Бауыры екі жерден жарылған, қабырғалары сынған: Жігітінің қолынан қаза тапқан қыздың туыстары сұмдық оқиғаны айтып берді

cover Коллаж: Orda.kz

2026 жылғы 9 маусымда Щучинск қаласының тұрғыны Әсем Шабельская көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өлімі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары екенін айтып, күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша айып тағуды талап етіп отыр. Orda.kz редакциясына Әсемнің әпкесі сұхбат беріп оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Марқұмның әпкесі Бақыттың айтуынша, Әсемді ұзақ уақыт бойы жігіті ұрып-соғып келген.

«Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Оны жігіті өлтірді. Ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан. Әсем есінен танып қалғаннан кейін де бірден жедел жәрдем шақырмаған. Керісінше, болған оқиғаның іздерін жууға кіріскен. Бұл қанша уақытқа созылғанын білмейміз. Бірақ адам өмірін сақтап қалуға болатын аса қымбат уақыт жоғалды. Әсем ауруханаға жеткізілгеннен кейін небәрі бірнеше минут өмір сүрді. Дәрігерлердің қолынан ештеңе келмеді»,  дейді ол.

Бақыттың айтуынша, қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Алайда отбасы істің әлі күнге дейін Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қайта сараланбағанына алаңдайды.

«Егер оған 106-бап бойынша айып тағылса, ең көп дегенде сегіз жыл жаза алады. Ол түрмеден шыққанда әлі жас болады. Ең қорқыныштысы — дәл осындай қылмысты қайта жасамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бізге белгілі мәлімет бойынша, ол жасаған ісіне өкінбейді. Тергеу изоляторында өзін дөрекі, агрессивті әрі арсыз ұстады. Біз бүкіл Қазақстан біздің жағдайымызды білгенін қалаймыз. Тергеу халықтың пікіріне құлақ асып, істі 99-бапқа қайта сараласа дейміз. Мұндай қылмыс жасағандар ең қатаң баппен, ең ауыр жазамен жауапқа тартылуы тиіс. Ең бастысы — Қазақстанда әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тоқтауы керек», дейді марқұмның әпкесі. 

Қарым-қатынас қалай басталды?

Бақыттың айтуынша, Әсем Щучинскідегі шипажайда бес жыл жұмыс істеген.

2024 жылы бұл мекемеге Астанадан IT-маман болып бір жігіт жұмысқа орналасады. Екеуі жұмыста танысып, кейін араларында қарым-қатынас басталған. Бұл байланыс шамамен екі жылға созылған. Алайда олар жиі айырылысып, қайта татуласып жүрген.

Әпкесінің сөзінше, 2025 жылдың күзінде күдікті қызғаныш салдарынан Әсемге балғамен шабуыл жасаған.

«Сіңлім дүкенге кіріп, есікті іштен жауып үлгерген. Бірақ ол тоқтамаған. Дүкеннің әйнегі мен витриналарын сындырған. Күзетші араша түскеніне қарамастан, сіңлімнің шашынан ұстап, басын қабырғаға соққан. Осы оқиғадан кейін оның басы жиі ауыратын болды», дейді Бақыт.

Оқиға орнына полиция келіп, хаттама толтырған. Іс сотқа жеткенімен, сот барысында тараптар татуласқан. Әсем шағымынан бас тартып, күдіктіні кешірген. Соған қарамастан, ол шипажайдағы жұмысынан шығып, телефон нөмірін ауыстырып, қала ішінде жаңа жұмысқа орналасқан.

«Ол аңдуын тоқтатпады»

Бірақ бұдан кейін де күдікті Әсемді мазалауын тоқтатпаған. Марқұмның әпкесінің айтуынша, ол жаңа жұмыс орнына барып, мекеме иесінен Әсемнің қай кезде жұмысқа шығатынын сұраған.

«Өзін танысымын, оған қарыз едім, ақшасын қайтарғым келеді деп таныстырған. Кейін сіңлім жұмысына келгенде, бейнекамерадағы адамды бірден таныды. Ол ешқандай қарызы жоқ екенін айтты. Осыдан кейін түрлі телефон нөмірлерінен қайта-қайта хабарласа бастаған. Себебі өзінің негізгі нөмірі бұғатталған еді»,  дейді Бақыт.

Бақыттың айтуынша, 2026 жылдың 7 маусымында сіңлісі WhatsApp арқылы хабарласып, әлгі жігітпен кездескенін айтқан.

«Ол енді ешқашан қол көтермейтінін, өзгергенін айтып, уәде бергенін жеткізді. Мен оған «Сенбе. Бір күні сені өлтіруі мүмкін» деп жаздым. Ал ол «Жоқ, ол өзгерді, уәдесін берді» деп жауап берді», дейді Бақыт. 

7 маусымда Әсем жұмыста болған. Ал 8 және 9 маусым оның демалыс күндері еді.

8 маусым күні балаларымен бірге уақыт өткізіп, кейін сал болып қалған анасына барған. Анасына азық-түлік апарып, жөргегін ауыстырып, үйін жинап берген. Кейін балаларын үйде қалдырып, кешкі сағат 20:00 шамасында күдіктінің жалдап тұрған пәтеріне кездесуге кеткен. Бақыттың айтуынша, кешкі сағат 23:00 шамасында Әсемнің кіші ұлы анасына телефон шалып, үйге қашан келетінін сұраған.

«Сіңлім баласына «Жата беріңдер, анаң жақында келеді» деп жауап берген. Яғни ол түнеп қалуды емес, үйіне қайтуды жоспарлаған», — дейді ол.

Таңғы сағат төрттер шамасында күдікті Әсемнің телефонынан Бақытқа хабарласқан. Бірақ ол түнгі ауысымда болғандықтан қоңырауды көтермеген. Осыдан кейін күдікті марқұмның телефонынан енесіне хабарласып, Әсемнің ауруханада жатқанын айтып, туыстарының келуін сұраған.

Енесі одан кім екенін сұрағанда, өзін әріптесі ретінде таныстырған. Кейін оның былтыр балғамен шабуыл жасаған адам екенін мойындағанымен, Әсемнің ауыр жарақат алуына өзінің қатысы барын айтпаған. Тіпті жедел жәрдем қызметкерлеріне де «құлап, батареяға соғылып қалды» деген түсініктеме берген.

«Жедел жәрдем шақырудың орнына қан іздерін жуған»

Марқұмның туыстарының болжамынша, жанжал 8 маусым күні кешке басталған. Бақыттың айтуынша, түнгі сағат бір шамасында Әсем оған Instagram арқылы әпке-сіңлі арасындағы қолдау туралы рилс жіберген. Осыдан кейін ол байланысқа шықпаған.

Отбасы сараптама қорытындысына сүйене отырып, осы уақыттан кейін күдікті Әсемді ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан деп есептейді.

«Сіңлім есінен танып қалғаннан кейін де бірден жедел жәрдем шақырмаған. Оның орнына жиһаздағы, едендегі және сіңлімнің денесіндегі қан іздерін жуып кеткен. Тек содан кейін ғана дәрігерлерді шақырған. Бірақ оларға да шындықты айтпаған. «Құлап, батареяға соғылды» деген. Самай тұсындағы жарақатты жасыра алмайтынын түсінген соң осылай ақталуға тырысқан», — дейді Бақыт.

Сараптама не көрсетті?

Әсем ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше минуттан кейін қайтыс болған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің негізгі себебі бас жарақаты болмаған.

«Бауыры екі жерден жарылған, қабырғалары сынған, көп қан жоғалтқан. Сараптама нәтижелері шыққаннан кейін ғана ол кінәсін мойындап, жауап берді»,  дейді марқұмның әпкесі.

Оның айтуынша, барлық дәлел анық болғанына қарамастан, күдікті өз әрекетіне өкінбейді.

«Бізге жеткен мәлімет бойынша, тергеу изоляторында өзін тәкаппар, арсыз әрі агрессивті ұстаған. Ол екі кәмелетке толмаған баланы анасынан айырғанын да түсінбейді, жасаған қылмысына еш өкінбейді»,  дейді марқұмның әпкесі.

Ақмола облыстық полиция депортаменті мәліметінше, қылмыстық іс қозғалған. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал барысында ер адам әйелге дене жарақатын салған. Кейін әйел алған жарақаттары салдарынан көз жұмған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.



 
 
 
 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар