Қытай қазақтарының үнсіздігі: Азап пен арман арасында
Orda.kz бұған дейін ауған қазақтары жайлы жазған болатын. Қазір Шыңжаң (ред. қытайша Xing Jiang - жаңа жер) деп аталатын, кезінде Шығыс Түркістан деп аталған өңірде және Қытайдың басқа жерлерінде этникалық қазақтар мекен етеді. Редакция Қытайдағы қазақтардың жағдайын білу үшін елге көшіп келген және арғы беттегі қазақтарға хабарласты. Сондай-ақ Қытайдағы лагерлерде отырып шыққан адамдардан сұхбат алды.
Ескерту: мақала басқа мемлекеттің ішкі саясатына араласу емес, тек болған жағдайды бастан кешірген адамдардың оқиғаларына негізделген.
«Қытай тілін үйретеміз»
Orda.kz тілшісі қазіргі кезде Қытайдың «қайта тәрбиелеу» лагерлерінен шығып, Қазақстанға оралған азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп жүрген «Халықаралық Құқықтық Бастама» ұйымының президенті Айна Шорманбаеваға хабарласты.
«Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында 2017 жылдан бастап сонда тұратын қазақтар жаппай адам құқықтарын бұзу мәселесін көтеріп келе жатыр. Халықаралық ұйымдар да сол жағдайды зерттеп, бірталай баяндама шығарды. БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссарының да 2 жыл бұрынғы баяндамасы бар. Осы баяндамалардың бәрінде де Шыңжаңда саны аз ұлттардың құқықтары тапталып жатқандығы туралы айтылған. Сондықтан ол жақтан Қазақстанға адам құқықтары бұзылуынан құтылу үшін қазір адамдар көбірек келіп жатыр. Қандай қиыншылық болса да, Қазақстанда еркіндік бар. Сол үшін Қазақстан тартымды болып тұр. 2017 жылдан бастап «қайта тәрбиелеу» деген желеумен лагерлер ашылып, сол лагерлерге саны аз ұлттарды: 80% ұйғырлар, 20% қазақтарды бас бостандығынан айырып, «қытай тілін үйретеміз» деген себеппен ұстады. Алайда олардың ішінде оқыған адамдар, тіпті қытай тілін жетік білетіндер де ұсталды. Осылайша «қайта үйрету» лагерлері ашылды. Онда бірнеше ай, тіпті жылдап ұзақ мерзімге адамдарды мәжбүрлі түрде ұстаған. Бүкіл дүниежүзі елдері бұл жағдайға сын айтып, Қытай билігін лагерлерді жабуға шақырды», — деді Айна Шорманбаева.
Құқық қорғаушы лагерде отырып шыққан, саны аз ұлттардың өкілдеріне медициналық және психологиялық көмек керек екенін айтты. Оның айтуынша бүгінгі күнге дейін әлі лагерден шыққан, олардың ұйымдарынан құқықтық көмек алып жатқандар бар.
«Басымды кесіп алса да, шындықты айтамын...»
Orda.kz тілшісі лагерде отырып шыққан азаматқа хабарласып бастан кешкен жағдайы жайлы сұрастырды.
Шығыс Түркістанның Іле қазақ облысында дүниеге келген азамат өзін еш себепсіз 2017 жылы сол өңірдің лагеріне қамағанын, «үй қамақты қосқанда 1 жыл 8 ай отырғанын» айтты. Әуелі оны түзету лагерінен бұрын 3 күн түрмеге қамапты. Артынша сол аудандағы лагерге апарған.
«Түзету лагерінде біз 9 мыңдай адам жаттық. Сол ауданда 5 осындай лагерь болды. Сол жерде көрген қорлықтарымыз: таң атқанша ұйықтатпай сұрайды, 4-ақ сағат ұйықтатады, қарнымыз тоймайды, суық суға түсірді, тәпішкемен жүрдік... Мұндай азапты бастан өткеру өте ауыр... Лагердегі адамдардың көбі ұйғырлар. Қазақтың жан саны аз ғой. Ұйғырлардың арасында жаттық. Талай таяқтады... «Кешкі сұрақ» деген бар. Апарып алып, жоқ жалаларды жабады. «75 түрлі қылмыстың 3-уін мойында» дейді. «Мойындасаң да, мойындамасаң да мойындайсың» деп зорлық қылып... Ол жағдайлардың бәрі өте ауыр, тіпті еске алу да ауыр. Оның ішінде жатқан адамдардан сау адам болған жоқ. Бүтіндей бәрі қатты қинау көрді. Бәрі аурушаң болды. Қысым ауыр, таяқтау, қинау... Көзімше адамдарды өлтірді. Бүгін бар адам — ертең жоқ... Ол жерде бір күнің емес, бір сағат өткізудің өзі қиын болған жағдайлар болды. Қатты қысымды, азапты көрдік. Жазықсыз жазалайды. Екі күнде бір ұрып-соғып қинайды. Онда болған жағдайлар өте қиын...», — деп ауыр күрсінді азамат.
Ол денсаулығынан айырылып, жүре алмай қалғанда барып лагерден шығарғанын айтты.
«2019 жылы құжатымызды әрең алып, қазақ еліне өттік. Әрең рұқсат алып, «бір айға барып келеміз» деп жүріп Отанымызға оралдық. Бұл жерге келгенде де денсаулық нашар, емделу керек болды. Айна ханымдардың көмегімен БҰҰ жәрдемімен тегін ем-дом алдық. Қазақстан — өз еліміз. Еліміз, жеріміз деп келдік. Бұл жерде де лагерде көрген азапты айтпау жайлы қысым болды. Үйіме баса-көктеп кіріп, ұрып та кетті. Қазір қара жұмыс істеп жүрмін. Құрылыста істеймін. Жағдайым онша жақсы емес. Пәтер жалдап тұрамын. Бала-шағаны бағу үшін денсаулығыма қарамай, еңбек етіп жүрмін», — деді жәбірленуші.
Ол өз жағдайы жайлы көбінің білетінін, қол ұшын бере қоймайтынын айтып қынжылды.
«Сол жерде отырған аз ұлттар үшін өзім шығып алғаннан кейін оларды ұмытып кетуге болмайды. Бұған дейін мейлі жанымнан айырылсам да тәуекел деп куәлік еттім. Сондағы қасымда отырғандарға да айтқам. Мен өліп қалмасам, сендердің жағдайларыңды айтатын жер болса, табаным Қазақстанға тисе, Еуропаға барып болсын қиналып жатқандардың бәрін айтамын деп оларға да, өзіме де уәде бергенмін», — деді ол сөзін аяқтап.
«Электрошокермен ұрды»
Тағы бір қайта тәрбиелеу орындарында отырып шыққан әйел өзінің 7 рет ауысып қамалғанда көргендерін баяндап берді. Қазақстанға келіп қайтқан Айнұр (ред. есімі өзгертілді) ол жақта үлкен цехті басқарғанын айтты. Оны «Қазақстанға келіп қайтқан соң, санасы уланды» деп ұстаған.
Бірінші қамау (12 күн)
Ол өзін 2017 жылы қамайтындарын ескертпей, «сіз 2 сағатқа келіп кетіңіз, әңгімеміз бар» деп себепсіз ұстап аудандық түрмеге апарып қамағандарын айтты. Бара жатқанда бір қазақ полицейдің жаны ашып, телефонын беріпті. Ол жігітіне қоңырау шалыпты, жігіті болса соңдарынан көлікпен келе жатқанын айтып, бір тоқтағанда сөйлесейік депті.
«Аудандағы түрмеге апарып бір-ақ қамады. Бұл — аудандағы ең үлкен қара түрме. Кіргенде екі жақта тұрған бір топ әйелді, бір топ еркекті көрдім. Ерлердің басына қара қалта кигізіп, қолымен аяғын кісендеп, сатырлатып әкетіп бара жатты. Оларды да, мені де атып тастайды деп ойладым. Дірілдеп, қалшылдап, қорқып кеттім. Қасымда мені көлікпен әкеле жатқанда жолдан үйіне кіріп алып кеткен қазақ әйел бар. Оны алып шыққанда ол үйінде сиыр сауып жүр екен. Аяғында етік, балшық-балшық… Үсті қи сасиды. Қалың киім киіп алған. Сол әйел: «қорықпа, бұған дейін де мұнда келгенмін. Қазақстанда қызым оқып жатқан еді. Соны неге онда оқытасың деп, былтырдан бері мені қудалап, осы жерге 5-6 рет келіп тұрмын. Әдейі қалың киініп келдім. Іші суық, тоңасың» деп жанашырлық танытты», — дейді Айнұр.
Түрмеде оларға арнайы киім ұсыныпты. Тек іш киімдерін алып кірген. Оның сөзінше, 15 адамнан бөліп түрмеге кіргізген. Ертеңінде олардың ауылының ғұңзозу* (gong zuo zu) деген қызметтік тобының бастығы келген. (ред. Гұңзозу — Шыңжаңдағы соңғы уақытта таралған қызмет. Кедей аудандардың жағдайын жақсарту үшін ішкі қытайдан келгендер). Олар қызмет істейтін болған соң, бір жағы қол астында 30 шақты әйел істеген соң барынша босатып алуға тырысатындарын айтыпты. Бұл кезде Қытайда құрылтай өтіп жатқан кез, 2017 жылдың қазан айының соңына дейін, 24-іне дейін құрылтай екен. Сол біткенде шығарып алатындарын айтқан соң, Айнұр 12 күн шыдап, күн санағанын айтты.
«Сол бірінші түрмеде 12 күнде тамақ ішпедім. Жер суық. Есіктің көзіндегі алақандай жерде тізіліп отырамыз. Түнде ғана шығып төсегіңе жатасың. Таңертең көгеріп кеткен момо әкеп береді. Құр жылыма сумен. Бір тегеш жылыма су, бір тегеш бет жуатын су береді. Суық сумен бетімізді бәріміз шаямыз. Сол жерде жылыма суды ішіп, көгерген момоны* жедік. (ред. Момо — буға пісірген тоқаш). 12 күн соны жедік. Дәретхана мүлде жоқ. Бір шелек қояды. Соған үлкен дәретке де, кіші дәретке де отырасың. 24 сағат тұрады. Күнде таңертең бір уақыт апарып төгіп, әкеліп есіктің астыңғы тесігінен өткізіп қояды. Басқа әйелдердің бойы үйренген екен. Өңкей ұйғыр келіншек. Соның ішінде біз екі қазақ қызы отырдық. Ал менімен келген әйелді басқа жаққа бөліп алып кетті», — деді Айнұр.
Екінші қамау (3 ай)
Ол 12 күн өткен соң, өздерін аудандық «тәрбиелеу орталығына» әкелгенін айтты.
«Di yi jiao pi zhongxin деп жазып қойыпты. Онысы аударғанда «бірінші нөмірлі тәрбиелеу (үйрету) орталығы» деген мағынадағы атау. Бұлар қандай жерге әкелді екен деп, басымды көтеріп сол жазуды оқып үлгердім. Оқығаным сол еді бір қыз келді де электрошокермен мойнымнан ұрды. Әлгі жерде жерге отыра кеттім. «Басыңды көтермейсің, бүгіннен бастап басыңды көтермей жүресің. Бүгіннен бастап қайда келгеніңді біл. Бұл басыңды көтеретін жер емес» деп қытайшалап боқтады. Ол жерге бізден 25 әйелді ғана әкеліпті. Одан артық адам сыймайды деп. Сол жиырма бесімізге кірерде тағы киім шешкізді», — деді Айнұр.
Оларға осы қайта тәрбиелеу орталығында көрпе жастық, тіс жуғыш, көк ыдыс беріліпті. Бұл жерде 3 ай жатқан ол басында 6 қыздан камераларға бөлгенін, артынша әкелген адамдарының саны артып 12 қыз болғанын айтты. Онда Қазақстанның діни мемлекет екенін, содан саналары уланғанын, сол себепті 1 жыл осы жерде оқитындарын айтыпты. Ол осы екінші келген орынға адамдардың симай қалғанын, күнде адамдарды әкелетінін айтты. 3 айдан соң ысқырғанда берілген заттарды жинап, буып, түйіп дайын тұруды ескерткен. Солай түн жарымда ысқырып, автобусқа тиеп басқа орталыққа ауыстырып әкеткен. Әке-шешесі Қазақстанға көшіп кеткеннен кейін ол өзіне түрмеде ешбір туысы бәлесі жұғады деп қарайласпағанын айтады. Сонда ай сайынғы етеккірі келгенде басында біреудікін пайдалануға мәжбүр болыпты. Қайта тәрбиелеу орталығының әйел мұғалімдері жаны ашыған соң, жақыныңа хабарлас деген. Туыстарынан күдерін үзген ол жігітіне хабарласқан. Сонымен жүріп жүрген жігіті қажетті затын әкеліп беріп тұрған.
Үшінші қамау (1,5 ай)
«Кейін сол аудандағы ескі мемлекеттің қалып кеткен бұрынғы мекемесі болған жердің орнына әкелді. 3 қабат екен. Соны әйелдер түрмесі қылып жасапты. 2 қабат төсектерді әкеліп тастаған екен. Құралмаған. Төсекті өзіміз құрастырып, түнімен көрпемізді салып жаттық. Ол жер су, лас болды. Онда 1 жарым айдай тұрдық. Онда да ештеңе істемейсің. Күнде Си Цзиньпиннің сөйлегенін тыңдап отырасың да қоясың. Содан идеологиялық саяси баяндаманы жаздыртады», — деді Айнұр.
Оның сөзінше қалай сезініп тұрғанын, кінәсін мойындай отырып, «ашық үн қату» арқылы қылмысты екенін жазып шығатын есеп беру қағаздарын толтыртқызған.
«Соны мойындап жазғандар да болды. Ішкі қытайда оқыған бір А. есімді қыз жазды. «Мен өстіп намаздың үнін естіп, құлағымның құрышы қанып, артынан барып намазды өзім үйрендім» деп жазды. Біз «жазба, мен намаз оқыған адам емеспін. Бірақ намаз оқу сенің кінәң емес. Сөйтіп жазбасам, мені шағармайды. Жазсам шығарады екен» деді. Көз алдымызда жазды. 3 күннен кейін әлгі қызды 12 жылға соттап жіберді. 12 жылға үкім шықты деген қағазы шықты да, шашын түбінен кесіп, бізден бөліп, қызыл кәжекей кигізіп, «чаңгуәнбаң» деген ең жоғары ауыр дәрежелі қылмыскерлер отыратын санатқа бөліп жіберді. Міне, содан кейін қалай fa sheng liang jian (баяндау, мойындау) жазасың?», — деді Айнұр.
Ол өз қылмысын басқадай етіп, болған жайды жазғанын айтты.
«Менің қылмысым — whatsapp жаздым, Қазақстанға бардым. Идеям уланды. Рахмет, үкіметтің маған осындай үйрену орайын бергеніне. Маған дер кезінде екпе салып, құтқарып алды. Қазақстанға барғаныма 2 жыл болды. Оншалықты миым улана қойған жоқ. Ешқашан дін ұстанған адам емеспін» деп бір жыл бойы жаздым. Бір айда 4 реттен жазып отырдым. «Сен дұрыс мойындамай жатырсың, сен мойында, әкең Қазақстанға партия мүшелігінен шықпай тұрып кетіп қалған екен. Сенің әкең көшіп кетті, қылмысыңды мойында» дейді. «Әкем қылмыскер болса, әкемді алып келіңдер. Қытайдың қай заңында бар екен? 18 жастан кейін мен қай мемлекетте тұрсам да өзім білемін» деймін оларға. Бәрібір уақ-уақ қысым жасап тұрды», — деді Айнұр.
«Солай қалам-қағазды таңертең әкеліп беріп, кешке жинап әкетеді. Бір-бір полиция қыз есіктің көзінде қарап тұрады. Әжетханаға барам дегенде алып шығады. Түнде ұйықтамайсың. Түнімен екі-екіден бірігіп күзет боласың. 9 жарымда жатқызады. Түнде 2 сағат күзетте тұрамыз. Таңғы 4-те оятады. Сол түрмеге кіргеннен шыққанға дейін сондай «күзетте» болдық. Яғни ұйықтамадық», — деді Айнұр.
Төртінші қамау (1 ай)
Чуаң ие джи ди (chuang ye ji di) деген жерге, «нөмірі бірінші кәсіппен тәрбиелеу орталығына» әкелді. Ол бұл жерде тіл үйрететін орын дейін десең, қытай тілін жақсы білетін, білімді азаматтар да қамалғанын айтты. Оның өзі де қытайша жақсы біледі екен.
«Енді ол жерде қытай тілін ұқпайтындарға тіл үйрету орталығы шығар дейін десең, не бір жоғарғы білім алған қыздар бар, мұғалім қыздар, ағылшын тілінен сабақ беретін мықты қыздар бар», — деді Айнұр.
Тағы бір қызығы ол «орталықта» этникалық қытайлар да бар екенін айтты. Оның сөзінше олардың көбісі - ұйғырлар, қалғаны моңғол, қырғыз ұлттары. Ол бұл төртінші орталыққа парталарды енді әкеліп түсіргендерін айтты. Отырғандар оларды өздері құрастырып, күнделікті тазалықты сақтап, бір ай бойы тазалықпен айналысқан.
Бесінші қамау (4 ай)
Бесінші рет ауыстырғанда Айнұр «Қазақстанға қатысы бар адамдарды партия (dang xiao) мектепте 2 ай егін егумен айналысқанын, 2 айдай сабақ оқығанын айтты. Бұл ғимараттың бір жағы балалар лагері, бір жағы қарттарға арналға. Оларды ортасындағы ғимаратқа орналастырыпты. Ол бұрын лагерде бірге отырған Әткәм деген ұйғыр әйелдің 6 баласын сол жерден көргенін айтты.
«Біз сол жерде 2 ай, сәуірден бастап жерге егін ектік. Қаланың шетіндегі жер бірақ шағыл тас, қолымызбен тасын бір талдап теріп, жерді тыңайтып, аударып, көкөніс ектік. Көкөністің түр-түрін ектік. Содан орталықта 4 ай жүрдік. 2 айында егін ексек, 1 ай саяси сабақ оқыдық. Қытайдың бір жол, бір белдеуі, бір ел екі түзімі, Қытайдың болашақ арманы, қазіргі болашағы қандай болады деген тақырыптарда үлкен экраннан көрсетіп сабақты оқытты. Өзім қасымдағы қытайша білмейтіндерге әліпбиден бастап сабақ үйреттім», — деді Айнұр.
Бұл жерде басқа түрмелерге қарағанда айырмашылығы — 1 сағат далаға жүргізіп қоятын көрінеді. Аспанды көріп, желді сезіп қуанып қалған. Сонда жүргенде «Қазақстанға кетесіңдер, сондағы туыстарың іздеп жатыр» деп бір қуантыпты. Сонымен тамыз айында шетелден келген тілшілерге көрсету үшін оларды осы жерден басқа орталыққа апарып отырғанын айтты. Шетелден келгендердің алдында тілшілерге алдын ала берілген 100 түрлі сұрақты жаттап, боянып, жарасымды киім киіп, өз еркімен жүрген адамдардай кейіп танытқанын баяндап берді.
Алтыншы қамау (3 күн) және жетінші қамау (1,5 ай)
Алтыншы рет көшіргенде бұрын сот мекемесі болған орталыққа қайта ауыстырғанын айтты. Шығамыз деп үміттеніп жүргенде бұл көшіргендері психологиялық жақтан өте ауыр соққы болған.
«Біттік. Сотталдық. Бәрі бітті. Бұл жерден адам тірі шықпайды-ау» деп ойладық біз. Расымен сол 1 жыл ішінде ешкім шыққан жоқ. Адам кіру бар, шығуы жоқ. Біз өмірден үмітімізді үзіп кеттік. Шығамыз деп ойлаған жоқпыз. «Кеше ғана туыстарың сұрау салды, шығасың деп жатқан, мына үлкен түрмеге неге әкелді» деп психологиялық жақтан күйредік те қалдық. Түрмеге келгенде 3 күн салпақтап жүрдік», — деді Айнұр.
Соңғы рет көшіргенде тазалық істеген кәсіппен айналысу орталығына қайта ауыстырыпты. Ауысқан кәсіп үйренетін жерде 1,5 айдай тұрыпты. Ол 2017 жылдың қазан айының 14-і қамалғаннан 2018 жылы 23 қыркүйекте бостандыққа шыққан. Шыққанда елдің алдында бар «қылмысын» мойындап оқып шығуын талап еткен. Сонымен ел алдында дауыстап қылмысты екенін айтқан.
Ол бұдан кейін кез келген уақытта шақыртқандарын, көшеде сақшылар көрсе, тізерлетіп сұрақтың астына алғандарын баяндап берді. Өзін көшеде адамның бетінен танитын камераның қара тізіміне енгізіп қойған екен. Туыстары теріс айналып, бұрын өзі басқарған цехті басқа біреулер иемденіп, заттарының бәрін тартып алған. Ол бәрінен бұрын түрмедегі азап емес, шыққаннан кейінгі жақындарының теріс айналғаны жанына батқанын айтады. Бірақ әу баста соңынан іздеген жүріп жүрген жігіті оған пәтер жалдап беріп, артынша некелерін қиып, шаңырақ көтеріпті.
«Қазақстанның арқасында аман қалдық...»
Сонымен Айнұр өзінің қатарынан 3 ұрпағының қара тізімге енетінін түрмеде жатқанда естігенін, сол ұрпағы үшін зарлап жүріп әрең құжатын алып, елге келгенін айтады. Жүктілік кезінде күні-түні шақыртып, тексергендерін, баласынан айырылып қала жаздаған. Қазақстанға келгенде де туыстары, әке-шешесі қабылдамаған. Барар жер, басар тауы жоқ күйеуінің алыс туыстарын жағалап кеткен. Ішіндегі баласын Қазақстанда босанған Айнұрдың баласы қазір 5 жасқа толған. Екінші рет те құрсақ көтеріп, тағы бір бала дүниеге әкеліпті.
«Қазақстанға келдім. Қанша дегенмен қазақ еліміз ғой. Осы Қазақстанның арқасында сонда жүріп аман қалдық. Сол Қытайдың құжатында «қазақ» деген ұлтымыз жазылғандықтан, әйтеуір аман қалдық. Елге келдік. Халық жақсы қабылдады. Мен сұхбат берген соң қаншама адам көмек қылды… Психикалық қолдау берді. Менің бір туысым жылы амандаспаса да, басқалары менің әке-шешемдей болып, менімен бірге қайғырып, жылады. Менің туыс-туғаным қабылдамаса да, елім, мемлекетім қабылдады. Мемлекетім қабылдап азаматтық берді. Кейде бар, кейде жоқ болып жүрсек те, артымыздан қуып жүрген сақшы жоқ. Көшеде ұстап алып қамайтын ешкім жоқ», — деді Айнұр.
Ол осы басынан өткен оқиғадан кейін Отанның қадірін білгенін, сұраушысы — мемлекеті болғанының қандай екенін ұққанын айтты.
«Түрмеде отырғанда ұйғыр қыздар деген жылап кетеді ғой. «Ей, сен кеудеңді керіп жүре аласың. Сенің мемлекетің бар, елің, жерің бар, сұраушың бар. Қорқып тұрған жоқсың. Біз бейшара өліп кетеміз, сұраушымыз жоқ» деп жылайтын. Сол шын екен ғой. Солар біледі екен ғой, Отанның, елдің қадірін… Біз енді сол тозақтан шыққан соң, елдің қадірі маған өте қымбат. Отанның қадірі. Еліме келіп, ештеңе істемесем де, тым құрығанда жан санын көбейтуге үлес қосатын шығармын, сол жақтан келерде ең құрығанда 10 бала туармын деп келгенмін. Сөйтсем қайда… Түрмеде денсаулығымызды алып біткен екен ғой», — деді Айнұр сөзін аяқтап.
Ол өзінің қалқанша безі, ұйқы безі зақымданғанын, енді бала көтеруге денсаулығы келмейтінін айтты. Қазір енді екі баласын бағып, адам қылып тәрбиелеп өсірсем деп отыр.
Қазақстандағы Қытай елшілігінің алдында
Сондай-ақ Қазақстанда Қытайдағы туыстарын жоқтап, елшілік алдында тұрған қазақтар бар. Қарашаның 11-і күні олар елшілік алдына шыққандарына 1273 күн болғанын хабарлады. Orda.kz оларға хабарласып, талаптары жайлы сұрады. Гаухар Құрманәлиева есімді әйел өзінің туысы Асқар Азатбекті Қазақстан азаматтығын алғанына қарамай ұстап кеткенін мәлімдеді. Ол туысын елге қайтарғысы келеді.
«2017 жылы 7 желтоқсаннан бастап мен Қазақстанда арызданып, туысымды іздедім. Өкінішке қарай, біздің сыртқы істер министрлігі қанша нота жіберсе де, Қытай: «Бұл біздің өзіміздің азамат. Қазақстан азаматы емес» деп жауап берген. Кейін 2021 жылдан бастап менің қытай елшілігінің алдына шығып, Астанаға барып, бүкіл құжаттарын көрсетіп, қарсылығымды білдірген едім. Содан кейін Қытай мұны «Иә, Қазақстан азаматы» деген жауапты беріп бір-ақ мойындады», — деді Гаухар Құрманәлиева.
Оның сөзінше, Қытайдағы құжаты өшірілген.
«Кейін мен арызданып, Қытай елшілігінің алдында жүріп, кейін Астанаға барып, талап етіп, Қытайдағы қазақ елшілігі түрмеге отырған жеріне барып, қолынан қолхат алып шықты. Мен Асқар Азатбекті Қазақстанға ауыстыруын сұраймын», — деді Гаухар Құрманәлиева.
«Анам мен інімнен хабар жоқ...»
Елшілік алдында тағы бірнеше адам туыстарын жоқтап тұр. Солардың бірі Ақиқат Қалиолла. Ол әкесі Қалиолланың түрмеде қаза болғанын, ал анасы мен інісінің хабарсыз кеткенін айтады. Ол анасы мен інісін хабарын беруін, қайтаруын сұрайды.
«Дөрбілжің өңірінде қалың қазақ жаппай қамала бастағанда, менің әкем арыз жазған. «Бұл заңсыз қамау» деп Си Цзинь Пинге, жоғарғы сотқа арыз жазған болатын. Содан арыздың бәрі оларға тимей қап әкемнен өш алу үшін түрмеге анаммен, ініммен бірге бірақ қамап тастады. Әкем сол түрмеде көз жұмды. Ал анам мен інімнен хабар жоқ», — деді Ақиқат Қалиолла.
Тағы бірнеше әйел кісілер де туыстарын жоқтап елшілік алдына келіпті.
Orda.kz осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігіне және Ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдаған болатын. Ведомство Қазақстан азаматтарынан ҚХР аумағында туыстары бар екендігі туралы өтініштер келіп түскен жағдайда, қазақстандық консулдық қызмет олардың мәселелерін шешуге көмек көрсету үшін Қытай тарапымен келіссөздер жүргізіліп, кеңес берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, СІМ Қазақстанның басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, олардың егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын берік ұстанатынын, бұл қағидалар БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық актілерінде белгіленгенін айтты.
Шетелден елге қанша қазақ келді?
Сонымен қатар Orda.kz еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де арнайы сауал жолдаған болатын. Министрліктің мәліметіне қарасақ, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ қоныс аударған. Соның ішінде 369 682 адам Қытай Халық Республикасынан (ҚХР) келген. Ең көп көшіп келгендер Алматы (234 519 адам) және Шығыс Қазақстан (42 283 адам) облыстарында тіркелген. 2024 жылдың 18 қарашасындағы жағдай бойынша, 16 535 қандас көшіп келгендердің 7 584-і (45,9%) Қытайдан келген. Миграциялық ағымдарды реттеу мәселесіне қатысты министрлік қандас мәртебесін беру немесе ұзарту белгілі бір қоныс аудару шарттарына сай жүзеге асатынын түсіндірді, оның ішінде жұмысқа орналастыру, отбасы мүшелерімен қайта қосылу немесе Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу.
Халықаралық ұйымдар не дейді?
Лагерлер жайлы Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо 2021 жылы БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, күшпен «ассимиляция» жүргізу, күштеп лагерлерге отырғызу, азаптау сынды батыстың БАҚ өкілдері жазып жүрген ақпараттарды жоққа шығарды.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссиясының аппараты 2022 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы адам құқықтары мәселелерін бағалау жөнінде баяндама жасады. Баяндамада 150-ден аса тармақтан тұратын адам құқықтары жайлы мәселе айтылды. Orda.kz тілшісі сол баяндаманы толық саралап, қысқаша назарларыңызға ұсынады.
60, 61, 63 тармақтарда мынадай мәліметтер жазылған:
«Үкімет 2013 жылдан 2017 жылға дейін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы соттары 297 000 қылмыстық іс болғанын мәлімдеді. Ресми статистикаға сәйкес, бұл істердің негізгі бөлігі 2017 жылы аяқталды. Үкімет мәліметі бойынша, 2017 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қоғамдық қауіпсіздік органдарында ұсталғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға, ал 2018 жылы шамамен 8 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың 23 қаңтарында Қытай Халық Республикасының Халық прокуратурасының 13-сессиясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бойынша жұмыс туралы есебінде келтірген деректерге ұқсамайды. Ол есепте 2013 жылдан 2017 жылға дейін әртүрлі қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін 330 918 адамның қамауға алынғаны және 362 872 адамның жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген», — деп жазды БҰҰ баяндамасында.
Сондай-ақ баяндамада көп жылға сотталғандар санының артқаны жайлы да жазылды.
«2017 жылы тағы бір өзгеріс — бес жыл немесе одан көп мерзімге сотталғандар саны артты. 2017 жылға дейін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сотталғандардың шамамен 10,8 пайызы бес жылдан асатын мерзімге сотталған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 87 пайызға дейін артты. Үкіметтің ресми статистикасына сәйкес, тек 2017 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы соттар 86 655 айыпталушыны бес жыл және одан көп мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге көп, 146 алайда тағы да терроризм немесе экстремизм сияқты қылмыстарға байланысты айыпталушылар мен сотталғандар саны нақты бөлінбеген», — деп жазды БҰҰ баяндамасында.
Баяндамада түрме ғимараттарының көлемі ұлғайғаныжәне жаңа ғимараттар салынғаны жайлы жазылды.
«Сонымен қатар, жаңа ғимарат салу немесе қауіпсіздігі жоғары ғимараттарды кеңейту, әсіресе 2019 жылдан кейін, ғарыштан түсірілген спутник суреттерінде (Google Earth сияқты ашық дереккөздерден алынған) көрініп тұрғандай, қамауда ұстау орындарының санын арттыруды көздейді. Бұл қамауға алынғандардың санын, сотқа дейінгі ұсталғандарды және айыптау үкімі шығарылғаннан кейінгі ұсталғандарды орналастыру үшін қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, көптеген жерлерде бар түрмелер кеңейтілді. Мысал ретінде, 2018 жылдан 2020 жылға дейін Үрімші қаласындағы №3 тергеу абақтысы Дабанченде айтарлықтай ұлғайып, 2018 жылы 40 ғимараттан 2019 жылы 68-ге, 2020 жылы 92-ге дейін ұлғайды», — деп жазды БҰҰ баяндамасында.
Қысқаша баяндамада Қытайдағы ұйғыр, қазақ сынды аз санды ұлттардың қалай құқығын таптап жатқаны, ұсталғандардың этникалық жағынан аз санды ұлттарға жататыны айтsлды. Ұсталғандар адвокат та жалдай алмады. Сондай-ақ, баядамада дін жағынан қатты қадағалау мен шектеу болды делінген.
Ал мәжбүрлі түрде «қайта тәрбиелеу» лагерлеріне әкетіп, мәжбүрлі түрде еңбекке салу жайлы:
«Қорытындылай келе, еңбек және жұмыспен қамту бағдарламалары, соның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру және даярлық жүйесіне (VETC) қатысты бағдарламалар, өз табиғаты немесе салдарлары бойынша кемсітушілік сипатта болуы мүмкін деген белгілер бар екені байқалады. Сондай-ақ, оларда мәжбүрлеу элементтері болуы мүмкін, бұл үкімет тарапынан ашық әрі түсіндірмелерді талап етеді», — деп жазды БҰҰ баяндамасында.
Сонымен қатар, ұсталған адамның қайда екені жайлы туыстарына хабарламау арқылы туыстық байланысты үзіп отырғаны жайлы жазылған.
«Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАА) терроризм мен «экстремизмге» қарсы күрес саясатын жүзеге асыру отбасыларға қатты әсер етті. ШҰАА-дағы ұйғырлар мен басқа да негізінен мұсылман қауымдарының кең таралған бас бостандығынан айыруы көбінесе құпия жағдайда жүзеге асырылып, көптеген отбасылардың бөлінуіне және жақындарының қайда екенінен бейхабар болуына әкелді. Бұл мәселе диаспора арасында да өзекті, мұнда өз отбасы мүшелері туралы ақпарат іздеген немесе алаңдаушылығын ашық білдіргендерге қатысты қысым мен қорқыту жағдайлары туралы мәлімдемелер де жасалған», — деп жазды БҰҰ баяндамасында.
Сондай-ақ жалпы бала санын шектеу саясатына тоқтала кетеді (2019 -2017 жылдар аралығында 48,7% ға бала туу азайды):
Баяндамада басқа да құқықтық мәселелер көтерілді. Жалпы баяндаманың соңында БҰҰ Қытай үкіметіне лагердегілерді босатуға және іздеп келген адамдарға хабарын беруге шақырды.
Өткен ғасырда Қазақстандағы қазақтар Ресей құрамында, ал Қытайдағы қазақтар Қытай құрамында болғанда Ілеге қатысты екі ел Петербор келісімін жасап, шекара сызығы сызылды. Солайша Шығыс Түркістан жері арғы бетте қалып қойды.
Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерлерінің жабылуы туралы Қытай үкіметі мәлімдеді. 2022 жылдың қыркүйегіндегі Washington Post мақаласында «қайта тәрбиелеу лагерінің бағдарламасы халықаралық қысымнан соң 2019 жылы тоқтаған сияқты» деген қорытынды жасалды. Ал The Guardian басылымының деректеріне сүйенсек, Австралиялық саясат институтының зерттеушілері Қытай билігі 2019-2020 жылдары Шыңжаң провинциясында 380 лагер салынғаны жайлы айтқанын жазды.
Экономикасы мен технологиясы дамыған Қытай Халық Республикасында қазір 1,6 миллион қазақ тұрып жатыр. Далалық қазақтар өткен дәуірлердегідей мал ұстап, көшіп-қонып, жайлауға шығуын жалғастырып отырса да тұрмыс тіршілігі қоғамның дамуына ілесе отырықшы өмірге бейімделген. Қазір Қытай партиясы кейбір жерлерде жаназа шығаруға тыйым салған. Олар қандай жағдай болса да дәстүр мен салтын барынша сақтап келеді. Олардың өмір салты жайлы Youtube-та және тағы да басқа әлеуметтік желілерде жариялаған бейнежазбалар өте көп. Ал қалалық қазақтардың көбі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Назарларыңызға мына East qazaq people арнасының бейнежазбасын ұсынамыз.
Таза қазақша сөйлеп тұрған, ат құлағында ойнайтын ақсақал Іле қазағы, 63 жаста.
Жақында Қытайдағы қазақтардың өмірі жайлы Қытай елі түсірген «Менің Алтайым» атты сериал Канн фестивалінде шорт-тізімге енді және біздің телеарналардың бірінен көрсетілді. Қазір қазақ еліне қонаққа келіп жатқандар көп. Алайда олар тілшілерімізге сұхбат беруден бас тартты. Оның себебін «телефонымыз тыңдалады», «қайта Қытайға барғанда бәле болады» деп түсіндірді. Алып мемлекеттен келген этникалық қазақтар бүгінде осы елге қызмет етіп, елдің бір-бір азаматына айналды. Ал арғы беттегі қазақтар қатаң заңға бағынып, аяғын аңдып басады.
Ауғанстандағы қазақтар жайлы мына материалдан оқыңыз.
Жаңалықтар
- Оралда мектеп оқушысын сыныптастары соққыға жығып, мүгедек қылды
- Қамаудағы Қоспаевтың мүлкін 2,2 млрд теңгеге сатып жібермек болған
- «Кабинетіне кіргізіп алды»: Ағасы 6 жасынан зорлаған қыз мәлімдеме жасады
- Түрмедегі Марат Жыланбаевтың жағдайы ауыр
- Челси Астанаға қарсы жас ойыншыларды ойнатады
- Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионы атанды
- Қаржаубай Нұрымовтың күйеу баласы қамалды
- Нұра-Теміртау автожолында Audi көлігіне тиелген жылқы анықталды
- Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің төрағасы пара алған
- Соғысқа қарсы шыққан Ресейлік әнші Нобель сыйлығына ұсынылды
- Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды
- Ақтөбеде ерлі-зайыптының өліміне себепкер болған полицей сотталды
- «Тергеу аяқталу сатысында»: Шерзат ісіне қатысы бар адамдар жақын арада жауапқа тартылады
- Назарбаев университеті 73 млрд теңгені желге ұшырды
- Ер адамның жүрегінен метал сынығы табылды
- Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауда заңсыздықтар анықталды
- Жасанды девальвация: Ұлттық банктің экс-басшысы Қазақстан экономикасының құпиясын ашты
- Он миллион адам қарсы болған уақыт белдеуін зерттеуге үкімет үш жыл жұмсамайды
- Салмағы 7 тонналық Үндістаннан келген контрабанда әуежайда алты жыл бойы қараусыз жатты
- Ольга Рыпакова жеңіл атлетика федерациясының президенті атанды