Роналду «Әл-Наср» сапында жеңіс голын соғып, 1000 голдық тарихи межеге жақындай түсті
- Якутияда қарттарды бопсалап ақша алып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды
- Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Қасіреттен қарусыздануға дейін
- Талғарда ер адам жеті жасар қызды бұтаның арасына қарай сүйреді деген күдікке ілінді
- Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Аймахан Шерханның адвокаттары апелляциялық шағым түсірді
- БАӘ-де қаза болған екі қыздың денесі Дубайдан елге жөнелтілді
- Бақытжан Базарбек өзі қағып кеткен адамға қатысты жаңа мәлімет берді
- «Бұндайларға рақым жоқ»: Садыр Жапаров «халық жауларын» жазалауға шақырды
- Түркістанның 100 тонна еті Алматыда 20 пайыз жеңілдікпен сатылады
- Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында үш қазақстандық іздестіріліп жатыр
- Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы күрес күні қазақстандықтарға үндеу жасады
- Трамп Венесуэламен «тарихи» мұнай келісімін жариялап, бензин бағасы түсетінін айтты
- 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма? Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
- Әділет Жауғашар «Сүй иә» әнінің сөзін өзгертті
- «13 млн теңге несие ал!» Алаяқтардың айтқанын орындап, полицияға да, ұлына да сенбеген
- Байзақ ауданында полиция басшысының экс-орынбасары пара алған
- Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылып, төрағалары сайланды