Шымкент соты полицейлер «ар-намысыма тиді» деген заңгер Айгүл Орынбекті ақтады
Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты заңгер, Қоғамдық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбектің үстінен түскен екі шағымды қарады.
Сотқа Түркістан облыстық полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция басқармасы басшысының кадр жөніндегі бұрынғы орынбасары Бауыржан Алдабергенов пен Шымкент қалалық полиция департаменті патрульдік полиция полкінің командирі Данияр Мейірхан арызданған. Олар заңгер әлеуметтік желіде жазба жариялап, «ар-намысыма, қадір-қасиетіме тиді, іскерлік беделімді түсірді» деп есептейді. Заңгер тағылған айыппен келіспейді.
«Масқарамды шығарды»
Алдабергеновтің шағымы бойынша істі судья Нұрлан Нышанов қарады. Орынбек 2022 жылдың желтоқсан айында Facebook парақшасында Қазығұрт полициясындағы «киллер басшы» деген тақырыппен Бас прокурор Берік Асыловтың назарына жазба жариялап, видео жүктеген. Видеода полиция ғимаратында «шорти, мәйкі» киген ер адамның дәлізбен жүріп келе жатқаны, полицейлердің ол адамнан қорқақтап шетке шыққаны, кейбірін қолымен нұқығаны байқалады.
Орынбектен полицейлер «ақша жинаудан, таяқ жеуден шаршағанын» айтып, Бас прокурорға шағымын жеткізуді сұраған.
Бұл жазба бойынша Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі тексеру жүргізген. Видеода дәлізде «шорти, мәйкі» киген адамның Қазығұрт аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Алдабергенов екені анықталып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің Билікті немесе лауазымдық қызметті асыра пайдалану бабымен (362-бап) қылмыстық іс қозғалған.
2023 жылдың басында бұл іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқарған. Ал Алдабергенов қызметінен босатылып, резервке қойылған. Содан кейін Алдабергенов Орынбек «Киллер басшы! Ақша жинаудан, таяқ жеуден шаршадық» деп жазып ар-намысыма, қадір-қасиетіме тиді, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп әкімшілік кодекстің Жала жабу бабымен жауапқа тартуды сұрап сотқа арызданған.
– Оқиға жұмыс уақытында болмаған. Таңертең ерте жаттығудан соң душтан шығып келе жатқан жерім… Комиссия келді. Тексерді. Іс қозғалып, қысқарды. Арыз-шағым болмаған. Ақша жинау, ұрып-соғу болмаған. Жазба - жалған. «Ұрып-соғады, ақша жинайды деп ар-намысыма тиді. Жемқорлықпен айыптады. Бұл видео бүкіл Қазақстанға тарап кетті. Тексермей, анықтамай масқарамды шығарды,- деген Алдабергенов сотта Орынбектен видеоны кім, қашан жібергенін айтуды сұрады.
Орынбек Бас прокуратура бұл видео бойынша құпия тергеу жүргізіп жатқанын, тергеуге байланысты қандай да бір ақпарат бере алмайтынын жеткізді.
– Жекеме видео, ақпарат келді, оны көрген соң жариялауға міндеттімін. Қылмысты жарияламай жасыру да - қылмыс. Жариялылық принципімен видео мен шағымданушылардың сөзін тырнақшаға алып, жаздым. Бас прокуратура тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Тергеу аяқталған соң видеоны кім жібергенін, кімдер шағымданғанын жариялаймын, – деді заңгер.
Орынбектің сөзінше, Алдабергеновтің шағымы негізінде сараптама тағайындалғанда оған хабар берілмеген. Сөйтіп қорғану құқығы бұзылған.
Екі күндік талқыдан кейін судья екі тарапты ортақ келісімге келіп, татуласуға шақырды. Орынбек пен Алдабергеновті сот залында қалдырып, уақыт бергенімен алғашында олар татуласудан бас тартты.
«Конституциялық құқығымды өрескел бұзды»
Осы уақытта Орынбектің үстінен түсірген екінші шағымды қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Серік Ниязбек қарап жатты. Мұнда шағымды Шымкент қалалық полиция департаменті патрульдік полиция полкінің командирі Данияр Мейірхан түсірген. Оған 22 желтоқсан күні Орынбек Facebook парақшасына полицейлердің полиция департаментінің алдында жаппай наразылық өткізуге департамен басшылары тікелей мүдделі болған деген жазбағы түрткі болған. Онда заңгер Мейірханнан наразылықты ұйымдастыруға кімнің бұйрық бергенін сұрайды. Мұны Мейірхан ар-намысыма, қадір-қасиетіме тиді, іскерлік беделімді түсірді деп санаған.
Екі істі де сот екі күн қарады. Екі судья да тараптардан татуласуға шақырды. Қалалық соттың Orda.kz тілшісіне хабарлауынша, сот екі істі де әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабымен қараған.
«Орынбек пен арызданушы Алдабергеновпен татуласуына байланысты, істі тоқтатуды сұрады. Тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты іс өндірістен тоқтатылды» делінген сот хабарламасында.
Ал Мейірханның арызы бойынша Орынбектің кінәсі дәлелденбеген. Орынбек өзін ақтауды, Мейірхан оны жауапкершілікке тартуды сұраған. Бірақ сот істе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі қарау тоқтатқан.
Айгүл Орынбектің Orda.kz тілшісіне Алдабергенов татуласуды сұраған соң мақұлдағанын айтты. Түскен арызды 20 күн бойы ұстап хабарламай, заңсыз сараптама тағайындап, іс құжаттарын дайындаған.
– Соттың әділ шешімімен келісемін. Ал менің Конституциялық құқығымды өрескел бұзған Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің басшысы мен Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысының үстінен прокуратураға арыз жаздым, – дейді ол.
Сот шешіміне байланысты әзірге Шымкент қалалық полиция департаменті патрульдік полиция полкінің командирі Данияр Мейірханнан пікір алу мүмкін болмады. Бұдан бұрын полк командирі Тәуелсіздік күні қалалық полиция департаментінің алдында наразылық ұйымдастыруға қатысы жоқ екенін айтып, жоққа шығарған.
2022 жылдың желтоқсан айында заңгер Айгүл Орынбек бірнеше рет полиция қызметкерлерінің шағымы туралы Ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураны тектеп, жазба жариялаған болатын.
Жаңалықтар
- Тоқаев Моңғолия президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
- БҚО-да тойға келгендер полиция бөлімінен бір-ақ шықты
- Алматыдағы Розыбакиев көшесіне Шаханов есімін беру ұсынылды
- 2027 жылы ҰБТ-ға балама тест болады
- Алматы жұртшылығы Шахановты ақтық сапарға шығарып салды
- Тоқаев: Моңғолиямен ортақ тарих біріктіретін біртұтас тамырланған көшпелі өркениет ұрпағымыз
- Қазақстандағы екінші АЭС Мойынқұм деп аталады
- АҚШ пен Иран арасындағы кезекті келіссөз қашан өтеді?
- Ерболат Досаев тағы бір қызметінен айырылды
- Мексикадағы пирамида маңында атыс болды: Екі адам қаза тапты
- Иран билігі АҚШ-пен келісімге келу үшін делегация жіберді
- Тим Кук Apple компаниясының бас директоры қызметінен кетеді
- Мұхтар Шаханов қайда жерленетіні белгілі болды
- Залал 2 млрд теңге: Петропавлда көлік өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаржысы жымқырылған
- Қазақтың біртуар өршіл ақыны Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр
- Астанада төрт тонна қауіпті сұйықтық құйылған 200 канистр табылды
- Ақсу қаласында зауытта жұмысшы қаза тапты
- Меркеде шенеуніктер жетім студенттердің ақысын жеген
- Қазақстан мен Моңғолия геологиялық барлау, мұнай өндіру салаларына заманауи технология енгізу туралы келісті
- Моңғолия президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді