«Гүлмира Сатыбалды сотқа қатысудан бас тартты»: Сот процесі бітуге аз қалғанда қандай тың деректер мәлім болды?
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан Гүлмира Сатыбалды мен оның жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты сот процесінің жарыссөз кезеңі бүгін аяқталды. Сот процесінің аяқталуына жақын қалғанда Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы сотқа қатысудан бас тартты. Іске қатысты басқа да тың мәліметтер пайда болды.
Бұл туралы Orda.kz тілшісі хабарлады.
Алдымен 27 тамыз күні сотта қорғаушы Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалды денсаулығына байланысты сотқа қатысудан бас тартқанын айтты.
«Отырысты кейінге шегеруді сұраймыз. Гүлмира Сатыбалды себепсіз жай ғана отырысқа қатысудан бас тартпас еді. Кеше тергеу изоляторының медициналық қызметкерлерімен байланысуға тырыстық. Біз қорғауымыздағы адамның жарыссөзге қатысу құқығы сақталды үміттенеміз», — деді Даниалова.
Алайда судья Мартбек Кәкімжанов Гүлмира Сатыбалдының жарыссөзге қатысудан бас тарту туралы акт толтыруға өзі рұқсат еткенін айтты.
«Сотталушының жарыссөзге қатысуы 335-баптың 2-бөлігінде қарастырылған жағдайлардан басқа кезде міндетті. Егер сотталушы сот отырысына келуден бас тартса, істі оның қатысуынсыз қарау рұқсат етіледі. Бізде бұл туралы екі құжат бар. Оған инспекторлар келіп, сотқа келудің қажеттілігін түсіндірді. Ол: «Мен камерадан шықпаймын», — деді. Акт толтырылды. Екінші акт – терапевт сотталушыны тексеріп шықты, денсаулық жағдайы бойынша ол отырысқа қатыса алады деген қорытынды шығарды. Сондықтан сот ресми құжаттарды басшылыққа ала отырып, ары қарай жалғасады», — деді судья.
Гүлмира Сатыбалды мен оған бағынышты адамдардан жәбір көрді деген Абай Жүнісовтің қорғаушысы Рашид Теңізбаев сотталушылар қатаң жазасын алу керектігін айтты.Теңізбаевтың айтуынша, Гүлмира Сатыбалды Абай Жүнісовке ақша жымқырды деп қысым көрсетіп, Қайрат Сатыбалдымен қорқытып, оны заңсыз қамауда ұстаған.
«Қылмыстық істің материалдарына сүйене отырып айтарым: Гүлмира Сатыбалды заңсыз түрде, қандай да бір моральдық құқығы жоқ бола тұра Абай Жүнісов пен оның жұбайының жеке өміріне араласқаны анықталды. Мәди Батыршаев Сатыбалдының айтқандарының бәрін орындап, Жүнісовті заңсыз күзетіп, заңсыз ұялы телефонын тартып алып, оны конвоймен Қайрат Сатыбалдыға жеткізген. Гүлмира Сатыбалды Жүнісовті Қайрат Сатыбалдының алдына оған психологиялық қысым көрсету үшін және бағынбаған жағдайда не болатынын көрсету үшін арнайы апарды», – деді Теңізбаев.
Қорғаушының айтуынша, егер Гүлмира Сатыбалды шынымен де Жүнісовті ортақ бизнестен ақша ұрлады деп күдіктенсе заңды аудит ұйымдастырып, жымқырды деген соманы анықтауы керек еді.
Теңізбаевтың айтуынша, аудит тексерісінен кейін Жүнісов пен Қайрат Сатыбалдының бизнес орталығында екінші кездесуі өткен.
«Гүлмира Сатыбалдының мақсаты – Абай Жүнісовке, ағайынды Алтай мен Қасымға, BAUR Kazakhstan компанияның басқа топ-менеджерлері мен қызметкерлеріне артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын білдіру болды. Сол арқылы ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен туыстық байланыстарын көрсеткісі келді», – деп қосты қорғаушы.
Жарыссөзде Теңізбаев Сатыбалдыны 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы,194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 389-бабы 4-бөлігі бойынша, ал Мәди Батыршаевты 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар, Сатыбалды мен Батыршаевтан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген материалдық шығынды Абай Жүнісовтің пайдасына 2 662 951 640 теңге, Жүнісов Қасымның пайдасына 233 966 500 теңге, Жүнісов Алтайдың пайдасына 109 000 000 теңге өндіріп алуды сұрады. Жалпы сома – 3 005 918 140 теңге.
Ал моральдық шығын ретінде Сатыбалды мен Батыршаев тарапынан Жүнісов Абайдың пайдасына 8 359 457 415 теңге, Жүнісов Қасымның пайдасына 100 000 000 теңге, Жүнісов Алтайдың пайдасына 100 000 000 теңге өндіру сұралды. Жалпы сома – 8 559 457 415 теңге.
Жарыссөзде сөз алған айыпталушы Мәди Батыршаевтың айтуынша, 19 тамызда болған сот отырысында оның қорғаушысының ауырып қалғанына қарамастан сот отырысы жалғасқан. Осыған байланысты Батыршаевтың конститутциялық құқұғы бұзылғанын және куәгерлерден толық жауап алынбағанын, қылмыстық істі зерттеу бір жақты қаралғанын айтты.
«Менің қазақша айтқандарымды прокурор басқаша аударып, сот процесін шатастырды. Мен ешқашандай Гүлмира Сатыбалдының заңсыз бұйрық бергенін көрген емеспін. Олардың арасындағы мәселеге менің еш қатысым жоқ. Менің іс-әрекеттерім Жүнісовке ешқандай моральдық әрі физикалық зиян келтірген жоқ. Оны еркінен тыс қамауда ұстады деген айып еш дәлелденбеген жала. Ол өзінің үйіне емін-еркін кіріп-шығып, туыстарымен еш қысымсыз араласып жүрді. Сондықтан маған тағылған айыпты да, қорғаушы Теңізбаевтың азаматтық талабын да негізсіз әрі заңсыз деп санаймын. Менің кәмелетке толмаған балаларым бар. Құрметті судья, Сізді осы іске қатысты әділ төрелік жасайды деп үміттенемін», — деді айыпталушы.
Сондай-ақ, сотта Батыршаевтың анасы қоғамдық қорғаушы ретінде сөз сөйледі.
«Құртметті судья, жәбірленушілердің азаматтық талабымен мүлдем келіспеймін. Өйткені менің балама жазықсыз жала жабылып жатқанына көзім жетіп отыр. Құрметті судья, бар үмітім өзіңізде осы істің ақ-қарасын анықтап беруіңізді сұраймын», — деді анасы.
Батыршаевтың қорғаушысы Әсел Сұлтанмұратова Сатыбалды Батыршаевты қылмыс жасауға тартқанына дәлел болатын ешбір айғақ табылмағанын айтты.
«Сот ісінде анықталған фактілерді ескере отырып, Жүнісовке физикалық күш қолданылмағанын, оның жайлы үй жағдайында болғанын, үй қызметшісімен, отбасы мүшелерімен бірге тұрғанын, үйде азық-түлікке толы тоңазытқыш болған. Тіпті Жүнісовтың жеке жүргізушісі Ернар Мұраттың да жанында болғанын көрсететін мәліметтер «ауыр зардаптар» жасады деген тарауды алып тастауды дәлелдейді»,— деді Сұлтанмұратова.
Жарыссөзде Гүлмира Сатыбалдының қорғаушысы Әсемгүл Даниалова жоғарыда айтылған аудиттің заңды әрі компаниядан ағайынды Жүнісовтардың заңсыз 5 млрд-қа жуық қаражат жымқырғанына негіз бар екендігін айтты. Ағайынды Жүнісовтердің бұл ұрлығын сот тергеуінің асығыс тоқтатылуына байланысты сот іске қосудан бас тартқан. Ұрланған қаражат туралы «Sigma» компаниясының аудиторлық есебінде көрсетілген.
«Бұл туралы куәгер Родионовтың сотқа берген «Sigma» компаниясына қатысты есебінде көрсетілген. Бірақ сот тергеуді аяқталды деп есептеп, прокурор тағылған айыпты дәлелдеу үшін бар болғаны 42 томды зерттеді. Ал бұны дәлелдеу үшін прокурор өздері ештеңе көрмеген, білмеген, бірақ бәрін тек қауесеттерден ғана есітген куәгерлердің сөзін айыптауға негіз қылып алғаны түсініксіз»,— деп қосты қорғаушы.
Сондай-ақ, Даниалова тергеу барысында Сатыбалды тартып алды деген материалдық дүние-мүлік бұған дейін Жүнісовтың АО «Baur Kazakhstan» компаниясынан ұрлағандары екенін айтты. Қорғаушының айтуынша, Сатыбалды Жүнісовтердің жылжымайтын мүлкін, кепілге қойған ақшасын өзінің жеке шотына салмаған және оны жеке мақсаттарына пайдаланбаған. Бұл ақша, «Ариа-Жана Астана» ЖШС-нің есепшотына несие берушілер, мердігерлер алдындағы берешекті өтеу және жұмысшыларға жалақы бойынша берешекті өтеу мақсатында салғандығын алға тартты. Автокөліктер мен арнайы техникалар да акционерлік қоғамдардың балансына берілді. Даниалова сонымен қатар Жүнісовтердің ұрланған заттарды қысымсыз және мәжбүрлеусіз қайтарғанын айтты.
Гүлмира Сатыбалдының қорғаушысы жарыссөздегі сөзін қортындылай келе, Абай Жүнісовтің өз үйінде қамауда отыруы өзіне ғана тиімді болғанын айтты. Даниалованың айтуынша, ол бұған дейін де түйіткілді мәселелерде осылай әрекет еткен. Бұл жолы да холдингті миллиардтаған доллар несие мен қарызға жеткізіп алып, Гүлмира Сатыбалдының «барлық жағдайды шешуін» күтіп отырғандығын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін прокурор Гүлмира Сатыбалдыға 13 жыл, ал Мәди Батыршаевқа 10 жыл сұраған болатын.
Бүгін сот жалғасуда, айыпталушы тараптың жарыссөздегі пікірі мен басқа да тың ақпараттар Orda.kz тілшісінің назарында болады.
Жаңалықтар
- Желіде әскери техниканы түсірген қорғаныс министрінің әйелінің бейнебаяны талқыланып жатыр
- 4 адамның өліміне себепші болған жүргізуші 5 жыл арқалады
- «Олар бізді пышақтап кетеді»: Қызылордадағы қыздың анасы Orda.kz-ке сұхбат берді
- Ақтөбеде бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге жұмсағандар анықталды
- Светлана Жолманова 2 айға қамалды
- 5 жылға созылған Лиза Пылаеваның ісі: айыпталушылардың бәрі ақталды
- «Бір адам көз жұмды»: Бокстан ұлттық құрама жаттықтырушысын атып кетті
- Қарағандыда ер адам 17 жастағы жігітті соққыға жықты
- «Ломбарқа өткізген»: Алматыда фельдшер науқастың алтынын шешіп алған
- Президенттікке кандидат болған экс-депутат өгей қызын зорлап, дүниесін тартып алған
- «Көкшетаудағы сыз үйге мәслихат төрағасы келді»: Ол қарт анаға қалай көмектеспек?
- «182 мың теңге үшін»: Теміртауда қылмыскер әйел 3 жылға сотталды
- «Зорлаған»: Өз пәтерінен мәйіті табылған жас дәрігерді танысы қасақана өлтірген
- Қазақстанның сыртқы қарызы 3 миллиард долларға өсті
- Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз бейтаныс адамдар қысым көрсеткенін айтты
- Полиция Талғар маңындағы атысты жоққа шығарды
- Шу ауданында ер адамның балаларына 11,2 млн теңге қарызы бар екені анықталды
- Астанада 18 млн доллар айналымы бар Sax Invest қаржы пирамидасы құрықталды
- Lenovo директорының өліміне қатысты күдікті ұсталды
- «Анам сатып жіберді»: құлдықта болған малшы мен баласының ауыр тағдыры