Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша сот үкімі шықты: Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілді
Коллаж: Orda.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты резонанс тудырған сот процесі аяқталды. Сот Шерхан Аймаханға үкім шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.
Шерхан Аймаханға Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2026 жылғы 13 тамызда өткен сот отырысында Аймахан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Некеге тұруға мәжбүрлеу», 115-1-бабы – «Сталкинг», 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – «Ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Судья Самиддин Темиралиевтің айтуынша, Шерхан Аймахан жәбірленуші тарапқа 25 миллион теңге моральдық зиян, сондай-ақ 5 миллион теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.
Алдыңғы сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Құрметті сот, жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Соттан түпкілікті түрде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын» деген болатын прокурор Мадияр Әбілқасымов.
Мамыр айында Ішкі істер министрлігі Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты іс бойынша күдіктінің туыстарының қатысы бар деген ықтималдықты да тексерді. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сол кезде тергеу қаза тапқан қыздың отбасы айтқан деректерді тексеріп жатқанын мәлімдеді. Яғни, қызды күдіктінің үйіне әкелген кезде оның жанында басқа адамдар да болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылды..
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары қыздың ажалы оны күштеп үйленбекші болып алып қашқан жігіттен көрді. Қызды алып қашқан кезде полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғамағаны жайлы ақпарат қоғамда кеңінен резонанс тудырған еді.
Алдыңғы сотта Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында айыпталушы Шерхан Аймахан да жауап берді. Ол өз кінәсін толық мойындамай, қылмысты аффект күйінде жасағанын айтты.
Іс бойынша алдын ала тыңдау 23 шілдеде өткен. Айыптау актісіне сәйкес, Аймахан Нұрайды өз еркінен тыс алып кетіп, кейін оны аңдыған. Біраз уақыттан соң ол қызға 35 рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Қазіргі уақытта 28 жастағы айыпталушыға үш бап бойынша, яғни ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге мәжбүрлеу бойынша айып тағылып отыр. Марқұмның отбасы оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етті.
Бұған дейін іс прокуратураға жолданған кезде марқұмның отбасы тергеу нәтижелерімен келіспейтінін мәлімдеген болатын. Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров тергеу барысында бірқатар өтініштер қаралмағанын және іс материалдарында елеулі заңбұзушылықтар бар екенін айтқан. Осыған байланысты отбасы Бас прокуратураға жүгініп, істі ерекше бақылауға алуды сұрады.
Бұл жағдайға Қазақстан президенті де пікір білдіріп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне тиісті баға беру қажеттігін айтып, дұрыс жұмыс істеуді тапсырған болатын.
Оқиға орнында мерт болған 21 жастағы Нұрай Серікбай сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде отбасымен бірге өмір сүрген. Екі ағасы бар, үйдің – кенжесі. Студент. Әке-шешесі қалада түрлі салада жұмыс істейді. Марқұмның денесі туыстарына берілді. Жақындары қыздың денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысы Төрткүл ауылына жерледі.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық