«Біздің Атамекеніміз осы»: Ресейдегі қазақтар қалай күн кешіп жатыр?

cover Коллаж: Orda.kz

Orda.kz тілшісі Ресейдегі қазақтардың жай-күйі, тұрмысы, мәдени өмірі жайлы білу үшін Омбы қазақтарына хабарласты. Ресейдегі ана тілімізде шығатын жалғыз газеттің бас редакторы, «Омбы қазақтары» атты мәдени, қоғамдық ұйымның жетекшісі Әшенова Торғын тілшімізге сұхбат берді. Еліміздегі соңғы жылдардағы жаппай қазақ тіліне деген құштарлық пен ұлттық киімдерге деген ерекше сұраныс Ресей қазақтарына да өзінше әсер етіпті. Кезінде қазақ ағартушылары білім алған жердегі қазақтардың ұлтқа деген махаббаты мен болмысын сақтауға деген ұмтылысы жайлы мақаламыздан оқыңыз.

Атамекеніміз

Омбы, Астрахан, Түмен, Орынбор, Саратов (Сарытау) секілді өңірлерде қазақтар көп. Соның ішінде кезінде Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин, Шоқан Уәлихан секілді қазақ зиялылары білім алған Омбы қаласында қазақтар көп шоғырланған. Әшенова Торғын көбінің осы жерге «қазақтарды көшіп барды» деп қателесетінін, өз жерінде отырған байырғы халықтар екенін, ғасырлар бойы мекен етіп, ата-бабаларын осы жерде жерлеп, осы жерді Атамекен етіп келе жатқандарын айтты.

Торғын Әшенова, «Омбы қазақтары» ұйымының жетекшісі
«Ресейде 190-нан астам этнос бар, қазақтар саны бойынша 10-орында. 2021 жылғы халық санағы бойынша қазақтар 11 орыннан 10-орынға шықты. Омбы облысы бойынша қазақтар 2-ші орында тұр. Ресей бойынша қазақтың саны Астрахан облысында 160 000, екінші орында Орынбор облысы, онда 120 000 қазақ, ал үшінші орында Омбы облысы. Ресми санақ бойынша 70 000 қазақ бар, бірақ біз өзіміз 100 000 шамасында деп ойлаймыз. Себебі халық санағы ковид кезінде өткізілген, адамдар толық қатыса алмады, әрі ұлты паспортта көрсетілмегендер де бар. Бізде қазақ отбасыларында орташа есеппен 3-4 бала бар, сондықтан халық санының өсетіні бәседенен белгілі еді. Ал көшіп кетушілердің саны аз, көбісі осында тұрады. Сондықтан біз өзімізді диаспора деп есептемейміз. Диаспора — бұл жақында көшіп келгендер, ал біз бұл жерде бірнеше ғасырлар бойы өмір сүріп келеміз. Омбы облысында 20 ғасырдың басында 600-ден астам қазақ ауылы болған. Біздер бұл жерге 17-18 ғасырлардан бастап қоныстанғанбыз. Сондықтан бұл жерді өз Атамекеніміз деп санаймыз», — деді Торғын.

«Басты мәселе — тіл»

Оның сөзіне қарасақ, ұрпағының қамын ойлап Қазақстанға көшетіндер бар. Жастар болса, негізінен білім алу үшін Қазақстанға келеді. Біз Торғын Әшеновадан ассимиляция мәселесі жайлы сұрағанымызда Ресейдегі қазақтардың қазіргі басты мәселесі — тіл екенін айтты.

«Омбы облысында қазақтар негізінен орыс тілінде сөйлейді. Бірақ ауылдарда тұратын қазақтар қазақ тілін сақтап қалған. Қалаларда қазақ тілінде сөйлейтін жастар аз. Біз мәдениетімізді, тілімізді сақтау үшін көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Мысалы, қазақ тілін үйрету курстары мен ұлттық би үйірмелері бар. Осы салада бір талай жыл жүріп байқағаным, Моңғолия, Қытай қазақтары ана тілімізде жақсы сөйлейді», — деді Торғын. 
«Омбы қазақтары» ұйымының мүшелері

Торғын Әшенованың сөзінше, қазақ халқының көп бөлігі облыс орталығы – Омбы қаласында тұрады. Бүгінде Омбы облысында шамамен 40 ауыл бар, онда қазақ тілі, мәдениеті мен дәстүрі сақталған. Аудандарда тұратындар қазақ тілін түсінеді. Алайда Торғын Әшенованың айтуынша 60%-ы қалада өмір сүретін болған соң, ана тілінде сөйлейтіндер аз.

«Омбы қазақтарының орташа жасы – 32. Сондықтан балалар мен жастардың қазақ тілін білмеуі үлкен мәселе болып отыр. 30 жасқа келгендердің арасында тілді түсінетіндер өте аз. Тілді білетіндерді жолықтырып қалудың өзі сирек кездесетін жағдай. Ал балалардың 90%-ға жуығы қазақ тілін мүлде білмейді. Бұл – қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып отыр. Біздің «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы балалар мен ересектерге арналған қазақ тілі курстарын ашты. Кеше ғана ақпан айындағы жаңа топ оқуын бастады. Оған ата-аналар да балаларымен бірге келе бастады. Өйткені балалар курсқа қатысқанымен, сөйлесетін ортасы жоқ. Олардың санасында «бәрібір Қазақстанға көшпейтін болсам, не үшін қазақша үйренуім керек?» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан біздің ұйым ең алдымен қазақ тіліне, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықты оятуды көздейді. Өзінің қазақ екенін сезіну арқылы адамда «маған тілді білу керек, мен қазақ екенімді ұғынуым керек» деген қажеттілік пайда болады. Тіл мәдениетпен тығыз байланысты, ал мәдениет арқылы адам өзінің ұлттық болмысын таниды. Өзін-өзі тану процесі басталғанда ғана «маған қазақ тілі не үшін керек?» деген сұраққа жауап табады. Биыл біздің ұйымға 17 жыл толады. Осы уақыт ішінде біз жастармен жұмыс істеуге, олар үшін түрлі жобалар әзірлеуге, мәдени іс-шаралар өткізуге баса назар аударып келеміз. Өйткені ең алдымен жастарға қазақ мәдениетінің, дәстүрінің сұлулығын көрсету керек. Сол кезде ғана қазақ тіліне деген сұраныс артады, халық өзінің кім екенін түсіне бастайды», — деді Торғын. 
Омбы қазақтары қойған концерт

Оның айтуынша қазіргі кезде ондағы жасөспірімдер арасында қазақ тіліне деген қызығушылық жоғары. Жасөспірімдер қазақ тілін өз еркімен үйреніп, тіпті бір-бірінен естіп өзгелер де келе бастаған.

«Қазір «Омбы қазақтары» ұйымында 200-ден астам бала «Тұран» би театрында қазақ биін үйреніп жүр, 30 бала «Мирас» ансамблінде домбыра шертуді үйреніп жүр. Сонымен қатар, екі балалар тобы және үш ересектер тобы қазақ тілін оқып жатыр. Біздің қазақ тілін сүйетін клубымыз қазақ тілінде сөйлейтін орта қалыптастыру үшін айына екі рет жиналып тұрады. Жастар шәй ішіп, түрлі тақырыптарда қазақша кеңеседі. Акцентпен сөйлей ме, қате сөйлей ме, оған қарамай, тосырқатпауға тырысамыз. Бастысы – қазақша сөйлетуге тырысу. Қазақша фильмдерді талқылаймыз. Бұрын тойларда біреу ән салса, жұрт қосыла айта кететін. Бұрын үлкен қара шаңырақта ата-әжесімен, шұбырған немерелерімен бір отбасы тұратын. Олар үйде қазақша сөйлейтін. Қазір көбі қалада бөлек тұрады, орта жоқ. Үйде тіл мәселесі қозғалмаса, баланың оған қызығушылығы да болмайды. Бұл – тек Омбы облысында ғана емес, бүкіл Ресейдегі үлкен мәселе десек болады. Біз Қазақстан қазақ мектептерін ашса екен дейміз. Егер бұл жобалар іске асса, оның пайдасы зор болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, Омбыда қазақ филологиясы факультеті бар қазақстандық университет филиалы ашылады деп жатыр. Бұл да қазақ тілін үйренуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз», — деді Торғын.

Өткен жылы 27 қарашада Астана қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы Омбы мемлекеттік университеті базасында ашылған болатын. Торғын ханымның айтып отырғаны осы оқу орны.

Фото: Ақорда

Оның сөзінше, Ресей заңнамасында жергілікті халықтың ана тілін мектептерде оқуға мүмкіндік беретін білім туралы заңы бар. Омбы қазақтары ұйымының бастамасымен осы өңірде ана тілінде білім алып келе жатқандар көп. Торғын Әшенова 100-мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылатынын, ал 130-мектепте қазақ тілінде оқыту жайлы өтініштер жинап жатқандарын айтты. 

«Бізде Байымбетов, Караөзек, Қоянбай ауылдарында этникалық мектептер бар, онда 100% қазақтар тұрады және олар өз ана тілін біледі. Қалаларда да солай болса екен дейміз. 21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні. Біз бұл күні «Қазақша диктант» атты акция ұйымдастырамыз. Оған кез келген адам қатыса алады. Қазақ тілін қаншалықты біледі деп қарамаймыз. Бұл іс-шараны офлайн және онлайн форматта өткіземіз. Өткен жылы Моңғолия, Қытай, Түркия және Қазақстаннан қатысқандар. Олар өз білімдерін сынап, арнайы сертификаттар алды. Біз бұған қатты қуандық. Сондықтан биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Торғын Әшенова.

Ресейдегі жалғыз қазақ газеті

Ресей қазақтарының басын қосып, тілі мен мәдениетін қайта жандандырып отырған бұл ұйым 2008 жылы Kazakh.ru сайтында «Омбы қазақтары» атты парақша ретінде ашылған көрінеді. Торғын осы платформа арқылы кездесулер, жиналыстар ұйымдастырып, волейбол, футбол, лапта ойындарын өткізгендерін айтты. «ВКонтакте» әлеуметтік желісі пайда болған кезде, сонда арнайы топ ашып, белсенді түрде жұмыс істей бастаған жастар 2014 жылы ресми тіркелген. Қазіргі кезде 5000 тиражбен шығатын «Омбы қазақтары» газеті бар.

«Сол кезеңде біз қазақ тілінде газет шығарып, «Арқос» атты сұлулық байқауын өткіздік. Сонымен қатар, Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, балалар үйіне көмек көрсеттік. Осы жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркелуіміз қажет деген шешімге келдік. 2008 жылы жинала бастағанда, бұл бастамамыздың ауқымды ұйымға айналатынын тіпті де ойламадық. Ол кезде біз жас студенттер едік. Өзара араласып, пікір алмасқымыз келді. Омбыда қазақ жастарына арналған арнайы платформа болмаған соң, біз оны өзіміз құрдық. Алғашында әлеуметтік желілерде басталған жоба кейін қоғамдық ұйым деңгейіне жетті. 2014 жылдан бері Ресейдегі жалғыз қазақ газетін шығарып келеміз. Бұған дейін Астрахан мен Орынборда мемлекеттік қолдаумен басылымдар шыққан еді, бірақ олар уақыт өте жабылып қалды», — деді Торғын.

Торғын Әшенова «Сәукеле» атты ұлттық киімдер студиясын ашқандарын айтты. Оның сөзінше бес жыл бұрын қазақтың дәстүрлі той киімдеріне сұраныс аз болыпты. Бүгінде қыз-келіншектер беташарда, ұзатуға ұлттық киім кигісі келеді. Бұрын мұндай дәстүрді көбіне Қазақстанға тұрмысқа шыққан қыздар ғана ұстанатын. Қазір Омбы немесе басқа аймақтарда тұратын жастар, өз тойларын ұлттық салт-дәстүрге сай өткізуді жөн көреді. Торғын Әшенова Ресей қазақтарына Қазақстандағы ұлттық киімге сұраныстың ерекше артып келе жатқаны да әсер еткенін атап өтті.

«Бұл үрдіске Қазақстанның ықпалы зор. Біз Қазақстанда ұлттық киімге деген сұраныстың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Әлеуметтік желілерде қазақстандық блогерлерді бақылап, олардың ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттайтынын көреміз. Бізге де ұлттық әшекейлер мен оюлы киім кию қызықты әрі маңызды. Жастарымыз да осы бағытқа бет бұрып келеді. Өткен жылы Омбыға қазақстандық екі-үш фильм әкелдік. Оларға деген сұраныс өте жоғары болды. Алғашында аз ғана сеанс жоспарланған еді. Бірақ көрермендердің қызығушылығының артуына байланысты бірнеше рет қосымша көрсетілімдер жасадық. Бұл қазақстандық киноға деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Қазақстандық режиссерлер Астрахан, Орынбор, Омбы, Саратов, Түмен, Қорған сияқты аймақтарда киноларын тұрақты түрде көрсетіп отырса абзал болар еді. Себебі бұл өңірлерде қазақтар көп шоғырланған. Сонымен қатар қазақстандық фильмдерді онлайн платформалар арқылы тек қазақтар ғана емес, орыстар, татарлар, башқұрттар, якуттар да тамашалайды. Олардың Қазақстан мен қазақ ұлтының мәдениетіне деген қызығушылығы жоғары. Қазір қазақ эстрадасына деген қызығушылық та артып келеді. Ресейдегі жастарымыз, ұлтына қарамастан, Ирина Қайратовна, Райм сияқты қазақстандық әншілерді сүйіп тыңдайды. Алдағы уақытта біз Тұрсынбек Қабатовтың концертін ұйымдастырамыз, оған да халықтың ықыласы зор. Біз Қазақстанмен тығыз байланыс орнатып, түрлі форумдар мен мәдени шараларға қатысып тұрамыз. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе және дамып, үйренетін керемет мүмкіндік деп санаймыз», — деді Торғын Әшенова.

Торғын Әшенованың сөзінше Омбы қаласында 8 мешіт бар. Жергілікті қазақтар ислам дінін ұстанады. «Омбы қазақтары» газеті осы мешіттерге де таратылатын көрінеді. Сонымен қатар мұндағы қазақтар тілден қиналғанымен қазақ дәстүрлерінің барлығын дерлік ұстанады. Торғын ханымның сөзінше, ауыз ашуды «ифтар» демей, қазақшалап «ауыз ашар» дейтін көрінеді. Екі жас шаңырақ көтеріп жатса, әлі күнге оларға салт бойынша жер үстел береді екен. Балалар кішкене кезінен бұл жолды біледі. Әрбір үйде төркөрпелер бар. Қыз ұзату, сырға салу, алдынан өту, құдалық, тілашар, тұсаукесер сынды дәстүр әлі күнге сақталған. Торғын Әшенова мұндағы қазақтардың ендігі ұрпаққа осы салт-дәстүрлерді аманаттап бергісі келетінін айтты.

Торғын Әшенова бір адамға қарап бүтін бір ұлтқа баға берілетін болған соң, қазақтар бірін-бірі үнемі қолдап жүретінін айтты.

«Омбы облысында қандай да бір кемсітушілік немесе құқықтарымыздың шектелуі болды деп айта алмаймын. Мұндай жағдай қазақтардың саны аз болғаннан ба, кездеспейді. Облыс халқының жалпы санына шаққанда қазақтар 5% ғана, шамамен 70 000 адам. Бірақ бес жыл бұрын студенттер арасында қазақ жастарын сирек кездестірсек, қазір әр топта кем дегенде 3-4 қазақ студенті бар. Олар ел қатарлы жоғары білім алып, әртүрлі мамандықтарды меңгеріп жатыр. Қазір қала әкімшілігінде, сот жүйесінде, прокуратурада, полицияда жұмыс істейтін қазақтар да бар. Он жыл бұрын денсаулық сақтау саласында қазақтар көбіне кіші медицина қызметкерлері – санитарлар, медбикелер ретінде жұмыс істейтін. Бүгінде дәрігер, бөлім меңгерушісі, клиника басшысы болып жүрген қазақтар аз емес. Бұл қазақ жастарының білім алып, кәсіби тұрғыда жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Омбыда 35-тен астам қазақ ғалымы бар, олардың арасында 5 ғылым докторы бар. Бұл біздің қоғамда қазақтардың беделді екенін көрсетеді. Ресейде қазақтарға жалпы қысым бар деп айтқан дұрыс болмас. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Біздің қауымдастық әрдайым бірін-бірі қолдап, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүреді. Себебі біздің жүріс-тұрысымызға қарап бір ұлтқа, яғни қазақ халқының атына кір келуі мүмкін. Сол секілді беделін көтеру де бізге байланысты. Ат төбеліндей ғана қазақ сол үшін жақсы білім алып, мәдениетімізді сақтап, жағымды әрі мықты болмысымызды танытуға тырысамыз. Біздің ұйым Түмен, Астрахан, Магнитогорск, Қорған сияқты қалалардағы ұйымдармен тығыз жұмыс істейді. Әр өңірде қазақ мәдени орталықтары мен ұлттық би ансамбльдері бар. Наурыз сияқты мейрамдарды ұлардай шулап тойлап жатамыз. Жалпы қазақ мәдениетін насихаттайтын шаралар жиі ұйымдастырылады», — деді Торғын. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі біздің ресми сауалымызға жауап берді. Біз этникалық құрам, көші-қон және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша бірқатар сұрақ қойған едік. Министрлік жауабында Астрахан, Орынбор, Омбы және Саратов облыстары қазақтар бұрыннан қоныстанған аймақ екенін еске салып, олардың көпшілігі «қоныс аударушылар емес, осы өңірлердің байырғы тұрғындары» екенін атап өтті. Ал Украинадағы соғыс басталғалы қазақтардың көші жайлы сұрағымызға бұл сұрақтар «ведомство құзыретіне кірмейтінін» алға тартты. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы тарихи отанына 12 325 этникалық қазақ отанына оралды. Олар ресми түрде кандас ретінде тіркелді. Оның 45,6%-ы Қытайдан келген. Өзбекстан 39,2% адам келді. Қандастар жиі қайтып оралатын елдердің тізімінде Түркменстан да бар (5,5%), Моңғолия (5,4%). Ал Ресейден 3,1% қазақ оралған. Қалған елдерден келгендер 1,2% ғана.

Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралды. Өткен жылы 16 535 этникалық қазақ отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Orda.kz Ауғанстандағы қазақтар жайлы және Қытайдағы қазақтар жайлы жазған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар