«Нұр-Атам құдайым»: Нұрсұлтан Назарбаев шексіз билік иесіне қалай айналды?

6 шілде — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. 1991 жылы билікке келіп, 30 жылға жуық Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевқа мүсіндер тұрғызылды, көшелерге ат берілді, тіпті еліміздің Астанасын оның атымен Нұр-Сұлтан деп атады. Бұл — таяқтың бір ұшы. Екінші ұшында оның билігін қатаң сынап, «қандықол диктаторға» теңеп, «сөз бостандығын шектеді» деп айыптағандар болды. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 30 жыл бойы өнер туындылары, әдеби шығармалар, одалар, мақалалар, мадақтар арналған елбасы ықпалының іргетасы шайқалды. Оны Талдықорғандағы Назарбаевтың мүсінін наразы шерушілер ұрып-соғып, арқанмен асып қойғанда анық көрдік.
Orda.kz тұңғыш президенттің туған күні әрі Астана күні болған 6 шілдеде 30 жылда Назарбаев қалыптастырған жүйенің қазіргі қоғамға әсері жайлы саралап көрді.
Шың мен шыңырау
Оның өмірін «шың мен шыңырау» деп сипаттауға болады. Тұңғыш президентті алғашқы жылдары халық қалай төбесіне шығарып, шыңға қалай көтерсе, соңғы жылдары дәл солай оған қатысты дүниенің бәріне қарсы шығып, шыңырауға әкелді. Әсіресе, 2022 жылы Қаңтар оқиғасында Назарбаевтың аты жазылған көшедегі тақталар қирағанын талайымыз көздік. «Нұр» сөзіне қатысты дүниелерді назары жұрт шағып-сындырып жатқан еді. Мысалы «Нұр-Банк» «Нұр» сөзі жазылған маңдайшасын елден сескеніп, бүркемелеп әлек болды.

Ал Талдықорғандағы мүсінді алаңда жүргендер орнынан жұлып алып, асып қойды. Сол белсенділердің бірі Азамат Батырбаевты Талдықорған түрмесінде полицейлер арқасына үтік басып, ұрып-соғып азаптады. Ол 2022 жылдың 5 шілдесінде босап шықты. Оның адвокаты Бауыржан Азанов оның кінәсі жоқ екенін дәлелдегенін мәлімдеді. Ол Батырбаевты азаптаған бір полицейге қарсы талап-арыз беріп, оның қамалғанын айтқан. Тағы екі полицейдің осы іске қатысы бар екенін және оларды қамауға тырысқанын ашық мәлімдеді. Алайда Батырбаев әлдебір келісім жайлы құжатқа қол қойған соң, оларды жауапқа тарту енді мүмкін емес екенін де айтып, әлеуметтік желісіне жазба жариялады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну қалай басталып кетті? Қазіргі кезде оны және әулетінің мүддесін қорғайтын қандай заң бар? Оның ықпалы әлі бар ма?
Кеңес одағы ыдырап, жеке тұлғалар мемлекет мүлкін, шаруашылықтарды, кәсіпорындарды жекешелендіріп жатқан кезде әлеуметтік тығырыққа тіреліп, егемен ел ретінде тұғырымызға шығу оңай болмады.
Қазақ тіліне судай, дәстүрге қанық, дес бермейтін шешен болмысына қарап та алғаш тәуелсіздік алған жылдары бүкіл жұрт Назарбаевты қолдап, «бата» беріп, үміт артты деп айтуға болады. Көбі Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келетін көшбасшы жоқ деп санады.

Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Назарбаевтың жеке басына арналып, анау айтқандай шаралар өткізіле қоймады. Тәуелсіз Қазақстанның президенті болғанына 5 жыл толғанда да кейінгі болған ірі шешімдер мен шаралар бола қоймады.
6 жыл толғанда, 1997 жылғы қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында «Қазақстан–2030» стратегиясын жариялады. Бұл құжат ұзақ уақыт бойы Қазақстанның дамуына арналған бағдар болды. Стратегия жеті мәселеге баса назар аудару жайлы жазылған: ұлттық қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық, экономикалық өсім, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқаты, энергетика, инфрақұрылым және кәсіби мемлекеттік басқару. Басында бұл жоба осындай өзекті мәселелерді қамтығаны оның көшбасшы ретінде ел алдында абыройын асқақтатты.
Кейін Елбасы 2012 жылы осы мақсаттардың көбі мерзімінен бұрын орындалғанын мәлімдеп, «Қазақстан–2050» стратегиясын ұсынды.
Инфрақұрылым мен қоғамды жақсартуға арналған түрлі жобалар айтылды. Дегенмен осы «даму жолында» асыра сілтеп, президенттің жеке басына табынушылыққа дейін барғандар көп болды. Бәрінің атын атап отырсақ, ұзын-сонар тізім шығады.
Дегенмен осы президенттің жолдаулары тек халықпен, билік өкілдерінің арасында ғана емес, Қазақстандық медиада да «Елбасының бастамасымен атқарылды» дегендей, әр істің басына президентті қосып сөйлеу таралғанын айта кету керек.
Отандық телеарналары Елбасы туралы мадаққа толы сюжеттерді үздіксіз көрсетіп отырды. «Елбасының бастамасымен» деген тіркес жаңалықтарда жиі кездесетін болды.
Дәл 1997 жылы Назарбаев еліміздің астанасын Ақмола деп жариялады. Бұл оның жеке басының ерекше табынуға айналуына әсер еткен қадам еді. Себебі Астана қаласы дегенде Назарбаев ауыстырғанын ел еске түсіреді. Екеуі бір-бірімен астасып жатқандай әсер қалдырады. Әрине, геосаяси жағдайды ескерсек, бұл өте дұрыс қадам болды.
Алғашында Қазақстан астанасының күні 10 маусымда атап өтілетін. Себебі 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астана — Астана ресми түрде таныстырылған болатын. Алайда 2008 жылы Парламент депутаттарының бастамасымен бұл мереке 6 шілдеге ауыстырылды. Бұл күн — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні (1940 жылғы 6 шілде). Ресми түсініктемеде бұл өзгеріс елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруде Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны үшін жасалғаны айтылды. 2008 жылы Астанадағы жарнамалық баннерлердің жартысына жуығында Елбасы бейнеленді. Осылайша, тұңғыш президенттің еңбегін ерекше атап көрсету көзделді. Содан бері әлі күнге Астана күнін Қазақстан халқы 6 шілдеде тойлайды.
Оқи отырыңыз, әрбір Қазақстан азаматының ЖСН (жеке идентификациялық нөмірі) бар. Orda.kz тілшілері Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базасынан тұғыш президент пен оның қыздары және күйеу баласының ЖСН нөмірлері жоқ екенін байқады. Топшылап көрсек, бәлкім бұл азаматтар Қазақстанда тұрмауы мүмкін. Себебі ЖСН-нің күшін жоюдың бір себебі — азаматтың тұрақты тұру үшін басқа мемлекетке көшіп кетуі.
Назарбаевтың есімі жүздеген мектепке, университетке, көшеге, музейге, тіпті шет елдердегі мекемелерге берілді. Елбасыға «Отан Қорғаушы» және «Еңбек Ері» атақтары берілді. Оған тағзым ету мемлекеттік деңгейге көтерілді. Көптеген лауазым иелері оны Вашингтон мен Джефферсонмен салыстырды.
Соңғы жылдардағы әсерін де атап өткен жөн шығар.Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 наурыз 2019 жылы, Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті қызметінен кете салысымен, өзінің алғашқы үндеуінде Астананың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуді ұсынды.
3,5 жарым жыл бойы, 2022 жылдың 20 қыркүйегіне дейін елордамыз Нұр-Сұлтан деп аталды. Тоқаев сосын қайта Астана деп атау туралы жарлыққа қол қойды.
2000 жылдары Назарбаевтың жеке басына табыну кең етек жайды. Оның атымен мектептерді, демалыс орындарын, саябақтарды, мектептерді тіпті марапаттарды атай бастады.

Соның бірі — 2001 жылы пайда болған марапат. Бұл жайлы дереккөздерде былай деп жазылған:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 2001 жылғы 3 мамырдағы №180-II Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орден тағайындалды. Бұл орденмен Қазақстан Республикасының азаматтары ел дамуына, гүлденуіне және абыройына елеулі үлес қосқан мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін марапатталады».

Бұл марапат түрлі саясаткерлерге табысталған.
Соның ішіндегі ең елге танымал адамдар: қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, жазушы Әбіш Кекілбаев, саясаткер Иманғали Тасмағамбетов, қазір түрмеде жатқан бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов, саясаткер Даниял Ахметов т.б.
Бұл марапатты Ресей президенті Путин, Беларусь президенті Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбаай Шарипович Жээнбееков те алған. Айта берсек, бұл марапатты алғандар көп.
Оқи отырыңыз, Orda.kz экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына тиесілі жылжымайтын мүліктерді іздеп, зерттеп жатыр. Бұл жолы біз гольф-клубтар, мемлекеттік саяжайлар және жаңа зәулім сарайлар туралы мақаламызда жаздық.
Елдегі ең үздік мектеп
Назарбаевтың есімін беру жайлы айтып, қызылкеңірдек болғандар аз емес. Дегенмен Қазақстандағы ең үзлік мектептердің бірі Назарбаев Зияткерлік мектептері жайлы айта кету керек.
Бұл оқу орындары — 2008 жылы Қазақстанның пұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған білім беру жобасы. Мектептерде жаратылыстану-математикалық бағыт тереңдетіліп оқытылады және оқу үдерісі халықаралық Cambridge, IB және ұлттық бағдарламалар негізінде жүргізіледі. Қазіргі таңда елдің ірі қалаларында 20-дан астам мектеп жұмыс істейді.

Дегенмен бұл мектептер тек білім ошағы ғана емес, олар Елбасының саяси мұрасын дәріптейтін орын ретінде де танылып келеді. Көп мектептерде Назарбаевтың бюсті, нақыл сөздері мен суреттері ілулі тұр. Бұл – мектептің идеологиялық мазмұнын көрсетеді. Біреулер үшін бұл – көшбасшының еңбегіне құрмет, ал енді біреулер үшін – білім беру саласын саясиландырудың көрінісі.
Orda.kz басылымының зерттеу бөлімі Қайрат Шәріпбаевтың (Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, Дариға Назарбаеваның жары) күдікті істерін ашқан еді. Мақаламызда «QazaqGaz» ұлттық компаниясы үнемі ішкі тарифтің зияны жайлы мәселе көтеріп, миллиардтаған теңгені газ төлейтін кәдімгі түбіртектерді басып шығаруға жұмсаймыз деген желеумен алып келгені жайлы жаздық. Олар газ желілерін дамыту мен жөндеудің орнына жылдар бойы еншілес кәсіпорындарға осы үшін сегіз есе көп қаражат бөліп келгені белгілі болды.
«Нұр-Атам құдайым, Сайтан қашқан сесінен»
Редакциямызда Елбасына әдеби шығармалар арнап, түрлі марапаттармен қатар баспана алған ақын-жазушылар жайлы да ақпарат бар. Дегенмен олардың кейбір әдеби туындылары қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқандықтан, кейбірі өмірден өтіп кеткендіктен олардың атын-атап, түсін түстеуді әбестік санадық.
Дегенмен Назарбаевқа одалар жазып, кітап шығарып, кейін ол биліктен кеткеннен кейін Тоқаевқа арнаулар жаза бастаған Балтабек Нұрғалиді айта кетейік. Ақын Балтабек Нұрғалиев 2018 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевты құдайға теңеп, тағы да жұрттың жағасын ұстатқан еді. Оның «Жұмақ-есті жаратқан» атты өлеңін сол кездері әлеуметтік желі қолданушылары қатты сынаған еді:
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына ізгі ниетпен арнадым!
Уа, Нұр-Атам – Құдайым, Сайтан қашқан сесінен.
Жұмақ аңқыр ылайым, Елбасылық Есінен!
Сізден басқа жоқ Құдай,
Құдай тұтам мен, расы.
Елім айтар дөп бұлай: «Есі жұмақ елбасы!»
Бақ боп бізге бұйырған,
Қазағымның құт-ары.
Жүректерге құйылған, Жұмақ-Естің жұпары. Қазақ дейтін әлсізді,
Ел еттіңіз ерікті.
Өмір дейтін мәнсізді,
Гүл еттіңіз көрікті.
Барлық мадақ тән Сізге,
Таңым үшін әр атқан.
Қуат қазақ – әлсізге,
Жұмақ-есті жаратқан. Құдайым деп құптағам,
Бар әмірің – бақ-үлес.
Жұмақ-Есті ұқпаған, Жанның бәрі – Жарым-Ес», — деп жазды Балтабек Нұрғалиев.
Айта кетейік, Балтабек ақын бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасына, әйелі Сара Назарбаеваға және қыздарына арнап ода шығарған болатын.
Билік ауысқаннан кейін Балтабек Нұрғали Қасым-Жомарт-Тоқаевқа ән арнады. Сөзін де, әнін де өзі жазған көрінеді.
Бұл Назарбаев билігін қолдап, жеке басын мақтаған қаптаған ақын-жазушылардың бірі ғана.
Әнұранның авторы болуы
2000 жылы 9 мамырда Назарбаев алғаш рет әнұранды өзгерту керектігін ашық мәлімдеп, сол кездегі мәжіліс төрағасы Жармақан Тұяқбайға тапсырма берді. Ақыры 2006 жылы 7 қаңтарда ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың жазған «Менің Қазақстаным» әні ресми түрде еліміздің ән ұранына айналды.
Назарбаев әнұранға өзгерістер енгізіп, авторларының қатарына қосылды.
Әнұранның мәтіні жазылып тұратын тақталарда Қазақстанның түпкір-түпкірінде, мектептерде, мекемелерде енді Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің қасында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі де қатар тұрды. Бұл да оның беделін арттырып, атының көбірек аталып, мадақталуына мұрындық болған еді.
Оқи отырыңыз, 1999 жылы Мисс Қазақстан байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Әсел Исабаева шариғат бойынша некесін елбасымен қиған. Алайда түсініксіз бір себептермен Нұрсайын да осы әулетке «үйленіп», олардың тегін алды. Нұрсайын көбіне Болат Назарбаев пен оның отбасы мүшелерімен бірге жұмыс істеген.
Назарбаевқа қарсы шыққандар кім еді және оларға не болды?
Жылпостар «елбасының бастамасы аясында», «елбасының жолдауына орай» деген желеумен түрлі шаралар ұйымдастырып, биліктен ақша алуға, тендер жеңіп алуға ұмтылды. Елбасына арналған шаралар мен мадақтар ондаған жылдар бойы жүргеніне қарамай, Қазақстанда бұл жүйеге қарсы шыққан адамдар әрдайым табылып отырды. Олардың қатарында ашық қарсыласқан оппозиционерлер де, журналистер де, қарапайым азаматтар мен бұрынғы серіктері де болды. Дегенмен бұл көзсіз қарасылықтың ақыры жақсылыққа апара қоймады.
Мысалы, жұрт аңыз қылып айтатын Заманбек Нұрқаділовтің өлімі — Назарбаевтың кезіндегі ең атышулы қылмыс болды.
Ресми мәліметтерде ол өзіне үш жерден оқ атып, қол салды деп жазылған.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі, төтенше жағдайлар жөніндегі министр қызметін атқарып жүріп Заманбек Назарбаевты ашық сайлауды жалған өткізді, билікті асыра пайдаланды және жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады. Бір жылдан соң Алматыдағы үйінде денесіне үш, кеуде тұсынан екі, басынан бір оқ тиген күйде табылды.
Назарбаевты ашық сынағандардың бірі —Алтынбек Сәрсенбайұлы. Бұрынғы министр, елші, кейіннен оппозицияға өтіп, президенттің жеке билігін нығайтуын ашық сынады.
11 ақпан 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның жүргізушісі Василий Журавлев пен оққағары Бауыржан Байбосынов із-түссіз жоғалды. 13 ақпан 2006 жылы олардың үшеуінің де денесі Алматы маңынан табылды. Аяқ-қолдары байланған, көздері таңылған, бастарынан атып кеткен. Қайтыс болғанға дейін азаптағанын көрсететін денесінде іздер табылған. Қоғамда бұл қылмыс саяси тапсырыспен жасалды деген пікір басым. Кейбір деректерде оны Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев арнайы тапсырма берді дейді.
Назарбаевты ашық сынап, 15 жыл түрмеде отырған ақын Арон Атабекті білмейтін адам кемде-кем шығар. 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы кезінде Алматы билігі кедей аудандардағы тұрғын үйлерді бұзу туралы шешім қабылдады. Атабек сол кезде құқық қорғаушы ретінде тұрғындарды қорғауға шықты. Полициямен қақтығыс кезінде бір офицер қаза тапты. Атабек кісі өліміне қатысы бар деген айыпты мойындаған жоқ. Бірақ наразылықты ұйымдастырғаны үшін 18 жылға сотталды. Бостандыққа шыққаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмды.
Арон Атабек (Арұн Едігеұлы) — қазақ қоғамындағы ең айрықша, батыл әрі тұлғалардың бірі болды.
2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы кезінде Алматы билігі кедей аудандардағы тұрғын үйлерді бұзу туралы шешім қабылдады.

Атабек сол кезде құқық қорғаушы ретінде тұрғындарды қорғауға шықты.
Полициямен қақтығыс кезінде бір офицер қаза тапты. Атабек тағылған айыпты мойындаған жоқ, бірақ наразылықты ұйымдастырғаны үшін 18 жылға сотталды.15 жыл бойы қатаң режимдегі түрмеде отырып, рухын сындырмады, кітабын, өлеңдерін жазуды тоқтатпады. 2021 жылы босап шыққан соң, небәрі бірнеше айдан кейін көз жұмды.
Дулат Ағаділ — Қазақстандағы азаматтық белсенді, елдегі саяси қуғын-сүргін мен әділетсіздікке қарсы шыққандардың бірі.

24 ақпан 2020 жылы кешке үйінен ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. 25 ақпан күні таңертең өлі күйінде табылды. Ресми мәліметтерге қарасақ, «жүрек талмасынан қайтыс болды» деп жазылған. Алайда марқұмның денесінде көгерген іздер, жарақаттар болғанын туыстары растады, қоғам оның өз өлімімен өлгеніне сенбеді. Бұл жағдайлар ендігі жерде көбінің ашық бас көтере алмай, сескеніп қалуына, кей дүниелерді ашық айта алмауына тікелей әсер етті. Осылайша тұңғыш президенттің билігі нығайған үстіне нығая берді.
2019 жылы отставкаға кеткенімен, Назарбаев билік тізгінін босатқан жоқ. Ол Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясын басқарды. Ал қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдіріп шыққандардың нысанасы — Назарбаевтың ескерткіштері, «Нұр Отан» кеңселері, Нұрсұлтан Назарбаевтың аты жазылған тақталар болды. 2022 жылы мыңдаған қазақстандық алаңға шығып, «Шал, кет!» деп ұрандатты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Астана атауы қайтарылды. «Елбасы туралы заң» күшін жойды. Ескерткіштер мен мадақтаулар алынып тасталды.
Дегенмен, әлі күнге тұңғыш президент саяси тақырыптарға қатысты жаңалықтарға шығып тұрады. Мысалы, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь президенті Александр Лукашенконы Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ал 29 мамыр Назарбаев Мәскеуде Путинмен кездесті.
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты 85 жасқа толуымен құттықтады.
Жаңалықтар
- Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция салады
- Тілін кесті: Ақтөбеде саябақта тоқ соққан баланың анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
- Азаматтыққа қабылдау үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгеруі мүмкін
- Наразылық пен балалардың үндеуіне қарамастан, Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмек
- Қызылордада полицияны басынған жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаланды
- Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
- Ректор болу үшін 200 мың доллар төлеген Айман Мұсақожаева алаяқтарға жем болды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- «Ем-домды карцерде жасады»: Денсаулығы нашарлаған Думан Мұхаммедкәрімнің түрме басшылығына жазғаны
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы украиналық «БТА Банкті» сатылымға шығарды
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды
- «Азаттық радиосы» журналистері Сыртқы істер министрлігін сотқа бермек
- Алматы тауларында жоғалған ҚБТУ студентінің мүрдесі табылды
- Дикий Арманның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды
- Тоқаев Назарбаев айырылған лауазымға ие болды
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты
- Маңғыстаудағы кен орнында бұрғылау мұнарасы құлады