Болат Назарбаевтың мұрасы: Мұрагерлері және олармен әлі күнге соттасып жатқандар

Өткен аптада Болат Назарбаевтың мұрагерлері Алматыдағы BNC Plaza бизнес орталығын ала алмағанын жазған едік. Себебі, Болат Назарбаевтың көзі тірісінде бұл нысан оның үлкен ұлы — Нұрболдың иелігіне өтіп кеткен еді. Сонымен Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін Нұрбол мен оның бауырларына не қалды? Orda.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Назарбаевтардың есебі
Болат Назарбаев қайтыс болған сәтте оның өсиет жазып қалдырғаны белгісіз еді. Сондықтан да көпшілік оның орасан зор байлығын, жылжымайтын мүліктерін, компаниялары мен жерлерін мұрагерлері өзара бөліп алатын шығар деп топшылады. Алайда Orda.kz сайтына берген сұхбатында заңгер Дмитрий Сазонов өсиет жазылғанын айтты. Сол өсиет бойынша жалғыз мұрагер – Нұрбол Назарбаев екен.
Сонда қалған балаларына «майшелпек» тимей ме? Orda.kz мәліметіне сүйенсек, олар да белгілі бір үлеске ие болған. Әңгіме Болат Назарбаевқа тиесілі тұрғын үйлердің біріндегі үлес жайында. Біздің дерегімізге зер салсақ, 38 үлес бар. Әрине, нақты емес, тек құжат жүзінде. Сол үлестердің 25-і Нұрболға берілсе, қалған 13 мұрагер әрқайсысы бір-бір үлестен алған.
2024 жылы Алматы облыстық соты жариялаған құжаттағы тізім мынадай:
Бір өкініштісі, Болат Назарбаевтың мұрагерлері нақты қай үйді бөліске салғанын әзірге анықтай алмадық. Себебі мұраға қалған үй деп топшылайтын (үй емес хан сарайы, резиденция деген жөн шығар) бірнеше «сарай» бар.
№1 үй – Алматы қаласындағы Горная көшесіндегі «сарай»
2022 жылы Orda.kz бұл жер туралы бүге-шүгесіне дейін жазған еді. Бұл ғимарат — патшаларға арналғандай сән-салтанатпен көмкерілген «сарай». Мұнда футбол алаңы, кино көретін қондырғысы бар үй-жай, бақ, жылыжайлар, тіпті тұғырда тұрған көне автокөлік те бар. Әрине, басты назарда — алып зәулім үй. 2022 жылы журналистерімізге көршілер бұл жерде біраз уақыттан бері ешкім тұрмағанын айтқан болатын. Алайда соңғы түсірілген фотосуреттерге қарағанда қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Демек, «Горнаядағы резиденциядан» біреу «дәметіп отыр».
Дереккөздеріміздің мәліметіне сүйенсек, бұл үй Болат Назарбаевқа емес, оның үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі болуы мүмкін. Бұл «сарайды» Нұрбол бір маңызды оқиғаға орай сыйлыққа алған.
№2 үй — Алматыдағы Оңдасынов көшесіндегі «сарай»
Бұл резиденция жайлы да Orda.kz 2022 жылы жазған болатын. Көркі мен сән-салтанат жағынан бұл жер алдыңғы «сарайдан» кем түспейді. Орман секілді қаптаған ағаштар қоршаған үйдің қасында не мақсатпен салынғаны белгісіз кішкентай үйшіктер бар.
№3 үй — Шамалғандағы зәулім сарай
Бұл резиденцияны жұрт Болат Назарбаевтың жеке үйі деп біледі. Екі қабатты зәулім үй тау етегінде, өзен жағасында орналасқан. Негізгі үйден бөлек, қоршалған аумақта тағы бірнеше құрылыс бар. Сондай-ақ, сол жерде біреудің жүк көлігі тұрғаны да көзге түседі.
№4 үй — Шамалғандағы Назарбаев әулетінің «ұясы»
Бұл хан сарайындай резиденция — зәулім үйі, үйшіктері, субұрқақтары, аллеялары және бітпеген төрт қабатты ғимараты бар үлкен аумақ. Болат Назарбаевтың үйіне жақын жерде тұр. Бейресми деректерде бұл жер бүкіл Назарбаевтар әулетінің «отбасылық ұясы» саналады. Құжат жүзінде бұл мүліктің иесі әулет мүшелерінің кез келгені болуы мүмкін. Немесе, керісінше, олардың бірде-біреуінің атына тіркелмеген де шығар.
Бұған дейін, Orda.kz дереккөзі Болат Назарбаевтың отбасына Қаскелеңдегі үлкен резиденция да тиесілі болғанын хабарлаған. Мұнда зәулім үй, бақ, субұрқақтар, тоған және қонақ үй орналасқан. Алайда 2024 жылдың тамыз айында дәл осы аумақта Алматы энергетика және байланыс университеті құрған креативті индустриялар паркінің ашылу рәсімі өтті. Сондықтан бұл үлкен резиденция қазір Назарбаевтың отбасына емес, басқа біреудің атында болуы мүмкін.
«Әкенің жері»
Нұрбол Назарбаевқа қалған өсиетте нақты не тигені туралы айту қиын. Бірақ біз шамамен топшылап көрсек деп отырмыз. Orda.kz дереккөзіне сүйенсек, Болат Назарбаевтың Алматыда бірнеше пәтері болған. Солардың бірі, дереккөз болған адамның айтуынша, дәл сол BNC Plaza ғимаратында орналасқан. Айта кету керек, осы ғимараттың жер теліміне байланысты Болаттың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева мен оның әпкесі Гүлжамал Құрманғали соттасып жатыр.
Бұдан бөлек, бұған дейін Orda.kz Болат Назарбаевтың көзі тірісінде Қазақстанның әр өңірінде 59 жер учаскесі болғанын жазған еді. Мысалы, Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында 34,89 сотық жер, ал Оқжетпес ауылында қонақ үй салуға арналған 30 сотық жер учаскесі бар.


Ал Болат Назарбаевтың бұрынғы жары Гүлнұр Дүйсебаеваның айтуынша, оның экс-жолдасының атына Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайназар мен Жамбыл ауылдарының арасындағы жер телімі тіркелген. Спутниктік суреттерге қарағанда, бұл аумақта ипподром мен бірнеше атқора орналасқан. Orda.kz дереккөзі бұл жерде Болат Назарбаевтың асыл тұқымды араб жылқыларын ұстаған болуы мүмкін деп болжайды.
Одан бөлек, мәртебесі түсініксіз жер телімдері де бар. Мысалы, Үшқоңыр сайы — бұл аумақ жергілікті әкімдіктің мәліметінше мемлекетке қайтарылған. Алайда Orda.kz журналистері ол жерге кірмек болғанда, оларды жеке күзет ішке кіргізбей қойды.
Өсиеттегі банкроттар
Айтпақшы, BNC Plaza бизнес орталығына келсек. Басында бұл нысан көптен бері Нұрбол Назарбаевқа тиесілі болғаны айтылған. Оның үстіне, бұл мұра емес. Бизнес-орталықтың иесі болған «PrimeCapital Re Plaza» ЖШС-нің бенефициары ретінде Нұрбол әкесінің қайтыс болуынан бірнеше жыл бұрын-ақ тіркелген.
Жалпы, ашық деректерге сүйенсек, Болат Назарбаевтан Нұрболға ешбір компания мұра ретінде өтпеген. Қазір Нұрбол Назарбаев мынадай компаниялардың құрылтайшысы:
– «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС
– «PLS-TM» ЖШС
– «Prime Capital Holding» ЖШС
– «Prime Capital Plaza BC» ЖШС
– «Prime Capital Invest» ЖШС
Бұл компаниялар тағы бірнеше ЖШС-нің құрылтайшысы болып тіркелген, алайда олардың тізімі 2023 жылдың қарашасына дейін (яғни өсиет жарияланғанға дейін) өзгермеген.
Бірақ соған қарамастан бірқатар компаниялардың құрылтайшысы әлі күнге дейін марқұм Болат Әбішұлы Назарбаев деп көрсетілген. Оның ішінде кезінде Болат Назарбаев иелік еткен базарлармен байланысты компаниялар да бар.
Мысалы, әлі күнге марқұмның атына тіркелген компаниялардың бірі — «Almaty Rent Company» ЖШС. 2021 жылы Болат Назарбаев бұл компанияға «Тастақ» базарындағы бейкоммерциялық ғимараттарды қайта жаңғыртуға лицензия алған болатын.
Болат Назарбаев сондай-ақ базармен байланысты «Барыс-IV» ЖШС-нің де құрылтайшыларының қатарында тұр.
2023 жылғы ақпанда «Барыс-IV» базарын Болат Назарбаевтан толығымен алып, мемлекет өз меншігіне алғаны хабарланған болатын. Алайда 2023 жылғы қарашада Orda.kz 2020 жылы «Барыс-IV» ЖШС сол кезде базарға иелік еткен «Найза-БН» ЖШС-мен жалға беру туралы келісімшарт жасағанын анықтады.
Бұл жалдау келісімі 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды. Бұл келісімшарттың бұзылғаны не бұзылмағаны жөнінде нақты ақпарат әлі күнге дейін жоқ.
«Auto Market Karasay» ЖШС-де де құрылтайшы ретінде әлі күнге дейін Болат Назарбаев тіркелген. Бұл — дәл сол компания. Сол арқылы ол 2023 жылы мемлекетке өткен «Барыс» автокөліктер базарындағы сауда алаңдарын жалға беріп отырған.
«Алматы Стекло» зауытының директоры Азим Абдуллаевпен бірге Болат Назарбаев «Алматыстекло» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Айта кетерлігі, Азим Абдуллаевтың өзі 2022 жылы Болат Назарбаевпен «серіктес» емес, шын мәнінде қоқан-лоққы көріп, 15 жыл бойы оған «салық» төлеп келгенін мәлімдеген болатын.
Ал Болат Назарбаев өзінің шынайы серіктесі Тахир Гусейновпен бірге «Ақтөбе Өндірістік Компаниясы» ЖШС-нің де құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Бұл — Ақтөбе қаласындағы бұрынғы спирт зауыты, бүгінде банкротқа ұшыраған кәсіпорын.
Компанияның қазіргі басшысы — Кеңес Дүсенбаев. Ол — банкрот болған басқарушы. 2022 жылы Болат Назарбаевпен және Тахир Гусейновпен соттасқан. Гусейновтың «Ақтөбе ӨК» компаниясы мүлкін сот арқылы өндіріп алған.
Алайда сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, Кеңес Дүйсенбаев банкротқа ұшыраған ЖШС-ке қатысты талап-арыздарын қайта жазған. Енді арызын Болат Назарбаевтың мұрагерлеріне қарсы беріп жатыр. Сол істердің бірі бойынша сот отырысы кеше ғана өткен.
Өкінішке қарай, бұл істің егжей-тегжейін білу әзірге мүмкін емес. Сот материалдарын жария етпей отыр. Мүмкін, бұл жауапкерлердің бір бөлігі кәмелетке толмаған азамат болғандықтан шығар. Дегенмен, кейбір пікірлерге сүйенсек, талап-арызды мұрагерлердің бәріне емес, тек олардың үлкеніне ғана беру жеткілікті болған.
Сот кеңсесінде тағы бір істің материалдары да жұртқа жария етілмейді. Бұл — «Алтын Орда» базарына қатысты іс. Қолда бар деректерге қарағанда, Болат Назарбаевтың туыстарымен және «Компания номер один» компаниясымен соттаспақ болған адам — Нурмұхамбет Шайзин. Ол бұрын «Алтын Орда» базарының құрылтайшысы болған «Kurylys LTD» ЖШС-нің 16,4706% акциясына нақты иелік еткен азамат.
Қазіргі таңда «Алтын Орда» базарының құрылтайшысы Данияр Дүзбаев басқаратын «Big City Market» ЖШС деп көрсетілген. Ресми ақпараттарға қарасақ, бұл компанияның Назарбаевтарға да, Нұрбол Назарбаевқа да, не марқұм Болат Назарбаевқа да еш қатысы жоқ.
Автор: Игорь Улитин
Жаңалықтар
- Руслан Берденовке оқ атқан ер адамға қылмыстық іс қозғалды
- ҚПО Қазақстанға қоршаған ортаны ластағаны үшін 740 млн төледі
- Теңіз мұнай-газ кен орнындағы қызметкерлер жалақыны көтеруді талап етті
- Танымал жазушы Әкім Тарази дүнеден өтті
- Руслан Берденовке оқ атқан күдікті жайлы не белгілі болды?
- «Құны 273 млн»: Ақтөбеде бес жыл бойы салынған саябақ әлі қаңырап тұр
- Мамыр айынан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді
- Екі оқ тиіп жараланған Берденов ауруханада есін жиды
- «4 сағат ота жасалды»: Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды
- Руслан Берденов қастандық жасаған ер адамның жұбайына тиіскені рас па?
- Астанада ҰҚК қызметкерінің мәйіті табылды
- «Қарамағында жұмыс істеген»: Руслан Берденовке кім оқ атқаны белгілі болды
- Бір емес екі оқ тиген Руслан Берденовке шабуылға дейін қоқан-лоққы көрсеткен
- Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кетті
- БҚО-да екі оқушы ата-анасының көлігін айдап кетіп, апаттан көз жұмды
- Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер өтті
- Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
- Қаңыраған үй үшін 150 млн: Тополевкадағы тастанды коттеджді кім және не үшін сатып алды?
- Қарағанды полиция басшысының орынбасары жол апатынан қаза тапты
- «Шығын — 421 млн теңге»: Ақтөбеде құрылыс компаниясы 75 үлескерді тақырға отырғызды