АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім мұнай бағасына әсер ете ме?

cover Иллюстрация discoveryalert.com.au сайтынан

Соңғы күндері мұнай нарығында айтарлықтай өзгерістер байқалып, Brent маркалы мұнай бағасы төмендеу үрдісіне өтті. Жұма күні оның құны барреліне 88,01 долларға дейін түсіп, соңғы екі айдағы ең төмен деңгейлердің бірін жаңартты, деп хабарлайды Orda.kz.        

Сарапшылар бұл құбылысты ең алдымен геосаяси факторлармен, нақтырақ айтқанда АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісімге байланысты күтулердің күшеюімен байланыстырады. Нарық қатысушылары Таяу Шығыстағы шиеленістің бәсеңдеуі мүмкін деген сценарийді бағаларға енгізе бастады.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, АҚШ пен Иран арасында келіссөздер белсенді түрде жүріп жатыр және тараптар белгілі бір ымыраға келуге жақын. Дональд Трамп бұл келісім жақын күндері жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ал ирандық ақпарат құралдары Тегеран тарапынан келісімді қолдау ықтималдығы жоғары екенін жазуда. Егер бұл келісім жүзеге асса, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы толық қалпына келіп, өңірдегі шиеленіс айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты шектеулер енгізілуі ықтимал.

Дәл осы күтулер мұнай бағасына қысым жасап отыр. Себебі соңғы айларда Brent бағасы «геосаяси сыйақы» есебінен жоғары деңгейде сақталған еді. Бұл — жеткізілімдердің үзілу қаупіне байланысты бағаға қосылатын үстеме. Ал қазір нарық бұл тәуекелдердің азаюын ескеріп, бағаларды қайта қарастырып жатыр. Соның нәтижесінде мұнай арзандап, жеткізілім тапшылығына қатысты алаңдаушылық бәсеңдеді. Бұл өз кезегінде инфляция мен жаһандық экономиканың болашағына қатысты күтулерге де әсер етеді.

Техникалық талдау тұрғысынан да сарапшылар сақтық танытады. Күндік графиктер Brent бағасының тренд өзгерту ықтималдығын көрсетіп отыр. Кейбір болжамдарға сәйкес, баға алдағы уақытта барреліне 70–85 доллар арасында төмендеуі мүмкін. Алайда бұл толыққанды құлдырау болады дегенді білдірмейді — бәрі геосаяси жағдайдың қалай өрбитініне байланысты.

Сонымен қатар, инвесторлар толық оптимизмге беріліп отырған жоқ. Тіпті келісімге қол қойылған жағдайда да мұнай экспортын толық қалпына келтіру бірден жүзеге аспайды. Бұл үшін уақыт пен нақты шаралар қажет. Мәселен, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кейбір аудандарды минадан тазарту, уақытша тоқтатылған кен орындарындағы өндірісті қайта іске қосу, сондай-ақ зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру міндеттері тұр. Осы факторлардың барлығы нарықтың сақтық ұстанымын сақтап отырғанын көрсетеді.

Алдағы апталарда мұнай бағасына әсер ететін негізгі факторлар айқын: АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің нақты нәтижелері, Ормуз бұғазындағы жағдай, мұнай жеткізілімдерінің қалпына келу қарқыны, жаһандық экономиканың динамикасы және ірі өндіруші елдердің саясаты. Әсіресе ОПЕК+ елдерінің шешімдері де маңызды рөл атқарады, өйткені олар өндіріс көлемін реттеу арқылы нарыққа тікелей ықпал ете алады.

Бұл тақырыптың Қазақстан үшін маңызы ерекше. Brent мұнайының бағасы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Мұнайдан түсетін экспорттық табыс мемлекеттік бюджет кірісінің елеулі бөлігін құрайды. Сонымен қатар ұлттық валютаның бағамы да көбіне мұнай бағасына тәуелді. Егер мұнай арзандай берсе, бұл теңгеге қысым түсіріп, бюджет кірістерін азайтуы мүмкін. Керісінше, бағаның тұрақтануы немесе өсуі экономикалық тұрақтылықты қолдайды.

Британдық Financial Times басылымы трейдерлерге сілтеме жасап мұнай саласы тарихындағы ең ауыр дағдарыстардың бірімен бетпе-бет келіп отырғанын жазды. Таяу Шығыстағы көптеген елдер мұнай өндіру көлемін қысқартып жатыр, кейбірі кен орындарын мүлде жабуда.

Қақтығыстың ушығуы аясында Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз тасымалы іс жүзінде тоқтап қалды. Қауіпсіздік қатерінің артуына байланысты сақтандыру компаниялары сақтандыру жарналарын көтеріп, сақтандыру шарттарын қайта қарастыра бастады.

Ормуз бұғазы — Парсы шығанағындағы елдерден әлемдік нарыққа жеткізілетін мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалының негізгі бағыты. Әлемдегі мұнай, мұнай өнімдері және сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы осы бағыт арқылы өтеді.

Жақында Kувейт пен Біріккен Араб Әмірліктері мұнай жеткізіліміндегі қиындықтарға байланысты өндірісті қысқартатынын мәлімдеді. Бұл қиындықтар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдаудағы соғыс салдарынан болған қиындықтарға байланысты.

Oрмуз бұғазының бұғатталуы Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы елдерде мұнай бағасының  уақытша өсуіне әкеледі. Бұл экономикаға оң әсер етуі мүмкін. Сарапшылар мұндай жағдайда Ұлттық қорға түсетін кіріс көбейіп, теңгеге қысым азаятынын айтады. Алайда бұл — уақытша әсер. Әлемдік инфляция өссе, Қазақстан импорттайтын тауарлар — азық-түлік, техника, дәрі-дәрмек, өндірістік жабдықтар — қымбаттап, ішкі нарықтағы баға да күрт өсіп кетеді. Сонымен қатар жаһандық экономика баяуласа, мұнайға сұраныс төмендеп, оның бағасы қайта құлдырауы мүмкін.

Сондықтан Ормуз бұғазы тек географиялық өткел емес, әлемдік мұнай тасымалының қақпасы және жаһандық экономика үшін ең осал нүктелердің бірі. 

Қорыта айтқанда, қазіргі мұнай нарығы геосаяси жаңалықтарға аса тәуелді күйде қалып отыр. АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім — баға динамикасын айқындайтын басты факторлардың бірі. Егер шиеленіс шынымен бәсеңдесе, Brent бағасының төмендеуі жалғасуы мүмкін. Ал келіссөздер сәтсіз аяқталса немесе жаңа тәуекелдер пайда болса, нарық қайтадан құбылып, бағалар өсуі де ықтимал.

Тақырыптқа орай тілшіміздің «Мұнай дағдарысы: жаһан мұнай қыспағына ұшырамаудың жолын қарастырып жатыр?»  зерттеу  мақаласын ұсынамыз.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар