Жаңа оқу жылы: Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

cover ЖИ көмегімен жасалды

2026–2027 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде оқушылар жаңа міндетті курстарды оқып, жасанды интеллект негіздерімен танысады. Ал бірінші сынып оқушыларына үй тапсырмасын беру тәртібі өзгермейді. Orda.kz жаңа оқу жылында оқушылар мен ата-аналарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын жинақтады.

Жаңа оқу жылы Қазақстан мектептері үшін бірқатар жаңалықпен басталады. Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларын жаңартып, оқушылардың құқықтық сауаттылығына, қауіпсіздігіне және цифрлық дағдыларына басымдық беріп отыр.

2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады. Бірінші тоқсан сегіз оқу аптасына созылады. Күзгі каникул жеті күн, қысқы демалыс 14 күн, көктемгі каникул жеті күн болады. Бірінші сынып оқушылары үшін ақпанда қосымша жеті күндік демалыс қарастырылған.

Бірінші сыныпта оқу мазмұны өзгереді

Бастауыш сыныптардағы оқу бағдарламасы да жаңартылады. Министрлік оқу жүктемесін оңтайландыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, математика пәніндегі оқу мақсаттары қайта қаралып, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін кейбір тақырыптар қысқартылады.

Сонымен бірге «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін уақыт ұлғайтылады. Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – бірінші сынып оқушыларының оқу, жазу және мәтінді түсіну дағдыларын қалыптастыруға көбірек мүмкіндік беру. Бірінші сыныпқа жаңадан келген балалар үшін бейімделу кезеңі де ескеріледі. Яғни мектепке алғаш келген баланың бірден үлкен оқу жүктемесіне түспеуіне басымдық беріледі.

Бірінші сынып оқушыларына үй тапсырмасы беріле ме?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды қызықтыратын сұрақтың бірі – бірінші сынып оқушылары үй тапсырмасын орындай ма? Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, критериалды бағалау жүйесі сақталады, бірақ оның ішкі тәртібі жаңартылады.

Сонымен қатар, бірінші сыныпта баға қойылмайды, жаңа жүйеде бұрынғыдай 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды. Бұл сыныпта формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімін меңгеру деңгейін анықтау үшін 2-сыныптан бастап аралық бағалау енгізіледі.

Қолданыстағы тәртіп бойынша бірінші сынып оқушыларына үй тапсырмасы берілмейді. 2026–2027 оқу жылына арналған министрліктің жаңа өзгерістерінде бұл талаптың алынып тасталғаны немесе өзгертілгені туралы ақпарат жоқ.

Сондықтан ата-аналарға бірінші сыныптан бастап балаларға күн сайын үйде бірнеше сағат сабақ оқыту міндеттелмейді. Бұл кезеңде негізгі назар баланың мектепке бейімделуіне, оқу мен жазудың бастапқы дағдыларын қалыптастыруға аударылады.

Мектеп бағдарламасына жаңа курстар енгізіледі

Жаңа оқу жылындағы ең маңызды өзгерістердің бірі – оқушылардың оқу бағдарламасына жаңа курстардың енгізілуі. 5–7 сыныптар «Конституция негіздерін», ал 8–11 сыныптар «Заң және тәртіп» курсын оқиды.

Сонымен қатар, 5–11 сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Мұнда оқушылардың қауіп-қатерді алдын ала бағалауы, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуі және қауіпсіздік ережелерін білуіне көңіл бөлінеді. Бұл өзгерістердің мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құрметтеу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

«Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жалғасады, мектептердегі тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы негізінде жалғасады. Бағдарлама патриотизм, азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар, еңбекқорлық және заңға құрмет сияқты бағыттарды қамтиды.

Бұл ретте мектеп тек білім беретін орын емес, баланың азаматтық ұстанымы қалыптасатын орта ретінде қарастырылады.

Жасанды интеллект мектепке келеді

2026 жыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде жарияланған. Осыған байланысты AI технологияларын білім беру жүйесіне енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай жасанды интеллект негіздерімен танысады.

Министрлік мектептерде AI технологияларын қолданудың бірнеше бағытын жоспарлап отыр. Оның ішінде оқу материалын бейімдеу, оқушыларға жеке қолдау көрсету және оқу нәтижелерін талдау сияқты мүмкіндіктер қарастырылған.

Бастауыш сыныптарда «екі мұғалім» моделі де пилоттық режимде сыналады. Бұл модельде мұғалімге интеллектуалды AI-көмекші көмектеседі. Министрлік жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтынын, оның көмекшісі ретінде қолданылатынын атап өтті. Яғни балаға сабақ беретін негізгі маман бұрынғыдай мұғалім болып қалады, ал AI оның жұмысын жеңілдетуге арналған құрал ретінде қарастырылады.

Мектеп формасын ата-ана өзі таңдайды

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына қатысты талаптар да қайта түсіндірілді. Ата-ана мектеп формасын кез келген сауда орнынан сатып ала алады. Мектеп әкімшілігі ата-ананы белгілі бір өндірушіден немесе нақты дүкеннен киім алуға міндеттей алмайды. Әлеуметтік осал отбасылардың балаларына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

2026–2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Оқулықтар жаңартылады

Жаңа оқу жылында оқушылардың пайдаланатын оқулықтары да біртіндеп жаңартылады. Оқулықтардың жобалары сараптамадан өткізіліп, кейбірі пилоттық мектептерде сынақтан өтеді. Министрлік оқулықтарды әзірлеу кезінде оқу бағдарламасының жаңаруын, балалардың жас ерекшелігін және қазіргі білім беру талаптарын ескеруге басымдық береді.

Сонымен қатар, мектептер цифрланады, жасанды интеллекттен бөлек, білім беру жүйесін жалпы цифрландыру жұмысы да жалғасады. Мектептерде цифрлық платформаларды пайдалану, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру және оқушыларға заманауи технологияларды меңгерту жұмыстары күшейтіледі. Министрлік педагогтерді де AI құралдарын пайдалануға үйретуді жоспарлап отыр.

Балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлінеді

Жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігі мәселесі де басты бағыттардың бірі болып қала береді. Мектептерде баланың психологиялық және әлеуметтік жағдайын ерте анықтау, қиын жағдайға тап болған оқушыларға көмек көрсету және педагогтер мен ата-аналардың бірлескен жұмысын күшейту шаралары қарастырылған. «Жеке қауіпсіздік» курсының енгізілуі де осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі.

Ал 2026–2027 оқу жылындағы демалыс күндері мынадай:

  • күзгі каникул: 26 қазан – 1 қараша;
  • қысқы каникул: 28 желтоқсан – 10 қаңтар;
  • 1-сыныптарға қосымша демалыс: 8–14 ақпан;
  • көктемгі каникул: 22–28 наурыз.

Осылайша жаңа оқу жылында қазақстандық оқушыларды жаңа курстар, жасанды интеллектпен танысу және жаңартылған оқу мазмұны күтіп тұр. Ал бірінші сынып оқушылары үшін негізгі басымдық мектепке бейімделу, оқу мен жазуды меңгеру болып қала береді. Үй тапсырмасына қатысты қолданыстағы тәртіп те сақталады – бірінші сынып оқушыларына үй жұмысы берілмейді.

Оқи отырыңыз:

Бірінші сыныпта баға қойылмайды: Жаңа оқу жылынан бастап бағалау жүйесі өзгереді

Оқушылар Конституцияны оқиды: Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына өзгерістер енді



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар