Дүниежүзілік ит көрмесінде қазақтың тазысына қызығушылық артты

cover Фото: Қазақстан кинологтар одағы

Италияның Болонья қаласында «World Dog Show 2026» дүниежүзілік ит көрмесі өтіп жатыр. Бұл – халықаралық кинология саласындағы ең ірі әрі маңызды шаралардың бірі, деп хабарлайды Orda.kz.       

Биыл әлем жұртшылығының назары Қазақстан делегациясына ерекше ауды. Әлемдік кинологиялық алаңда еліміздің мәдениеті мен қазақы тазыға арналған ұлттық стенд кең көлемде таныстырылуда.

Қазақстан үшін бұл көрмеге қатысудың маңызы зор. Себебі дәл осы беделді алаңда 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала мойындалған ұлттық тұқым – қазақ тазысы таныстырылуда. Қазақстан кинологтар одағының бұл шараға қатысуы тазы тұқымын толыққанды халықаралық деңгейде мойындатуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

2 маусым күні өткен FCI төрешілерінің IV дүниежүзілік конгресіне қатысу да Қазақстан үшін айрықша мәнге ие болды. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшы-төрешілер бас қосатын кәсіби алаң.

Қазақстан кинологтар одағы үшін бұл халықаралық төрешілер құрамымен кәсіби деңгейде жұмыс жүргізіп, қазақ тазысы туралы негізгі мәліметтерді кеңінен таныстыруға үлкен мүмкіндік берді. Өйткені алдағы уақытта дәл осы мамандар ірі халықаралық көрмелерде аталған тұқымды бағалайтын болады.

 

Конгресс аясында қазақ тазысына арналған арнайы дәріс өткізілді. Онда тұқымның шығу тарихы, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен байланысы, тазының аңшылық ит ретіндегі қызметі, сондай-ақ оның ерекше белгілері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, тұқым типі, экстерьері, қозғалыс ерекшеліктері, мінез-құлқы және сараптамалық бағалауда маңызды басқа да сипаттарға ерекше назар аударылды.

Мұндай формат тек таныстырумен шектелмей, FCI төрешілерінде қазақ тазысы туралы дұрыс кәсіби түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, тұқымның алдын ала халықаралық мойындалу кезеңінде өте маңызды.

Кәсіби ортадағы таныстырылымнан кейін қазақ тазысы кең аудиторияға да ұсынылды.

3–7 маусым аралығында көрме аясында Қазақстан кинологтар одағының қазақ тазысына арналған арнайы стенді жұмыс істеуде. Биылғы көрмеде Қазақстан стенді ең орталық аймаққа орналастырылған. 50 шаршы метрден асатын аумақта қазақтың киіз үйі безендіріліп, тазы тұқымы туралы толық ақпарат ұсынылған.

5 маусым күні қазақ тазысы Club Show және ENCI Winner секілді көрменің маңызды іс-шаралары аясында таныстырылды.

Сенбі күні қатысу негізгі бағдарламада жалғасады. Сонымен қатар, қазақ тазысы TOP Dog 2026 халықаралық шоуында да көрсетіледі. Бұл алаңға әлемдік кинологиялық қауымдастықтың назары ерекше аумақ.

Қазақстан Үкіметі жаңа мерекелік күнді бекітті. Енді елімізде жыл сайын  3 қыркүйекте Қазақ тазысы мен төбеті күні атап өтіледі.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар