Әзілхан Нұршайықов пен Мәншүк Мәметова: Майдан даласында тоғысқан тағдырлар

cover Фото: Ашық дереккөзден

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл соғыс миллиондаған тағдырды тоғыстырып, талай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Соғыс тақырыбына тереңнен қалам тербеген жазушы Әзілхан Нұршайықов пен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова майдан даласында төрт рет ұшырасыпты.  Orda.kz тілшісі осы тақырыпты тарқатады.       

Қазақ халқының батырлық тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалардың бірі – Мәншүк Мәметова. Оның қысқа ғұмыры ерлікке, қайсарлыққа және Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы болды.

Майдандағы ерліктің символына айналған қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова мен майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықов арасындағы кездесулер – соғыс шындығын тереңірек танытатын ерекше деректердің бірі.

Әзілхан Нұршайықов соғыс жылдары алғы шепте болып, талай шайқастың куәсі болды. Ол өз естеліктерінде Мәншүк Мәметовамен майдан даласында бірнеше рет жүздескенін жазады. Бұл кездесулер кездейсоқ болғанымен, екеуінің де жадында ерекше із қалдырған.

 

Алғашқы жүздесуде-ақ жас пулеметші қыздың батылдығы мен қайсар мінезі көзге түседі. Нұршайықов Мәншүктің тек қару ұстаған жауынгер ғана емес, өз ісіне шын берілген, ел тағдырына бейжай қарамайтын тұлға екенін атап өтеді.

Мәншүк Мәметова – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батырларының бірі. Ол пулеметші ретінде майданның ең қауіпті тұстарында шайқасты. Нұршайықовтың айтуынша, Мәншүк әрдайым сабырлы, бірақ ішкі рухы мықты, ешқашан мойымайтын жауынгер болған.

Жазушы оның бойындағы адамгершілік қасиеттерді де ерекше атап өтеді. Қысқа үзілістер кезінде сарбаздармен әңгімелесіп, олардың рухын көтеріп, қиын сәттерде жігер беріп отырған. Бұл оның тек батыр ғана емес, үлкен жүректі жан екенін көрсетеді.

Әзілхан Нұршайықов үшін Мәншүкпен болған әрбір кездесу – өмірлік сабақ іспетті болды. Ол батыр қыздың ерлігі мен табандылығын кейінгі шығармаларында кеңінен насихаттап, келер ұрпаққа жеткізуді өзіне парыз санады.

Бұл кездесулер арқылы біз соғыс кезіндегі жауынгерлердің бір-біріне деген сенімі мен рухани байланысын көреміз. Олар бір-біріне тірек болып, ортақ мақсат – Жеңіс үшін күресті.

1943 жылы Невель қаласы үшін болған қанды шайқаста Мәншүк Мәметова соңғы демі қалғанша шайқасып, ерлікпен қаза тапты. Ол үш пулеметті қатар қолданып, жаудың шабуылына тойтарыс беріп, өз бөлімшесін қорғап қалды. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бұл қасіретті хабар майдандағы көптеген жауынгерлерге, соның ішінде Нұршайықовқа да ауыр тиді. Алайда ол Мәншүктің ерлігін ұмыттырмай, өз еңбектері арқылы мәңгілікке жеткізді.

Әзілхан Нұршайықов соғыс тақырыбын терең зерттеген қаламгер ретінде Мәншүк бейнесін тек тарихи тұлға ретінде ғана емес, адамдық болмысымен де аша білді. Оның жазбаларында батыр қыздың шынайы келбеті, мінезі, ішкі әлемі көрініс табады.

Бұл – құрғақ дерек емес, тірі естелік. Сол арқылы оқырман Мәншүкті тек батыр ретінде емес, өз заманының қайсар қызы, елін шексіз сүйген тұлға ретінде таниды.

Әзілхан Нұршайықов пен Мәншүк Мәметова арасындағы майдандағы кездесулер – тарихтың бір үзігі ғана емес, ұлт рухының көрінісі. Бұл оқиғалар арқылы біз ерлік пен адамгершіліктің, батылдық пен отансүйгіштіктің шынайы мәнін түсінеміз.

 

Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – өткеннің естелігі ғана емес, елді сүюдің, қиындыққа мойымаудың және Отан алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Мәншүк Ұлы Отан соғысы басталған кезде небәрі 19 жастағы бойжеткен еді. Соғыс өрті тұтанған сәттен бастап ол майданға баруды мақсат етті. Қазақы қарапайым тілмен айтқанда, оның ашпаған есігі, қақпаған терезесі қалмады. Түрлі мекемелер мен басшыларға қайта-қайта өтініш жасап, ақыры дегеніне жетті.

КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатында сақталған деректерге сүйенсек, оның майданға жіберуді сұраған арызы 1941 жылдың 27 тамызында жазылған. Арызында ол ағасы да, әпкесі де жоқ екенін айтып, фашистермен күреске өзін жіберуді өтінген.

Сөйтіп, 1942 жылдың тамыз айында 20 жастағы Мәншүк өз еркімен Кеңес армиясы қатарына қабылданып, Алматыда құрылған 100-атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанды. Осы сәттен бастап оның жауынгерлік жолы басталды.

1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың 418 күні Мәншүктің үлесіне тиді. Ол 21 жасқа толғанына небәрі екі апта өткенде, 1943 жылы Невель қаласын азат ету үшін болған ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапты.
Жауынгер қыз соңғы сәтіне дейін пулеметтен оқ жаудырып, өз бөлімшесін қорғады. Оның көзсіз ерлігі жоғары бағаланып, 1944 жылдың 1 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Мәншүктің өмір жолына қатысты деректерді шартты түрде бірнеше бағытқа бөлуге болады.

Оның өмірбаяны кеңестік кезеңдегі және тәуелсіз Қазақстандағы оқулықтар мен энциклопедияларда көрініс тапқан. Бұл дереккөздерде батырдың ғұмыры нақты әрі қысқаша түрде ғана баяндалады.

Қазақтыың қайсар қызының  тұлғасын тереңірек ашатын маңызды деректер – естеліктер. Бұл естеліктерді де бірнеше топқа бөлуге болады, ол соғысқа дейінгі өмірін сипаттайтын және майдандастарының естеліктері.

Мысалы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова Мәншүкпен бала кезден бірге өскенін айтып, оның қарапайым әрі мейірімді болғанын еске алады. Ал замандасы Лидия Қойшығұлова Мәншүкті еңбекқор, кітапқұмар, табиғатты сүйетін, өте қарапайым қыз ретінде сипаттайды.

 

Мәншүкпен бірге соғысқан қаруластарының естеліктері – аса құнды тарихи дерек. Солардың бірі – Егемқұл Тасанбайұлының естелігі. Ол ауыр жараланған кезінде Мәншүктің өз қанын беріп, екі тәулік бойы жанынан шықпай қарағанын тебірене баяндайды. Бұл дерек Мәншүктің тек батыр ғана емес, адамгершілігі мол жан екенін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, Мәншүкпен бір бөлімде соғысқан жауынгерлер мен командирлер – Б.Ахметжанов, А.Рахматуллин, Сақтаған Бәйішев, Петр Теренков және халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өз естеліктерінде оның ерлігі мен қайсарлығын ерекше атап өткен.

Мәншүктің өмірі мен ерлігі тарихшылар тарапынан да жан-жақты зерттелді. Академик Манаш Қозыбаев, профессор Т.Көлбаев және басқа да ғалымдар оның өмірбаянын ғылыми тұрғыдан саралады. Зерттеушілер оның қай жерде туғаны, қалай пулеметші болғаны, майданға аттану себептері сияқты маңызды сұрақтарға жауап іздеп, батыр қыздың тұлғасын тереңірек ашуға күш салды.

 Мәншүктің өмірбаянын толықтыруда мұрағаттық деректердің рөлі ерекше. Бұл бағытта ұзақ жылдар бойы мұрағат саласында еңбек еткен Марат Хасанаевтың еңбегі зор. Ол құжаттық материалдарға сүйене отырып, батырдың өмір жолына нақтылық пен дәлдік енгізді.

Мәншүк Мәметова – қазақ халқының мақтанышы ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ ерлік символы. Оның өмір жолы – отансүйгіштіктің, батылдықтың және адамгершіліктің жарқын үлгісі. Бүгінгі ұрпақ үшін Мәншүктің ерлігі – өткеннің тарихы ғана емес, болашаққа бағыт беретін рухани құндылық.

Әзілхан Нұршайықов қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен майдан даласында сан мәрте жүздескен жазушы. Мәншүк ерлікпен қаза тапқанда Әзілхан аға батыр қызға арнап өлең жазып, майдан шебіндегі газеттерге жариялайды. Оны оқыған мыңдаған жауынгердің жауға деген өшпенділігі оянады.

Әзілхан Нұршайықов өз шығармаларында Мәншүк бейнесін үлкен құрметпен суреттейді. Оның майдан естеліктері қазақ әдебиетінде батыр қыздың шынайы, тірі бейнесін қалыптастыруға ықпал етті.

Жазушының күнделіктері мен сұхбаттары арқылы біз Мәншүкті тек тарихи тұлға емес, өз дәуірінің рухты, қайсар қызы ретінде танимыз.

Әзілхан Нұршайықов пен Мәншүк Мәметова арасындағы майдандағы кездесулер – қазақ халқының батырлық тарихының ерекше бір парағы. Бұл деректер арқылы біз Мәншүктің тек ержүрек жауынгер ғана емес, адамгершілігі жоғары, елін сүйген тұлға болғанын тереңірек түсінеміз.

Жеңістің 30 жылдығында, яғни 1975-ші жылы Әзілхан Нұршайықов Қазақ радиосына Мәншүк жайлы естелік әңгіме айтып берген екен. Ол «Алтын қорда» сақталған. 

Сонымен қатар  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы өзінің  «Алтын қорында» сақталған майдангер қаламгер Әзілхан Нұршайықов отты жылдардағы естелігімен бөлісті. Біз де сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік:

Ал майдангер жазушы, көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, Қазақстанның халық жа­зу­шысы Әзілхан Нұршайықов 89 жасқа қараған ша­ғында өмірден озды. Ол 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауы­лын­дағы орталау мектепті бітіріп, Ал­ма­тыдағы Тау-кен институтының жұмыс­шы факультетінде, Семейдегі Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық училищесінде, пе­дагогикалық институтында оқыған. 1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

 

Әзілхан Нұршайықов соғыс тақырыбын терең әрі шынайы бейнелеген қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Ол Ұлы Отан соғысына тікелей қатысып, майдан өмірін өз көзімен көргендіктен, оның шығармаларында соғыс шындығы боямасыз, өмірлік деректерге сүйене отырып суреттеледі.

Жазушының соғыс тақырыбындағы туындылары тек ұрыс көріністерін ғана емес, сол кезеңдегі адам тағдырын, жауынгерлердің ішкі жан дүниесін, олардың қорқынышы мен үмітін, сағынышы мен сенімін терең ашады. Нұршайықов үшін соғыс – жай ғана тарихи оқиға емес, адамгершілік пен рухтың сынға түскен кезеңі.

Оның шығармаларында майдандағы достық, жолдастық, бір-біріне деген жанашырлық ерекше орын алады. Жазушы әсіресе қарапайым солдаттардың бейнесін биік деңгейге көтеріп, олардың ерлігі мен төзімін шынайы жеткізе білді. Бұл тұрғыда оның қаламынан туған кейіпкерлер – жинақталған образдар емес, өмірде болған нақты адамдардың көркем бейнесі.

Сонымен қатар, Әзілхан Нұршайықов майданда кездескен тұлғалар туралы естеліктерді де молынан қалдырған. Солардың қатарында қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова туралы жазбалары ерекше құнды. Ол Мәншүктің батырлығын ғана емес, оның адамдық болмысын, қарапайымдылығын, қайсарлығын әсерлі тілмен жеткізеді.

Жазушының ең белгілі шығармаларының бірі – «Ақиқат пен аңыз» романы. Бұл туындыда соғыс батыры Бауыржан Момышұлының бейнесі арқылы ерлік пен шындық, батырлық пен адамдық қасиеттер кеңінен ашылады. Шығарма оқырманға соғыс психологиясын, жауынгер рухын терең түсінуге мүмкіндік береді.

 

Қорыта айтқанда, Әзілхан Нұршайықов соғыс тақырыбын тек баяндап қана қоймай, оны көркемдік биік деңгейге көтерген қаламгер. Оның еңбектері бүгінгі күні де маңызын жоймай, жас ұрпақты ерлікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып келеді.

Айта кету керек, былтыр Жеңістің 80 жылдығы на орай  «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Ержүрек есімдер» сериясымен бейнероликтер түсірген болатын.

Онда майдан даласында ерлік көрсеткен 80 қазақстандық батыр туралы баяндалған. Бейнероликтер топтамасы «Qazaqstan» телеарнасы мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтық телеарналардың эфирінен көрсетіліп жатыр.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар