Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жолдады, деп хабарлайды Orda.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтетінін еске салып, бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін тоқталды.
«Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп. Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады»,— деді президент.
Мемлекет басшысы партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарлағанын, сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өткенін атап өтті.
«Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды. Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады» ,— деді Тоқаев.
Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан.
«Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз. Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды» ,— деп қосты президент.
Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.
«Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз. Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін. Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ» ,— дейді мемлекет басшысы.
Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.
«Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз» ,— деп түйіндеді президент.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды
- Қазақстанда медицина саласы цифрландырылып жатыр: Негізгі нәтиже қандай?
- Магистратура бойынша грант иегерлерінің тізімі қашан шығады?
- Астанада 350 үлескер 5 жыл күткен баспанасына прокуратураның араласуымен ғана қол жеткізді
- Қыркүйекте Қазақстанда не өзгереді?: Қазақстандықтарды күтіп тұрған 7 жаңалық
- Kanye West концерті Алматыға 5 млрд теңге пайда әкелді
- Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады
- Қазақстандықтар Кореяға EPS арқылы қалай жұмысқа орналаса алады? Министірлік талаптарды түсіндірді
- Нақты жобалар 2030-2040 жылдарға қалады: Алматының Бас жоспары қашан бекітіледі?
- Бүгін Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталады: Ертең — «тыныштық күні»
- Қазақстанда демалыс күндері жаңбырлы болады
- Қарағандыда полиция TikTok-та «қыз болып» қылымсыған еркекті ұстады
- Ақтастағы психиатриялық ауруханада тексеру жүргізіліп заңбұзушылықтар анықталды
- «Құрылтай» есімі сәнге айнала ма? Әзірге 10 адам бар
- Алматыда күйеу баласы енесін зорлады деген күдікке ілікті
- Автобуста төбелесіп, пышақ шығарған
- 290 миллион теңге салық: Қылмыскер Ресей Федерациясынан экстрадицияланды
- «Қалың мал бергенбіз»: Меркідегі 19 жастағы Мадинаның дүниесін қайын жұрты неге бермеді?
- Алматы мен Гонконг арасында жаңа тікелей әуе рейсі ашылады
- «Резеңке пәтерлердің» кесірі: Алматыда пәтерге тіркелетін тұрғындар санына шектеу қойылады