«Жалақы уақытылы төленуде»: «ЖЖФЗ» ЖШС фосфор зауытының бас директоры кәсіпорындағы жағдай туралы ашып айтты
Соңғы күндері Тараздағы «ЖЖФЗ» ЖШС фосфор зауытының айналасындағы жағдай, еңбекке қатысты , әлеуметтік міндеттемелер мен өндірістік қауіпсіздік мәселелері қоғамда қызу талқылануда. Көптеген ақпараттар мен пікірлер жарияланды. Осының негізінде редакция ең өзекті сұрақтарға тікелей жауап алу мақсатында кәсіпорын басшылығына жүгінді.
«ЖЖФЗ» ЖШС-нің бас директоры Әділ Әлиев зауыттағы қазіргі ахуал, жалақы деңгейі, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары, еңбек қауіпсіздігі мен өндірісті жаңғырту мәселелері туралы айтып, бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан тақырыптарға түсініктеме берді.
– Қазіргі уақытта кәсіпорын төңірегінде көптеген талқылаулар жүріп жатыр. Зауыттағы ахуалды қалай бағалайсыз?
– Кез келген ірі кәсіпорында қызметкерлер мен басшылық арасында түрлі мәселелер мен келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Бұл – жұмыс үдерісінің ажырамас бөлігі. Ең бастысы – мұндай мәселелерді жасырып қалмай, оларды жұмыс тәртібі аясында талқылау.
Бізде басшылық пен еңбек ұжымы өкілдері, қызметкерлердің белсенді тобы арасында тұрақты байланыс орнатылған. Кездесулер өткізіліп, қызметкерлерді алаңдататын мәселелер талқыланады. Барлық шаралар қолданыстағы заңнама мен жұмыс берушінің ішкі нормативтік актілері аясында жүзеге асырылады.
Бүгінде кәсіпорындағы жағдай тұрақты. Еңбек ұжымы көтеріп отырған және ақпараттық кеңістікте талқыланып жатқан барлық мәселелер бақылауда. Біз диалогқа ашықпыз және қызметкерлердің өтініштерін түскен сайын қарастыруға дайынбыз.
– Қызметкерлер көтеріп отырған мәселелердің бірі – төлемдер. Қазіргі таңда қызметкерлер алдында берешек бар ма?
– Қазіргі уақытта жалақы және әлеуметтік төлемдер бойынша ешқандай берешек жоқ. Жалақы уақытылы төленеді. Бұл – кәсіпорын үшін қағидатты мәселе, себебі еңбекақыны уақтылы төлеу жұмыс берушінің міндеті ғана емес, заң талаптарының бірі болып табылады.
– Әлеуметтік желілерде кәсіпорындағы жалақы деңгейі жеткіліксіз деген пікірлер айтылуда. Бұған не айтар едіңіз?
– Қолда бар өзекті мәліметтерге сәйкес, «ЖЖФЗ» ЖШС-дегі орташа жалақы көлемі 518 168 теңгені құрайды. Бұл өңірдегі орташа көрсеткіштен (335 794 теңге) де, ел бойынша орташа көрсеткіштен (461 486 теңге) де жоғары.
Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға индекстелді. Біз жалақы мәселесінің әрдайым өзекті екенін түсінеміз, алайда нақты деректерге сүйену маңызды.
– Қызметкерлер еңбек жағдайларының ауырлығын жиі көтереді. Кәсіпорын бұл мәселені мойындай ма?
– Біз мұны жасырмаймыз. Өндірістегі еңбек оңай емес. Зауыт – күрделі технологиялар, ауқымды жабдықтар, жоғары температура, қысым және фосформен байланысты химиялық үдерістер қолданылатын өндіріс. Сондықтан мұндай кәсіпорын жеңіл жұмыс орны бола алмайды.
Дәл осы себепті біз өнеркәсіптік қауіпсіздікке, еңбекті қорғауға, өндірісті жаңғыртуға және еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлеміз. Кәсіпорын технологиялар мен өндірістік қуаттарды дамытуға инвестиция салуда. Өндіріс көлемі өсіп келеді, кәсіпорынның әлеуеті жоғары және біз оның болашағына сенімдіміз.
– Әлеуметтік пакет мәселесі де жиі көтеріледі. Қызметкерлерге қандай қолдау шаралары қарастырылған?
– Біз жыл сайын әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды дамытуға, еңбек жағдайларын жақсартуға, өндірістік қауіпсіздік пен қызметкерлерді қорғауға қаражат бөлеміз. Ұжымдық шартта әлеуметтік кепілдіктер мен қолдау шараларының кең ауқымы қарастырылған.
Әрбір қызметкердің артында отбасы тұрғанын ұмытпаймыз. Материалдық көмек көрсетеміз, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылармен жұмыс жүргіземіз, ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қолдау білдіреміз, қызметкерлердің балалары мен кәсіпорын ардагерлеріне көңіл бөлеміз.
Сонымен қатар, корпоративтік мәдениет біз үшін маңызды. Спорттық шаралар, командалық іс-шаралар, қызметкерлерді марапаттау, сыйақы беру, ішкі ортаны дамыту жұмыстары жүргізіледі. Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар жөнделіп, инфрақұрылым жаңартылуда.
– Әлеуметтік қолдаудың нақты мысалдарын келтіре аласыз ба?
– 2025 жылы емделуге берілетін жәрдемақы мөлшері 30 пайызға ұлғайтылып, 130 мың теңгені құрады. Ал 2026 жылы оны 200 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Бұл шара қызметкерлердің денсаулығын қолдауға, емделуіне және санаторий-курорттық сауықтыруына бағытталған.
Сонымен қатар, кәсіпорын барлық қызметкерлерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Аттестаттау қорытындысы бойынша тиісті санатқа жататын қызметкерлерге тегін емдік тағам беріледі. Қызметкерлерді жұмыс орнына жеткізу және кері қайтару тегін ұйымдастырылған. Өндірістен қол үзбей медициналық қызметтер мен стоматологиялық көмек алу мүмкіндігі қарастырылған.
– Соңғы уақытта есірткіге қарсы күреске қатысты тексерулер қызу талқыланды. Басшылықтың ұстанымы қандай?
– Біздің ұстанымымыз айқын: біз есірткіге және онымен байланысты кез келген құбылысқа түбегейлі қарсымыз.
Зауыт– қауіпті өндіріс орны. Мұнда мыңдаған адам еңбек етеді, сондықтан әрбір қызметкердің қауіпсіздігі біз үшін басымдық болып табылады. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген фактілер тиісті әрекет етуді талап етеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, себебі бұл формалдылық емес, бүкіл ұжымның қауіпсіздігі мәселесі.
– Кәсіпорынның ішкі тәртіпті күшейтіп, өзгерістерге бет бұрғанын айтуға бола ма?
– Иә, біз өндірістік мәдениетті дамытып, барлық үдерістерде тәртіп орнатудамыз. Бұл тәртіпке, қауіпсіздікке, еңбек жағдайларына және технологиялық дамуға қатысты.
Өндірістік үдерістер кезең-кезеңімен автоматтандырылуда. Бұл тиімділікті арттыруға, тәуекелдерді азайтуға, еңбек жағдайларын жақсартуға және қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Біз үшін кәсіпорын тек өндіріс көлемі бойынша ғана емес, адамдарға деген көзқарас, қауіпсіздік стандарттары мен корпоративтік мәдениет тұрғысынан да дамуы маңызды.
– Қазіргі талқылаулар аясында қызметкерлерге не айтқыңыз келеді?
– Біз ұжымның сұрақтары болуы мүмкін екенін түсінеміз және оларды талқылауға әрқашан дайынбыз. Алайда диалог сындарлы сипатта өтіп, фактілер бұрмаланбауы және жағдайды әдейі ушықтыру әрекеттеріне жол берілмеуі маңызды.
Кәсіпорын жұмысын жалғастырып жатыр, өз міндеттемелерін орындауда, дамып келеді және қызметкерлер үшін жағдайды жақсартуды жалғастыруда. Біз үшін ұжым ішіндегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өзара құрметті сақтау маңызды.
«ЖЖФЗ» ЖШС төңірегіндегі жағдай күрделі кезеңдерде эмоциялық бағалаулармен қатар нақты фактілерге де назар аударудың маңызды екенін көрсетті. Кәсіпорын басшылығы ірі өндірісте әрдайым назар аударуды қажет ететін мәселелер болатынын мойындайды. Сонымен бірге, қызметкерлердің қауіпсіздігі, жалақыны уақытылы төлеу, әлеуметтік бағдарламаларды дамыту және өндірісті жаңғырту «ЖЖФЗ» ЖШС қызметінің негізгі басымдықтары болып қала береді.
Басшылықтың басты ұстанымы – зауыт әрбір қызметкер үшін тұрақты жұмыс орны, тәртіптің, дамудың және қауіпсіз еңбектің кепілі болып қалуы тиіс.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық