«Мама, өртеніп жатырмыз»:
Шымкентте өрттен аман қалған алты балалы отбасына жұрт жылу жинап жатыр
12 қаңтар күні таңертең үйінен өрт шығып, алты баласымен аман қалған 35 жастағы жалғызбасты ана Нәзира Дүйсебаеваға баспана алу үшін жұрт жылу жинап жатыр.
Нәзира Дүйсебаеваның тұңғышы – 13 жаста, кенжесі – 2 жасар, 5 жасар қызы – мүгедек. Өздігінен тұрып, жүре алмайды. Екі жыл бұрын оны кенжесі үш айлық кезінде күйеуі тастап кеткен. Көпбалалы отбасы Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы кепеде өмір сүрген. Кеше пештің мұржасына жақын орналасқан шатырдан өрт шығып, жалғызбасты ана алты баласымен жанып кете жаздаған.

– Таңғы сағат алты шамасы. Бәріміз ұйқыда жаттық. Бір уақыт үлкен ұлымның «Мама, өртеніп жатырмыз» деген жан дауысынан шошып ояндым. Қарасам бес балам жатқан бөлмені көк түтін алып кетіпті. Мен кенжеммен кіреберісте жатқам. Жанталасып балаларымды дәлізге шығардым. Күн суық. Жеңіл киіммен сыртқа шықсам ешкім жоқ. Дірілдеп, бір сәт не істерімді білмей қалдым. Ішке қайта кірсем түтін дәлізді де алып кетіпті. Балаларым түтінге тұншығып жөтеліп жатыр екен. Көрпелерге оларды орадым да сыртқа шығардым, – дейді көзіне жас алған Нәзира.
Назира балаларын көрші үйге алып барған.
– Бұл – саяжай ғой. Таңертең терезені әлдекім қақты. «Кім?» дедік. Үнсіз. Үңіліп қарасақ, Нәзира. Қорыққанынан тілі күрмеліп, сөйлей алмай тұр. Балалары жанында. Жылап тұр. Үсті-басы күйе-күйе, ыс сасып кеткен. Алғашында не болғанын түсінбедік. Балалар шошып қалған, – дейді Нәзираның көршісі Әлмира Сатыбалдиева.
Көрші-қолаң бірге төтеншеліктерді шақырған. Өрт сөндірілген. Отбасының барлық дүниесі жарамсыз болып қалған.

Оттың астында қалсақ та күйеуім іздеп келмеді
Қайнарбұлақ саяжайында 50 мыңнан аса адам өмір сүреді. Саяжайдың көшелері тар. Қауіпсіздік талаптарына сай, не сай емес екенін белгісіз. Құзырлы мекемелер газ құбырын жүргізу мәселесін әлі күнге ашық қалдырып отыр. Тұрғындар қыста көмір жағып, үй жылытады.
Нәзира алты баласымен бірге екі бөлмелі кепе тамды 15 мың теңгеге жалдан тұрғанына екі жыл болған. Көпбалалы отбасына, мүгедек баласы мен атаулы әлеуметтік көмекті қосқанда айына 189 мың теңге жәрдемақы алады. Өзі аспазшы. Бірақ қазір үйде. Алты баласының күтімімен отыр. 4 баласын мектепке, бір баласын балабақшаға жібереді. Мүгедек қызының кезекті отасын жасату үшін құжаттарын жинап жүрген.
– Алты баламды аман алып қалғаныма шүкір деп отырмын. Жетіммін. Әке-шешем жастайымнан қайтыс болып кеткен. Балалар үйінде өскем. Кешелі бері көмектесіп жатқан адамдар «сынақ» дейді. Ерекше қызымды босанған кезде де жұрт «сынақ» деп еді. Қашанға дейін сынақ бола береді? Сынақтан тойып кеттім. Кішкентайымнан «сабыр, сабыр» деп жүрмін. Таяқты бір жеп, әркімнің қалған нанын бір жеп өскен қыз едім. Күйеуім ішімдікке салынып, тастап кеткен кезде де бала-шағаммен қатқан нан жеп күн көрген едік. Аспаннан қар түседі, тас түседі десе, біздің үйден от түсті. Қайтейін, шаршап кеттім, – дейді Нәзира көз жасына ерік беріп.

Екі күннен бері бұл отбасының басына түскен ауыртпалықты естіген жұрт жылу жинап жатыр. Нәзираның айтуынша, балалары оттың ішінде қала жаздаса да күйеуі төбе көрсетпеген. Амандығын білу үшін келмеген, қоңырау шалмаған.
Жетім емессің…
Нәзираның жайын видеоға көршісі Әлмира түсіріп, әлеуметтік желілерге салған. Ерекше балалары бар ата-аналар арнайы қорларға жіберген. Жергілікті әкімдік уақытша тұру үшін саяжайдан баспана ұсынған.
– Әкімдік ұсынған баспанада тұрудан бас тарттым. Қашанғы пәтерден пәтерге көшіп жүре беремін? Жұртқа қайта-қайта алақан жайғым келмейді. Кешелі бері жайымды көрген адамдар азық-түлік, киім-кешек, ақшалай көмек беріп жатыр. Қазір (13 қаңтар түске дейін - ред.) 10 миллион теңге ақша жиналды. Хабарласып жатқан адамдар көп. Жиналған ақшаның бәрін қосып осы жерден шағын үй алсам деймін. Балаларым да осы жердегі мектепке үйренді. Қызыма да жер үй ыңғайлы, – дейді Нәзира.
Басына іс түскен отбасына ақшаны көршісі Әлмира Сатыбалдиеваның есепшотына салып жатыр. Нәзираның шоты несиесін уақытылы өтей алмағаны үшін бұғатталған.
– Нәзираның жайын жақсы түсінемін. Екеуміз де ерекше бала тәрбиелеп отырмыз. Мұңымыз – бір. Жайыңды видеоға түсіріп жіберейік дегенде Назира құшақтап жылай берді. «Үй кезегің қашан келетінін білмейсің. Жұрт бар, көмектеседі. Сен жетім емессің, елдің қызысың» деп көндірдім. Аманат, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Қазір үй іздеп жатырмыз. Енді жиналған ақшаға үй алсақ бұл отбасы үй кезегінен бірден шығады. Сондықтан оларда біткен, қауіпсіз үй керек. Саяжайда ондай үйдің бағасы шамамен 15-20 млн теңге. Түскен ақшаның тиынын қалдырмай соған жұмсаймыз, – дейді Әлмира.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Нәзира отбасымен жалдап тұрған үйдің көлемі 36 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша қатты отынмен жанатын пештің ақаулығынан өрт шыққан.
– Үй иесі «жөндеп беріңдер» деп жатыр. Шамам келгенше үйді қалпына келтіріп беруге тырысамын, – дейді Нәзира.
Нәзира Дүйсебаеваның мемлекеттік жәрдемақы алатынын, көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұратынын, жалғызбасты ана екенін тиісті мекемелер Orda.kz тілшісіне растады.
2022 жылы Қайнарбұлақ саяжайындағы жекеменшік үйлердің бірінен өрт шыққан. Бұл үйде де екі бала өрттің ішінде қала жаздаған. 10 жасар қыз өзінен кіші екі бауырын үйден алып шығып, аман қалған болатын.
Жаңалықтар
- Мұхтар Жәкішевтің қызы Лондонда шетелдік инвестициялық менеджерге тұрмысқа шықты
- Қырғызстанның экс-премьер-министрінің ұлы Алматыдағы тергеу абақтысында отыр
- Өндірісте жарақат алып, қолы кесілген: Сот жұмыс берушіні 28 606 425 теңгелік протез алып беруге міндеттеді
- Атырауда «Керемет» ойын-сауық саябағынан өрт шықты
- Тоқаев құттықтады: Қырғызстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қосылды
- Зеленский Путинмен тікелей келіссөздерге дайын екенін айтты
- Жұмыс беруші қызметкердің жалақысын сақтап, медициналық тексеруден өтуге жіберуге міндетті
- Мемлекеттік рәміздер — ел егемендігінің басты нышаны
- Димаш Құдайберген Ұлттық қауіпсіздік комитетінде не істеп жүр?
- «Рөлде қарындасым болған»: Жамбыл облысындағы полиция басшысының видеосы тарады
- Тоқаев Кипр президентіне Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруды ұсынды
- Атыраудағы қырылған отбасы: Күдіктінің жұбайы қылмысқа қатысы жоқ деп танылды
- Депутат әлеуметтік желідегі пікірлер үшін сотталғандарға амнистия беруді сұрады
- Азат Перуашев Тоқаевтың сынынан кейін «айыппұлстан» сөзіне қайтадан түсініктеме берді
- Алматыдағы Hilton қонақүйіне сот орындаушылары қайта келді: 170 адам жұмыссыз қалуы мүмкін
- 75 мың доллар пара беру кезінде ұсталды: Бұрынғы вице-министрлер ісі бойынша сотта не айтылды?
- Ержан Жиенбаев Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды
- Burger King-ке 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды
- Рақымшылық-2026: Кімдер босатылады, кімдерге кешірім жоқ?
- Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы бюджет қаражатын жымқырып ұсталды