«Намаз оқымаса, сабайды»: Атажұрттан жырақтаған ауған қазақтары

cover Коллаж Orda.kz

Ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолы соғыс, ашаршылық және жаугершілік замандарымен қиын болды. Оның ең ауыр кезеңдері — ашаршылық пен репрессия. Елдің қамын ойлап, атқа мінген көптеген азамат атылып кетті. Қысымға шыдамай, бодандықты қабылдамай, көптеген қазақтар көшіп, босып кетті. Сол кеткен қазақтардың біразы Ауғанстанға табан тіреді. Ендігі ұрпақтары қал-қадірінше дәстүрін, тілін сақтап, болмысын жоғалтпауға тырысып жатыр. Олардың көбі енді елге оралғысы келеді. 

Тамыз айында «Ауғанстан қазақтарының мәдени қоғамы» атты қоғамдық ұйымның ресми тіркеуден өтті. Orda.kz ауған қазақтарына хабарласып хал-жағдайын сұрастырды.

Мазар-Шариф қаласының маңы, Ауғанстандағы қазақтардың біразы тұратын жер

 Тәліптер билікке келген соң, ондағы қатаң түзімді біз онысызда естіп, біліп отырмыз. Жақында БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында осы елдердің сыртқы істер министрлері ауған әйелдеріне салынған қатаң шектеулерді айыптап, тәліптерді халықаралық құқық талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тарту жоспарын жариялады. Ал елдегі жоқшылық жұртты тарықтырып отыр. БҰҰ деректеріне сүйенсек, 25 миллион, яғни елдің тең жартысы жоқшылық пен аштықта қиналып жатыр. Сол миллиондардың арасында біздің қандас бауырларымыз бар. Ауған, парсы, өзбек тілдерінде сөйлегенімен, жергілікті қазақтар өз тілдерін ұмытпапты. Тілшіміз олармен қазақша еркін тілдесті.

«Өгей»

Әйелдер көзге түспейді, білім алмайды. Ер адамдар сақал қойып, намаз оқуы керек. Ондай болмаған жағдайда жазаланады. Жастары негізінен білім алмайды. Құран оқиды. Мұндай қатаң жүйедегі елде ұлттық мәдени орталық ашудың өзі таң қаларлық жағдай шығар. Адам құқықтарын қорғайтын түрлі ұйымдар дабыл қағып жатқанда, біздің де Ауғанстанда қандастарымыз бар екенін ескергеніміз абзал. Ауған билігі басқа ұлт болған соң, басынан сипамайтыны анық.

Мұхаммед Садық, Оймауыт руынан

«Ауғанстан қазақтарының мәдени қоғамы» атты ұйымның төрағасы Қажы Асад Оймауытпен сөйлестік. Ол өз руы мен шежіресі жайлы баяндады.

«Менің атым қажы Асад Оймауыт. Тегімді Оймауыт деймін. Руымның атын тегіме жаздым. Атамның аты негізі Халықберді. Бірақ мені жұрт Оймауыт деп таниды. Әкемнің аты Әмірмұхаммед. Одан үлкен атамның аты Әулиеқұл. Ол кісі Шаяндыда өткен. Одан үлкен атамның аты Нұрәлі. Нұрәлінің әкесінің аты Барадбақал. Одан соң Құрбанмұрат, Назаршал, Есқуат, Дәулет, Көккөз деп кете береді. Аталарымнан естіген әңгіме бар. Осы Көккөз деген атамыз Темучинге Шыңғыс хан деп атақ берген деседі. Қариялардан сондай әңгіме естіп өстік. Көккөзден соң Мыңликичәке (мыңата), Көкәмір, Оймауыт ата. Оймауыттан Жаныс, одан Ұлы жүздің Дулат руы. Мен өзім он баланың ең кенжесі боламын. Ауғанстанда төрт түрлі оймауыттар бар. Олар: Көктырман оймауыттар, сары оймауыттар, көкәмір оймауыттар, бестұқым оймауыттар. Біздер көкәмір оймауыттарға жатамыз. Оймауыт руының Жаныс атамыздан төрт бала қалған. Жарқұшақ, Албан, Суан, Дулат. Жақұшақтың азан шақырып қойған аты — Тілеуберді. Бәйдібек бабамыздың 3 әйелі болған. Үшінші әйелі Домалақ ана. Біз сол үшінші әйелінен тарадық. Бәйдібек бабамыз Қараша бидің баласы болады. Қараша би Айдарәлінің баласы болады. Айдарәлі Ақсақал бидің баласы болады. Ақсақал Абақ бидің баласы болады. Абақ би Үйсін бидің баласы болады. Үйсін, Бақтияр би, Майқы би, Түбәй би, Кәйкібек, Ыбырайым, Ақарыс деп барады. Ақарыс қазақ атаның үш баласының бірі. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Үш жүздің үш ұлының бірі Ақарыстан тараймыз. Біз сол ұлы жүз, дулат, оймауыт боламыз», — деді Қажы Асад Оймауыт.
Қажы Асад Оймауыт

 Ол өзінің отбасы, балалары бар екенін айтты. Бір қызы бар екен,  ол қазіргі кезде оның білім алуын тоқтатқанын баяндады. Оның айтуынша тәліптер қыз балалардың білім алуына шек қойған.

«Менің отбасым, бала-шағам бар. Бір қызым, екі ұлым бар. Қызым 12 жаста, ұлдарымның бірі 16, екіншісі 14 жаста. Әкем 5-6 жыл бұрын қайтыс болды. Қарт анам төсек тартып жатыр. Тамағын өзіміз береміз. Қыз балам 6-сыныпта оқып жүрген. 7-сыныпқа барғанда тәліптер мектепті жауып тастады. Сол себептен оқи алмай жатыр. Өзім оқығанмын, білімім бар. Әйелім 6-сыныптан соң оқи алмады. Қазір ол үй бикесі», — деді Қажы Асад Оймауыт.

Асад мырзаның өз туыстарынан Мазар-Шарифте 34-36-дай отбасы бар. Оның сөзінше ол жақта 3000-дай отбасы бар. Көбі негізінен сол баяғыдай киіз үйде тұрады, өрмек тоқып, киіз басады. Сабасы бар. Асад мырзаның айтуынша, олар саба болмай жатқанда тұлыпқа құрт жасайды. Сары май алып, баяғы қазақтың тұрмыс тіршілігін сақтап отыр. Ол жақта қазір киіз үй жасайтын шебер жоқ. Ал қазіргі киіз үйдің бәрін бабалары сол 100-150 жылдың алдында көш кезінде қазақстаннан өздерімен бірге алып келген. Жергілікті қазақтар оны көзінің қарашығындай сақтап отыр.

Ауғанстандағы оймауыттардың киіз үйі

 Көріп отырғандарыңыздай шөлде, қуаңшылықта отыр. Олар күннен қуат алатын тақтайшаларды қолданып, жарық пен энергия көзін содан алады. 

«Қай жерде тұрса да, қазақ екенін білуі керек»

Асад мырзаның айтуынша мәдени орталық құруда қиындық өте көп болыпты. Орталықтың мақсаты аз ғана ұлт өзінің кім екенін ұмытып кетпеу үшін, түрлі шаралар ұйымдастырып, елге оралғысы келетіндер болса, қолдан келгенше көмектесу екенін баяндады.

«Ауғанстан билігі мәдени орталық ашуға жол бермейтін еді. Мен Кабулға барып келіп, қазақ бар екенін көрсетіп, сыртқы істер министрлігіне жолығып, құжатқа мөр бастырып алдым. Осында мәдени орталыққа қазақтығымызды дәлелдеген соң, мәдени орталық ашуға рұқсат алдық. Сондай-ақ Кабулдағы Қазақстан елшілігіне хат жолдағанбыз. Қоңырау шаламыз деп нөмірімізді алған. Әлі хабарласпады. Қазақтың өз мәдениеті бар. Киіз үйде тұрып, жылқы бағып, уық бауын түзеп, киіз басып, кілем тоқып өз халінше дәстүрін сақтаған аз ғана қазақ бар. Бұл мәдени орталықты осы жердегі қазақтардың мәдениеті жоғалмасын деп құрдық. Мұнда қыпшақтар, қаңлылар да бар. Бәрі өз руын біледі. Алайда кейінгі ұрпақ өз руын ұмытпасын деп, қай елдің қатарында болса соған қосылып, ұлтын ұмытып кетпесін деп тырысып жатырмыз. Қазақтарды бауырымызға тарту, сол қандасты тауып, өз мәдениетін ұмыттырмай елге келем десе жәрдем берсек деген ниетіміз бар. Қай жерде тұрса да ұлтымыз қазақ деген елім бар, қазақ деген жұртым бар деп олар білуі керек», — деді Қажы Асад Оймауыт


Сондай-ақ мәдени орталықтың  Facebook парақшасында ісмер  әйелдер жайлы бейнезжазба жарияланды.

#Ауған_казактарының_дәлелі

Posted by ‎کانون فرهنگی قزاق های افغانستان ‎ on Thursday, October 3, 2024

«Екі ел арасы жақсарып келеді»

Қазақтардың көбі таулы жерде тұратыны, шөл мен қуаңшылықта тіршілік етіп жүр. Асад мырза Қазақстан мен Ауғанстанның арасы жақсарғанын, елден Ауғанстанға ұн, бидай, дәнді дақылдар келетінін айтты. 

«Бізге өз елмізден, мысалы Отандастар қорынан, т.б. сол секілді қорлардан көмек болмаса, бұл жерден бізге еш көмек жоқ. Алда түрлі іс-шара жасайтын жоспарларымыз бар. Қазір Ауғанстан билігі мен Қазақстан билігінде жақсы байланыс бар. Бір жақсылық бар. Бұл жерде құрғақшылық болып, қиындық көп болып жатыр. Соған Қазақстаннан ұн келіп жатыр. Арпа, бидай келетіні секілді екі елдегі байланыс көп. Курс ашып ана тілін ұмыта бастағандарға қазақ тілін үйретсек деп отырмыз. Бізге ешкім көмектеспеді. Мен өз қалтамнан шығарып, осы мәдени орталықты құрып отырмын», — деді Қажы Асад Оймауыт.

Ол ауған қазақтарының жағдайы нашар екенін айтты. 

«Ауғанстандағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы нашар. Тауда отырғаны бар, шаһарда отырғаны бар. Әйелдер қазір шыға алмайды. Үйде отырады. Жақсы оқығандары күнде жұмысқа шығады бірақ мардымсыз ақша табады. Күнде жұмысқа шығып тауып тұрмаса, аштан өледі. Жақсы оқығандардың өзі түнде жүк тасып, тамақ тауып отырады. Тауда отырғандар жылқысы бар, аз-маз қойы бар, тіршілік етіп, өздерінше күн көріп жатыр. Олар сол мал бағады. Шаһардағыларға қарағанда оларда бидай, дақылдар бар жақсы еді. Бірақ мына құрғақшылық болғалы, олардың да жағдайы қиындап кетті. Қойлары азайып қалды. Қыз балаларға қазір мектепті жауып тастады. Ұл балалар оқып жатыр. Менің әкем қазақстанға баруды армандап кетті. Елге барғымыз келеді. Қазір Ауғанстанның елі отанымызға қайтамыз деп ұмтылып жатыр. Елшілік жол ашпай жатыр. Барғандарға қазақ емессің деп айтып жатыр. Осы мәселелерді шешсек деген ойымыз бар. Мұндағы қазақтар атамекенге жол ашылса, бір күн тұратын ойлары жоқ», — деді Қажы Асад Оймауыт.

Есі басқа ел болмас

Тілшімізбен әңгімелесіп отырып, Асад мырза бір мақал айтты. «Есі басқа ел болмас, өкпе-бауыр ет болмас». Оның сөзінше қазақтар сол жердегі халыққа әлі сіңісе қоймады.

Асад мырза бабалардан қалған ерді көрсетіп жатыр
«Осы Ауғанстанға бабаларының келгеніне 150-130 жыл болған қазақтар бар. Кейінгілері 90-70 жыл бұрын келген. Сонша уақыт болса да, олар ауған еліне қосылып, ел болып кетпеді. Қазақта бір мақал бар. «Есі басқа ел болмас, өкпе-бауыр ет болмас» деген. Сол себебі өз елімізге оралғымыз келеді. Тәліптер келгелі жылқыны сойып жеуге болмайды. Қазір ондай жоқ. Ауған қазақтарының арасында өзбектермен, парсылармен қан араласқан отбасылар бар. Тілін ұмытып өзбектерге сіңіп кеткен отбасылар бар. Қыз таба алмай аз ғана қазақ болған соң, өзбектен қыз алғандар болған. Ауылдарда 15 жылдай бұрын жеті атаға дейін қыз алмай келді. Қазірге дейін Оймауыттар осы жолды сақтап келеді. Ауғанстанға қазақтар 3 толқынмен келді. Бірінде 1750 жылдары жоңғар жапқыншылығы кезінде жалайыр, қыпшақ, қоңырат, найман, қаңлы, оймауыттар рулары келді. Ауғанстанның солтүстігінде айбек, ноғай сияқты рулар бар. Бұл баяғыда келгендер. Орыстар Кенесары ханды жеңгеннен кейін, 1847 жылдары қазақтар Ауғанстанға келе бастады. Бұл қазақтар кіші жүзден еді. Әлімұлы, шөмекей т.б. рулары. Кейінгі ашаршылық жылдары, яғни 1930 жылдарға дейін көш тоқтамады. Сол жылдары өздерімен әкелген киіз үйлері әлі бар. Соны әлі баспана етіп отыр. Келген кезде ауғандар, өзбектер қарсы алып, көмектесіп, бауырына басты. Дегенмен, шұрайлы, суы мол жерлерді қазақтарға бермеді. Қазір көбі құмды, шөлейт жерлерде, құрғақшылықта отыр», — деді Қажы Асад Оймауыт.

«Намаз оқымаса, ұрады»

Бізбен тілдескен Мазар-Шариф қаласының тұрғыны Шер Мұхаммед мырза Қазақстанға келгісі келетінін айтты.

«Мен 32 жастамын. 1929 жылы ашаршылық кезінде бабаларымыз осы Ауғанстанға келген. Олардың туған жері Қызылорда деген жер. Руым Қоңырат, соның ішінде божбан деген елден. Екі балам, әйелім, қарт анам бар. Балаларым мектеп оқымайды. Қазақша аздап сөйлейміз. Ата-бабамыздың жері Қазақстан екенін мойындаймыз. Қазақстанға оралғымыз келеді. Егер орайы келсе, отанымызға оралғымыз келеді» — деді Шер Мұхаммед.
Шер Мұхаммед балаларымен бірге

Ол Ауғанстанда қазақ болу қиын екенін айтты. Қазақтар аз болған соң, басынатынын, мүлкін тартып алып, болмаса бермей қойып озбырлық көрсететінін айтты.

«Намаз оқымаса, сақал қоймаса ұрады. Домбыра шертуге ешкімге рұқсат жоқ » — деді Шер Мұхаммед.

Алты жыл бұрын Шер Мұхаммед тірнектеп ақша жинап, жер алған көрінеді. Алайда алты жылдан бері ақшасын алып, жерін бермей отырғанын баяндады.

«Ауғанстанда қазақ ұлты болған соң өмір сүру өте қиын. Қазақтар аз. Мен көп ақшаға жер алған едім. Алты жыл болды. Ақшамды алып, озбырлық көрсетіп жерімді бермей отыр. Құзырлы органдарға барып арыз жазсам да, менің құқығымды қорғамайды. Қазақтарға мұнда қиыншылық өте көп. Өте көп қиыншылық көрдім. Қандай жағдай болса да, бұл жерде қазақтардың өз жері, мүлкі болмайды. Шүкір, қазақпын. Бірақ қазақ болғаным үшін осындай қиындықтарға тап болдым. Ауғанстанда қазақ болу өте қиын. Жергілікті ел бізге жақсы қарамайды. Ауғанстанда көп ұлт бар. Соның ең азы — қазақ ұлты», — деді Шер Мұхаммед.

Шер Мұхаммед Ауғанстандағы «Ауғанстан қазақтарынын мәдени қоғамы» ұйымында орынбасар болып қызмет ететінін айтты.

Ұйым бұл жаңалықты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Ауғанстандағы елшілігіне хабарлаған екен.

  

Шеттегі қазақты мына ұлан-ғайыр даламызға, атамекеніне біз шақырмасақ, оларға құшақ жаятын басқа ұлт жоқ екені бәріне түсінікті шығар. Жат елде өгей болған қандастардың жағдайы осындай. Олардың әлі ассимиляцияға ұшырай қоймағанын ескерсек, елге келіп алса, санасы, көзқарасы өзгеріп, жергілікті халыққа сіңіп кетуі мүмкін. Өздері өзгермеген күннің өзінде қазақ балалары мектепке барып, білім алып, осы елдің бір азаматы болар еді.

ВВС Ауғанстандағы 15 жасар қыздың сотта ажырасуға қол жеткізіп, жеңгені жайлы ақпарат шығарған болатын. Алайда тәліптер билікке келген соң, күйеуі некені қайта заңдастыру жайлы арыз беріп, жеңіске жетті. Ауғанстанның билігіне келгеніне 3 жыл тәліптер осылайша кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды некеден қорғайтын заңды өзгертіп жатыр.

Orda.kz осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігіне арнайы сауал жолдаған болатын. ҚР СІМ Ауғанстандағы этникалық қазақтардың саны туралы нақты ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі этникалық қазақтармен консулдық қызметтер арқылы байланыс орнатқан. Жауапта қазақ диаспорасы негізінен қазақ, өзбек, түрікмен және дари тілдерінде сөйлейді. Қазақстан үкіметі Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсеткенімен, қазақ диаспорасына арнайы жіберілетін көмек қарастырылмаған екен.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар