Қазақстандағы қанды қаңтар: бірінші күн, Жаңаөзен және Ақтау

cover

2022 жылдың басталғаны сол еді Қазақстанның батысындағы мұнайлы қалаларда тәртіпсіздіктер белең алды.

Orda.kz сайты The Diplomat басылымымен бірлесе отырып, Шерилдің қаңтар айындағы барлық оқиғалар мен наразылық шерулерін басып жатқан көшелерден жазған қазақстандық тәуелсіз журналистер туралы әңгімелейді.

Шерил Л. Рид

ЖАҢАӨЗЕН, Қазақстан: «Азаттық» радиосының журналисі Сәния Тойкен Астана іргесіндегі туған ауылында жаңа жылды отбасымен қарсы алмақшы болып отырғанда оған жаңаөзендіктерден хабарлама келді. Олар газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық акциясын өткізуді жоспарлап отырғандарын айтқан.

– Демалыс күні еді. Мен бірдеңе болатынын білдім. Ол жер көптен бері тығырыққа тірелген, – деп есіне алды Сәния.

Тойкен әлеуметтік желілерді қарап отырып, мұнайлы қала тұрғындарының дәл жаңа жыл мерекесінде әкімдік ғимаратында жиналып қалған видеосын тауып алған. Олардың мұндай қадамға баруларына газ бағасының литріне 60 теңгеден 120 теңгеге дейін көтерілгені себеп болды.

2 қаңтар күні тілшінің телефонына тыным болмай, әлеуметтік желі басты айналма жолға жиналған жұрттың суреттеріне толып кетті. Әдетте Жаңаөзендегі наразылық акцияларына оншақты белсенді ғана қатысып, оларды полиция тез ұстап әкететін. Дегенмен, бұл жолы қарапайым азаматтар «қарсы» шықты. Жанар-жағармай бағасының қымбаттауынан тікелей зардап шеккендер – қарапайым көлік жүргізушілері, көлік қозғалысын тоқтатқан такси және жүк көлігі жүргізушілері болды.

Полиция бәрін бақылап қана тұрды.

Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі
Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі

– Мен редакторыма ол жаққа баруымыз керек деп жаздым. Өйткені бұл наразылық созылуы мүмкін, – деп еске алады Тойкен.

Сәния Тойкен 2008 жылдан бері Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласы қызметкерлерінің ереуілдерінен хабар таратып келеді. Сонымен қатар, ол 2011 жылы Жаңаөзендегі қайғылы оқиға, полицияның наразылық білдірушілерге оқ жаудырғаны туралы да жазған. Одан кейін, ресми мәлімет бойынша, кем дегенде 15 адам қаза тапқан. Қазір журналист Астанада тұрады. Десе де соңғы жаңалықтарымен бөлісетін БҚО тұрғындарымен әлі де байланыста.

Азаматтық белсенді, журналист Алма Бекес өңірдегі жағдайды Тойкенге алғашқылардың бірі болып жеткізіп, Facebook желісінде тікелей эфирге шыққан.

– «Ұйқыдағылардың» ақыры оянғанына қатты қуандым, – деді Бекес бұрын-соңды шеруге шықпаған, кейде тіпті елде не болып жатқанын білмейтіндерді меңзеп.

Келіншек zhanaozen_online аккаунтымен әлеуметтік желілерді жүргізіп, туған қаласы туралы жаңалықтарды үнемі жариялап отырады. Алма Бекес сынды азаматтық белсенділердің арқасында мемлекеттік БАҚ үнсіз қалғанда, аймақта тәуелсіз басылымдар тым аз кезде қазақстандықтар «ақпараттық шұңқырға» батқан жоқ.

Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі

Белсенді Нұрбек Нұрғалиев та бұған дейін митингіге қатыспаған «қарапайым халықтың» жоспарына таң қалды. Нұрғалиев 2011 жылғы оқиға кезінде мойын жарақатын алғанына байланысты дауысы ақырын шығады. Ол газ бағасына қарсы мәлімделер айтқаны үшін үш рет түрмеге жабылған. Нұрғалиев Маңғыстау облысының әкіміне жеке өзі газ бағасына қатысты наразылығын білдірген. Оның айтуынша, тұрғындардың «аяғының астында жатқан» газ бағасы литріне 50 теңгеден аспауы керек.

Жаңаөзен 80 мыңға жуық халқы бар қала. Осыны ойлағанда, ең бірінші ойға мұнайлы кен орындары мен 2011 жылғы ереуіл түседі. Белсенділер наразылық акциясында 100 адам қаза тауып, тағы 37-сі адам полицияның азаптауына ұшырағанын алға тартады, бұл таратылған ресми деректерден көп. Қаңтардағы наразылықтардың елді тез шарпыған себебі ретінде 2011 жылғы оқиғаның салдары жиі айтылады. Адамдар жаңаөзендіктерді қолдағысы келді, өйткені олар он жыл бұрын дұрыс қолдау білдіре алмағаны үшін өздерін кінәлі сезініп келген.

Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі

Наразылықтарға бірінші болып Ақтау қосылды.

2 қаңтарда фотограф Иса Тәженбаев Ақтау әкімдігіне қарама-қарсы «Ынтымақ» алаңында адамдардың жиналып жатқанын білді. Ол дереу қаланың орталығына жетіп, онда бірнеше жүз адамның жиналғанын көрген.

– Бұл аймақ үшін кездесе бермейтін құбылыс. Мен 2011 жылы ақтаулықтар жаңаөзендіктерді қолдай алмағандықтан, бұл жолы қолдайтынын білдім, – дейді Тәженбаев.

Келесі күні таңертең оған WhatsApp желісінде мыңдаған шерушілер әкімдік алдындағы көшені жауып қойғаны туралы хабарлама келген. Тәженбаев камерасын алып, оқиға орнына аттанған.

– Мен қорықтым, өйткені біздің ел қоғамдық наразылықтарға қарсы. Мені қамауға алуы мүмкін екенін білдім, – деді ол.

Тәженбаев – Ақтаудағы Expedition +362 фестивалінің операторы. Негізінен Маңғыстау шатқалдарын түсіретін ол полиция тоқтатқан жағдайда ПРЕССА кеудешесін көрсететіндей оны сырт киімнің ішінен киіп, наразылықтар болып жатқан жерге барды.

– Мен ол жерде журналистерді көрмедім, бірақ жиналғандардың барлығының телефондары болды, олар барлығын түсіріп жүрді. Ешкімде кәсіби фотоаппарат болған жоқ, – деді ол.

Тәженбаевтың Ақтаудағы наразылық акциясы кезінде түсірген суреттері әлем жұртшылығы көрген алғашқы кадрлардың бірі болды. Ол видеолар мен суреттерді ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне, британдық The Guardian және бірнеше еуропалық БАҚ-қа сатқан.

Оның суреттерінде полиция қызметкерлері қара дулыға, қорғаныс қалқандарын киген - фотограф оларды («Звездные войны») «Жұлдызды соғыстар» дауылшыларымен салыстырды. Ол әкімдікті күзетіп тұрған тәртіп сақшыларын, демонстранттарға қызықтап балконнан қарап тұрған тұрғындарды видеоға түсіріп үлгерді. Кадрларда наразылық акциясының қалай ұйымдастырылғаны туралы мәліметтер де қамтылған: киіз үйде орналасқан штаб, адамдарға шай, нан мен су тарататын шатырлар, сондай-ақ ереуілшілер үшін арнайы орнатылған көше дәретханалары.

Бейнежазбада наразылық білдірушілер «Шал, кет!» деген жазуы бар плакаттарды ұстап тұрғанын көруге болады. Олар 2019 жылы наурызда президенттік өкілеттігін тоқтатқанына қарамастан, 82 жасында әлі де билік басында болған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды.

– Мен өзімді стадионда жүргендей сезіндім және барлығы бір бұйрыққа бағынатындай көрінді, – деді Тәженбаев.

Ақтау. Сурет: Аделаида Ауеспекованікі

Осы кезде Сәния Тойкен туыстарына шұғыл түрде Астанаға жұмыс бабымен бару керектігін айтып, жолға шығып кеткен. 3 қаңтар күні түске таман ол Жаңаөзенге жетіп, қаладағы барыс мүсінінің жанындағы уақытша сахнаға мыңдаған адам жиналғанын көрді. Ғимаратқа жиналған көпшіліктің артында Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген қанатты сөздері жазылған үш метрлік мурал тұрған.

Қаңтардың суығында жиналған жұртшылық: жылы қалың пальто мен жүннен тоқылған бас киім киген адамдар топтасып, айтылып жатқан жалынды сөздерді тыңдап тұрды.

– Жаңаөзендіктер ерекше. Олар қызу қанды, бірдеңе ұнамаса бірден басып айтады. Олардың митингіге шығуына ештеңе кедергі емес. Үкімет 2011 жылғы оқиғаларға өзін кінәлі деп санайды. Мұны қала тұрғындары да біледі, – деп түсіндірді Сәния Тойкен.

Сәния Тойкен Жаңаөзенді жақсы біледі. Журналист 2008 жылдан бастап мұнай-газ қызметкерлерінің ереуілдері туралы жазып келеді. Оның жазбалары полиция мен ҰҚК-нің назарын аударған. Оның айтуынша, олар оны жиі ұстап, жауап алып тұрады, тіпті оның сыртынан бақылау қойған.

Ақтау. Сурет: Аделаида Ауеспекованікі

Тілші Асан Анарбай Orda.kz редакциясының нұсқауымен Алматыдан батысқа ұшты. Отбасына Түркияға баратынын айтқан журналист үш сағатта Ақтауға қонды.

Алайда әуежайдан қалаға жету қиынға соқты – жол жабық. Асанның журналист екенін білген наразылық білдірушілердің өздері оны орталық стадионға апарып тастаған.

– Барлық жерде полиция тұрды, бірақ олар наразылықты тоқтатпады. Мен оқиғаның ошағында болғым келді, – деді Асан.

Ол Ақтауда таңғы төртке дейін болып, артынша Жаңаөзенге жол тартқан.

Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі

Демонстрацияның ұйымдастырылуына Асан тәнті болды: жұрт тамақ пен сусын беріп, алты шақты киіз үй тігіп, түні бойы алаңда кім тұру керек екеніне кесте жасады.

Ол шеруге шыққандарды патриоттық әндер шырқап, микрофонға кезектесіп жұмыссыздық пен таза ауыз су тапшылығы сияқты әлеуметтік мәселелерді көтеріп жатқанын видеоға түсірген. Күнде түнге қарай жас жігіттер келіп, жамағатты зорлық-зомбылыққа шақыратын - бұл артынша басқа қалаларда көрініс тапты. Ақсақалдар жиналғандарды сабырға шақырып отырды.

Жаңаөзен. Сурет: Күлтегін Аспанұлынікі

Алаңға облыс, қала әкімдері мен газ өңдеу зауытының директоры газ бағасын 90 теңгеге дейін төмендету туралы ұсыныспен шыққанда наразы жұртшылық «Ұят!» деп ұрандата бастады.

5 қаңтар күні ірі мұнай компаниялары жұмысын тоқтатып, наразылық акциясына адамдар көбірек қосылды. Кешке қарай ақтаулықтардың саны 20 мыңға жуықтады.

Сол жерге келген Сәния Тойкен наразылық білдірушілер мен халықтың арасында тұрған қара костюм киген, сақалды 15 жас жігітті байқады. Олар үкіметке шабуыл жасауға шақырған.

Журналист оларды 2011 жылғы атышулы мұнай ереуіліндегідей көпшілікті арандатуға тырысты деп айыптады. Ер адамдар оған суретке түсіруді тоқтатуды бұйырып, олардың бірі тіпті оның телефонын сындырамын деп қорқытып, тілшіге шабуыл жасамақшы болған. Ол қашып құтылды.

Жаңаөзенде жергілікті тұрғындар шерушілерді барлық талаптары орындалғанша, соның ішінде жергілікті және облыс әкімдері отставкаға кеткенше шеруді жалғастыруға шақырды. Көптеген қалалардағы наразылықтар 6 қаңтарда аяқталды. Нұрбек пен тағы үш белсенді наразылықты тоқтату үшін әкім, облыс прокурорының орынбасары және мұнай компаниясы өкілдерімен кездескен. Белсенділер шеруге қатысқаны үшін ешкімді қылмыстық қудаламауды сұрады, прокурордың орынбасары келісті.

Ақтау. Сурет: Аделаида Ауеспекованікі

8 қаңтарда сағат 14:00 шамасында жиналған жұрт ықылассыз, бірақ бейбіт түрде тарады. Басқа қалаларда наразылық шерулері шектен шықты, бірақ Жаңаөзенде емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға рұқсат бергеннен кейін полиция мен әскери бөлімдер күшпен жауап бере бастады. Нәтижесінде 238 адам қаза тауып, 4500 жараланды, 10 000-ы тұтқынға алынды және жүздеген тұтқын азапталды. Бұл ресми деректер.

Асан Анарбай Жаңаөзендегі киіз үйлерді бұзып жатқан демонстранттарды видеоға түсіріп, кейін шеру кезінде 20 адам қаза тапқан Шымкентке жол тартқан. Мұнда ол ауруханаға түскендермен сөйлесіп қайтты.

– Адамдардың көзін ойып, қолдарын сындырып, бірнеше жеріне оқ атқан, – деді ол.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі айларда Асан мен Сәния, басқа да көптеген журналистер Қанды қаңтарға қатысты сот істері туралы жазған. Асан қаза болғандардың туыстары мен полицияның азаптауына ұшырағандардан сұхбат алды.

– Мен үшін эмоциялық тұрғыдан өте қиын болды. Маған үзіліс жасауға тура келді, – деді ол.

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге куә болғандар оның салдарымен әрқалай күресті. Мәселен, Асан Orda.kz сайтынан жұмыстан шығып, енді қазақ тілінен сабақ береді. Қаңтар трагедиясынан айығу үшін ойын позитивті арнаға бұруға тырысуда. Ал Иса наразылық акцияларын жариялау тәжірибесінен кейін фототілші болуды армандайды: «Мен өз елімде өзгеріс жасауға көмектесе алатыныма сенімдімін».

Ақтау. Сурет: Иса Таженбаевтікі

Азаматтық журналист Алма Facebook желісінде қарқынды түрде хабар таратты. Қаңтардағы наразылық оның туған қаласында басталды, ол оны мақтан тұтады.

Белсенді Нұрбек құқық үшін күресті жалғастыруда, бірақ қазір еш өзгерістің жоқтығына қынжылады: «Ештеңе өзгермеді. Біздің құқығымызды қорғайтын адамдар қайда?» деп сұрады ол.

Сәния Жаңаөзендегі қала тұрғындарының наразылығын бақылауды жалғастыруда.

– Тіпті оқиға ошағынан хабар таратсам да, объективті болу керек болды. Бірақ өзегім өртенді – мен туған жерімнің тағдырына алаңдадым. Халық наразылық білдіруге шықса, өз құқықтарын қорғау үшін шығады. Мен көп адамның құрбан болғанына қынжыламын. Бұл үкіметтің егер халық наразылық білдірсе, атылып, түрмеге жабылып, азапталатынын көрсету әрекеті. Мен қорықпаймын. Бірақ олар менің үмітімді үзді, – деп қосты ол.

Шерил Л. Рид – американдық журналист және Fulbright Program стипендиаты. Ол Орталық Азиядағы БАҚ репрессиясын зерттеп, 80-нен астам журналистерден сұхбат алды. Қосымша ақпаратты cherylreed.com сайтынан табуға болады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар