Несиеге батып, бүйрек сатқан қазақ жанұясы: Адам ағзасын саудалаған қылмыстық топқа ерлі-зайыптылар қалай кірді?

Кеше Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында адам ағзасын алып сатушыларға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот отырысында куәгерлер қалай бүйректерін беріп, төл құжаттарында ата-аналарының аты-жөндері ауысып кеткенін айтты. Сонымен қатар қылмыстық топтың ішінде ерлі-зайыптыларда бар екені белгілі болды. Олар әлеуметтік желіден донор тауып келіссөз жүргізіп отырған.
Orda.kz тілшісі адам ағзасын саудаға салғандардың бұған дейін болған әр сотына қатысып тікелей ақпарат таратып отырды. Осы жолғы сотта тілшіміз айыптыларға қатысты тың деректерді біліп қайтты.
Ескерту: бұл сот ісі бойынша негізгі фигуранттардың бірі Ербол бұған дейін Orda.kz редакциясына эксклюзивті сұхбат беріп, өз басынан өткен заңсыз ағза саудасы, қорқыту, зорлық пен алаяқтық туралы егжей-тегжейіне дейін айтып берген болатын. Ербол өзін емес, өз отбасын қорғау үшін амалсыздан осы іске барғанын, алайда кейін бопсалауға ұшырап, құрбанға айналғанын мәлімдеген еді. Ерболдың сөзінше, ол тергеу кезінде 37 адамның атын атаған. Алайда бұл істе небәрі 6 адам ғана сотқа тартылып отыр. Бұған дейінгі сұхбатты мына сілтемеден оқи аласыз.

Бүйрек сатқан ерлі-зайыптылар
Кешегі сот отырысында Ербол мен оның жұбайына қатысты да куәгерлер түсінік берді. Бұған дейін Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында Ербол өзін Бауыржан бастаған қылмыстық топтың қорқытып, бопсалағанын ашық айтқан болатын. Тіпті Сержан есімді азамат Ербол айтқандарына көнбей бара жатқан сәтте пәтеріне бір топ ер адам болып келіп жыныстық зорлық көрсеткенін және үнемі психологиялық құлдықта ұстап, бақылап, өз істеріне араластырып, донор іздеуге мәжбүрлегенін айтты.

Ұсталған соң Ерболды Сержан алдап: «арғы жақпен келісіп қойдым, мені танымаймын деп айт, мәліметіңді өзгерт. Мен сенің жағдайыңды жасап беремін, көлік, үй барлығымен қамтамасыз етемін» деп уәде берген. Солай Сержан істе сүттен ақ, судан таза болып шыға келді. Ал Ербол түрмеде не бүйрегі жоқ, не ақшасы жоқ, абақтының арғы жағында қалған. Мұндай ауыр жағдайды көтере алмай 14 рет өзіне қол салмақ болған.
Кешегі сотта куәгерлер бүйрегінен айырылған, осы іске кіріп кеткен ерлі-зайыптылар жайлы сот алдында сөз сөйледі. Сот отырысында 27 томдық құжатты прокурор Ринат Саят оқыды. 12-томда екі куәгер қылмыстық топтың құрсауына қалай түскенін және қалай донор тауып отырғандарын айтқан. Прокурор олардың жауабын оқып берді.
«Мен жалдамалы жұмысшымын. Күніне 5-6 мың теңге табамын. Ақшадан қысылғандықтан бір бүйрегімді сатуға бел байладым. Әлеуметтік желіге бүйрегімді сататынымды жазып хабарладым. Маған Тelegram-арнама Нұрбол есімді жігіт бүйрек алатынын жазып хабарласты. Ол мені Алматы қаласына шақырды. Алматы қаласына келген сәтімде Ербол және оның жұбайы күтіп алып, маған қан тобыма сәйкес реципиент іздестіретіндерін айтты», — деп жауап берген куәгер тергеу кезінде.
2023 жылдың тамыз айында Ерболдың (біздің редакциямызға сұхбат берген азамат) жұбайы осы куәгерді Сызғанов ауруханасына апарып, оның бүйрегін сатып алатын азаматпен таныстырады.
«Сызғанов ауруханасында Ернұр есімді дәрігер бізге анализдерге нұсқау беріп, ота жасауы керек болған. Ербол мен жұбайы реципиент екеуміздің бүйрек трансплантология отасын жасауға өз еркімізбен келісім бергеніміз жайлы нотариус құжаттарын рәсімдеп берді», — деді куәгер.
Еске сала кетейік, бұл жалған құжат жасаған нотариус қызметкері алдыңғы сот отырысында жауап берген болатын.
«2023 жылдың қазан айында Ербол және оның жұбайы ота алдында 20 дәрігерден тұратын комиссиядан өтетінімізді айтты. Дәрігерлерге реципиентімді туысым, яғни «бөлем» деп айтуды тапсырды. Комиссия алдынан сәтті өтіп шықтық. Ота 13 қазанға белгіленген болатын. Біз сол күні жолға шықтық, сол кезде бізді полиция қызметкерлері ұстады. Біздің жасағанымыз заңсыз екенін мен сол кезде түсіндім. Мен қатемді мойындап, көрген білгенімді айтып бердім», — деді куәгер.
Куәгердің айтуы бойынша Ерболмен жұбайы Бауыржан есімді азаматқа барлық хабарды жеткізіп, соның нұсқаулығымен жұмыс жасап отырған.
Айта кетейік, Бауыржан осы істе қылмыстық істі ұйымдастырған басты айыпталушы.
Orda.kz тілшісі бұған дейінгі сотқа қатысып, Бауыржанның сот алдында қандай жауап бергенін тыңдады. Ол сот алдында ешкімді танымайтынын айтып, азар да безер болып, тағылған айыппен келіспейтінін ашық мәлімдеді.
«Тергеу барысында менің мәліметтерім өзгергенін білдім. Яғни, туу куәлігімде анамның емес бүйрегімді алушы азаматтың анасының сіңілісінің аты-жөні жазылып тұр. Мен бұл кісіні мүлдем танымаймын», — деп куәгер тергеушіге жауап беріпті.
Осындай жағдайды білген соң заңды сұрақ туады. Сонда Қазақстанда құжатты қалағаныңша өзгертуге болама? Бұған кім жауапты?
Тергеу кезінде сот отырыстарында осындай жалған құжат жасаушылар тек куәгер ретінде келіп жауабын беріп кете береді. Бұл факт бойынша неге іс қозғалмай жатыр? Мұндай сұрақтар оқырманды ғана емес, бізді де мазалайды. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселені жан-жақты зерттейміз.
Бүйрегін беріп, ақшасын толық ала алмаған Арыс азаматы
12-томда осы қылмыстық топтың құрбаны болған Ерболдың сыныптас досы да бар. Ол Ерболдың жанында жүріп мән-жайдың жалпы бұл схема қалай жасалатынын тергеушіге айтып берген.
«Біз Ербол екеуміз бір ауылда, бір мектепте оқығанбыз. Арасында хабарласып сөйлесіп тұратынымыз бар. Ақшадан қысылып, бір күні Ерболға хабарластым. Ол маған ақша жіберіп Алматы қаласына кел деді. Мен қуана-қуана келдім. Мені күтіп алды. Содан кейін Ол әйелінің ауруханада кішігірім ота жасатып жатқанын айтты. Біз соған бардық. Ербол ауруханаға кіріп шықты. Біз ары қарай Жаркент қаласына Ерболдың үйіне бардық. Ол Қытай мен Қазақстан арасында жүк тасымалдап, милиондап табыс табатынын айтты. Мен қызығып жұмыс тауып беруін өтіндім. Ол келісе кетті. Арада бірнеше күн өткен соң жұбайы ауруханадан шықты», — деді куәгер болған Арыс қаласының тумасы.
Ербол досымен бірге ішімдік ішіп отырған кезде досына: «Біреуге ақша керек, біреуге денсаулық керек. Екеуін байланыстырып отырған күнә ма?» деп сұраған.
«Мен Ерболдың жұбайынан қандай ота жасатқанын сұрадым. Ол бүйрегін 7 000 000 ға сатқанын жылап айтты. Мен таңқалып, неге өзі сатпағанын сұрағанымда ол баяғыда сатып жібергенін айтты. Содан кейін маған бүйрек сатып несиелерімді жабу туралы ой келді. Ербол мен жұбайы Бауыржан есімді азамат біздің бастық деп айтты. Барлығын сонымен ақылдасып отырады. Осылайша олар маған менің бүйрегімді сатып алатын адамды іздестіріп тапқандарын айтты», — деп жауап берді куәгер.
Иә, куәгердің оқиғаларының бәрі, яғни бүйрек сатқан азаматтар мен азаматшалар дәл осы схемамен заңсыз әрекеттерін іске асырып отырғанын айтты.
Куәгердің айтуы бойынша Ерболдың жанында одан басқа 4 азамат болған. Олар ота жасалғанша Жаркент қаласында бірігіп пәтер жалдап тұрған.
«Ота жасалды. Біз 7 000 000 теңгеге келіскенбіз. Ербол маған бөліп-бөліп бар-жоғы 5 500 000 берді. Қалған 1 500 000 қарыз болды. Мен ақшамды алып, Арыс қаласына қайттым. Ақшамды алу үшін хабарласып отырдық. Тағы бір айтарым, отадан кейін Ербол мен жұбайы нөмірімізді ауыстырып, бүйрегімді алған адаммен (реципиентпен) хабарласпай, араласпай кетуімді сұрады. Мен дәл солай жасадым. Ерболдың жұбайы әлеуметтік желіден донор тауып отырады. Сосын екеуі бірге барып кезекті келіссөздер жасайды. Ербол маған әлі ақшамды қайтармады», — деп жауап беріпті Ерболдың досы.
Ал басты айыпталушы Бауыржанның анасының сөзіне қарасақ, уақытша ұстау изоляторында полиция қызметкерлері айыпталушыға дәрі-дәрмегенін бермеген соң, жағдайы нашарлаған. Өз бауырының бүйрегін салған Бауыржанның ағзасы «жаңа» бүйректі қабылдамай ауруханаға түскен. Осыған байланысты сараптама сұрады. Сот барысында Бауыржанның қорғаушысы оған жасалған сараптама қортындысын оқыды. Сараптаманы экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Шерзат Полаттың істерінде атағы шыққан сот сарапшысы Тахир Халимназаров жасады.
2023 жылғы 15 қазаннан 20 қазанға дейін Қонаев қаласының уақытша ұстау изоляторында отырған кезде дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдамауына байланысты денсаулығы нашарлады. Қажетті дәрілер қамауға алынған кезде тәркіленген болатын. Соның салдарынан нефроз процесі басталып, бүйректі ағза кері қайтарып, оны Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері жеткізді. Ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. 2023 жылғы 9 қарашада ол А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығына ауыстырылды және 2023 жылғы 1 желтоқсанда мынадай диагнозбен шығарылды:
«Трансплантталған бүйректің өлі еттенуі және кері қайтарылуы. Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) — Т G3a A2. ЕРІ бойынша СКФ 52,4 мл/мин. 2023 жылғы қазанда басталған ағзаға бүйрек жетіспеуі. Бүйрек жетіспегеннен пайда болатын гипертониялық ауру. Артериялық гипертензия 3-ші дәрежелі, жоғары қауіп. Иммуносупрессивті терапиядан туындаған алғаш анықталған орташа ауырлықтағы қант диабеті. HbA1c мақсатты деңгейі — 7,0%. Екінші реттік гормон-индуцирленген Кушинг синдромы. Дисциркуляторлы энцефалопатия. Цереброастения».
37 адамның есімі аталғанына қарамай, 6 адам ғана сотталып жатыр
25-томда Бауыржан мен Ерболды беттестірген кезде тергеуші былай деп сұрақ қояды: «Orda.kz сайтына шыққан мақала жайлы не айтасыз?».
Ал беттестіру кезінде Ербол қорлық көргенін растап, дәлелі болмағандықтан арызданбайтынын айтқан.
Ербол осы істе барлығы 37 адамды атағанын, нотариус қызметкерлері, хирургтар және күдіктілердің айналасында жүргендердің бәрін айтып бергенін ашық мәлімдеген болатын.
Бір қызығы, қылмыстық топ анықталған іске қатысты қазір жүріп жатқан сотта айыпталушылардың жалпы саны — 6. Басты айыпталушы Бауыржан: «Ерболды ешқашан көмегенмін және танымаймын» деп қысқа жауап берді. Бұған дейін Наурызбай аудандық сотында 19 мамыр күні Ербол басты күдікті болып отырған Бауыржанның Түркияға бүйрек сатуға үш донор апарғанын мәлімдеген еді. Егер сот Бауржанды кінәлі деп таныса, оған 10 жыл бас бостандығынан айырады.
Осылайша 27 томды прокурор Ринат Саят оқып бітті. Судья Майшынов келесі сот отырысына онлайн қатысып отырған айыпталушылардың бәріне келуді міндеттеп, үкім шығарды. Алдағы сот отырысында жарыссөз болады.
Еске сала кетсек, бұған дейінгі сот отырысында ағза сататын бір емес, тағы екі ұйымның бар екені белгілі болды.
Жаңалықтар
- Ұлттық қорғаныс университетінің полковнигі әйел зорлады деп күдікке ілінді
- Қапшағайда әйелдің қазасынан кейін айтылған сынға әкімдіктегілер үн қатты
- Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот отырысы жартылай жабық өтеді
- Жезқазғанда ойын алаңын өртегендердің кім екені белгілі болды
- Алматыда 13 адамның мүрдесі шыққан хостелге қатысты сот үкімі шықты
- «Жабық ел»: Украиналық телеарна Түркіменстан билігінің ашуына тиді
- Ақмола облысында сот «жала жапқан» әйелді ақтады
- Перизат Қайратқа қатысты сот басталды
- ІІМ алаяқтардың айласына түскен журналист Кәкен Қамзин туралы түсініктеме берді
- Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады
- Медициналық колледждерге түсу ережесі өзгерді
- Сауд Арабиясында қазақстандық пауэрлифтингтен Азия жүлдегері ұсталды
- Шымкентте жастар театрының басшысы сыбайластарымен бірігіп қомақты қаражат жымқырды
- Талибан басшылары әйелдердің құқығын таптағаны үшін қамауға алынады
- Бақыт Қажыбаев Қытайдағы халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанды
- Тәуелсіз «Орда» басылымын рейдерлік жолмен тартып алмақ: Басылымды неге түртпектейді?
- Ақтөбеде демалыс орталығында жарақат алған 9 жастағы қыздың анасы көмек сұрады
- Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа тарифтеріне қатысты мәлімдеме жасады
- 2021 жылдан бері Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызылып жатыр. Соның қаншасы шынымен орманға айналады?
- ҰҚК құрамына енген Антикор тізгінін жаңа басшы ұстады