Шалбарын шешпек болған: Шымкентте 8 жастағы қызға анайы қылық көрсеткен ер адам айыппұлмен құтылды

cover Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Шымкентте көпқабатты үйде 8 жастағы қызды қуалап, анайы қылық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты. Жаза – 216 мың теңге айыппұл. Үкіммен келіспеген жеткіншектің анасы Orda.kz тілшісіне сұхбат беріп,  оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

28 сәуірде жеткіншек ойын алаңына шығып, үйге қайта оралған. Үйге кіре берісте 56 жастағы көршісін көріп, амандасып өтіп кеткен. Ер адам жеткіншекті сөзге айналдырып, дүкенге апармақ болған. 

«Ер адам қалтасынан картасын алып шығып, картамда ақша қалмапты, жүр үйге кіріп, ақша алып шығып дүкенге апарайын» деген. Қызым «керек емес, рахмет» деп айтқан», - дейді қыздың анасы. 

Ер адам қызбен лифтіге бірге кіреді, жеткіншек алтыншы қабатты, ер адам үшінші қабатты басады. 

«Үшінші этажға келгенде ер адам белінен ұстап қызымды үшінші қабаттан түсіріп алады. Қызым не істерін білмеген. Сөйтіп қызымды үйіне кіргізбек болған. Қызымды сүйіп, денесінің әр жеріне қолын жүгіртіп, сипалаған. Қызымның айтуынша, ер адам шалбарын шешпек болған, бірақ қызым қолын итеріп жіберген», - дейді әйел. 

Оқиғаның барлығы кіре берістегі бейнекамераға түсіп қалған. 

«Қызым қорқып үйдің шатырына дейін қашқан, ер адам қуып берген. Шатыр жабық болған, 9 қабатта сол сәт бір көрші әйел шығып қалады. Қызым соларға жағдайды айтады, ер адам өкшелеп қуып келген. Көршілер ер адамға ұрсып берген. Сол келіншек алтыншы қабатқа түсіп, қызымды үйге кіргізбек болады. Сөйтсе жаңағы ер адам сол жерде тұр дейді. Көршім оны ұрсып жолатпаған», - дейді шымкенттік тұрғын. 

Ер адамның әйелі үш жыл бұрын қайтыс болған, бір ұл, бір қызымен бірге тұрады. Ағайындары келіп жеткіншектің отбасынан кешірім сұраған. 

«Қызыммен психолог әйел сөйлесті. Қызым ер адам көрсе қорқып, қалшылдап кетеді. Тергеу кезінде 124 бап 1-бөлігімен іс қозғалды. 1 маусым күні Қаратау аудандық прокуратурасына шақырып, қол қойып кетіңіз деді. Оқиын деп ем «сол бұрынғы құжаттың көшірмесі» деді, мен сосын қол қойдым. 3 маусымда жарты сағат қалғанда сот болады деп хабарласып тұр. Қалай сонда, сотқа солай 15 минут қалғанда хабарлап айта ма екен дедім. Оған дейін 2-3 рет сот болады деп соза берді, бірақ болған жоқ. Ешкім іспен таныспаған», - дейді жәбір көрген қыздың анасы.

Қыздың анасы сотқа онлайн қатысады. Бірақ дәл сот кезінде қалай екені белгісіз, іс 124 баптан, 121 бапқа ауысып кеткен. 

«Неге бапты ауыстырдыңыздар деп едім, судья «сөзді бөлмеңіз» деді. Судья Мүкібаев мені мазақ еткендей күліп тұр. Сот болып жатқанда, біздің адвокат та, судья да, хатшы да бәрі басқа, өзгеріп кеткен. Психологтың видеосы, ешнәрсе тексерілген жоқ. «Сотталушы «кешірім сұраймын, мүгедекпін» деп айтумен болды. Мен наразымын деп айтып ем, «қыздың шалбарын шешпеген» деп айтты. Сонда менің қызымның шалбары шешіліп, ер адам ойына келгенді істегенде ғана қамала ма?», - дейді әйел. 

Қызға бейәдеп қылық көрсеткен ер адам көзінен мүгедек болған. 

Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған. Тағылған айып - Қылмыстық Кодекстің 121-1-бабы «Он алты жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиісу». 

Сот мәліметінше, Қылмыстық Кодекстің 121-1-бабы бойынша жаза ретінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту және қамаққа алу жазалары көзделген. 

«42-бап 7-бөлігіне сәйкес, түзеу жұмыстары тұрақты жұмысы жоқ адамдарға тағайындалмайды. 43-бабы 3-бөлігі бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы 2-топ мүгедек адамдарға қолданылмайды», - дейді.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Соттың айтуынша, Қылмыстық Кодекстің 467-бабы 1-1-бөлігіне сай, қамауға алу жазасы, 108-1 және 109-1 баптарынан басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

«Аталған заң нормаларына сүйене отыра, жаза тағайындағанда, сот сотталушының жасаған әрекеттері үшін шын ниетпен өкінгенін және екінші топ мүгедек екендігін ескерді. Оған қоса, сотталушыға кінәлі деп танылған бап бойынша көзделген басқа жазалар тағайындалуға жатпайды. Сол себепті Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, сотталушыға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады», - дейді сот. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым беруге құқылы.


Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар