Көктал ауылы көмек сұрауда: Тұрғындар мектепсіз, көпірсіз, ауруханасыз өмір сүріп жатыр
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Алматы облысы Талғар ауданындағы Көктал ауылының тұрғындары инфрақұрылым мәселелерінен әлі күнге дейін көз ашпай отырғандарын айтады. Ауылда жаяу жүргіншілерге арналған көпір, мектеп, амбулатория және тұрақты қоғамдық көлік жоқ. Orda.kz тілшісі тұрғындардың шағымын тыңдап қайтты.
Алматы іргесінде орналасқан Көкталда екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, ауылды қақ жарып өтетін Алматы – Қорғас халықаралық автожолы салынғаннан кейін олардың күнделікті өмірі қиындай түскен. Жолдың арғы бетінде мешіт орналасқанымен, жаяу жүргіншілерге арналған көпір жобаға енгізілмеген.
«Жұма намазы кезінде сабылып, жолдан жүгіріп өтіп, жолдың ортасындағы бөгетті аттап жүреміз. Шайға шақырған туған-туысқа жетудің өзі мұң. Жолдан өту азапқа айналды. Күніне қаншама адам ары-бері жүгіріп өтеді. Оқушылар да осылай өтеді. Жасы келген кісілерге өте қиын. Көліктер сағатына 100 шақырым жылдамдықпен ағылып жатыр. Жол салынғалы қаншама жыл болды, сонша жылдан бері көпір сұрап келеміз», дейді ауыл тұрғыны Серік Айнақұлов.
Тұрғындардың сөзінше, көпір салынбаса да, ең болмағанда жаяу жүргіншілер өткелін жасауды сұрағанымен, олардың өтінішіне құлақ асқан ешкім жоқ.
Көкталда қоғамдық көлік мәселесі де өзекті. Ауыл тұрғындары автобустардың сирек қатынайтынын, кейде мүлде келмейтінін айтады.
«Автобус қатынамайды. Таңертең, кешке бір-екі автобус шығарып қойған, оның өзі жүрмейді. Ескі автобустар, жүргізуші де табылмайды. Барынан жоғы, екі сағаттап тұрамыз. Ауылдың чатында отырып алып, «автобус көріне ме, айтыңдаршы» деп бір-бірімізден сұрап отырамыз», – дейді көкталдықтар.
Ауылда мектеп те жоқ. Соның салдарынан 300-ге жуық оқушы жан-жақтағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.
«Мектеп салуға оқушы саны жетеді. Балаларымыз жан-жақта өріп жүр, оншақты мектепке қатынап оқиды. Елдің көбі қалада жұмыс істейді. Оқушының бәрін автобуспен тасымалдап жатқан жоқ. Ауылдың кейбір тұрғындары сол оқушыларды тасып күнін көріп жүр», – дейді тұрғындар.
Көкталда отбасылық амбулатория да жоқ. Ауыл тұрғындары медициналық көмек алу үшін көрші ауылға таксимен баруға мәжбүр. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде дәріхана да жұмыс істемейді.
«Бір мәселені айтсақ, оның шешілуі өте қиын. Қаншама жылдан бері аурухана сұрап жатырмыз, әлі шешілмеді. «Дайын үй табыңдар» деді, ана үйді, мына үйді көрсетеміз, ол жарамайды дейді. Жер бар, аудандық әкімдік шешімі бар, бірақ жердің мемлекеттік актісі жоқ деп жатыр», дейді Серік Айнақұлов.
Көктал ауылы Қайнар ауылдық округіне қарайды. Әкімдік бұл мәселенің тұрғындарды көптен бері алаңдатып отырғанын растады.
Қайнар ауылдық округі әкімдігі облыстық полиция департаментіне ұсыныс жолдап, жолдың осы бөлігінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауды сұраған. Әкімдік мәліметінше, хат 24 шілдеде жіберіліп, оған жауап 3 тамызда келген.
«Облыстық полиция департаменті Алматы – Қорғас жолында көлік қозғалысының қарқыны жоғары екенін атап өтті. Сондықтан бұл жерде жарықтандыру орнатып, жаяу жүргіншілер өткелін салу қажет деген қорытынды берді», дейді Қайнар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Қуат Бекзат.
Ал ауыл әкімі Нұрбол Есенбаев қажетті рұқсат берілсе, жергілікті әкімдік өткелді өз күшімен жасауға дайын екенін айтты.
«Рұқсат болса, жаяу жүргіншілер өткелін өзіміз-ақ жасап берер едік. Бірақ әзірге келісім жоқ. Бұл мәселе бойынша «ҚазАвтоЖолдан» нақты жауап ала алмай отырмыз», деді әкім.
Әкімдіктің ғимараты да сын көтермей тұр.




Orda.kz тілшісі жағдайға қатысты «ҚазАвтоЖолға» да сауал жолдады. Компания өкілдері мәселе қаралып жатқанын айтып, оны жуық арада шешуге уәде берді.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық