Мәскеу мен Мәскеу облысына украин дрондары жаппай шабуыл жасады

cover Фото: Ресей БАҚ-тарынан

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің соңғы мәліметі бойынша, астанаға бағыт алған 137 ұшқышсыз аппарат жойылған, деп хабарлайды Orda.kz.       

Ішкі істер министрлігі Мәскеудің оңтүстік-шығысындағы бірқатар көшелерде қозғалыс шектелгенін хабарлады. Атап айтқанда, Мәскеу айналма автожолында Новорязан тас жолынан Кашир тас жолына дейін екі бағытта да қозғалыс шектелген, сондай-ақ Капотня көшесі толық жабылған.

Капотнядағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Билік бірнеше дронның «зауытқа жеткенін» хабарлады. Дрон сынықтары «Садовод» сауда орталығының аумағына құлап, ғимараттардың біріне жеңіл зақым келген. «Осторожно, новости» дерегінше, сауда орталығы маңында қою түтін байқалған.

Мәскеу облысындағы Жуковский қаласында дрон Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге тиген. Электросталь қаласында дрон сынықтары жеке үйдің шатырын зақымдап, бір әйел иығынан жарақат алған.

Люберцы қаласында ұшқышсыз аппарат қалдықтары фитнес-орталық пен өнеркәсіп аймағындағы нысанға зиян келтірді. Сондай-ақ сынықтар «Белая дача» сауда орталығының шатырына түсіп, өрт шыққан.

Чехов қаласында дрон саяжай үйіне тиген, Крюково ауданында сынықтар бірнеше саяжай учаскесіне құлаған, ал Павловский Посадта дрон соққысынан екі саяжай үйі өртенген. Мәскеуде дрондар Капотнядағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған, салдарын жою шаралары жүргізілуде, деп хабарлады Собянин.

Мэрдің айтуынша, «Садовод» сауда орталығы аумағында дрон сынықтары түскен жерде ғимараттардың бірі аздап зақымданған, зардап шеккендер жоқ. Жалпы түн ішінде Мәскеуге бағытталған 137 дрон атып түсірілген.

Росавиация Шереметьево, Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайларында ұшуға шектеу енгізілгенін мәлімдеді.

 


Еске салсақ, Капотнядағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытына 16 маусым күні де шабуыл жасалған. Reuters агенттігінің мәліметінше, содан кейін зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар