Бердымұхамедов Назарбаевтың қателігінен сабақ алып, әулет билігін басқаша жүйеледі

cover Коллаж: Orda.kz

Гурбангулы Бердымұхамедов неге ұлы Сердарды жеке өзі бақылап отырады және неге саяси сахнаға қызын шығарды? Осы сұрақтарға Берлин Карнеги орталығы үшін жазған мақаласында саясаттанушы Ғалия Ибрагимова жауап береді. Сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевпен салыстыра отырып, түрікмен көшбасшысының оның тағдырын қайталамауға тырысқанын талдайды. Orda.kz осы материалға шолу дайындады.

Соңғы жылдары Түрікменстан отбасылық монархияға айналды. Алайда ел билігі енді тек әке мен ұлдан құралған тандеммен шектелмей, үштікке көше бастады. Бұрынғы президент Гурбангулы мен қазіргі президент Сердар Бердымұхамедовке енді қызы мен қарындасы Огулджахан Атабаева қосылды.

«Бұрын мемлекеттік басқарудан алыс болған Атабаеваның күтпеген жерден медиаға жиі шығуы, мемлекеттік БАҚ-та белсенді көрінуі, оның Сердардың орнына келуіне дайындалып жатқанын білдіре ме деген әңгімені өрбітті. Оның үстіне, Гурбангулы Бердымұхамедов ұлының елді басқару тәсіліне риза емес деген сыбыстар бұрыннан айтылып жүр. Қалай болғанда да, Атабаеваның жаңа белсенділігі – билік ресми түрде ауысқаннан кейін бірнеше жыл өтсе де, әулеттің негізін қалаушы қазіргі жүйеге көңілі толмайтынын, оны күшейтудің жолдарын іздестіруді жалғастырып жатқанын көрсетеді»,
– дейді саясаттанушы. 

Бердымұхамедовтер отбасы династиялық басқару құрылымын қайта құрып, жүйенің әлсіреуінен сақтануға тырысуда.

Саясаттанушы Ғалия Ибрагимованың пікірінше, бұл – Қазақстандағы жағдайды қайталамауға бағытталған тікелей стратегия. Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кете салысымен, бірден басқару мен ықпалын жоғалтты.

Қаңтар сабағы


Ибрагимова 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларын еске салады: жаппай наразылықтар, күшпен басу, Назарбаевтың «тұлғалық культінің» жойылуы. Нәтижесінде, экс-президент саясаттан толық кетті.

« Әке-Бердымұхамедов мұндай тағдырдан сақтанып, бәрінің алдын алды. Сонымен қатар ұлына ел басшысы ретіндегі рөлге бейімделуге уақыт бергісі келді. Бұл кезде алаңдауға негіз де болды: Түрікменстанда экономикалық жағдайға байланысты халықтың наразылығы күшейіп жатты. Баға мен жұмыссыздық деңгейі өсті, ал мемлекеттік субсидияланған дүкендерде азық-түлік жиі тапшы болды. Ресми билік ауысуы халыққа өзгеріс үмітін ұялатып, кернеп келе жатқан толқынды бәсеңдетуге тиіс болды». 

Бірақ әке-Бердымұхамедов бұл процесті өз бақылауынан шығарғысы келмеді. 2022 жылы билікті ұлына тапсырғанымен, 2023 жылы саясатқа қайта оралды. Бұл жолы Халк Маслахатының (Халық кеңесі) төрағасы ретінде – оның құзыреті кейбір тұста президенттікінен де жоғары болды.

Бірінші ханым орнына – қарындас

Саясат сахнасында бұрын байқалмаған Огулджахан Атабаева енді билік құрылымындағы басты фигуралардың біріне айналды. Ол қайырымдылық қорындағы вице-президент лауазымын алған соң, тез арада режимнің «бет-бейнесіне» айналды. БАҚ-та жиі шығады, шет елдермен келіссөздер жүргізеді, ағылшын тілінде еркін сөйлейді және бірте-бірте Түрікменстанның «ашықтығының символына» айналып келеді.

Ибрагимова атап өткендей, Орталық Азиядағы патриархалдық жүйелерде әйелдердің саяси ықпалы сирек емес. Мысалы: Дариға Назарбаева (Қазақстан), Гүлнәр Каримова мен Саида Мирзияева (Өзбекстан), Озода Рахмон (Тәжікстан). Енді бұл қатарға Түрікменстаннан Огулджахан Атабаева қосылды. Сарапшының пікірінше, ол – әкесінің ұлына ықпал етудегі жұмсақ тетігі.

«Атабаеваның белсенділігі – Гурбангулы Бердымұхамедовтың ұлының билік жүргізуіне көңілі толмайтыны туралы сыбыстармен қатар өрбуде. Түрікменстанда биліктің транзиті жақында ғана – 2022 жылдың көктемінде өтті. Бірақ Сердарға қызметін тапсырғаннан кейін де әке-Бердымұхамедов саясаттан кеткен жоқ. Елдегі маңызды шешімдерде соңғы сөз әлі де соған тиесілі». 

Сонымен қатар, Сердар Бердымұхамедов өз бетінше саяси қадамдар жасауға тырысты: тәтесін қызметтен босатып, ықпалды туыстарын биліктен шеттетті. Бұл әрекеттерді әкесі қалыптан тыс, тым батыл қадамдар ретінде қабылдады.

Геосаяси есеп

Саясаттанушы Атабаеваның халықаралық аренаға шығуын кездейсоқ емес деп есептейді. Ресейдің оқшаулануы мен Еуропаның балама газ жеткізушілерін іздеуі Түрікменстанға жаңа мүмкіндік әкелді.

 Алайда елдің имиджін қалыптастыру  – ауыр жүк. Осы орайда, президенттің қарындасына Ашхабадтың бейнесін жұмсарту, гуманизм, ЮНИСЕФ, қайырымдылық тақырыптарын насихаттау міндеті жүктелді. Бұл елде бірінші ханым институты мүлде жоқ. Енді бұл іспен қарындасы айналысады.

«Атабаеваны биліктің алдыңғы шебіне шығару – Сердардың дербестігін шектеу, Бердымұхамедовтер әулетінің билікке қолжетімділігін сақтау және Түрікменстанның әлемге біртіндеп ашылуына ықпал ету мақсатында жасалған». 

Сарапшының пікірінше, Бердымұхамедов Назарбаевтың қателіктерінен сабақ алды. Ол сахна сыртынан билік жүргізіп, мұрагерге толық сенудің орнына, биліктегі отбасылық ықпалды күшейтті. Осы арқылы екі автократиялық мектеп пен екі тарихи кезең арасындағы айырмашылық айқындалып отыр.

Біз бұған дейін Түрікменстандағы  алабайға деген құрмет кей елде адамға жасалмайтыны туралы жазған едік. Түрікменстанның Мары қаласында алабай итін асыраушыларға президенттің арнайы тапсырмасымен  ұн таратады.

2022 жылы Түркіменстан президентінің  жылқысына ескерткіш қойылды.

Биыл Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Түркменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердымұхамедовпен 21-22 сәуірде бейресми кездесу өткізетіні хабарланды. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар