Құлауға шақ қалған мұнара: Самарқандтағы Ұлықбек медресесін қазақтар бұзған ба?

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Бүгінде Самарқанд қаласындағы Регистан алаңы (құмды алаң – авт.) — Орталық Азиядағы ең танымал тарихи орындардың бірі. Алаңдағы басты сәулет жауһары — XV ғасырда салынған Ұлықбек медресесі. Оның көк күмбездері мен аспанға шаншылған мұнаралары ғасырлар бойы Самарқандтың символына айналды. Бірақ көпшілік бұл мұнаралардың бірі ХХ ғасырдың басында құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын, ал оны сақтап қалу әлемдік инженерия тарихындағы ең батыл операциялардың біріне айналғанын біле бермейді. Orda.kz тілшісі Самарқандтағы көне тарихи нысанның тағдырын баяндайды.

Мұнараның екі метрге қисайып кетуіне қазақтар себеп болған ба?

Медресе 1417–1420 жылдары Темір әулетінің билеушісі, астроном әрі математик Ұлықбектің бастамасымен салынған. Алайда ғасырлар бойы болған жер сілкіністері мен табиғи өзгерістер ғимаратқа әсер етпей қоймады. Бұл тұста халық арасында көп айтылатын тағы бір себеп – қазақтардың жорығы. 

Біз сапарлап барған кезде гид түсіндірген нұсқа бойынша, медресе мұнарасының қисаюына себеп болған факторлардың бірі – қазақтар жорығы. Түсіндірейік.

Бұл жерде сөз болып отырған оқиға — Тәуекел ханның XVI ғасырдың соңында Орта Азияға жасаған ең ірі жорықтарының бірі. Оның басты мақсаты — Ташкент пен Түркістанды Қазақ хандығына қосу және қазақ рулары қоныстанған жерлерді бір мемлекетке біріктіру болған. Сол кезде Орта Азияда Шайбани әулеті билік жүргізіп тұрған. Олардың астанасы Бұхара еді. Ал Ташкент пен Самарқанд — аймақтағы ең маңызды саяси әрі сауда орталықтары саналды.

Фото: Orda.kzФото: Orda.kz 

1598 жылдың басында Шайбани мемлекетінің ішінде үлкен дағдарыс басталады. Бұхара ханы Абдулла хан II мен оның ұлы Абд әл-Мумин арасында тақ үшін күрес өршиді. Мемлекет ішінен әлсірей бастаған кезде Тәуекел хан осы сәтті тиімді пайдалануға шешім қабылдайды. Тәуекел хан үлкен әскер жинап, оңтүстікке қарай жорық бастайды. Бұхара билеушілері қазақ әскерінің күшін дұрыс бағаламай, шекарадағы жасақтармен ғана тоқтатпақ болған. Бірақ қазақ қолы өте қуатты болып шықты.

Тарихи деректер бойынша, Ташкент пен Самарқандтың арасында үлкен шайқас болады. Бұл соғыста қазақ әскері Бұхара әскерін ауыр жеңіліске ұшыратқан. Парсы тарихшысы Искандар-бек Мунши өзінің «Тарих-и алам-ара-йи Аббаси» еңбегінде:

«Абдулла хан Тәуекелді өзімен тең көрмей, оған қарсы әмірлер мен сұлтандарды жібереді. Бірақ Ташкент пен Самарқанд арасындағы шайқаста Бұхара әскері жеңіліс тапты»,
деп жазады.

Тағы бір деректе Абд әл-Муминнің өзі жасырын түрде Тәуекел ханға көмек көрсеткісі келгені айтылады. Ол Тәуекелге:

«Ташкентке барып, қаланы ал»,
 деп хабар жіберген көрінеді.

Осыдан кейін Тәуекел хан Ташкентті басып алады. Бұған жауап ретінде Абдулла хан Самарқандқа қарай өзі аттанып, 12 мыңдық әскер жібереді. Бірақ ол жасақ та талқандалады.

Бұл жерде маңызды нәрсе — Тәуекел хан тек жорық жасап қана қойған жоқ. Ол қазақ мемлекетінің ықпалын Орта Азияға дейін кеңейтті. Кейбір тарихи еңбектерде сол кезеңде Самарқандтың да уақытша қазақ ықпалына өткендігі айтылады. Алайда Тәуекел хан бұл аймақтарда толық орнығып үлгермейді. Себебі оқиғалар өте тез өзгереді.

Абдулла хан қазақтарға қарсы үлкен жорыққа өзі шыққанымен, жолда қайтыс болады. Көп ұзамай оның ұлы Абд әл-Мумин де өлтіріледі. Осыдан кейін Шайбани мемлекеті ыдырай бастайды. Дәл осы саяси дағдарыс кезінде, 1598 жылдың жазында, Тәуекел хан Орта Азияға тағы бір ауқымды жорық ұйымдастырады. Бұл қазақ хандығы тарихындағы ең күшті әскери кезеңдердің бірі саналады.

Сондықтан Самарқандтағы Ұлықбек медресесі туралы халық арасында айтылатын «Мұнара қазақтардың жорығынан кейін қисайған» деген аңыздың түбінде дәл осы XVI ғасырдағы қанды шайқастар жатуы мүмкін. Әрине, тарихшылар мұнараның нақты қисаю себебін көбіне жер сілкінісі мен іргетастың шөгуімен байланыстырады. Бірақ Самарқанд үшін Тәуекел ханның жорығы сондай ірі тарихи оқиға болғандықтан, халық жадында ол қаланың ескі жарақаттарымен қатар сақталып қалған болуы ықтимал.

Қалпына келтіру туралы шешім қайдан шықты?

1918 жылға қарай медресенің солтүстік-шығыс мұнарасы тік қалпынан 1,8 метрге ауытқыған. Биіктігі 33 метр болатын алып құрылым күн сайын қисайып бара жатты. Самарқанд тұрғындары оның құлауы уақыт мәселесі екенін түсінді. Оның үстіне мұндай жағдай бұрын да болған: Регистандағы он мұнараның төртеуі сол кезеңге дейін құлап үлгерген еді. Бірнеше жыл бұрын қисайған мұнаралардың бірі жер сілкінісінен кейін опырылып түсіп, адамдарды басып қалғаны туралы деректер бар.

Ол кезде Регистан алаңы сауда қайнап тұрған орталық болатын. Медресенің айналасында дүкендер мен сауда қатарлары орналасқан. Мұнараның қозғала бастағанын алғаш болып кітап сатушылар байқайды. Археолог Михаил Массон кейінірек естеліктерінде мұнара күн өткен сайын ғимараттан ажырап, сыртқа қарай еңкейіп бара жатқанын жазған.

Мұнараны бұзу ма, сақтау ма?

Тарихи ескерткішті қалай құтқару керек деген мәселе төңірегінде үлкен пікірталас басталды. Әскери инженер Борис Кастальский мұнараны кірпіш-кірпішімен бұзып, кейін қайта жинауды ұсынды. Бірақ бұл ұсынысқа сәулетші әрі инженер Михаил Фёдорович Мауэр үзілді-кесілді қарсы шықты.

Фото: Orda.kzФото: orda.kz 

Мауэр үшін мәселе тек құрылымды сақтап қалуда емес, тарихи түпнұсқаны жоғалтпау еді. Оның пікірінше, мұнараны қайта жинау — ескі ескерткіштің орнына «жаңа көшірме» тұрғызумен тең болатын.

Ол кезде Мауэрдің өзі де ерекше тағдыр иесі еді. 1887 жылы Санкт-Петербург әскери соты оны «мемлекеттік құрылысқа қарсы жасырын ұйымға қатысты» деген айыппен алты жылға жер аударып, Түркістанға жіберген. Мәскеу дворяны, әскери училище түлегі шенінен айырылып, қатардағы сарбаз ретінде айдалған.

Бірақ дәл сол жер аудару оның тағдырын Самарқандпен байланыстырды. Кейін қызметтегі ерлігі үшін оған офицерлік шені қайтарылып, Ферғана, Қоқан, Наманган қалаларында сәулетші болып жұмыс істейді. Ол Қоқанның еуропалық үлгідегі жаңа бөлігін жобалауға қатысып, кейін 40 жасында қайтадан студент атанып, Рига политехникалық институтына түседі.

Инженерлік білімін толықтырған соң Мауэр Самарқандқа оралып, тарихи ескерткіштерді зерттеуге кіріседі. Ол парсы тілін өз бетінше үйреніп, Тимуридтер дәуірінің сәулеті туралы еңбектерді оқиды, жергілікті шебер тас қалаушылармен жұмыс істейді, тіпті мұнара арқылы өтетін нақты меридианды есептеп шығарады. Регистанда мәрмәр тасқа қашалған белгі қойылып, оны көруге қала тұрғындары арнайы келетін болған.

«Шайтан гитарасы»

1918 жылы Мауэр мұнараны уақытша құтқару жоспарын жасайды. Құрылымның ортасына ағаш «корсет» орнатылып, оны 24 қалың болат троспен тартып бекітеді. Тростар жерге көмілген ағаш якорьларға жалғанған.

Қыста жел күшейген кезде тростар гуілдеп дыбыс шығаратын. Сол себепті жергілікті тұрғындар мұнараны «шайтан гитарасы» деп атап кеткен.

Бұл уақытша конструкция 14 жыл бойы мұнараны құлатпай ұстап тұрды.

Шуховтың батыл идеясы

1927 жылы Мауэр бірнеше рет Мәскеуге барып, жоба бойынша кеңес алады. Сол жерде оған әйгілі инженер Владимир Шухов қосылады. Шухов — Мәскеудегі Шаболовка мұнарасының авторы, Ресейдегі ең беделді инженерлердің бірі болатын.

Көптеген мамандар қисайған мұнараны жоғары көтеру қажет деп санады. Бірақ Шухов керісінше ойлады. Оның пікірінше, ауыр мұнараны механикалық күшпен көтеру өте қауіпті еді. Сондықтан ол «көтеруден гөрі түсіру оңай» деген принципті ұсынды.

Инженер мұнараның ауырлық орталығын ең қауіпсіз траекториямен жылжыту керек деп есептеді. Ол үшін арнайы айналмалы механизм — «поворотный круг» жасалды.

Алайда Самарқандқа жеткізілген жобада Мауэр бірнеше қауіпті қателікті байқайды. Егер олар түзетілмесе, мұнара құлап кетуі мүмкін еді. Мәскеулік мамандар оның ескертулерімен келісуге мәжбүр болған.

Бұл деталь маңызды: кейін көптеген еңбекте негізгі назар Шуховқа аударылғанымен, жобаның практикалық орындалуы мен инженерлік дәлдігін қамтамасыз еткен адамның бірі дәл Мауэр болды.

Төрт күнге созылған тарихи операция

1932 жылы операция басталды. Мұнара іргетасынан толық ажыратылып, арнайы металл рамаға бекітілді. Зақымданған төменгі бөлігі бірнеше метрге дейін алынып тасталды. Кейін оның орнына темірбетон конструкция құйылды. Ең қауіпті сәт — мұнараны қайта тіктеу кезеңі еді. 

Профессор Массонның жазуынша, алып мұнараны бірнеше сағат бойы өте баяу қарсы бағытқа «тербетіп», кейін тік қалыпқа келтірген. Барлық процесс тростар жүйесі арқылы басқарылды.

Мауэрдің Шуховқа жазған хатында операция 7 қаңтарда күшті жел кезінде басталып, 11 қаңтарда аяқталғаны айтылады. Ең бастысы — жұмыс кезінде бірде-бір кірпіш құламаған және жаңа жарықшақ пайда болмаған.

Бұл әлемдік инженерия тарихындағы бұрын-соңды болмаған операция еді.

Австриялық инженер И. Шредер тіпті:

«Бұл тартылыс заңына қарсы. Мұнара көтерілген сәтте құлайды», деп мәлімдеген.

Алайда күмәнданғандар қателесті.

Әлемде баламасы болмаған жоба

Ұлықбек медресесінің мұнарасын тіктеу операциясы кейін көптеген инженерлік анықтамалықтар мен тарихи зерттеулерге енді. Ол тіпті «Әлемнің жүз ұлы кереметі» жинағында да аталады. Кейін дәл осы әдіс Самарқанд пен Бұхарадағы басқа мұнараларды қалпына келтіруде қолданылды.

Мауэрдің өзі 1936 жылы қайтыс болды. Бірақ оның жобалары өмір сүре берді. Кейін оның жоспары бойынша Гур-Эмир кесенесі күмбезі де қалпына келтірілді.

Бүгінде Ұлықбек медресесінің мұнаралары әлі де Самарқанд аспанында асқақтап тұр. Бірақ мамандар жоғарғы бөліктің қайтадан аздап ауытқи бастағанын айтады. Демек, ғасырлар бойы сақталған сәулет мұрасын қорғау мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Бұл оқиға — тек инженерлік жетістік туралы тарих емес. Бұл аштық пен қиындық кезеңінде өмір сүрсе де, болашақ ұрпақ тарихи мұрасынан айырылып қалмауы үшін күрескен адамдар туралы әңгіме.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар