Әл-Фарабидегі жол апаты: Куәгерлердің бәрі Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін айтты

cover Фото: Orda.kz

Әл-Фарабиде үш адамның өмірін жалмап кеткен сот процесінде куәгерлердің бәрі Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін айтты. Сондай-ақ төрт жыл бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған куәгер қалайша көлік айдағаны да сотта айтылды,  деп хабарлайды Orda.kz.

Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты сот процесінде марқұм Қыдырбек Томиристің анасының кешірімінен кейін соң куәгерлерден жауап алу жалғасты. Бір қызығы, Пактың ағзасынан алкоголь табылғанына қарамастан, сотта жауап берген куәгерлердің ешқайсысы оның ішімдік ішкенін өз көздерімен көрмегенін айтты. Сонымен қатар прокурор мен жәбірленушінің адвокаты мейрамханадағы дастархан ақысын нақты кім төлегенін сұрағанда, куәгерлердің барлығы төлемді өздері жасамағанын мәлімдеді.

Сол кеште Пакпен бірге отырған Оразғали Омаров Александр Пакпен жол апаты болған күні ғана танысқанын айтты. Оның сөзінше, мейрамханаға түнгі сағат 01:30 шамасында келіп, 03:00-де кетіп қалған. Өзі алкоголь ішпейтінін айтқан куәгер үстел басындағылардың қандай ішімдік тұтынғанын байқамағанын жеткізді. Сондай-ақ, ол жол апатын көрмегенін, әл-Фараби даңғылына шыққанда ғана болған оқиғаны көргенін айтты.

«Мен Александр Пакты бұрын танымайтынмын. Өзім алкоголь ішпеймін, үстелде кімнің не ішкенін бақылаған жоқпын. Апаттың болған сәтін де көрген жоқпын. Әл-Фарабиге шыққанда ғана жол-көлік оқиғасы болғанын байқадым. Кейін Александр Пактың осы оқиғаға қатысы бар екенін білдім», — деді куәгер.


Төртінші куәгер Назымгүл Шамахунова Александр Пакпен оқиғадан бір-екі апта бұрын танысқанын айтты. Оның сөзінше, сол күні мейрамханада шамамен төрт адам отырған.

«Өзім алкоголь ішкендіктен сәл масайып қалдым. Олар сыртқа шығып темекі шегіп, сөйлесіп тұрды. Бірақ олардың қатты мас болғанын айта алмаймын. Сау сияқты көрінді, мүмкін аздап қана масайған шығар», — деді ол.

Судья куәгерден бұл сөздері мейрамханада алкоголь ішілгенін растай ма деп сұрады. Алайда Шамахунова нақты жауап бере алмады. Оның айтуынша, төлем түбіртегінде алкогольдік ішімдіктер көрсетілгендіктен, дастарқанда алкоголь болғаны анық. Бірақ Александр Пактың немесе өзгелердің алкоголь ішкенін өз көзімен көрмеген.

Сонымен қатар, үзілісте жәбірленуші Еламан Тілемесовтің қорғаушысы  Олег Чернов сот отырысынан кейін журналистерге қорғаушы тараптың ұсынған уәждері мен куәгерлердің айғақтарына қатысты пікірін айтты. Адвокаттың айтуынша, көліктің жол апатына дейін техникалық ақауға ұшырағаны туралы нұсқа тергеу барысында тексерілгенімен, өз дәлелін таппаған.

«Қорғаушы тарап көлік жол-көлік оқиғасына дейін бұзыла бастаған деген нұсқаны айтты. Алайда бұл жорамал әзірге ешқандай дәлелмен расталған жоқ. Тергеу органы бұл нұсқаны тексерді, бірақ ол өз дәлелін таппады. Егер алдағы уақытта көліктің апатқа дейін ақаулы болғанын растайтын материалдар ұсынылса, олар қаралады. Бірақ қазіргі уақытта ондай дәлелдерді көрген жоқпыз», – деді Чернов.

Сонымен қатар, тағы да бір Пакпен бірге дастарқандас болған бесінші куәгер жауап берді. Николай Александров олар сол кезде барлығы мейрамханадан кеш шыққанын алайда отырыста ішімдік ішпегенін айтты. 

«Пактың не басқа жігіттердің спирттік ішімдік ішкенінін байқамадым. Қыздардың ішкенін көрдім, себебі олар дәл қасымда отырды. Мен сол түні көшеде ешқандай көлік болмаған соң әрі үйге тезірек қайтқым келіп жол ережесін бұзып, тікелей қос тұтас жолақты қиып өтіп жүргізуші куәлігінен айырылдым. Мен Пактың өмірбақи қасында келе жатқан досымын. Адами тұрғыда айтар болсам Пак өте мейірімді,  ол тіпті көшеде өзгенің қайғысының қасынанан өтіп кете алмайды. Әрқашан бірінші болып көмекке келеді», – деді Александров.

Соңғы үш куәгер де өздерінің спирттік ішімдік ішпегенін не Пактың ішкені естерінде қалмағанын айтты.  Бүгін сот отырысында бас-аяғы сотталушымен сол кеште мейрамханада дастарқандас болған сегіз танысы мен екі полиция қызметкері жауап берді.

Сонымен қатар, сотта ерекше бір назар аударалық куәгер болды. Пактың әріптесі Данат Андрейұлынан жауап алу барысында оның осыдан төрт жыл бұрын масаң күйде көлік айдағаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Алайда ол сол қанды оқиға болған кеште көлікті айдап, тағы да жол ережесін тікелей қос тұтас жолақты қиып өтіп бұзған.

Сотта жол апаты болған түні кезекшілікте болған патрульдік полиция қызметкері Шоқан Беспаев алғашқылардың бірі болып куәлік берді. Оның айтуынша, полиция экипажы соқтығыс болған жерге соққыдан кейін санаулы секунд ішінде жеткен. Полицейлер Zeekr көлігінің жүргізушісін көліктен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.

«Біз Назарбаев көшесіндегі бағдаршамның жанында тұрғанбыз. Қатты соққының дыбысын естіп, бірден оқиға орнына бардық. Zeekr жүргізушісін көліктен шығарып, жедел жәрдем көлігіне отырғыздық. Ол есін білгенімен, ештеңе айта алмады — қатты ауырсыну шогында болды. Көліктің алдыңғы бөлігі іс жүзінде түгелдей жойылып кеткен еді», — деді полиция қызметкері.

Оқи отырыңыз:

Әл-Фарабидегі жол апаты: Пакқа кешірім берген отбасылар саны тағы да толықты

Әл-Фарабидегі апат: Марқұмдардың туыстары Пакты кешіріп, бас бостандығынан айырмауды өтінді

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар