Қостанайда үйінді астынан қаза тапқан үш адамның денесі шығарылды

cover

Техникалық қызмет көрсету станциясындағы жарылыстан кейін үйінді астында қалған адамдарды құтқару мүмкін болмады. Құтқарушылар қаза тапқан үш адамды тапты.

«Қостанай қаласындағы Энергетиктер көшесі, 1 мекенжайындағы Амангелді тұрғын алабындағы құтқару жұмыстары аяқталды. Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде 12 адам құтқарылды. Өкінішке қарай, үшеуін құтқару мүмкін болмады» деп хабарлайды жедел штаб.

Төрт адам облыстық ауруханаға, тағы алтауы қалалық ауруханаға жатқызылды. Бір адам өз бетінше медициналық көмекке жүгінсе, енді бірі ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жеті жеңіл көлік пен бес ауыр жүк көлігі, сондай-ақ жақын маңдағы 12 жекеменшік ғимарат зақымданған.

Қостанай полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар