Түрмедегі «ұр, тоқпақ» және қайта тәрбиелеу: Қазақстан ескі түрме жүйесін неге қиратуы қажет?

cover Коллаж: Orda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы түрмелер адамдарды қоғамнан оқшаулап қана қоймай, оларды түзеуге бағытталуы тиіс. Құқық қорғаушы Жайнагүл Төреқұл осы мақсатта жазаны орындау және қайта әлеуметтендіру жөніндегі ұлттық агенттікті құруды ұсынды. Оның сөзінше бұл мекеме сотталғандарды тәрбиелеу және қоғамға бейімдеумен айналысады. Осы жайлы пікірлерді Orda.kz тілшісі сұрап, азаматтармен сұхбаттасып көрді.

2025 жылы 23 маусымда Астанада мемлекет басшысының қатысуымен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасы өтті. Жиында Президент әділетті әрі қауіпсіз Қазақстан құруға мүмкіндік беретін негізгі басымдықтарды атап өтті. Сол басымдықтардың бірі – қылмыстық-атқару жүйесін (ҚАЖ) жетілдіру.

«Бүгінде ҚАЖ-ды түбегейлі реформалау қажеттілігі туындап отыр. Ол тек қоғамнан оқшаулауды емес, сотталғандарды қайта тәрбиелеуді көздеуі керек», – деді Тоқаев. 
Фото: Ақорда

Президенттің бұл ойын Астанадағы 30 жылдық тәжірибесі бар құқық қорғаушы әрі заңгер Жайнагүл Төреқұл іліп әкетті. Ол ҚАЖ комитетін ІІМ құрамынан шығарып, дербес құқық қорғау органы етіп қайта құруды ұсынады. Жаңа құрылымға «Жазаны орындау және қайта әлеуметтендіру жөніндегі ұлттық агенттік» деген атау беруді жөн санайды.

«Бірінші кезекте гуманизм тұрады»

— Жайнагүл ханым, түрме жүйесін бір құқық қорғау органынан екіншісіне өткізуге қазір не түрткі болып отыр? Неге ҚАЖ комитеті ІІМ құрамында қала алмайды деп санайсыз?

— Бұл модель еліміздің Қылмыстық кодексінде бекітілген жазаның гуманистік және түзеу мақсатына сәйкес келмейді. Полиция алдымен адамды қылмыстық жауапкершілікке тартып, уақытша қоғамнан оқшаулайды, барлық мүмкіндігін шектейді, содан кейін оны түзеуге тырысады. Бұл – бір-біріне қайшы екі ұғым. Сондықтан ІІМ-ді бұл міндеттен босатып, полицейлер тек қылмыстың алдын алу және онымен күресумен айналысуы тиіс деп санаймын. Ал жаңа агенттік қызметкерлері сотталғандар жазасын өтейтін орындарда адам құқықтары стандарттарын қатаң сақтауы қажет. Мен бұл туралы Президентке жолдаған үндеуімде де айттым.

 

— Егер жаңа агенттік омбудсменге тікелей бағынар болса, бәлкім, «шаш ал десе, бас алатын» түрме қызметкерлері адам құқықтарын сақтайтын еді. Бірақ қазір адамды түзеткеннен гөрі тұқыртып, жазасын бере салу орган қызметкерлерінің «оң жамбасына» келіп тұр. Мұны қалай өзгертпексіз?

— Жаңа агенттік құрамына әлеуметтік қызметкерлерді, дәрігерлерді, психологтар мен психиатрларды жұмысқа тұрғызуды ұсынамын. Олар сотталғандардың түзу жолға түсуіне, бостандыққа шыққан соң қоғамға қиындықсыз бейімделуіне көмектеседі. Біз үш ғасырға жуық қолданылып келген жазалау тәжірибесінен, яғни кек алу мен үркіту мақсатынан бас тартуымыз керек. Оның орнына еңбекті қадірлеуге және заңға құрметпен қарауға үйрететін, гуманизмді басты мақсат ететін жүйеге көшу қажет. Сотталған адамның қоғамға пайда әкелуге қабілетті тұлға екенін ұмытпауымыз керек.

— Жаңа мекемеге кім басшылық етеді? Олар кімге бағынуы тиіс?

— Агенттікке төраға жетекшілік ете алады. Бұл – Антикорда болған тәжірибе. Ал бағыныштылық жағына келсек, менің ойымша, ол тікелей Президентке бағынуы керек.

— Салық төлейтін азамат болған соң, маған қаржылық жағы да қызық. Жаңа құқық қорғау органын құруға қазынаға қанша қаражат кетпек?

— Мен экономист немесе қаржыгер емеспін. Жобалық-сметалық құжаттамамен айналысу – менің ісім емес. Мен – «Азаматтық» азаматтық платформасының құқықтық бастамашысымын, заңгермін. Мені басқа мәселе толғандырады. Егер біз қазір халықаралық стандарттарға сай, адамға бағытталған ҚАЖ-дың жаңа моделін ұсынбасақ, президент айтқан әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды жақын жылдары құру өте қиын болады. Ал ескі жүйені қаржыландыру – құмға су құйғанмен бірдей, түбегейлі нәтиже болмайды. Жаңа агенттіктің өз бюджеті болуы керек, ол басқа министрліктерге тәуелді болмауы тиіс. Тікелей қаржыландыру — түзету мекемелерінің қажеттіліктері мен қайта әлеуметтендіру бағдарламаларына қаржыны дұрыс бөлуге мүмкіндік береді.

— Сіз жаңа ҚАЖ моделін құқық қорғаудағы тәжірибеңізге сүйеніп ұсынып отырсыз ба?

— Иә, мен тек жеке тәжірибеме ғана емес, сотталғандарды түзеу және қайта әлеуметтендіру саласындағы халықаралық тәжірибеге сүйенемін. Айтпақшы, бұл бастамамды отандық адвокаттар мен құқық қорғаушылардың көбі қолдап отыр.

Жайнагүл Төреқұл Фото: Жеке архивтен 

— Қазір сотталған бір азаматқа мемлекет қазынасынан жылына қанша қаражат кетеді?

— Шамамен үш миллион теңге. Салыстырып қарасақ, бір мектеп оқушысына мемлекет жылына орта есеппен 400 мың теңге бөледі. Сандардың өзі-ақ бәрін аңғартып тұр. Бір сотталған адамды асырау бюджетке сегіз оқушыны қарағанмен бірдей шығын. Енді бұл сметаны қайта қарап, түрмеде отырғандардың қоғамға пайда әкелетіндей жолын табатын кез келді.

— Жаңа агенттік атауына қарасақ, ІІМ құрамындағы пробация қызметі соның құрамына өтетін сияқты. Ал сотталғандардың медициналық қызметі мен еңбекпен қамтылуы мәселесі бұрынғысынша Денсаулық сақтау министрлігі мен «Еңбек» РМК-ға қарай ма?

— Меніңше, сотталғандарды еңбекпен қамтуды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып атқарса дұрыс болады. Бізге не үшін бір РМК керек? Президент өз сөзінде бизнес өкілдерін колония жанынан түрлі өндірістер ашуға шақырды. Мұндай өзара тиімді әріптестік шетелде көп қолданылады. Табыс тапқан адам бостандыққа шыққанда өз аяғынан тік тұрады. Ал алған дағдылары оған лайықты жұмыс табуға мүмкіндік береді. Медициналық қамтамасыз ету мәселесіне келсек, онымен жаңа агенттіктің өз медициналық қызметі айналысуы керек. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі айналыспауы керек. Өйткені менің тәжірибем көрсеткендей, ол әлі күнге дейін ҚАЖ-мен тіл табыса алмай келеді. Мысалы, ауырған сотталғандарды ауруханаға жеткізу мәселесін алайық. Біреу уақытылы ілесетін күзеттің сұранымын бермегендіктен, талай сотталған дер кезінде медициналық көмек ала алмайды. Соның кесірінен олар мүгедек болып қалады немесе өмірден өтеді, ал оған жауап беретін ешкім жоқ.

— Сіздің ойыңызша, қазір Қазақстанға жаңа колониялар мен түрмелер салу қажет пе?

— Бұл мәселеге байыппен қарау керек. Бірақ менің пікірім сол. Халықаралық стандарттарға сай, гуманистік тұрғыдан қамауға мүмкіндік беретін заманауи мекемелер салу қажет. Бұл қазіргі колониялардың жүктемесін азайтып қана қоймай, шығындарды да оңтайландыруға жол ашады. Өзіңіз есептеп көріңіз. ІІМ ҚАЖ комитетінің 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәліметіне сүйенсек, сотталғандардың жалпы саны — 41 150 адам, ал лимит — 39 443 орын. Демек, жүйенің қазірдің өзінде әзер жұмыс істеп тұр. Бұл жай ғана статистика емес, тұрақты болатын шиеленіс пен жүйедегі тұрақсыздық қауіпінің айғағы болып тұр.

Бүгінде ҚАЖ мекемелерінің сыйымдылығы 96 %, бірақ бұл орташа көрсеткіш шын мәніндегі қиын ахуалды бүркемелеп тұр. Мысалы, Алматы облысы, Заречный ауылындағы №14 орташа қауіпсіздік мекемесінде лимит 850 орын болса, нақты адам саны — 1 025 адам. Ақтөбедегі №8 орташа қауіпсіздік мекемесінде асыра толтырғаны сонша, тіпті 135,8 %-ға жеткен. Сол сияқты Қарағанды облысы Долинка кентіндегі №31 мекемеде — 116,4 %, Өскемендегі №17 мекемеде — 117,2 %, Атыраудағы №15 мекемеде — 123,4 %, Алматыдағы №72 тергеу изоляторында — 109 %.

Фото: wishescards.ru

— Жаңа қызметкерлерді қайдан табамыз? Оларды адал және әділ қызмет етуге қалай ынталандырамыз?

— Әзірге қызметкерлерді ҚАЖ-дың зейнетке шыққан офицерлерінің арасынан алған дұрыс деп ойлаймын. Бұл — Қорғаныс министрлігі қазір қолданып жүрген тәсіл. Кейін өзіміздің кадрларды даярлау керек. Жоғары педагогикалық және заңгерлік білім болғаны абзал. Сыбайлас жемқорлық қауіпін азайту үшін жаңа қызметкерлерге лайықты жалақы төлеу қажет. Сондай-ақ арнайы шенін, жеңілдетілген еңбек өтілін, өмірі мен денсаулығын сақтандыруды және өзге құқық қорғау органдарына өту мүмкіндігін сақтаған жөн.

— Олардың үстінен кім бақылау жүргізіп, жасаған қылмысын кім тергейді?

— Бақылау жұмысы арнайы прокурорларда қалуы тиіс. Ал түрме жүйесінің өз ішіндегі заңбұзушылықтарға жедел әрекет ету үшін жаңа агенттік аясында ішкі қауіпсіздік басқармасы сияқты бөлім жұмыс істеуі керек.

— Жаңа агенттікті құру және енгізу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер қажет болады. Қандай жаңа заңдар қабылдау керек немесе қандай заңдарға түзету енгізу керек деп ойлайсыз?

— Меніңше, жаңа агенттік қызметкерлерінің мәртебесі туралы жеке заң қабылдап, Қылмыстық-атқару кодексіне, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу керек. Бұл соған тұрарлық іс!

 

Тек азаматтық ведомство болсын!

ҚАЖ комитеті бұрын да қайта ұйымдастырудан өткен. 2002 жылы оны ІІМ құрамынан шығарып, Әділет министрлігіне берді. Алайда 2011 жылы қайтадан ІІМ-ге қайтарды. Мұрағаттан 2011 жылы 2 тамызда «Время»  газетінде шыққан мақаланы таптық. Онда құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова да сол кезде ҚАЖ-ды жеке ведомство етіп құруды қолдап сөз сөйлеген. 

«2002 жылы ҚАЖ-ды Әділет министрлігіне бергенде, бұл қадам демократиялық елдер тарапынан құқықтық реформаларды ілгерілеткен үлкен қадам ретінде қабылданды. Түзету жүйесінде әскери немесе полицейлік емес, азаматтық министрлікке қарағаны әлдеқайда тиімді деп саналады. ҚАЖ-дың азаматтық мәртебесі болуы керек. ІІМ — бәрібір күштік құрылым. Біз, құқық қорғаушылар, ҚАЖ-дың ІІМ құрамында болуына қарсы болдық. Себебі жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы тергеу изоляторына кез келген уақытта кіріп, тергеу әрекеттерін, жауап алуды және басқа да шараларды жүргізе алады», — деген еді Тұрмағамбетова. 
Жеміс Тұрмағамбетова Фото: Жеке архивтен 

Ол жаңа агенттікті президентке емес, үкіметке бағындыруды ұсынған:

«Біз ол кезде ҚАЖ-ды кез келген министрліктің қарамағынан шығарып, Үкімет жанындағы дербес агенттік етуді ұсындық. Өз бюджеті болуы шарт, оған ешкім қол сұқпауы тиіс. Өйткені түзету жүйесін ұстауға қомақты қаржы бөлінеді. ҚАЖ тікелей министрге бағынуы керек, ал төрағасы вице-министр қызметін қоса атқарса, көптеген елдегідей тиімді іс болар еді», — деді Тұрмағамбетова.  

Сөзінің соңында ол ҚАЖ-ды Әділет министрлігінен ІІМ-ге қайтару себебіне қатысты ойын да айтты:

«Кадрлық тұрақсыздық басталды. Бұрынғы әділет министрлері ҚАЖ төрағасын аяқ астынан ауыстырып, мүлде біліксіз адамдарды қоя салды. Олар бұл орында бірнеше ай ғана отырды, не істегені түсініксіз. Мұның бәрі еш нәтиже бермеді. ҚАЖ-ды ІІМ-ге қайтару — түзету мекемелеріндегі соңғы оқиғаларға байланысты жасалды. Мысалы, сотталғандардың қашып кетуі, бүліктер, жарылыстар... Әділет министрлігі жүктелген міндетті орындай алмады», — деді Тұрмағамбетова. 

Жаңа агенттік керек емес!

Астаналық құқық қорғаушының ұсынысы жайлы, қазақстандық колонияларда жаза өтеп, түзелу жолына түсу дегеннің не екенін өз басынан өткерген сотталғандар не ойлайды? Осы сауалды біз Алматы облысындағы Заречный елді мекеніндегі № 57 ҚАЖ мекемесінде отырған, шілде айының ортасында (2025 ж.) бостандыққа шыққан Андрей Усиковке қойып, сұхбаттасып көрдік. Ол қазір мамандығы бойынша еңбек етіп қана қоймай, бос уақытында қоғамдық іске де араласады екен. «Әділет үшін» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде сотталғандар мен қамаудағыларға сөзбен де, іспен де көмек көрсетеді.

Сіздің ойыңызша, тікелей мемлекет басшысына бағынатын, ҚР жазаларды орындау және қайта әлеуметтендіру жөніндегі ұлттық агенттік құру қажет пе?

— Жеке мемлекеттік құрылым құрудың қисыны жоқ. Өйткені ол қазіргі ІІМ ҚАЖ комитетімен бірдей қызмет атқарады. Оның үстіне, жаңа құқық қорғау органын ұстау үшін қазынаға қосымша салмақ түседі. Меніңше, бұл қаржыны әлсіз топтарды қолдауға арналған әлеуметтік мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға немесе ҚАЖ комитетінің өз қаржылық олқылықтарын жоюға жұмсаған жөн. Қылмыскерді түзеу мен жазалау мәселесі қоғам үшін маңызды екені рас. Бірақ соның өзінде президентке тікелей бағынатын жаңа құрылым құруға тұрарлықтай деңгейде емес. Қазір бұл – Бас прокуратура мен ҰҚК құзырындағы іс. Үшінші органның керегі жоқ.

Андрей Усиков Фото: Жеке архивтен

Астаналық құқық қорғаушы жаңа агенттіктің құрамында колония қызметкерлері тарапынан болған заңбұзушылықтарға дер кезінде үн қататын жедел және тергеу бөлімдерін ашуды ұсынады. Сіз бұл пікірді қолдайсыз ба?

— Жоқ, қолдамаймын. Меніңше, одан гөрі Ресейдің Тергеу комитеті немесе бұрынғы Қазақстанның Мемлекеттік тергеу комитеті үлгісінде жаңа тергеу органын құрған тиімдірек болар еді. Сонда ғана қылмыстық істер ойдан құрастырылған себептермен жабыла бермей, көпшілігі сотқа дейін жетер еді.

Андрей, сіз аса ірі көлемде психотроптық зат сатқан деген айыппен сотталған едіңіз. Айыбыңызды мойындамадыңыз, бірақ 2025 жылдың қаңтарында ҚК-нің «нашақорлыққа» қатысты 297-бабына енгізілген өзгерістердің арқасында мерзімінен бұрын бостандыққа шықтыңыз. Өзіңіз қалай ойлайсыз? Жаза өтеген кезде түзелдіңіз бе?

— Мені ҚК-нің 297-бабы, 3-бөлімі бойынша заңсыз соттады. Себебі мен ешқашан психотроптық зат саудалаған емеспін. Мен — қылмыскер емеспін, сондықтан темір тордың ар жағында «түзелуге» мұқтаж болмадым. Меніңше, сотталған адам өзі қаламаса, ешкім оны түзете алмайды.

Түрме қызметкерлерінің жұмысын қалай бағалайсыз? ҚАЖ жүйесінде өзгеріс керек пе?

— Қазіргі түрме қызметкерлерінің көбінің кәсіби дайындығы көңіл көншітпейді, себебі әлі де ескі тәсілмен жұмыс істейді. Тек күзетіп, колониядағы сотталғандардың өмірін қолдан қиындатады. Ал шын мәнінде, ҚАЖ-да психолог және тәрбие қызметтерінің жұмысын жолға қою қажет. Психологтар колония штатында тек қағаз жүзінде ғана тұрмай, нақты түрде әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендірумен айналысуы керек. Олар сотталғандарға қылмыс әлемінен тыс өмірдің әлдеқайда жақсы, қызықты әрі қауіпсіз екенін санасына сіңіруі тиіс.

Психологтың сотталушылармен жұмыс істеп жатқан сәті. Фото: mail.kz

Сотталушы түзелуге, дұрыс жүріп, дұрыс тұруға ынтаны қайдан алады?

— Ұрлық жасамай, есірткі сатпай-ақ, адал еңбектеніп те лайықты табыс табуға болатынын адам түсінуі керек. Мәселе лагерлерде жұмыс орны жетіспейтінінде. Сотталғандар бос отырады, отбасын қаржылай қолдай алмай, жәбірленушіге келтірілген зиянды толық өтей алмай қиналады. Бұл — шартты түрде мерзімінен бұрын босауға қойылатын міндетті шарт. Оны орындамаса, бостандыққа шығу уақыты кейінге қалады. Сол себепті, егер кәсіпкерлер колониялардың өндірістік аймақтарында өз ісін жиі ашса, жақсы болар еді. Бұл жаңа жұмыс орындары болар еді ғой!

Қазір сотталғандарды еңбекпен қамтумен «Еңбек» РМК айналысады. Олар өз міндетін атқарып отыр ма?

— Меніңше, «Еңбек» РМК — елдегі ең жемқор, жоспарлы түрде зиянды жұмыс істейтін құрылымдардың бірі. Бұдан талай адам пайда көріп отыр. БАҚ жазған аймақтық бөлімшелердегі сыбайлас жемқорлық дауларын ойлаңыз. Өз басым колонияда өндіріс ашу үшін бостандықтағы кәсіпкер РМК-ға ақша беретінін білемін. Сосын ғимаратты жалға алғаны үшін тағы төлейді. Ал ол жерге жұмысқа орналасу үшін сотталғанның өзі біреуге ақша береді.

Заречныйдағы жалпы режимдегі колонияда отырғанда, сізге бәрі жеткілікті болды ма? Мысалы, тамақ, ем-дом, киім-кешек дегендер?

— Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Ресми түрде маған тиісті дүниелер берілді. Бірақ іс жүзінде өзімнің құралыммен, туыстарым жіберген және өзім сатып алған заттармен күн көрдім. Жылы төмек орын мен басқа да «лагерь жайлылығы» туралы айтар болсам, соңғы жылдары сотталғандардың тұрмысын негізінен өздері қамтамасыз етеді. Төсек орындары, мәдениет клубтарын, спортзалдарды жөндеу — бәрі олардың қалтасынан шығады. Қазір колонияда төбесі ағып тұрмайтын ғимарат табу қиын. Шемонайха, Тараз, Жаңғыз, Шымкент пен Қызылордадағы төсек орынның жағдайын көріңіз. Ал Алматы облысында ондай мәселе жоқ, өйткені бұл өңір ауқатты.

2023 жылы ІІМ министрі сотталғандар мен қамаудағылардың тамақтануы мен тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің нормаларын бекітті. Бұл тізімде жеміс-жидек, шырын, құрма, тосап, жаңа ауланған балық, түрлі ірімшік және ұнтақталған кофе бар. Лагерь асханасында осының бәрін көрдіңіз бе?

— Алманы көргенім есімде, беретін. Ал тізімдегі басқа дәмді енді естіп отырмын. Мүмкін, оларды қант диабеті бар немесе науқастарға берген болар. Бірақ біз, қарапайым сотталғандар ондайды көрмедік. РМК құрамында сотталғандарды тамақпен қамтамасыз етуге жауапты бөлім бар. Сапасы ақсап тұр. Тіпті норма бойынша берілуге тиіс нәрсе жетіспей жатса, оны басқа затпен алмастырады. Меніңше, ҚАЖ азық-түлік жеткізудің, еттің сапасын бақылауы керек. Бірақ мен ондайды көрмедім.

Қатаң режимдегі колонияның асханасы Фото Orda.kz

Соңғы екі жылда бұрынғы түрме бастықтарының парақорлық бабымен сотталғаны жайлы көп естідік. Сіздің ойыңызша, соңғы кезде шенеуніктерді неліктен жаппай қамауға ала бастады?

— Мұны мен аймақтық ҰҚКД-ның бесінші басқармаларының белсенді жұмысына қатысты деп санаймын. Олар жергілікті жерлерде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күреседі. Оларды мақтаймын. Иә, қылмыстық істерді соңына дейін жеткізеді. Яғни, тек түрме бастықтарынан күдіктеніп, жедел іздестіру жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ұстайды. Тергеушілер мықты айғақ базасын жинап, соның арқасында сот айыпталушылардың кінәсін мойындатып, лайықты үкім шығарады. Ішкі ақпарат бойынша, «Антикор» қайта ұйымдастырылғаннан кейін оның бұрынғы қызметкерлерін ҰҚҚ-ға қалдыру үшін полиграфтан өткізіп жатыр Егер ҰҚК жанындағы жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сауатты жұмыс істей бастаса, көп мемлекеттік органда тәртіп орнайды деп ойлаймын.

Тек азаматтық ведомство болу керек!

Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселесімен көптен бері «Либерти» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов айналысып келеді. Ол 2000-жылдардың басында ҚАЖК-ны қайта құрудың жақсы-жаман жақтарын көрген, сондықтан бұл тақырыпта ойын ашық айтты.

Сіздің ойыңызша, ҚАЖК-ны 2002 жылы Әділет министрлігіне не үшін берді, ал 2011 жылы не себепті қайтадан ІІМ-ге қайтарды?

— Мақсат — қоғамдық бақылау орнату еді. Бұрын қалай еді? ІІМ қылмыскерді жазалап, артынша өзі «күзетіп», өз тәртібін орнататын. Соның салдарынан талай қылмыс жабылып, сотқа жетпей қалатын. ҚАЖК Әділет министрлігіне өткеннен кейін аздап оң өзгерістер болды, бірақ жүйелі реформаға ұласпады. Ол кезде реорганизацияны толық аяқтап, қылмыстық-атқару жүйесінің басына осы салаға жаны ашитын адамдарды қою керек еді. Бірақ бұл болмады, меніңше, жемқорлық себеп болды. Шенеуніктерді сотталғандарды түзеу емес, түзету мекемелерін қаржыландыру мәселесі көбірек қызықтырды. Сондықтан жемқорлық та, азаптау да бұрынғыша қалды.

«Либерти» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов

Сіздің ойыңызша, ҚАЖК құқық қорғау органының құрамында болуы керек пе? Әлде азаматтық ведомствоның қарамағында болуы керек пе?

— ҚАЖК азаматтық ведомствоға қарауы тиіс. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын шын мәнінде бағалайтын құрылым болуы керек. Түзету жүйесінде тәртіп болуы шарт, сондықтан оны құқық қорғаушылар мен адам құқығын жақсы білетін шенеуніктер бірлесе қадағалауы қажет. Норвегия, Швеция, Финляндия тәжірибесіне назар аударуды ұсынамын. Бұл елдерде түрмелер әрдайым құқық қорғаушылар мен қоғамдық белсенділерге ашық.

Ал Қазақстанда колониялардың есігі құқық қорғаушыларға жабық па?

— Біз, құқық қорғаушылар, колонияларға ең «жолымыз болды» дегенде жылына бір рет барамыз. Бұл жағдайда жүйелі өзгерістер туралы айта да алмаймыз. Егер ескертусіз кіре алсақ болса, әрі өзіміздің ұялы телефондарымызбен кіруге рұқсат етілсе, мүлде басқа әңгіме болар еді. Ең дұрысы — колонияларда бейнебақылау жүйесі толық жұмыс істеп, бастықтар біздің ескертулерімізге құлақ асса, сонда ғана біздің жұмысымыздың тиімділігі мен жемісін сөз етуге болар еді. Ал қазір қалай? Біз барардың алдында барлық кемшілікті жою мен жағдайды «жақсартуға» дайындық жасалып қояды.

Мұндайда сіздердің тексерістеріңізге және сотталғандармен еркін сөйлесуге көмектесуі үшін сотталғандардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге (омбудсменге) жүгінбейсіздер ме?

— Менің ойымша, біздің омбудсмен жағдайға ықпал етіп отырған жоқ. Ол басын ала қашып отыр. Тіпті кейде шенеуніктердің, мысалы, прокурорлардың жағында болады.

Айтпақшы, колонияларда заңдылық пен тәртіптің сақталуын қадағалайтын арнайы прокурорлардың жұмысын қалай бағалайсыз?

— Олардың жұмысының тиімділігін нөлге теңеймін. Арнайы прокурорлардың колониядағы кабинеттерінде отырғанын сирек көресің. Егер сотталған адам құқықтарының бұзылуына шағымданса, олар мәселенің мән-жайына үңілмей, тек ресмилікпен жауап беріп қана қоя салады.

Егер түрме қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, әлеуметтік қорғалуын жақсартса, бұл олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлық қауіпін азайта ма?

— Егер олардың көбі еліміздің заңдарын, ал адам құқығы бойынша халықаралық стандарттарды мүлде сақтамаса, жалақыны көтергеннен не пайда? Олардың өздері заң бұзбауы үшін нақты шара қабылдау қажет. Әлімжеттік пен артық «ұр, тоқпақ» болмауы тиіс. Түрме қызметкерлерінің біліктілігін тұрақты көтеріп, арнайы контингентке сезімталдықпен және түсіністікпен қарауы керек. Ең дұрысы — жоғары педагогикалық білімі болуы қажет. Сонда ғана олар қателескен адамдардың түзеліп, қоғамға қиындықсыз оралуына көмектесе алады.

Заңгер Төреқұлдың жаңа жазаны атқару агенттігін құру жөніндегі ұсынысын қолдайсыз ба?

— Дәл қазір нақты айта алмаймын. Оның қалай болатынын, кім басқаратынын, кімге бағынатынын және жаңа қызметкерлердің қандай өкілеттігі болатынын білуім керек. Егер онда қазіргі ІІМ ҚАЖК моделінен түбегейлі өзгеше ештеңе болмаса, мен реформадан мағына көре алмаймын. Өзгеріс болмаған жағдайда бұл тек артық шығын болады. 

Автор: Жанар Құсанова


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар