Астанада іске қосылардан бұрын LRT жүйесінің қалай жұмыс істейтіні таныстырылды
Фото: Orda.kz
Астана қаласында іске қосылардан бірнеше күн бұрын LRT жүйесінің қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Orda.kz тілшісі бірыңғай диспетчерлік орталықта болып, желімен жүріп өтіп, станция, вагондар қозғалысы мен бақылау жүйесінің жұмысын көрді.
Алғашқы нүкте — барлық желіні бақылайтын бірыңғай диспетчерлік орталық болды. Үлкен экрандарда маршрут сызбалары, пойыздардың қозғалысы, бейнебақылау камералары және станциялардағы жағдай көрсетіледі. Басқару пульттерінде LRT операторлары отыр, олардың жанында полиция қызметкерлері де жұмыс істейді. Диспетчерлердің бірінің айтуынша, мамандар пойыз қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, желідегі қауіпсіздікті қадағалайды.
«Бізде тәжірибелі мамандар жұмыс істейді, әр ауысымда бес диспетчер болады. Екі адам басқаруды бақылайды, тағы екеуі кешенді түрде қадағалайды, біреуі жолаушылар ағынын бақылап отырады», — деді тілшімізге қызметкер.
LRT пайдалану департаментінің директоры Николай Антипов бейнебақылау жүйесін көрсетіп, желі іске қосылғаннан кейін қызметтердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
«Біз жүйені полициямен, өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерімен біріктіріп жатырмыз. Барлық қызметтермен жеке келісімшарт жасаймыз, сонда кез келген жағдайда олар жедел қосыла алады. Станцияларда полиция кезекшілік етеді, ал депода төтенше қызметтермен жеке байланыс арнасы болады. Барлық құрылымдар тәулік бойы бізбен байланыста болады. Қазірдің өзінде полицейлер диспетчерлік орталықта отырып, камералар арқылы жүйені бақылауда. Сонымен қатар LRT үшін жеке желілік қызмет құрылады», — деді Николай Антипов.
Ол сондай-ақ компания нақты уақыт режимінде күмәнді жағдайларды анықтайтын және қызметтердің әрекетін жеделдететін жасанды интеллект элементтері бар жүйені енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Антиповтың сөзінше, LRT іске қосылған алғашқы күндері жолаушылар саны көп болады, сондықтан әр станцияға адамдар ағынын реттеп, бағыт-бағдар беретін қызметкерлер бекітілген.
«Әрқайсында станция қызметкерлері, зал кезекшілері, ауысым жетекшілері және станция басшылары жұмыс істейді. Егер пойыз толып кетсе, қызметкерлер жолаушылар ағынын реттеп, келесі құрамды күтуді сұрайды», — деді ол.
Антипов қызметкерлердің қақтығыс жағдайларында әрекет етуге, алғашқы медициналық көмек көрсетуге және заң бұзушылықтарға жауап беруге дайындықтан өткенін де атап өтті.
Вагондардың іші қандай?
Диспетчерлік орталықтан кейін Orda.kz тілшісі LRT желісімен жүріп өтті. Вагондардың іші заманауи метроға ұқсайды: кең өткелдер, жұмсақ әрі ашық түсті орындықтар, үлкен терезелер және жарық салон. Төбесінде ұлттық ою-өрнек элементтері орналастырылған. Жол бойында желінің жолдар мен сол жағалаудағы тұрғын үйлер үстімен өтетіні көрінеді. Терезеден қалаға панорамалық көрініс ашылады, ал пойыз өте тыныш қозғалады.
Айта кетейік, LRT іске қосылмай тұрып-ақ кей тұрғындар шудан қауіптеніп, әсіресе желі үйлерге жақын өтетін аудандарда алаңдаушылық білдірген. Алайда блогер Нұрлан Батыров айтарлықтай шу байқамағанын айтты. Вагон ішінде ақпараттық табло, бейнебақылау камералары және байланыс жүйелері бар. Есіктерде маршрут сызбалары мен бағыт көрсеткіштері орналасқан.
Станциялардағы жағдай
Станциялар іске қосуға дайын көрінеді. Кіреберісте жасыл және қызыл жарығы бар турникеттер жұмыс істеп тұр, жанында билет автоматтары мен қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі навигация бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифтілер мен кең өткелдер қарастырылған. Платформаларда жолаушыларға бағыт көрсететін қызметкерлер кезекшілік етеді. Станция ішінде шыны қабырғалар, биік төбелер және электронды таблолар бар. Жалпы кеңістік қоғамдық көлік аялдамасынан гөрі жаңа әуежайды еске салады.
Жолақы қалай төленеді?
«City Transportation Systems» басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, жеңілдік санатындағы жолаушылар LRT-мен тегін жүре алады — қалалық автобустардағыдай.
«Билеттерді барлық станциялардағы кассалардан және автоматтардан қолма-қол және қолма-қолсыз тәсілмен сатып алуға болады. Жеңілдік санатындағы жолаушылар LRT-ны тегін пайдалана алады», — деді ол.
Оның айтуынша, іске қосылғаннан кейін төлем жүйесі уақытша автобус желісінен бөлек жұмыс істейді. Алдымен жүйе жеке режимде тексеріліп, барлық процестер нақты жағдайда сынақтан өтеді. Кейін толық тұрақтанған соң, төлем жүйесі қалалық автобустармен біріктіріледі.
LRT Қосшы мен ескі вокзалға дейін ұзартылуы мүмкін
Асылбек Дүйсебаев негізгі желі іске қосылғаннан кейін бағытты Қосшы мен ескі вокзалға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, техникалық тұрғыдан Косшы бағытын келесі жылдың соңына дейін аяқтауға болады. Бірақ бұл қаржыландыруға байланысты.
«Технологиялық жағынан жобаны келесі жылдың соңында аяқтай аламыз. Бірақ бәрі қаржыландыруға тіреледі. Қазір қаржы ұйымдарымен белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық өте жоғары», — деді ол.
Сонымен қатар, негізгі LRT желісін салған қытайлық компания құрылысты жалғастыратыны айтылды. Пойыздар сол күйі қалуы мүмкін, бірақ дизайны өзгеруі ықтимал.
«Бұрын Қосшыға дейін жер үстімен жүргізу нұсқасын қарастырдық. Бірақ бұл аумақ қазір тығыз салынып кетті. Егер LRT-ны жермен жүргізсек, қозғалысқа кедергі келтіреді. Сондықтан қазір тек эстакада нұсқасы қарастырылып жатыр», — деп түсіндірді CTS басшысы.
16–17 мамыр күндері астаналықтар алғаш рет LRT жұмысынығ іске қосылғанын қалыпты режимде жүріп көре алады.
Бұған дейін Астана әкімдігі LRT іске қосылуының нақты мерзімдерін атаған болатын.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық