686 камера «көрмей қалған» қылмыс: Заречный түрмесіндегі айыпталушылар жалған қолтаңба мен қысым жайлы айтты

cover Фото: Orda.kz

Алматы облысындағы Заречный түрмесінде жазасын өтеп жатқан оншақты азаматқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, ақша бопсалады және миллиондаған теңгені айналымға жіберді деген ауыр айып тағылып отыр. Прокурор оларды 19 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда айыпталушылардың өзі бұл істі «қолдан жасалған қылмыстық іс» деп атап, тергеушілердің жалған қол қойғанын, куәлармен мәмілеге келгенін және «5 миллиардтық түрме общагы» туралы ақпараттың дәлелсіз екенін мәлімдеді. Orda.kz тілшісі даулы іске қатысты ашық сот отырысына қатысып, тараптардың уәжін тыңдап қайтты.

Тергеу деректеріне сәйкес, ақша бопсалау фактілері бойынша іс өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Шілде айының соңында арнайы жедел-тергеу топтары, №14 колонияда бопсалау және басқа сотталғандарға күш қолдану деректері бойынша күдікке ілінген бірқатар тұтқындарды ұстаған. 

«Жазасын өтеушілерден ақша талап етіп, күш қолдану фактілері көрсетілген. Тінту кезінде металл құбырлар мен арматура бөліктері тәркіленген. Бірнеше бөлмеден қан іздері алынып, сараптамаға жіберілген. Тергеу нұсқасына сәйкес, мекемедегі «қараушы» ретінде танылған Ерназ Мақұлбаев, сондай-ақ Тимур Сағындықов пен Мерей Сүлеймен сотталғандарға психологиялық және физикалық қысым көрсетіп, жалған қарыздарды өндіріп алу схемаларын жүргізген», - деді мемлекеттік айыптаушы сөз жарысында.

2023 жылдың қараша–желтоқсан айларында бір топ тұлға алдын ала жоспарланған схема арқылы бірнеше азаматтың атына несие рәсімдеп, қаражатты әртүрлі банктік шоттар арқылы айналдырған. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл әрекеттерді ұйымдастырушы ретінде Ерназ Мақұлбаев көрсетілсе, негізгі орындаушылардың бірі ретінде Әмир Жабағиев аталады.

Айыптау актісінде:

  • азаматтардың атына тауарлық және микронесие рәсімдеу;
  • алынған қаражатты делдалдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру;
  • кейін әртүрлі банк шоттарына бөліп аудару.

Бұл істе жәбірленушілер 11 олардың көбісі бостандыққа шығып кеткен. Айыпталушылардың айтуы бойынша олар жала жабу арқылы мемлекеттік қызметкерлермен келісімге отырып жасазынан бұрын бостандыққа шығып кеткенін айтты. Сонымен қатар, басты жәбірленуші Mudabarah Capital ісімен сотталған Алмас Құрманғалиев. 

Айыпталушы Тимур Сағындықов бұл айыптауларды жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын айтады.

 

Сондай-ақ іс материалдарында алаяқтық арқылы шамамен 30 миллион теңге иемденді деген бөлек эпизод бар. Бұл бағыттағы айыпталушылардың бірі өз кінәсін мойындағанымен, сот барысында бұл іске басқа айыпталушылардың қатысы жоқ екенін айтқан.

«Бізде мұндай деректер жоқ, жәбірленушілердің берген барлық жауаптарына келсек, олардың ешқайсысы дәлелмен расталмаған. Бізде аударым чектері де, төлем түбіртектері де жоқ. Сонымен қатар,  бөлім басшысы Садық Расул деген тұлға бар, ол біздің іс бойынша жұмыс істеген. Оның бізбен жасалған аудиожазбасы бар, онда ол өзі жеке түрде «біз сіздерге ҰҚТ таңып отырмыз» деп айтқан», - деді Тимур жарыссөз кезінде. 

Бұдан бөлек, оның кейбір тұлғалардың бұл іске қатысы жоқ екенін айтқаны да келтіріледі.

«Бастапқыда бізге «5 миллиард теңге көлемінде талап бар» деп айтылған, яғни біз 5 миллиард ұрлағанбыз деген уәж келтірілген. Шын мәнінде, бізде 3 миллионнан асатын сома да жоқ, қазіргі таңда бізге қатысты ешқандай талап-арыз да жоқ, тек мемлекеттік баж ғана бар. Бұл бір жағдай. Екіншіден, жәбірленушілердің барлығы қазір бостандықта жүр, себебі олармен келісім жасалған. Егер олар бізге қарсы айғақ берсе, олар босатылады, үйіне шығады, мерзімінен бұрын шартты түрде босату және басқа да жеңілдіктер беріледі деген шарт болған», - деді Тимур жарыссөз кезінде.

Жәбірленушілердің бірі ретінде Кұрманғалиев Алмаздың ісі аталады. Ол «Mudabarah Capital» қаржылық схемасына қатысты эпизодта жәбірленуші ретінде көрсетілген. Айыпталушылар оның да тергеумен келісімге барғанын айтады.

«Сондай-ақ көптеген процессуалдық бұзушылықтар бар: біздің қолтаңбаларымыз қолдан жасалған, түпнұсқа емес. Судья тыңдап жатыр ма, жоқ па – ол да түсініксіз. Сонымен қатар Садық Расулдың айтуынша, аудиожазба мен стенограмма бар, онда ол өзі «прокурормен байланыстамын, прокурор – менің досым» деп айтқан. Барлығы тіркелген, жазба мен стенограмма бар. Онда егер кінәні мойындаса, 8–9 жыл ең төмен жаза беріледі деген де айтылған. Ал «8–9 жыл» деген жаза қай негізде екені түсініксіз, өйткені біз тараптан ешқандай нақты әрекет жасалмаған деп есептейміз», - деді айыпталушылар. 

Айыпталушылардың айтуынша, кейбір жәбірленушілердің өздері кейін материалдық немесе моральдық талаптарының жоқ екенін көрсеткен.

«5 миллиардтық общак» туралы аңыз

Сотталушылардың бірі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған «5 миллиард теңгелік түрме общагы» туралы мәлімдемелерді толықтай жоққа шығарады. Оның айтуынша, тергеу барысында ортақ қордың (общактың) жиналғанын растайтын бірде-бір ақша аударымы анықталмаған.

Іс материалдарында көрсетілген қаражаттар, мысалы сотталғандардың бірінің әкесі аударған 500 мың теңге, тек жеке қажеттіліктерге — азық-түлікке, темекіге және байланыс қызметтеріне жұмсалған.

Айыпталушының сөзінше, тергеу органдары сотталғандардың туыстары ақша жіберіп отырған банктік шоттарды бұғаттап, кейін оларды ешқандай нақты дәлелсіз «общак» деп атаған. Сонымен қатар, жәбірленушілердің көрсетулері бір-біріне қайшы келеді. Кейбір жағдайда бір адамның келтірілген шығын көлемі туралы мәліметтері 20 миллион теңгеден 200 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған.

Толық бақылау және дәлелдердің жоқтығы

Айыпталушы түзеу мекемесінде бопсалау немесе күш көрсету әрекеттерін жасырын түрде жүзеге асырудың мүмкін емес екенін алға тартады.

Оның айтуынша, мекемеде тәулік бойы жұмыс істейтін және онлайн режимде жазба жүргізетін 686 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда олардың ешқайсысында күш қолдану немесе ақша бопсалау фактілері тіркелмеген. Сондай-ақ колонияда арнайы прокуратураға тікелей шағым жолдауға арналған алты терминал бар. Кез келген сотталған аптаның кез келген уақытында, қабылдау күндері онлайн шағым түсіре алады.

Алайда айыпталушының мәлімдеуінше, тергеу жүргізілген 20 ай ішінде бұл терминалдар арқылы бопсалау немесе қысым көрсету фактілері жөнінде бірде-бір шағым түспеген. Сотта куә ретінде жауап берген Сұлтанбеков, Стефанов, Әбіләзов және Сағындықов ортақ қордың болмағанын және ешкімнен ақша бопсаланбағанын айтқан.

Сондай-ақ сөз сөйлеген сотталушы өзіне қатысты көрсетулердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жәбірленуші ретінде танылған тұлғалармен тіпті күнделікті тұрмыста да араласпаған. Себебі олар әртүрлі жасақтар мен барақтарда отырған: өзі бір барақта болса, аталған адамдар алтыншы, сегізінші және тоғызыншы барақтарда жазасын өтеген.

«Жәбірленуші А.Таировқа қатысты эпизод пен оның айғақтарының өзгеруі ерекше назар аударуға тұрарлық. Атап айтқанда, А.Таиров  2024 жылғы 13 шілдеде прокуратура органдарына арызбен жүгініп, онда өз наразылығын білдірген нақты тұлғаларды көрсеткен. Алайда аталған арызда менің тегім де, атым да мүлде аталмаған. Кейін, 2024 жылғы 18 тамыздағы жауап алу барысында да А.Таиров  мені өзіне қатысты қандай да бір заңсыз әрекеттер жасаған тұлға ретінде көрсетпеген»,— деді айыпталушы Мерей Сүлейменов. 

Осылайша, А.Таиров  бастапқы арызында да, алғашқы жауап алу кезінде де Мерей туралы мүлде айтпаған.

«Тек едәуір уақыт өткен соң, нақтырақ айтқанда, 2024 жылғы 11 қазандағы жауап алу хаттамасында ғана А.Таировтың айғақтарында алғаш рет менің тегім пайда болады. Бұл ретте қылмыстық іс материалдарында А.Таировтың менің тегімді қандай жағдайда кенеттен «есіне түсіргені», менің жеке басымды қандай жөнмен анықтағаны және оның айғақтарының өзгеруіне дейін қандай да бір тергеу әрекеттерінің жүргізілген-жүргізілмегені туралы мәліметтер жоқ», - деді Мерей жарыссөзде. 

Сондықтан олармен тұрақты байланыс орнатуға немесе бір үстелде отырып әрекет етуге мүмкіндігі болмағанын алға тартты. Егер бұл мәлімдемелер расталса, іс бойынша тергеу мен сот процесінің бірқатар тұстары қосымша тексеруді талап етуі мүмкін.

Orda.kz редакциясы бұл істі назарында ұстайды. 

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар