АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік меморандумының ресми жобасы жарияланды

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

CNN хабарлауынша, АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі 14 тармақтан тұратын құжатты оқып берген, деп хабарлайды Orda.kz.       

Онда Ормуз бұғазы жұмысын қайта жандандыру, Иранға қатысты кейбір қаржылық шектеулерді жеңілдету және болашақ келіссөздер барысында Иранның ядролық бағдарламасын талқылауға қатысты күтілетін мәселелер баяндалған.

«Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасындағы Исламабадтағы өзара түсіністік туралы меморандумы» деп аталған құжат оның мәтіні жарияланбағанына қатысты  алаңдаушылықтарынан кейін көпшілікке ұсынылды.

«Негізінде, бұл келісім бізге Ормуз бұғазын дереу ашуға, ирандықтарды ядролық қалдықтарды жоюға міндеттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер Иран тиісті түрде әрекет етсе, біз оларға экономикалық жеңілдіктер мен санкцияларды жұмсарту шараларын ұсынып, елдің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасай аламыз», — деді америкалық шенеунік. 

Меморандумға жұма күні ресми түрде қол қойылуы тиіс. Осыдан кейін келісімнің түпкілікті шарттары бойынша келіссөздер жүргізуге арналған 60 күндік кезең басталады.

Бұған дейін, сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімнің түпкілікті емес екенін және қажет болған жағдайда бомбалау әрекеттерін қайта бастай алатынын айтқан болатын.

«Бұл — өзара түсіністік туралы меморандум ғана. Егер олар өздерін лайықты ұстамаса, біз бірден олардың төбесіне қайтадан бомба жаудыруға кірісеміз, түсінікті ме?» — деген болатын Трамп Франциядағы G7 саммитінде.  

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімге қол қою үшін АҚШ вице-президенті Дж.Д. Вэнс Швейцарияға аттанатынын айтып,  G7 саммиті аясындағы жұмыс кестесіне байланысты рәсімге өзі де қатысуы мүмкін екенін айтқан болатын.

АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның толық ресми мәтіні:

Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы адал ниетпен келесі мәселелер бойынша келісімге келді:

1. Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы, сондай-ақ қазіргі соғыстағы олардың одақтастары осы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоя отырып, барлық бағыттарда, соның ішінде Ливанда да, әскери іс-қимылдардың дереу және түпкілікті тоқтатылғанын жариялайды. Сонымен қатар, бұдан былай бір-біріне қарсы ешқандай соғыс немесе әскери операция бастамауға, күш қолданудан немесе қорқыту әрекеттерінен бас тартуға, сондай-ақ Ливанның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз етуге міндеттенеді. Қорытынды келісім осы тармақта көрсетілген барлық ережелерді бекітеді.

2. АҚШ пен Иран бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге және ішкі істеріне араласпауға міндеттенеді.

3. Тараптар 60 күн ішінде (өзара келісім бойынша ұзартылуы мүмкін) келіссөздер жүргізіп, түпкілікті келісімге келуге міндеттенеді.

4. Меморандумға қол қойылғаннан кейін АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын тоқтатып, барлық шектеулерді жоя бастайды және 30 күн ішінде толық тоқтатады. Осы кезеңде кеме қозғалысы соғысқа дейінгі деңгейге кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, АҚШ түпкілікті келісім жасалғаннан кейін 30 күн ішінде өз әскерін Иранға жақын аймақтардан шығарады.

5. Иран 60 күн ішінде Парсы шығанағынан Оман бұғазына дейін және кері бағытта коммерциялық кемелердің қауіпсіз әрі тегін жүруін қамтамасыз етуге күш салады. Кеме қозғалысы дереу басталады, ал миналарды тазарту 30 күн ішінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Иран Оман сұлтандығымен Ормуз бұғазын басқару және теңіз қызметтері бойынша келіссөздер жүргізеді.

6. АҚШ аймақтық серіктестермен бірге Иранды қалпына келтіру және экономикалық дамыту бойынша кемінде 300 миллиард долларлық жоспар әзірлеуге міндеттенеді. Бұл жоспардың жүзеге асыру тетігі 60 күн ішінде келісілетін болады.

7. АҚШ Иранға қарсы барлық санкцияларды, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын, МАГАТЭ шешімдерін және біржақты америкалық санкцияларды кезең-кезеңімен жоюға міндеттенеді. Тараптар бұл мәселенің маңыздылығын мойындайды.

8. Иран ядролық қару жасамайтынын және иеленбейтінін растайды. Тараптар байытылған уран мәселесін МАГАТЭ бақылауымен реттеуге келіседі. Сонымен қатар, ядролық бағдарламаға қатысты басқа да мәселелер талқыланады.

9. Түпкілікті келісімге дейін тараптар қазіргі жағдайды (status quo) сақтайды: Иран ядролық бағдарламасын өзгертпейді, ал АҚШ жаңа санкциялар енгізбейді және аймақта қосымша күш орналастырмайды.

10. АҚШ меморандумға қол қойылғаннан кейін Иран мұнайы мен мұнай өнімдерін экспорттауға, сондай-ақ банктік операциялар, сақтандыру, тасымалдау сияқты қызметтерге рұқсат береді.

11. АҚШ Иранның бұғатталған қаржылық активтеріне қол жеткізуді толық қамтамасыз етеді. Бұл қаражаттарды пайдалану тәртібі келіссөздер барысында анықталады.

12. Тараптар меморандумның орындалуын бақылау үшін арнайы атқарушы механизм құруға келіседі.

13. Меморандумның негізгі тармақтары іске асырыла бастағаннан кейін тараптар қалған мәселелер бойынша түпкілікті келісімге қатысты келіссөздерді бастайды.

14. Түпкілікті келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарымен бекітіледі.

 
Бұл келісім жобасын алғаш болып CNN жариялаған. Құжатты G7 саммитінде көрген дипломаттар оның мазмұнын растаған. Алайда Ақ үй өкілі жарияланған нұсқа соңғы ресми мәтінге толық сәйкес келмеуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Қорытынды құжатқа жұма күні Швейцарияда қол қойылады деп жоспарланған.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар