Қазақстанда медицина саласы цифрландырылып жатыр: Негізгі нәтиже қандай?

cover Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық өмір мен ел экономикасының барлық салаларын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет жүйелі жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.       

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – медициналық қызметті халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы ету, дәрігерлердің қағазбастылығын азайту, медициналық қызмет сапасын бақылау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

  

Цифрлық технологиялар арқасында қазір көптеген медициналық қызметті онлайн алуға болады. Сонымен қатар медицина ұйымдары, дәрігерлер, медициналық техника, дәрі-дәрмек және пациенттер туралы ақпарат біртіндеп бірыңғай цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр.

Дәрігерлердің әкімшілік жүктемесі 30-40 пайызға азайды

Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың цифрлық платформасы енгізілді. Ол медициналық ұйымдар, кадрлар, медициналық техника және инфрақұрылым туралы ақпаратты бір жүйеге біріктіреді. Қазір цифрлық жүйеде 21,3 мыңнан астам медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мыңнан астам медициналық техника туралы мәлімет жинақталған.

Мемлекеттік тізілімдермен, кадрлық және есепке алу жүйелерімен интеграцияның арқасында ақпаратты қолмен қайта енгізу қажеттілігі азайды. Нәтижесінде 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктеме 30-40 пайызға төмендеген.

Әр медициналық ұйым үшін цифрлық паспорт қалыптастырылуда. Онда лицензиялар, қызметкерлер, бөлімшелер, ғимараттар, төсек орындары мен медициналық жабдықтар туралы ақпарат болады. Мемлекеттік медициналық қызметтердің 88 пайызы электронды форматқа көшті. Цифрландырудың нәтижесін қарапайым азаматтар да күнделікті сезініп отыр.

2025 жылы денсаулық сақтау жүйесінде 215 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 190,8 миллионы немесе 88 пайызы электронды форматта ұсынылған.

Медициналық анықтамалардың 12 түрі цифрландырылды, оның бесеуі тек электронды түрде беріледі. Бір жыл ішінде азаматтарға 8,5 миллионнан астам электронды медициналық анықтама берілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Сонымен қатар 5,6 миллион адам дәрігер қабылдауына онлайн жазылу қызметін пайдаланған. Яғни азаматтар тіркеу бөліміне бармай-ақ қабылдауға жазыла алады. Алдағы уақытта дәрігерлердің бірыңғай электронды кестесін енгізу жоспарланып отыр. Оның көмегімен азаматтар бос уақыттарды көріп, өзіне ыңғайлы қабылдау уақытын таңдай алады.

7 миллион бала мен 4,3 миллион әйел цифрлық бақылауға алынды

Медицинадағы цифрландыру тек анықтама алу немесе дәрігерге жазылумен шектелмейді. Енді азаматтардың денсаулығын тұрақты бақылауға да цифрлық технологиялар қолданылады.

Қазір шамамен 7 миллион бала және 4,3 миллион әйел цифрлық мониторингпен қамтылған. Олардың жағдайы 80 негізгі көрсеткіш бойынша бақыланады. Жүкті әйелдің айырбастау картасы да цифрлық форматқа көшіріліп, eGov Mobile арқылы қолжетімді болды. 

Сонымен қатар шамамен 3,6 миллион адам пациенттерді динамикалық бақылаудың цифрлық жүйесіне енгізілген. Дәрігерлер бұл жүйе арқылы пациенттің ауруханаға жатқызылуы, ем тағайындалуы және жазылған рецептері туралы ақпаратты көре алады.

Мұндай жүйе ауруды анықтап қана қоймай, оның алдын алуға және тәуекелдерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

 

Заңсыз айналымнан 21 мыңнан астам дәрі анықталды


Дәрі-дәрмек саласында да цифрлық бақылау күшейіп келеді. Дәрілік заттарды цифрлық таңбалау олардың өндірушіден бастап пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Осы жүйе арқылы 2025 жылы заңсыз саудадағы 21 мыңнан астам дәрілік өнім анықталған.

Дәрілерге деген қажеттілікті нақты есептеу жүйесі де енгізілуде. Қазір бұл модель шамамен 2,1 миллион пациент пен 692 медициналық ұйымды қамтып отыр.

Ал «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисі арқылы өткен жылы 13,8 миллионнан астам цифрлық рецепт берілген. Дәрі-дәрмектерді тіркеу рәсімдері де жеделдетілді. Бұған дейін стандартты тіркеу процесі екі жылға дейін созылса, қазір ол 100 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Ал жеделдетілген рәсім кезінде тіркеу 15 жұмыс күнін алуы мүмкін.

Санитарлық бақылау қызметтері жеделдеді

2026 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі процестерін бірыңғай цифрлық жүйеге көшіру аяқталды. Қазір жүйеде 202 мыңға жуық мемлекеттік бақылау нысаны туралы ақпарат бар. Сонымен қатар 198 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Олардың шамамен 114 мыңы – бизнес өкілдері мен медициналық ұйымдар.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында цифрлық форматта қалыптастырылатын есептілік көлемі 47,7 пайызға артқан, ал қағаз құжаттарды қолмен өңдеу көлемі 23,8 пайызға қысқарған.

Бұрын бизнеске арналған ұсынымдарды дайындауға екі күнге дейін уақыт кетсе, қазір бұл көрсеткіш шамамен 15 минутқа дейін қысқарды. Жүйе тәуекелі жоғары нысандарды, қажетті рұқсат құжаттарының болмауын және медициналық тексеру мерзімдерінің бұзылуын автоматты түрде анықтай алады.

 

10,6 млрд теңге негізсіз шығынның алдын алынды


Цифрландыру медициналық қызметтердің ақысын бақылауда да маңызды рөл атқарып отыр. Қазір 1 950 медициналық ұйымда пациентті цифрлық сәйкестендіру енгізілген. Медициналық қабылдаулардың шамамен 73 пайызы бет-әлпетті сәйкестендіру және электронды құжаттарды пайдалану арқылы жүргізіледі.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы цифрлық бақылау жүйесі шамамен 10,6 млрд теңге көлеміндегі негізсіз медициналық қызметтердің көрсетілуінің алдын алуға мүмкіндік берген. Яғни цифрлық жүйе медициналық қызметтің көрсетілгенін ғана емес, оның нақты пациентке тиесілі екенін және төлемнің негізділігін бақылауға көмектеседі.

1,9 мыңнан астам медициналық ұйым бір жүйеге біріктіріледі


Келесі кезеңде денсаулық сақтау саласындағы әртүрлі ақпараттық жүйелерді бір ортаға біріктіру жоспарланып отыр. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесіне 1,9 мыңнан астам медициналық ұйымды қосу көзделген. Сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін бірыңғай жұмыс интерфейсін құру және жасанды интеллект көмекшісін енгізу жоспарланып отыр.

Бұл дәрігерлердің әртүрлі ақпараттық жүйелер арасында ауысуын азайтып, қажетті медициналық мәліметтердің бір жерден қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Азаматтар үшін де цифрлық қызметтер кеңейтіледі. Дәрігерге жазылу, медициналық құжаттар мен рецепттерді көру, денсаулық жағдайы туралы ақпаратқа қол жеткізу сияқты негізгі қызметтерді бір жүйе арқылы пайдалану мүмкіндігі артады.

Негізгі көрсеткіштер

Мемлекеттік медициналық қызметтердің 88% электронды форматқа көшкен,  2025 жылы 215 млн астам мемлекеттік медициналық қызмет көрсетілген, электронды түрде 1 90,8 млн қызмет көрсетілген, медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесі 30-40% азайған, медициналық ұйымдардың 21,3 мыңнан астамы цифрлық жүйеге өткен,  жүйедегі медицина қызметкерлері 275 мың асты, 141 мыңнан астам медициналық техника цифрлық есепке алынған, 2025 жылы берілген электронды медициналық анықтама саны 8,5 млн-нан асқан, дәрігерге 5,6 млн азамат онлайн жазылған, цифрлық мониторингпен 7 млн бала қамтылған.

Осы көрсеткіштер денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың тек электронды анықтама немесе онлайн жазылумен шектелмейтінін көрсетеді. Жүйе біртіндеп пациенттің профилактикадан бастап диагностика, емделу, дәрі-дәрмек алу және медициналық қызметтің сапасын бақылауға дейінгі жолын қамтитын бірыңғай цифрлық модельге көшіп жатыр.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар