«Арал теңізі – дұрыс жүргізілмеген саясат салдары» — Астанада өтіп жатқан экологиялық саммитте Тоқаев не айтты?

cover Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі. Делегация басшылары мен саммит қатысушыларын қарсы ала отырып, мемлекет басшысы бұл диалог алаңының маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Orda.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.

Бүгін Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен Өңірлік экологиялық саммит басталды, оның аясында үш күн бойы негізгі климаттық және экологиялық мәселелер қарастырылады.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, ғылыми қауымдастықты, сондай-ақ экология және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың басын қосты.

«Расында, бүгін – Жер күні, біз Астанада планетамызды қорғаудағы ортақ жауапкершілігімізді тағы бір мәрте мәлімдеу үшін жиналып отырмыз. Бұл – өңіріміздегі мемлекеттер тұрақты болашақ туралы ортақ көзқарас қалыптастырудың өзектілігі мен аса маңызды екенін терең түсінетінін білдіреді. Қазіргі экология тек климат мәселелерімен шектелмейді. Бұл – адамзаттың өмір сүруінің негізі. Әңгіме таза ауа мен қауіпсіз су, құнарлы топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесі, қоғам тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың әл-ауқаты туралы болып отыр. Бұл сондай-ақ ой тазалығы, қоғамдық келісім және адам бақытына да қатысты. Кең мағынада экология – ортақ планетамызға жауапкершілікпен қарауға негізделген өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит – уақтылы әрі қажетті іс-шара», – деді Тоқаев.

Тоқаев кездесудің белгісіздік пен болжауға келмейтін жағдайлар күшейген кезеңде өтіп жатқанына тоқталды.

«Олардың жаһандық және өңірлік тұрақтылыққа, сондай-ақ миллиондаған адамдардың өмір сапасына қаншалықты теріс әсер ететінін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Олар даму бағытындағы күш-жігерді әлсіретіп, ресурстарды шұғыл экологиялық мәселелерді шешуден алаңдатады. Мұндай жағдайда халықаралық қауымдастықтың рөлі ерекше маңызға ие болады. 80 жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі де диалогқа арналған жалғыз әмбебап алаң болып отыр. Алайда содан бері әлем түбегейлі өзгерістерге ұшырады», – деді президент.

 

Қазақстан президентінің  айтуынша, жасанды интеллект бүгінде адамдардың санасы мен күнделікті өмірінде басым орынға шықты.

«БҰҰ Жарғысының мызғымас қағидалары туралы көп айтылады, ол халықаралық құқықтың негізі болып қала береді. Алайда бұл құжатты тек өзімізге ұнаған тұстарын ғана таңдап алатын мәзір ретінде қарастыруға болмайды. Керісінше, оны толыққанды, тұтас құжат ретінде қабылдау қажет. Сондықтан БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар қазіргі заман шындығын толық ескеруі тиіс. Біз халықаралық қақтығыстарға қатысты БҰҰ қағидаларын іріктеп қолданудан бас тартуымыз керек. Сонымен қатар, көпжақты институттарға деген сенімді сақтауымыз қажет, дегенмен өкінішке қарай, олардың ықпалы кейде жеткіліксіз», – деді ол. 

Президент экологиялық мәселелерде де іріктеп қарауға болмайтынын да айтып өтті.

«Көп жағдайда экологиялық күн тәртібі әртүрлі елдер мен өңірлердің даму қажеттіліктерін, әсіресе экономикалық әлеуетін нығайтып жатқан дамушы мемлекеттердің мүдделерін ескермей қалыптасады. Ал дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ индустрияландыру нәтижесінде жетті. Сондықтан жаһандық «жасыл» көшу әділ, теңгерімді және ынталандырушы болуы тиіс. Ортақ ұстанымымыз негізді, прагматикалық әрі жан-жақты ойластырылған болуы керек. Экология саласындағы ынтымақтастық бірлікті нығайтып, айыптау мен кінә тағудан аулақ болған жөн», – деді Тоқаев. 

Оның айтуынша, жер бетіндегі барлық елдер үшін экожүйе ортақ.

«Бізді өзендер, табиғи ландшафттар және климаттық қауіптер біріктіреді. Ең бастысы – ортақ жауапкершілік. Орталық Азия мен көршілес өңірлер су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауа ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты ортақ экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр. Мен бұл мәселелерді әдейі атап өттім, өйткені тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана нәтижеге жете аламыз. Есеп беретін уақыт өтті, енді нақты шешімдер қабылдау қажет», – деді президент. 

 

Ол жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларының бірі ретінде айқындалғанын айтты.

«Бұл экологиялық қауіпсіздік пен өркендеудің тек техникалық мәселе емес, ұлттық сананың ажырамас бөлігі екенін көрсетеді. Қазақстан таза энергияға көшу, биоалуантүрлілікті қорғау, жерлерді қалпына келтіру, су ресурстарын басқаруды жаңғырту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс жүргізуде. Біз бірде-бір елдің бұл міндеттерді жалғыз шеше алмайтынын түсінеміз», – деді ол. 

Президент әділ энергетикалық көшу басты басымдық екенін атап өтті.

«Қазір Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайыздан асады деп күтілуде. Қазақстан ірі мұнай-газ өндіруші ел бола отырып, тұрақты энергетика мақсаттарын қолдайды. Сондай-ақ әлемдік уран жеткізілімінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін жетекші экспорттаушы ретінде көміртексіз энергетиканы дамытуға үлес қосуда. Біз алғашқы атом электр станциясын салу жобасын әзірлеп жатырмыз және көмір электр станцияларын жаңғыртудамыз», – деді Тоқаев. 

Ол су қауіпсіздігі Қазақстан мен Орталық Азия үшін аса маңызды екенін айтты.

«Арал теңізі – дұрыс жүргізілмеген саясат салдарын еске салатын мысал. Бүгінде Солтүстік Аралдың шамамен 36 пайызы қалпына келтірілді. Бұл су сапасын жақсартуға, балық қорын көбейтуге және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік берді», – деді ол. 

Сонымен қатар Каспий теңізін сақтау мәселесіне де тоқталып, бұл су айдынын қорғау экологиялық тепе-теңдік пен өңірдің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп. Сондықтан Қазақстан Каспий теңізінің жағдайын жақсарту бойынша мемлекетаралық бағдарлама ұсынғанын жеткізді.

Тоқаев су ресурстары бойынша жаһандық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтіп, «Біз БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынамыз. Бұл бастама қазіргі кезеңде аса өзекті» деді.

 

Президент биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстарға да тоқталып, соңғы жылдары ақбөкендердің саны қалпына келтірілгенін айтты. Қар барысының саны екі еседен астам өсіп, шамамен 190 басқа жетті. Сонымен қатар сирек кездесетін жануарларды қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы басталғанын айтты.

«Бұл қозғалыс экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Оған миллионға жуық ерікті қатысуда. Біз 2026 жылдың БҰҰ тарапынан Тұрақты даму үшін еріктілер жылы болып жарияланғанын қолдаймыз», – деді Тоқаев.

Президент жасанды интеллекттің экология саласындағы рөлін ерекше атап өтіп, жасанды интеллект табиғи ресурстарды қорғау мен басқаруда жаңа мүмкіндіктер ашатыны атты. «Біз өңірлік цифрлық экожүйе құруды қолдауға дайынбыз» деді.

 

Сөз соңында Президент ортақ болашақ үшін негізгі қағидаттарды атады:

«Бұл – азаматтар мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, шекарадан тыс ынтымақтастық, ресурстарға әділ қолжетімділік, нақты нәтижелерге бағытталған әрекеттер және елдер арасындағы ынтымақтастық. Астана декларациясының қабылдануы осы қағидаттарға адалдығымызды көрсетеді. Бүгінгі талқылаулар нақты бастамаларға жол ашады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп құрылған бұл диалог алаңы Орталық Азиядағы экожүйелерді қорғау, қалпына келтіру және ортақ пайдалану, су мен жер ресурстарын тиімді басқару, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау бойынша кешенді саясат пен құралдарды қалыптастыруға бағытталған.

 

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар