1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайды. Олардың орнына не енгізіледі?
Фото: Pexels
Талдау нәтижесі көрсеткендей, бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ оқушылардың жетістіктерін толық көрсете алмайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда (1–4 сыныптар) бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Себебі бұл бағалау түрлері тиімсіз әрі балаларға шамадан тыс оқу жүктемесін түсіреді деп танылған.
Олардың орнына оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық жұмыстар енгізіледі.
Сонымен қатар Қазақстанда 700-ден астам қате анықталғаннан кейін мектеп оқулықтарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. 3 және 7 сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтарды жеткізу 2026 жылғы 30 тамызға дейін жоспарланған. Ал 4 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, 8 сыныптарға арналғандары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жаңартылады.
Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі өзгереді. Оқу-ағарту министрлігі берген жауабында Қазақстан мектептерінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі өзгеретінін хабарлады. Министрлік пен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ата-аналар мен мұғалімдердің өтініштерінен кейін бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігіне талдау жүргізген.
Зерттеу барысында білім беру ұйымдарындағы оқыту тәжірибесі, педагогтердің кәсіби пікірлері, төртінші сынып оқушыларының жетістіктерін бағалау мониторингінің нәтижелері және балалардың жас ерекшеліктері ескерілген.
«Талдау нәтижесі бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ қолдану оқушылардың жетістіктерін толық көрсете бермейтінін, сондай-ақ балаларға қосымша оқу және эмоционалдық салмақ түсіретінін көрсетті. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау тәсілдері мен формаларын қайта қарау туралы шешім қабылданды», деді министрлік өкілдері.
БЖБ мен ТЖБ орнына не қолданылады?
Министрлік БЖБ мен ТЖБ орнына қолданылатын бағалау түрлерін атады.
«Білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейін бағалау үшін бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін ағымдағы бақылаудың түрлі формалары қолданылады. Олардың қатарында диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар бар» деп жазылған министрлік жауабында.
Ведомствоның пікірінше, мұндай жұмыстар оқушылардың пәндік білім деңгейін, оқу және жазу сауаттылығын объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл тәсіл функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға, танымдық қабілеттерді, сыни ойлау мен коммуникативтік дағдыларды дамытуға ықпал етеді. Қазақстандағы жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Жаңартылған оқулықтар қашан беріледі?
Министрлік барлық оқулықтарға қосымша сараптама жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескерту мен қате анықталған.
Қазір оқулықтарды қайта өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Олар әлі ресми түрде бекітілмеген.
«Баспалармен және сарапшылар қауымдастығымен бірге анықталған ескертулерді жою жұмыстары жалғасуда. Барлық оқулықтардың сапа талаптарына сәйкес келуі үшін қосымша уақыт қажет» деп атап өтті министрлік.
Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүргізіледі.
2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Русский язык», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша оқулықтар сатып алынады. Сондай-ақ 7 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулығы жаңартылады.
Мұғалімдер оқулықтарды Etandau.gov.kz электронды платформасы арқылы таңдаған. Әкімдіктер қажетті тапсырысты қалыптастырып, жеткізуді ұйымдастыру үшін баспаларға жолдаған.
Сонымен қатар өңірлер оқушылар санының артуын және мектеп кітапханалары қорын жаңартуды ескере отырып, басқа сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алып жатыр.
Оқулықтарды әрі қарай жаңарту да кезең-кезеңімен жүзеге асады. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін — 4 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін — 8 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- «Малсыңдар»: Димаш Құдайберген әйелін ұратын еркектерді сөкті
- Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға сот үкімі шықты
- Мектепте атыс шығарып, әрекетін стримде көрсеткен: Екі оқушы қаза тапты
- Шакира жер сілкінісінен кейін Колумбияда 10 мектеп салып бермек
- Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы басталды
- Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге видео жариялады
- 240 млн теңгеге жасалған Steppe Rider қазақ тілін үйретіп жарытпады: ҰҚК мен экономикалық тергеу тексеріп жатыр
- Тоқаев ТЖМ басшысына заманауи технология енгізіп, өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру жөнінде тапсырма берді
- Таразда аутизмі бар баланы балабақшада байлап ұйықтатпақ болған: Анасы жай-жапсарын айтты
- Қазақстаннан Дубайға ұшатын рейстер қыркүйек айының соңына дейін тоқтатылды
- Алматыда әйелді балағаттаған ер адамға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр
- Оқушылар арасында ауру көбейді: 242 мың бала есепке алынды
- Еліміздің оқушыларына өмірлік қиындықтарды еңсеру дағдылары үйретіледі
- «Заң және тәртіп»: Қазақстан мектептерінде үш жаңа міндетті пән болады
- Үкімет басшысы 100-ден астам мектептің жөндеу жұмысын екі аптада аяқтауды тапсырды
- Трампты қолдау рейтингі 33%-ға дейін төмендеді — бұл оның президенттігі кезіндегі ең төмен көрсеткіш
- Бас прокурор: Шетелдегі 12 алаяқтық байланыс орталығынан түскен миллионнан астам қоңырау тоқтатылды
- «Депрессия» туралы әзіл: NARXOZ университетінің жазбасы сынға қалды
- Алматыда ескі көліктерді арнайы компания арқылы сатып алу тетігі іске қосылады
- Бірінші сыныпта баға қойылмайды: Жаңа оқу жылынан бастап бағалау жүйесі өзгереді