Назарбаевтың көлеңкесінде: Сара Алпысқызы саналы ғұмырында не істеп кетті?

2025 жылдың 14 мамыр күні Қазақстанның алғашқы бірінші ханымы Сара Алпысқызының дүниеден озғаны белгілі болды. Тәуелсіздік алған соң елдің бірінші ханымы болған, ешқандай дауға басы қалмаған, елдіміздің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Алпысқызы қандай ғұмыр кешті?
Orda.kz оның жүріп өткен өмірін саралап, деректерді назарларыңызға ұсынады.
Сара Алпысқызы — Алматы қаласындағы президент іс басқармасы медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпиталінде бір айдай ем алып, 14 мамыр күні жан тапсырғаны белгілі болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оны жасанды тыныс алу аппаратынан ажырату туралы шешім қабылданған еді.
Сара Алпысқызы — 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Бес жасында анасынан айырылып, 12 жасында мектепті тастап, тігін фабрикасында жұмыс істей бастады. Кейінірек жоғары білім алып, өндірісті жоспарлау мамандығы бойынша диплом иегері атанды.

Сара Алпысқызы — 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен шаңырақ көтерді. Екеуінің таныстығы Қарағанды металлургия зауытындағы ортақ еңбек жолынан басталған. Отбасында үш қыз дүниеге келді. Үлкені — Дариға мен ортаншысы — Динара Теміртауда өмірге келсе, кенжесі — Әлия Алматыда туған.

Бірінші ханым мәртебесіне қарамастан Сара Алпысқызы жұрт алдына сирек шығатын. Соңғы рет 2017 жылы «Бөбек» қорының жиырма жылдығына арналған іс-шарада бой көрсеткен еді.
2012 жылғы 24 сәуірде «Республика» порталында жарияланған сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президентінің күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев қайын атасы мен енесінің арасындағы суық қарым-қатынасы жайлы айтқан еді.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың елордаға көшуінің себептерінің бірі — Сара Алпысқызымен ұзаққа созылған некеден бойын босатып, біртіндеп жеке өмір сүруге көшу ниеті болған.
Сара Алпысқызының өзі де бұл туралы ашық айтқан. Үшінші қыздары дүниеге келгеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев одан алыстай бастаған. Бөлек ұйықтап, өзіне көбірек көңіл бөліп, бар уақытын жұмысқа арнайтынын алға тартқан. Осылайша Сара Алпысқызы балаларымен бірге қаладағы пәтерде өмір сүрсе, күйеуі үкіметтік резиденцияда тұрған.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім» атты мемуарлық кітабында Сара Алпысқызымен арасындағы қарым-қатынасы туралы алғаш рет ашық жазды. Ол Сараны жастайынан өзіне демеу болған, қиын-қыстау кезеңдерде жанынан табылған өмірлік серігі ретінде сипаттайды:

«Дариға, Динара және Әлия атты үш қызымның анасы — Сараға мен өмір бойы алғыспен, қамқорлықпен қараймын. Тағдырдың шешуші кезеңдерінде оның мені түсініп, кешіре білгені — мен үшін шынайы жұбаныш болды», — дейді ол.
Алайда Orda.kz тілшісі бұған дейін жасаған зерттеуінде Назарбаевтардың енді Қазақстанның салық төлеушілері қатарында жоқ екенін анықтаған еді. Бір қызығы көбінің ЖСН нөмірлері салық базасында жоқ. Тек қана Сара Алпысқызының ЖСН нөмірі тұр, оның үстіне аз қарызы бар екені көрсетілген.
Назарбаев мемуарында Назарбаев «Сара – жалғыз жарым емес» деп мәлімдеген еді. Әсел Исабаевамен шариғатқа сай неке қиғанын да жасырмады. Дәл сол жылы Сара Назарбаева өзінің қыз күніндегі Қонақай тегіне ауысқан.
Тауман деген ұлы дүниеге келгеннен кейін Алматыға оралған сәтінде, Назарбаев барлық шындықты айтып, кешірім сұрағанын жазады.
Бұған дейін тілшіміз зерттеу мақаласында Назарбаевтың Әсел Исабаеваны неге ресми түрде «жарым» деп атап жария еткені жайлы жазған еді. Ондағы мақсат осы некедегі ұлдардың дүние-мүлікке ресми түрде ие болуы үшін жасалған болуы мүмкін деп топшыладық.
Сол кезде Сара Алпысқызы өзінің бекзат болмысын тағы бір мәрте танытып, үлкен парасаттылықпен:
«Нәресте — періште. Бала бақытты болсын», — деп жауап берген.
Мұндай сәт — кез келген әйел үшін ауыр сынақ екені анық. Бірақ Назарбаевтың айтуынша, Сара Алпысқызының кеңпейілдігі мен кешірімділігі тегіннен-тегін емес. Ол оның тегіне тоқталды:
«Сараның атасы — Сарыарқада аты мәлім болған Қонақай бай. Ұрпағы болмаған соң, жетпістің жиегінде бәйбішесі оған жас қызды айттырып, үйлендірген екен. Сол жас келін дүниеге Алпыс атты ұл алып келген. Бәлкім, Сара сол ата-бабасынан дарыған салт-дәстүрді еске алып, бұл жағдайды да кең жүрекпен қабылдаған шығар...» деп жазады.
Бірінші ханым ел есінде несімен қалды?
1992 жылы Сара Назарбаева өзінің бастамасымен «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорын құрды. Бұл қор ана мен баланы қорғау, жетім және қамқоршысыз қалған балаларға көмектесу, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында жұмыс істеді. Сол жылы қор ұйымдастырған халықаралық телемарафоннан түскен қаражатқа Алматыда балаларға арналған сауықтыру орталығы салынды.

1994 жылдан бастап оның бастамасымен Қазақстанда «SOS балалар ауылдары» жобасы жүзеге аса бастады. Бұл ауылдарда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасы үлгісінде тәрбиеленіп, өмірлік дағдыларды меңгерді. Мұндай ауылдар Алматыда, Астанада және Теміртауда ашылды.

Сара Назарбаеваның шетелден жетім балаларға асырайтын ата-ана тауып беруін құптамайтындар көп. Қазақтың балалары Бельгия, Америка асып кетіп жатыр деп дабыл қаққандар болды.
2024 жылы қаңтарда Жанар Байсемізова 1990-2000 жылдары жаппай қазақстандық бүлдіршіндерді асырап алғандардың көбейгенін айтты. Оның сөзінше 50 мың доллардай ақшаға сәбилерді сатып алған шетелдіктер болған.
2024 жылы 6 қазанда АҚШ азаматтары асырап алған 26 жастағы қазақ қызы қайтыс болды. Ол өз-өзіне қол жұмсаған болатын.
Алайда бұл балалардың шетелге сатылуына Сара Назарбаеваның қатысы бар-жоғы жайлы ресми деректер жоқ. Оның үстіне Сара Алпысқызы жетім қалған, тастанды балаларға жақсы өмір сыйлауды ойлап, игі ниет танытуы мүмкін. Бұл жайлы Айман Омарова да пікірін айтқан болатын. Оның сөзінше, Сара Алпысқызының атын жамылып, арам пиғылын іске асырған басқа біреулер болуы мүмкін.

Сара Алпысқызының тағы бір ірі жобасы — «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы. Ол бұл пән арқылы жастардың ішкі жан дүниесін тәрбиелеуге, оларды мейірімділікке, махаббатқа, жауапкершілікке баулуға тырысты. 2010 жылдан бастап бұл пән мектептерде оқытыла бастады, 2022 жылдан бастап факультативтік пәнге айналды.

Сара Алпысқызы Қонақай қайда жерленетіні жайлы әлі ешқандай ақпарат жоқ. Orda.kz тілшілері заңгер әрі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен бірінші ханым пантеонға жерленуі керек пе деп сұраған еді. Ол осы отбасының кейбір отбасына қатысты теріс пікірі барын айтып, «халық шешеді» деп қысқа қайырды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президенттердің және олардың отбасыларының денсаулығы мен жеке өміріне қатысты ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызатын заңға өзгерістер енгізді. Бұл жаңалық аясында ақпарат таратуға тыйым салынды.
Жаңалықтар
- Олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасы ұсталды
- Ақтөбеде тоқ соққан оқушы жансақтау бөлімінде жатыр
- Қазақтар шоғырланған Гүлістанға әуе соққысы жасалды: Ирандағы қандастар көмек сұрады
- «Биологиялық мүшеқап»: АҚШ-та ВИЧ-ке қарсы вакцина әзірленді
- Лиза Пылаеваның ісі бойынша нүкте қойылды
- «Кешірім бермесең, өзіңді соттаймыз»: Көкпардан кейінгі қантөгіс
- Желіде Атыраудағы қамысты қасақана өртегендердің бейнежазбасы тарап кетті
- Теміртаудың тумасын Ресейде мемлекетке сатқындық үшін 22 жылға соттады
- Қайрат Боранбаевтың ағасы екі жыл іздеуден кейін ұсталды
- Мұғалімді балағаттап НЗМ-нен қуылған оқушы аттестат алды
- Шерзаттың ісі: Айтбек Амангелдінің адвокаттары қомақты қаржы алғаны рас па?
- Қазақстан мен Ресей АЭС салу бойынша жол картасына қол қойды
- «Сұлтан Сүлеймен» сериалындағы атақты Рүстем паша сотталды
- «Екі аяғын кесті»: Әйелін қасақана көлікпен қаққан павлодарлық тұрғын 8 жылға сотталды
- Астанада балаларының көзінше әйелін пышақтаған ер адам терезеден секіріп кетті
- Илон Маск Ресейден саяси баспана сұрады
- Темірлан Еңсебек терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалардың тізіміне енді
- Сот жылдар бойы қудаланған желтоқсаншыны қуғын-сүргін құрбаны деп таныды
- Маңғыстау жеріне ұшқышсыз ұшатын дрон құлады
- Ғаламторға 16 миллиард логин және құпиясөз тарады