1,2 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған Алмасбек Садырбайдың ісі: Сотта қандай мәселелер көтерілді?

cover Фото: Orda.kz

Алматы облысы Қонаев қаласында 1,2 миллиард теңге жымқырды деген айыппен сотталып жатқан Алмасбек Садырбайға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот процесіне Orda.kz тілшісі қатысып қайтты.

Алдыңғы сот отырысында судья журналистерге фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салған болатын. Кезекті отырыста Алмасбек Садырбайдың қорғаушысы Анар Бақытқызы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, соттан бұқаралық ақпарат құралдарына бейнежазба жүргізуге және суретке түсіруге рұқсат беруді сұрады.

Қорғаушы сонымен қатар жәбірленуші тараптың жалған ақпарат таратып жүргенін мәлімдеп, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.

Сот отырысының алғашқы бір сағаты қорғаушы тараптың өтініштерін оқуға арналды. Анар Бақытқызының өтінішіне басқа қорғаушылар қарсылық білдірмеді. Тек мемлекеттік айыптаушы ғана қарсы шығып, қоғам тарапынан түрлі жағымсыз пікірлер мен қарғыс сөздер жазылып жатқанын алға тартты. Алайда сот бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қатысты өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды.

Сот жәбірленуші тараптың құқықтарын түсіндірді

Сот отырысы басталғаннан кейін төрағалық етуші судья жәбірленуші тарап өкілдерінің құқықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, егер сот талқылауы барысында қандай да бір тұлғаның көрінеу жалған жауап бергені анықталса, жәбірленуші тарап құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгіне алады.

Судья сондай-ақ сот отырыстарын түсіруге қатысты бұрын қабылданған шешімдер мен ұсынылған құжаттардың заңды күшінде қалатынын мәлімдеді.

В.В. Пактың жауап алу хаттамасы тағы да көтерілді

Сот барысында қорғаушы тарап бұған дейін де көтерілген мәселеге қайта оралып, В.В.Пактың жауап алу хаттамасының қайда екені әлі күнге дейін анықталмағанын айтты.

Қорғаушының сөзінше, мемлекеттік айыптау жағы құжаттың орналасқан жері туралы ақпарат беруге уәде еткен. Алайда бүгінгі отырысқа дейін нақты мәлімет ұсынылмаған. Осыған байланысты қорғаушы тарап аталған хаттама табылған жағдайда, келесі сот отырысына дейін оны зерделеу үшін барлық қатысушыларға уақтылы жолдауды сұрады.

Бұл мәселеге сотталушы Алмасбек Садырбай да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік айыптау құжаттың жоқ екенін мәлімдеген.

Сотталушы бұл ұстаным мен іс материалдарындағы мәліметтердің сәйкестігіне күмән келтіретінін айтып, мәселені сот бақылауында ұстауды сұрады. Ол жауап алу хаттамасының іс үшін маңызды екенін және оның нақты қайда орналасқаны жөнінде ақпараттың әлі күнге дейін ұсынылмағанын атап өтті. Пікірталас барысында сот төрағасы тараптарды процессуалдық тәртіпті сақтауға шақырып, өз ұстанымдарын заң аясында білдіру қажеттігін ескертті.

Субсидиялардың заңдылығы жөніндегі сұрақтар

Сот отырысында қорғаушы Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкіліне субсидиялардың заңдылығы туралы сұрақтар қойды.

Жауап барысында жәбірленуші тараптың өкілі аталған субсидиялардың заңды немесе заңсыз берілгенін нақты түрде растай алмады. Сондай-ақ ол субсидияларды беру кезінде заң талаптарының бұзылғанын дәлелдейтін нақты деректер келтірмеді. Осыған байланысты қорғаушы тарап жәбірленуші өкілінің жауабына назар аударып, субсидиялардың заңсыз берілгені жөніндегі ұстаным жеткілікті түрде негізделмегенін айтты.

Қандай субсидиялар берілгені нақтылануы тиіс?

Қорғаушы субсидиялау мәселесін талқыламас бұрын ең алдымен берілген субсидиялардың нақты түрлерін анықтап алу қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдымен қандай бағыттар бойынша субсидия төленгенін нақтылау керек. Осыдан кейін ғана әр бағдарлама бойынша қанша өтінім түскені, олардың қаншасы қаралғаны, мақұлданғаны немесе қабылданбағаны жөніндегі мәліметтерді талқылауға болады. Сот барысында қорғаушы «Қызыл қоғар жерұйық» және «Индира» ӘКК-ларына қатысты субсидиялау мәселесін де көтерді.

Оның мәліметінше, 2021–2025 жылдар аралығында аталған шаруашылық субъектілеріне қатысты жалпы 11 өтінім қаралған. Қорғаушы бұл өтінімдердің заңдылығына күмән келтіріп, олардың заң талаптарына сәйкестігін қайта қарау қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол осы өтінімдер негізінде төленген субсидиялардың берілу тәртібі мен құқықтық негіздерін сот барысында жан-жақты зерттеу қажет екенін мәлімдеді.

Прокурорға қатысты ескерту сұралды

Сот отырысы кезінде сотталушы мемлекеттік айыптаушыға ескерту жасауды сұрады.

Оның айтуынша, прокурор жәбірленуші тарап өкілдерімен мессенджер арқылы байланысып отырған және жауап алу кезінде олардың жауаптарына ықпал етуі мүмкін әрекеттер жасаған. Осыған байланысты сотталушы сот төрағасынан процессуалдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында прокурорға ескерту жасауды сұрады.

Сот төрағасы өтінішті тыңдап, тараптардың пікірлерін назарға алды. Қорғаушы жәбірленуші тарап өкілдерінің жауабына көңілі толмайтынын айтты. Қорғаушы сотта жәбірленуші тарап өкілдерінің берген жауаптарына қанағаттанбайтынын мәлімдеді.

Оның сөзінше, олар куәгер емес, өз мекемелерінің өкілдері болғандықтан, сотқа мекеменің ұстанымын жан-жақты түсіндіруге дайындалып және қажетті құжаттармен келуі тиіс еді.

Қорғаушы көптеген сұрақтарға жауап ретінде өкілдердің бұл мәселелер өздерінің жұмыс істеген кезеңіне жатпайтынын айтқанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай жауаптар қойылған сұрақтарға толыққанды түсініктеме бермейді және істің мән-жайын анықтауға жеткіліксіз.

«Қызыл қоғар жерұйық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тізімге енгізілген

Сот отырысында қорғаушы жәбірленуші тарап өкілінен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысқа тіркелген тізімге қатысты сұрақтар қойды.

Жәбірленуші тарап өкілінің айтуынша, аталған тізімде «Қызыл қоғар жерұйық» ӘКК да болған. Оның сөзінше, бұл шаруашылық заңбұзушылық белгілері көрсетілген субъектілер қатарында көрсетілген. Сот барысында тараптар тізімнің мазмұны мен оған енгізілген шаруашылықтарға қатысты мән-жайларды талқылауды жалғастырды. Келесі сот отырыстарында тараптар В.В.Пактың жауап алу хаттамасына қатысты мәселені, субсидиялардың берілу тәртібін және жәбірленуші тараптың ұстанымын талқылауды жалғастырады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар