Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың моншаға түсуі мұң

cover

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған монша ашылуы мүмкін. «Асар» Заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегеновтың ұсынысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдады. Алайда бұған дейін әкім өзінің есеп беру кездесуінде «Алаш мұражайын ашамын» деп айтып, кейін сол уәдесінен тайқып кеткен болатын. Міне сол секілді қоғамдық монша әкімнің кезекті уәдесі болып кетпей ме? Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы монша салу қаншалықты маңызды?


«Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігі өңірдегі азаматтарға қызмет көрсететін бірден бір орталық. Руслан Төлегеновтың айтуынша, «Асар» бірлестігі үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, орталық физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту бағытында жарымжан жандарға қол ұшын беріп отыр. Сондай-ақ Руслан Төлегенов «Тазалықтың денсаулық кепілі» екенін ескеріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы монша салу керек екенін айтады. Өйткені ол өзімен тағдырлас азаматтарға арналған қоғамдық монша Таразда тұрмақ, елімізде жоқ екенін айтады.


Қош, сонымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған монша құрылысы қашан басталады? Сондай-ақ құрылыс барысында қандай мәселеге назар аударған жөн?,

Осы және өзгеде сұрақтардың жауабын білу үшін «Асар» оңалту орталығына барған болатынбыз. «Мамыр» саябағына жаңадан қоныстанып жатқан орталықта жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр екен.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-3-1024x682.png

Бізді «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева қарсы алып, кешеннің жұмысымен таныстырды. Аталған орталықта 17 жылдан бері жұмыс істейтін Әйгерім өзімен тағдырлас жандарға қол ұшын беруді азаматтық парызы санайды.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-4-1024x576.png

Орталықта үй жануарларынан бастап, есек, жылқы, тіпті түйеге дейін бар екен. Әйгерім Маратбекқызы балалар ит пен құстарды қызықтап, ат пен түйеге отырғанды жақсы көретінін айтады. Сол себепті ол балалар үшін жан-жануарларды арнайы ұстап отырғандарын жеткізді.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-7-1024x576.png

Моншаға бару арман

Әйгерім Маратбекқызының айтуынша, Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі 45 331 адам бар. Ал Тараз қаласында 248 адам арбаға отыруға мәжбүр. Міне осы азаматтарға арнайы монша салу аса маңызды болып отыр. Себебі көптеген азаматтар моншаға барып, шомылуды армандайтын көрінеді.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-5-576x1024.png
Әйгерім Маратбекқызы

«Инстаграмдағы Taraz Life парақшасында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға монша салғанша, үй алып беріңдер. Олар үйінде отырып-ақ жуына салады» деп жазыпты. Шынын айтқанда, біздің арбада отыратын қыздар моншаға барып шомылуды армандайды. Кейбір адамдар денесінің тыртығы болғандықтан қоғамдық моншаға бара алмайды. Ал олар ыстық парға кіріп, шомылғысы келеді. Облыс тұрмақ, елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың талап-тілегіне сай келетін монша жоқ. Қазақстан бойынша арнайы зерттеу жүргізгенде елімізде ерекше адамдарға арналған монша жоқ екенін аңғардық. Мәселен «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» бағдарламасы бойынша Тараз қаласындағы моншалардың бәріне барып шықтық. Олардың бірде-біреуінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған болып шықты. Тіпті пандустың өзі стандартқа сай емес. Көп адамдарға моншаға бару күнделікті шаруа болса, мүмкіндігі шектеулі адамдарға бұл арман болып тұр. Бір сөзбен айтқанда біз үшін моншаға барып, шомылу өте маңызды», – дейді ол.

Қоларба ағаштан жасалады

Қоғамдық монша мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған моншаның айырмашылығы болатыны анық. Ерекше адамдарға арналған монша қандай болуы керек? Жалпы құрылыс жобасының жоспар сызбасы бар ма?

«Ресейде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған моншалар бар екен. Алайда аталған елдегі моншаның нақты сызбасын таба алмадық. Сондықтан өзіміз оны қалай салу керек екенін жобалап жатырмыз. Себебі қоларбада отырған адам өзіне қандай монша керек екенін көп адамнан артық біледі. Мысалы біз ағаштан арба жасасақ деп отырмыз. Өйткені өзінің арбасымен шомылғаннан кейін темір тат басып, тез бұзылып қалуы мүмкін. Моншаға кіретін кезде ағаш арбаға отырып, қайтар кезде өзінің қоларбасына отырып кете береді. Сонымен қатар ыстық буда темір арба қызып кетіп, адамдардың денесін күйдіріп жіберуі мүмкін. Сол себепті арбаның ағаштан жасалғаны өте маңызды. Бұдан бөлек себізгі, хамам және бассейнге қол арбамен кіре алатындай пандус салынғанын қалап отырмыз», – дейді Әйгерім Маратбекқызы.

Монша ақылы қызмет етуі керек

12 адамға жоспарларып отырған монша ер және әйел адамдарға қызмет көрсетеді. Әйгерім Маратбекқызы көпшілікке алақан жайып масыл болғысы келмейтіндерін ескертті.

«Әр мүмкіндігі шектеулі азаматтың білім алып, жұмысқа кіруіне мүмкіндігі бар. Руслан ағаның арқасында орталықта 37 адам жұмыс істейді. Оның 27 мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Мәселен арбада отыратын қыз инватаксиде диспетчер болып отыр. Бұдан бөлек біздің қыздар «Тұрғын үй кезегіне тұрып, тегін баспана берсе екен» деп қарап отырған жоқ. «Өзіміз төлей аламыз» деп ипотека рәсімдеп, пәтер алып жатқан азаматтар баршылық. Нақтырақ айтсам «Бақытты отбасы» бағдарламасына ілініп, үкіметке алақан жайып отырған жоқ. Менде оларға «Ипотекаға үй алып, өздерің әрекет етіңдер. Ол үйлер жалға алғандай емес, өздеріңде қалады» деп ақыл айтып жатырмын. Қазір қарасаңыз ерінген адам ғана жұмыссыз жүрген шығар. «Жұмыс істеймін» деген адамға жұмыс табылады. Сондықтан да ашылатын моншаның ақылы болғаны жөн. Ақылы болса тазалығына да мән беріледі деп ойлаймын», – дейді Әйгерім Маратбекқызы.

Жұмыс демекші, алдағы уақытта орталықта 3-4 мамандықты игеруге арналған 3 айлық курс ашылады. Онда тігін тігіп, кондитерлік өнім шығаруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ ер адамдар дәнекерлеуді немесе көлік жөндеуді үйреніп шығатын болады.

Бірінші топтағы адамдар моншаға бара алмайды

Бірінші топтағы азамат Хамит Сиқымбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап арнайы монша салынғанын құптайды. Өйткені ол қоғамдық моншада әр түрлі келеңсіздіктер кездесетінін айтады.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-6-1024x1024.png
Хамит Сиқымбаев

«Тәуір адамдар баратын моншаға адамдар балаларын алып келеді. Олар бізді көргенде шошып әкесінен «Мына кісіге не болған?» деп сұрайды. Өзіміз де, әкесі де қолайсыз жағдайға тап болып, не айтарымызды білмей қалып жатамыз. Мәселен, Тараз қаласындағы «Арал» моншасы «мүмкіндігі шектеулі адамдарға тегін қызмет көрсетеміз» деген. Өткен жолы «Аралға» барсам, аталған моншаға бас аяғы 144 адам түседі екен. Арбада отыратыны өзім ғана. Екінші және үшінші топтағы адамдарға 700 теңге, ал бірінші топтағы адамды мүлде кіргізбейтін етіпті. Сосын «Қазір төлеп түсемін де, бұдан былай келмеймін» дедім. Артқа қайтқым келген жоқ. Сабыр сақтап, амалсыз моншаға түстім. Екі-үш ер азамат сөзімді сөйлеп барса, «Екінші, үшінші топтағы адамдарға шомылуға болады, ал бірінші топтағы адамдарды тізімнен алып тасталды» депті. Үкімет сондай заң қабылдаса керек. Моншаның басшылығы «Қайда барып, қайда шағымдансаңдар да заң бойынша ештеңе істей алмайсыңдар. Рахмет айтсаңдаршы, үш жыл армансыз түстіңдер ғой» деді. Шыны керек қоғамдық моншада адамдардың жаны ашып қарайтыны ұнамайды. Егер арнайы монша ашылатын болса, ақшамызды төлеп барар едік», – дейді ол.

Бассейін дөңгелек пішіндес болса…

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған монша қандай болуы керек? Хамит Құрманғазыұлы өз ойын ортаға салды.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған моншаны жүз пайыз талапқа сай етіп салу мүмкін емес. Сондықтан да құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын азаматтардың ұсыныс тілегі ескерілсе жақсы болар еді. Салып қойғаннан кейін «Мынау былай болуы керек еді» деп айтудың еш қажеті жоқ. Сол себепті монша салынбай тұрып, өз ұсыныс-тілектерімізді айтқан жөн. Мәселен арбаның ағаштан жасалғаны дұрыс. Арбада отырған адам арықтап, отыруы қиындайды. Сондай-ақ бассейн дөңгелек пішіндес болып салынса жақсы болар еді. Өйткені адамдар бассейнді айналып, судың ішінде жаттығу жасауы керек. Бұдан бөлек хиджама, массаж, пиллинг жасайтын маман болса, тіпті керемет болар еді», – дейді ол.

Хамит Сиқымбаев арнайы курс ашылса, көлік жөндеуді үйренгісі келеді. Өйткені ол көптен бері «көлік жөндейтін орталық ашсам ба?» деп ойланып жүргенін айтты.

P.S. Орталық мемлекеттік мекеме болмағандықтан моншаға бюджеттен ақша бөлінбейді. Сондықтан да бұл іс кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы жүзеге асуы мүмкін. Ал моншаның толық құрылыс жұмыстарына шамамен 18-20 млн теңге қаражат керек көрінеді.

Серік Құдайбергенұлы

Тараз

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар