Еститін үкіметке: Аралтұздағы жұмыссыздық және қарапайым жұмысшының көрген теперіші

cover Коллаж: Orda.kz

Orda.kz редакциясына Аралдағы мәселелерді көтеріп жүрген белсенділердің бірі Жомарт Қартбайұлы жүгініп, Аралдың экологиялық мәселелерімен қатар Арал тұрғындарының әлеуметтік қиындықтары жайлы айтты. Редакция тілшілері сол Аралға өз аяғымен барып, ауыл-ауылдарды аралап, бірнеше күн бойы халықтың жағдайын өз көзімен көріп, білді. 

Арал өңірі... Бір кезде Қазақстанда тұз өндіріп аты шыққан аймақ бүгінде жұмыссыздық, әділетсіздік пен экологиялық апат жайлаған мекенге айналған. Бұл жолы біз Аралтұз зауытында еңбек еткен, алайда заңсыз жұмыстан шығып қалып, өз құқығын қорғап жүрген Алдажар есімді азаматпен тілдестік.

Ол Orda.kz редакциясына зауытта көрген әділетсіздіктері жайлы шындықты жайып салды. 

 

 «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар»

Алдажар 33 жыл бойы осы қалада тұрып келеді. Мұнай-газ факультетін тәмамдап, беделді мұнай компанияларында жұмыс істеген. Алайда ата-анасының денсаулығына байланысты туған жеріне қайтуға мәжбүр болған:

«Мен мұнай-газ факультетін бітірдім. Кейін мұнайшы болып жұмыс істедім. Бірақ ата-анам аурып қалды. Қант диабетіне шалдықты. Маған жалғыз ұл болғандықтан ауылға қайтудан басқа амал қалмады. Осы жерге оралып, «АРАЛ-ТУЗ» атты мекемеге жұмысқа тұрдым», — деді Алдажар.

Зауыттағы еңбек жолы және әділетсіз басшылықтың жұмыстан заңсыз шығаруы

2022 жылы Аралтұзда қарапайым шебер болып жұмысын бастаған Алдажар үш жыл ішінде цех басшысына дейін көтерілді. Бірақ отбасындағы жағдайына байланысты Астанаға барып-келуіне тура келгенде, ол аяқ асты қысым мен заңсыз әрекеттерге тап болғанын айтты. Оның сөзінше, өтінішін бұрмалап, заңсыз жұмыстан шығарып жіберген. Оның айтуынша, бәрі отбасындағы жағдайға байланысты заңды демалысты сұраған соң басталған.

«Мен Аралтұзда адал жұмыс істедім. Әйелім аяқ асты ауырып қалып, біз Астанаға баруға мәжбүр болдық. Уақытша отырған зауыт басшысы менің өтінішімді үстелден алып, басшыға апарып берді. Бастық бәрі дұрыс деді. «1 шілдеде жұмысқа шығасыз» деп нақты айтты», — деді ол.

Содан Алдажар жоқ кезде оның өтінішін алмай, орнына басқа қызметкер жалған өтініш жазып берген. Оның сөзіне қарасақ, сол қызметкерге өз еркінен тыс жазғызып, өтініште бір күнді қысқартып көрсеткен. Басшылық осыны себеп қылып, ақыры Алдажарды заңсыз жұмыстан шығарып жібереді. Кәсіподақ жиналысы да болмаған.

«Астанада жүргенде маған хабар жетті: «Сіздің демалысқа жазған өтінішіңіз дұрыс емес, өз қолыңызбен жазылмаған» деп. 2024 жылдың 30 маусымында қайтып келіп, өтінішімді сұрадым. Қарасам, жазуы менікі емес. Мен сегіз күн демалыс сұрадым. Ал олар жеті күн деп жазып, бір күнді қысқартып тастаған. Осыны сылтау етіп, мені жұмыстан шығарды. 8, 13 және 16-бап бойынша шығарамыз деді. Мен оларға: «Бұл заңсыз. Кәсіподақ жиналысы болған жоқ. Мен сіздермен соттасамын» дедім».

Осылайша заңсыз жұмыстан шығарылған Алдажар өз құқығын қорғау жолындағы кедергілерді ашық айтты:

«Басшылықтың сөзі есімде. Зауыт директоры Серік Қадыкешев: «Сіз бара беріңіз, жаза беріңіз. Бәрібір ешкім Аралтұзды жеңіп көрген жоқ, бізді ешкім жеңе алмайды» деді. Дәл осылай айтты. Сонда мен: «Жақсы, соңына дейін барайық» дедім. Өз өтінішімді сұрап алдым да, орнымда қалған цех бастығына: «Бұл өтінішті кім жазды?» деп сұрадым. Ол: «Мен жаздым. Мені солай жазуға мәжбүр етті. Басқа амалым болмады» деді. Ал менің жазған шын өтінішімді жыртып, лақтырып тастапты».

Алдажар өз құқығын қорғау жолында еңбек инспекциясына да, сотқа да жүгінуге мәжбүр болғанын айтады.

Инспекция тексерісі заң бұзушылықтарды анықтап, екі бап бойынша жұмыстан шығару негізсіз деп тапқан.

Сот шешімін орындамаған Аралтұз

Ақыры сот шешімі шықты, бірақ зауыт оны орындамады.

«Инспекция шешімін шығарды. Маған ресми хабарлама да келді. Екі бапты алып тастады. Тек үш сағаттық жұмыс орнын тастап кету бабы қалды. Оны сотта шешу керек деді. Яғни, мені заңсыз жұмыстан шығарғанын мойындады. Ешқандай дәлел де, факт те болмаған», — деді Алдажар.

Алдажар Алматыдан адвокат жалдап, сотқа арыз берген. 2024 жылдың 5 желтоқсанында сот оның пайдасына шешім шығарды:

«Сот менің құқығымды қорғады. Бірақ мен адвокаттың шығыны үшін 500 мың теңге төлеуге мәжбүр болдым. Сот шешімін қолыма алған соң, екі сот орындаушысымен зауытқа бардым. Олар мені бұрынғы цех бастығы қызметіне қайта алуы керек еді», — деді Алдажар.

Сот шешімін бұрмалау және Аралтұздың «қитұрқылығы»

Алдажар тілшілерімізге соттың шешімі шыққан соң да, өзінің бұрынғы лауазымына оралу үшін тап болған кедергілері жайлы айтып берді.

«10 желтоқсанда екі сот орындаушысымен зауытқа бардық. Олар бізге: «Цех бастығының лауазымын бере алмаймыз, тек жұмысшы боласыз» деді. Яғни, олар сот шешімін орындаудан бас тартты. Біз: «Тағы да сотқа жүгінеміз» дедік. Сол кезде: «Күте тұрыңыздар, шешеміз» деп уәде берді. 11 желтоқсанда мені қайтадан цех бастығы лауазымына қабылдады», — деді Алдажар.

Алдажардың айтуынша, осыдан кейін болған апелляциялық сот әділ шешім шығарған жоқ. Ол амалсыздан Конституциялық сотқа дейін шағымдануға мәжбүр болды:

«Мен Президентке де, Жоғарғы сот төрағасына да үндеу жасадым. Әділ шешім болар деп үміттендім», – дейді ол.
2025 жылдың 10 ақпанында Аралтұз алдыңғы сот шешімін жою туралы арыз берді.

19 ақпандағы сот отырысына еңбек инспекциясының инспекторы, Аралтұздың заңгері, прокурор, судья және Алдажардың адвокаты қатысты. 

«Сотты Светлана Жұмұлтаева жүргізді. Ол менің сөзімді тыңдаған жоқ. Бір сұрақтан екіншісіне секірді. Еңбек инспекциясының инспекторының сөзін де елеусіз қалдырды. Сот шешімі Аралтұздың пайдасына шықты. Бұрынғы лауазымым қайтарылмады, әрі Аралтұз маған төлеуге мәжбүр болған 500 мың теңгені қайтаруым керек деген шешім қабылданды», – деді Алдажар.

Осыдан кейін ол Президентке бейнеүндеу жасады. Апелляция қағазын алуға барғанда, құжатта қате болған.

Аралтұздағы еңбек жағдайы және үнсіз тарыққан жұмысшылар

Алдажар зауыттағы жағдайды ашық сипаттап берді:

  •  Асхана жоқ, жұмысшылар тамақты үйден тасиды;
  • Тамақты жылытуға пеш, суытатын тоңазытқыш жоқ еді. Оны өзі орнаттырғанын айтты;
  •  Қызметкерлер аяқ киім ауыстырмай, санитарлық талап бұзылады;
  •  Зиянды өндірісте істеген соң арнайы берілетін сүт, айран секілді өнімдер қарастырылмаған;
  •  Зейнетақы қорына 9 ай бойы ақша аударылмаған.
«Адамдар үнсіз, себебі қорқады. Өз отбасын асырау керек, студент балалары бар, несие төлеп отыр. Сондықтан бәрі үндемейді. Шынын айтқанда, адамдарға жасалған жағдай өте төмен. Жалақы да аз. 160 мың теңге. Мен 195 мың теңге алдым, ал басқа цех бастықтары басқаша алатын. Иә, мен 195 мың теңге алатынмын, бірақ ақша туралы ешқашан дау көтерген емеспін. «Шүкір, ақша алып жүрмін ғой» деп, үндемей жүре беретінмін. Ақша туралы ешқашан сөз қозғамадым.  Тағы бір мәселе — зейнетақы қоры Ақша зейнетақы қорына түспеген. Мысалы, 9 ай бойы мүлде түспеді. Мен бірнеше рет арыз жаздым, шағымдандым: «Неге қызметкерлердің зейнетақы қорына аударым жасалмай жатыр?» деп. Тарих бойынша зейнетақы қорына ақша бірден түсуі керек. Бірақ әлі күнге дейін адамдардың зейнетақы қорынп ақша түскен жоқ», — деді Алдажар.

Алдажар зейнетақы коры туралы шағым жазған соң, оған наурыз айында 107 мың теңге түскен.

«Тағы бір үлкен мәселе – қызметкерлердің құқықтары қорғалмайды. Егер біреу өз ойын айтқысы келсе, оны бірден жұмыстан шығарып жібереді. Сондықтан бәрі қорқады. Өйткені, әркім өз отбасын асырап отыр, студенттерді асырап отыр. Несие төлейді... Сондықтан бәрі үндемей жүр. Адамдар көңіл-күйсіз жұмыс істейді. Жұмысқа қуанып бармайды. Бәрінің қабағы түскен, тек жұмыстан шыққанда ғана бір жеңілдеп қалады. «Міне, тағы бір жұмыс күні бітті» деп... Соған ғана қуанады», — деді Алдажар.

Экология және өндірістің зиянды технологиясы

Зауытта тұз өндірудің бұрынғы экологияға зияны аз, тиімді технологиясы жойылып, экскаваторлар қолданылып жатыр.

«Экскаватор тұзды тамырымен бірге жұлып алады. Бұл тұз қайта өспейді, экология бұзылады. Тұздың өзінің «көлі» бар. Бұл көл — тұзды көл, тұзға арналған арнайы комбайн бар. Бұл тұз комбайны рельстермен жүріп, өзінің фрезерімен тұзды қазады, плац арқылы. Бұл плац тұздың 50 сантиметрін алады. Қалған тұз орнында қалуы керек. Бұл комбайн кеңес заманында тұзды осылай қазатын. Себебі бұл тұз кейін өсуі керек. Ол өсуі үшін, тамыр қалуы қажет. Сол себепті кеңес дәуірінде осы комбайн қолданылған».

Алдажардың айтқанына көз жеткізу үшін Orda.kz тілшілері тұз қазып алатын жерге барды. Тілшілер экскаватормен жұмыс істеп жатқанын өз көздерімен көрді.

«Қазір бұл комбайнды алып тастап, бәрін экскаватормен қазып жатыр. Экскаватор қазғанда тұзды тамырымен бірге жұлып алады. Ал содан кейін бұл тұз өспейді. Біз экологияны бұзып жатырмыз. Бұл — адамның наны ғой. Ал комбайн болса, ол үнемі жұмыс істеп тұрады. Экологияға зиян келтірмейді. Оның өзінің плацы бар, өзінің фрезері бар. Ол өз плацын алады, тамырға тимейді. Мұның бәрі компьютер арқылы көрініп тұрады. Ал экскаваторда ондай жоқ. Экскаватор жай ғана қазады да, тұзды тамырмен бірге алып кетеді. Аралтұз экскаватормен қазып тұзды жерге үлкен зиянын тигізіп жатыр», — дейді Алдажар.

Алдажардың айтуы бойынша бәрі қазір экскаватормен қазып жатыр. Экскаваторлардың бәрі — жекеменшік ИП-ларға тиесілі. Бүкіл жүйе соларға берілген. Олар тұзды жүйесіз, тәртіпсіз қазып жатыр. Қазғандарын КАМАЗ-дарға тиеп әкетеді. Ал ол КАМАЗ-дар да жеке ИП-ларға тиесілі екенін атап өтті.

Бәрі жеке кәсіпкерлердің қолына өткен. Ондағы мақсаттары – жұмысшы санын азайту, шығынды қысқарту.

 Жұмыссыздық пен әлеуметтік тығырық

Алдажар 12 айдан бері жұмыссыз жүр. Оның айтуынша, танысың болмаса, жұмысқа тұру мүмкін емес:

«Қанша түйіндеме жазсам да, ешкім шақырмады. Орын бар, бірақ шақырған ешкім жоқ. Ата-анам бұл жерден кеткісі келмейді. Бұл олардың туған жері, туыстары осында. Мен де осында қаламын. Ата-анама қарауым керек», — деді Алдажар.

Orda.kz тілшілері ақпарат бейтарап болу үшін Аралтұз компаниясына пікір алу үшін барған еді. Бірақ тілшілерді күзетші: «бастықтар жоқ» деп кері қайтарды. Содан араға бір күн салып Аралтұз компаниясының өкілдері хабарласып: «сұхбат бермейміз» деп айтты.

Осылайша Orda.kz тілшілері үміт пен күдіктің арасында өз құқығын қорғау үшін барын салған, табан ет маңдай терімен еңбек еткен, қарапайым жұмысшының мұңын тыңдап қайтты. Ең сорақысы бұл бір адамның басындағы жағдай емес. Аралдағы экологиялық апат бүтін бір Орта Азияға қауіпті. Сондай қауіпті жерде адал еңбек етіп, нанын тауып жүрген халықты әділетсіздік буып тұрғандай көрінеді. Себебі таныссыз жұмыс табу қиын. Ал жұмыста адал болып, ешкімнің ала жібін аттамасаң да, саған қиянат істейтіндер шығуы мүмкін.

Қадірлі оқырман, сіздерге осы бір адамның өмірін көрсету арқылы әлеуметтік тығырық пен жұмыссыздық жайлаған осы бір мекендегі халықтың жағдайына назар аудартқымыз келді. Қазіргі азық-түліктің қымбат екенін ескерсек, олардың үнсіз шыдап, тауып жүрген айлығын қалай жеткізіп жүргенін өзіңіз де іштей ұққан шығарсыз. Егер «еститін үкімет» расымен бар болса, осы жағдайды бірінші болып еститін шығар.

Алдағы уақытта Orda.kz редакциясы жалпы Арал теңізінің жағдайы, сонымен қатар Арал әкімдігінің қандай жалған мәлімет бергені жайлы және Аралтұз компаниясының қызметкерлері туралы материалдар жариялайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар