Сара Назарбаева Алматыдағы госпитальда: емделушілер, қызметкерлер мен күзет не дейді
Коллаж: Orda.kz
Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаева ауыр жағдайда Алматы қаласындағы президент іс басқармасының медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальда жатыр. Orda.kz журналистері жағдайды анықтау үшін ауруханаға барды.
Мен ешкімге айтпаймын, бірақ белгілер болады
5 мамыр күні редакциямызға бірнеше дереккөз Сара Назарбаеваның ауыр жағдайы туралы хабарлады. Orda ақпаратынша, Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы Алматыдағы госпитальда медициналық көмек алып жатыр. Аурухана баспасөз қызметі бұл ақпаратты не растап, не жоққа шығара алмады. Бұл – дәрігерлік құпия.
Сара Назарбаеваның денсаулығы жайлы не белгілі?
Алайда Сара Алпысқызы – жай ғана пациент емес. Оның ауруханада жатқаны туралы ақпаратты дәрігерлер айтпағанымен, өзге науқастар, күшейтілген күзет немесе ерекше нөмірлі көліктердің шоғырлануы арқылы байқауға болады.
Қаланың дәл ортасында орналасқан госпиталь маңында ерекше, назар аударарлық нөмірлі көліктер көбейіп кеткен. Мысалы, сол көліктердің бірінің нөмірінде UD деген әріптік белгі болған.

090 UD — бұл көлік Қазақстан Республикасы парламентінің шаруашылық басқармасына тиесілі екенін білдіреді.








Көзге түсетін нөмірлер көп болды — әдемі сандар мен әріптік тіркестер көлік иесін салмақтап тұрғандай. «555», «666», «777», «888», «999» сияқты нөмірлер, тіпті бірдей әріптік белгілері барлары да кездесті. Мұндай көріністі көрген адам бәрін бірден Сара Назарбаеваның ауруханаға түсуімен байланыстырып жіберуі әбден мүмкін. Бірақ бұл жай ғана сәйкестік болуы да мүмкін.
Госпитальдің артқы жағында полиция қызметкерлерінің көлігі тұрды.

Күнделікті күйбеңнен ерекшеленіп көзге түскен тағы бір жайт — ғимараттың бірінің кіреберісі жабық. Кіреберісті қабылдау бөлімімен шатастырып, сол жаққа өтіп кетпек болғандарды бірден кері бұрып отырған галстук таққан, костюм киген ер адам тұрды. Журналисіміз жол сұрау үшін оған жақындағанда, ол сыпайы бағыт сілтеді, бірақ өзі күзетіп тұрған жерден әрі өткізген жоқ. Мұндай кәсіби күзетшілерді көп ауруханадан көрмегендіктен, бұл да бізге бір белгі сияқты көрінді.

Кейінірек Сара Назарбаеваның госпитальде жатқанын сол жерде болған бірнеше пациент те растады. Медициналық мекемеде жүрген қыздар түсірілім жасауға тыйым салынғанын, іште күзетшілер өте көп екенін, ал жалпы атмосферадан маңызды тұлғаның ем алып жатқанын анық байқауға болатынын айтты.
Кейін басқа емделушілер де бұрынғы бірінші ханымның осы жерде жатқанын білетіндерін жасырмады. Тіпті Orda.kz тілшісіне сұхбат бергендердің бірі Сара Назарбаеваның бұл жерде жатқанына бір айдай болды деп мәлімдеді.



Әрине, аурухана аумағына тек емделушілер мен рұқсат алғандар ғана кіре алады. Дегенмен, сыртқы қоршау бойымен серуендей жүріп, аймақты шолып шықтық. Мекеме бірнеше аласа корпустан тұрады, артқы жағында Абай атындағы опера және балет театры орналасқан. Жанында бірнеше шағын сквер бар.
Сара Назарбаева туралы не белгілі?
Редакция алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желілерде бұрынғы бірінші ханымның сырқаты жайлы ақпаратты растаған Рафаэль Гасановпен сөйлесті. Қоғам белсендісі әрі Сары Назарбаеваның тәрбиеленушісімен болған сұхбатты мына жерден оқи аласыз.

Кабинеттердегі дәрігерлер мен күзетшілер пікір беруден не бірден бас тартты, не жымиып, ештеңе білмейтіндерін айтты. Алайда аурухана маңында журналистердің айналып жүргенінен қызметкерлер хабардар екен.
Госпитальдың баспасөз қызметі де ресми жауапты анық бермеді:
«Қазір бізде нақты ақпарат жоқ. Өзіміз де күтіп отырмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Белгілі болғаны — Сара Назарбаеваның жанында қыздары мен ең жақын туыстары бар.

Сара Алпысқызы 84 жаста. Ол Қазақстанның бірінші ханымы тәуелсіздік алған күннен бастап 2019 жылға дейін осы ресми мәртебені иеленді.

2023 жылдың желтоқсанында жарық көрген мемуарларда Сары Алпысқызының жұбайы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сара – жалғыз жарым емес» деп мәлімдеді. Ол Әсел Исабаевамен неке қиғанын да жасырмады.
Сара Алпысқызы республикалық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті, сондай-ақ «SOS — Қазақстанның балалар ауылдары» қорының президенті (австриялық SOS Kinderdorf International ұйымының филиалы). Осы балалар ауылдарының түлектерінің бірі — Рафаэль Гасанов, ол Сара Назарбаева туралы өте жылы пікір айтқан.
Сара Назарбаева Қазақстанда «Өзін-өзі тану» атты білім беру жобасын ойлап тауып, іске қосты. 2001 жылы бұл бағдарлама мектептерде сынақ ретінде енгізілді. 2010 жылға қарай пән 184 оқу орнында оқытылды, ал 2011 оқу жылынан бастап міндетті пән ретінде енгізілді. Алайда 2022 жылы билік бұл пәнді таңдаулы (факультативті) ету туралы шешім қабылдады.
2025 жылғы қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат салаларындағы артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжатта мемлекеттік құпиялар туралы заңға түзетулер енгізілген. Енді Қазақстан президенттерінің денсаулығы мен жеке өмірі жайлы барлық ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады.
Orda.kz редакциясы Назарбаевтар әулетінің көптеген мүшелері салық төлеушілер базасында жоқ екенін атап өтті. Алайда 2023 жылы өзінің қыз күніндегі тегі Қонақаеваның қысқартылған нұсқасы — Қонақай болып тіркелген Сара Назарбаева бұл базада бар.
Ашық дереккөздерден Сара Назарбаеваның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені де белгілі болды. Оның жеке кәсіпкерлігінің ЖСН-і (Жеке сәйкестендіру нөмірі) бұрынғы бірінші ханымның туған күнімен сәйкес келеді.

Мемлекеттік сатып алулар тізілімінің дерегінше, аталған жеке кәсіпкерлік үш жыл бойы салық төлеген, бірақ сондай үлкен қаржы емес.

Бұған дейін Сара Алпысқызының ЖСН-і бойынша салықтық берешекті тексерген кезде, оның мемлекетке шамамен екі мың теңге қарызы бары анықталған еді. Алайда қазіргі таңда ешқандай қарызы жоқ.
Редакция алдағы оқиғалардың дамуын бақылауды жалғастырады. Айта кетейік, Сара Назарбаеваның сырқаттанып жатқаны туралы ақпарат интернетте алғаш рет таралып отырған жоқ. 2024 жылдың желтоқсанында да осыған ұқсас қауесеттер болған, бірақ кейін олардың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.
Жаңалықтар
- Танымал айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты
- ҚР СІМ АҚШ-та жоғалған қазақстандықтың қаза тапқанын ресми растады
- Молдахан: «Мен шындықты айтқанымды ғана мойындаймын»: Ұзабаев пен Шұмаев кешірім бере ме?
- Шалбарын шешпек болған: Шымкентте 8 жастағы қызға анайы қылық көрсеткен ер адам айыппұлмен құтылды
- Жангелдин трагедиясы: Күдікті қайын жұртын түгелдей қырып тастап, Меккеге барып құдайдан кешірім сұрамақ болған
- Жолаушылар тасымалы бағасының өсіп кеткеніне ҚТЖ не дейді?
- Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янның қос бірдей кітабы қазақ тілінде жарық көрді
- Ақтөбелік 62 жастағы зейнеткер «америкалық бойфрендіне» бар ақшасын аударып жіберген
- Нұрлан Сабуровтың отбасы Алматыда тұрақты тұру үшін көшіп келді ме?
- Жаңа заңмен бекітті: Виктор Орбан Венгрия үкіметін қайта басқара алмайды
- Цифрлық із: Қазақстандықтар eGov-та өз деректерін кім сұратқанын көре алады
- Қазақстаннан Қытайға уранды заңсыз шығармақ болған алты адам сотталды
- Маңғыстауда Джеки Чан қатысқан фильмнің түсірілімі басталды
- Үй маңында көлік қоюға тыйым салынбайды: Министрлік жаңа ережені түсіндірді
- БАҚ: Польшада ресейлік суретші Семен Скрепецкийді атып кетті
- Петропавлда бойжеткен мешітке кіріп, имамның қалтасын қағып кетті
- Трамп Иранмен келісімге қол қою үшін Женеваға өзі баруы мүмкін екенін айтты
- ІІМ: «Kyzdar.net» интернет-сайтының түпкі бенефициарлары ұсталды
- Әл-Фарабидегі апат: Пак Zeekr көлігіне неліктен жалған нөмір тағып алғанын айтты
- Президент құттықтады: Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына жазылды