Месси мен Роналду дәуірі аяқталды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?
Фото: fifa.com
48 құрама, үш мемлекет, жаңа әлем чемпионы және футбол тарихындағы тұтас бір дәуірдің аяқталуы. АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы әлем чемпионаты жанкүйерлерге ұмытылмас эмоция сыйлады. Испания 16 жылдан кейін қайтадан әлемнің үздігі атанса, Лионель Месси мен Криштиану Роналду соңғы рет әлем чемпионатының жасыл алаңына шықты.
Orda.kz бұл чемпионаттың неісмен есте қалғанын зерделеп шықты.
Бұл чемпионат жай ғана кезекті мундиаль емес еді. Бұл – бір дәуірдің аяқталып, екінші дәуірдің басталғанын бүкіл әлем көрген турнир болды. АҚШ, Канада және Мексика алғаш рет бірлесіп қабылдаған әлем біріншілігі тарихтағы ең ауқымды мундиаль ретінде есте қалды. Алғаш рет 48 құрама бақ сынасып, алты апта бойы 104 матч өтті. Бірақ жанкүйерлер бұл турнирді сандар үшін емес, эмоциясы, драмасы мен тарихы үшін ұзақ уақыт ұмытпайтыны ақиқат.
«Қызыл фурия» 16 жылдан кейін қайтадан әлемді бағындырды.
2010 жылы Андрес Иньеста Йоханнесбургте гол соғып, Испанияға тұңғыш әлем чемпиондығын сыйлаған еді. Содан бері испан футболы талай қиындықты бастан өткерді. 2014 жылғы сәтсіздік, 2018 және 2022 жылдардағы көңіл көншітпеген нәтижелер, буын алмасуы...
Көпшілік Испанияның қайтадан әлемдік футболдың шыңына шығатынына сенбеген болатын. Бірақ Луис де ла Фуэнте мүлде басқа команда құрды. Бұл Испания бұрынғыдай тек допты ұзақ ұстайтын ұжым емес еді. Олар доппен де, допсыз да керемет ойнады. Әр футболшы өз рөлін мінсіз орындады.
Финалда қарсылас – қазіргі әлем чемпионы Аргентина болды
Лионель Месси бастаған аргентиналықтар қатарынан екінші рет чемпион атануға жақын еді. Бірақ 106-минутта Ферран Торрес соққан жалғыз гол бәрін өзгертті. Испания 1:0 есебімен жеңіп, араға 16 жыл салып екінші әлем кубогын төбесіне көтерді. Испания тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Команда сегіз матчта небәрі бір ғана гол жіберіп, әлем чемпиондары арасындағы ең үздік қорғаныс көрсеткішін тіркеді.
Футбол тарихында бір дәуір бар – Лионель Месси мен Криштиану Роналду
Жиырма жылдан астам уақыт бойы бұл екі футболшы барлық рекордты жаңартып, жүздеген миллион жанкүйерге шабыт берді. «Алтын доп», Чемпиондар лигасы, рекордтар, эль-класико, мәңгілік салыстырулар қатар жүрді. Ал 2026 жылғы әлем чемпионаты осы дәуірдің соңғы беті болды.
39 жастағы Лионель Месси Аргентинаны тағы бір мәрте финалға дейін жеткізді. Ол үшін бұл әлем чемпионатындағы үшінші финал еді. Бірақ соңғы матчтағы жеңілістен кейін көз жасын тыя алмады. Стадиондағы мыңдаған жанкүйер орнынан тұрып, оған ұзақ қол соқты. Бұл жеңілген ойыншыны емес, тұтас дәуірді шығарып салу еді.
«Қазір сөйлеу өте қиын. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мен бұл командамен мақтанамын. Біз соңына дейін күрестік», — деді Лионель Месси.
Ал Португалия сапындағы Криштиану Роналду үшін де бұл соңғы әлем чемпионаты болды. Ол финалға дейін жете алмаса да, футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі ретінде мундиальмен қоштасты.
«Осылай аяқталғанына көңілім құлазып тұр. Бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Барымды салдым және ар-ұятым таза күйде кетіп барамын. Иә, бұл – менің соңғы әлем чемпионатым», — Криштиану Роналду.
Сәбиді шомылдырған Месси... кейін сол бала әлем чемпионы атанды
Бұл әлем чемпионатының ең әсерлі оқиғаларының бірі футбол алаңында емес, әлеуметтік желіде болды. Финал қарсаңында әлем тағы бір рет 2007 жылы түсірілген әйгілі суретті еске алды. Онда 20 жастағы Лионель Месси UNICEF қайырымдылық күнтізбесіне арналған фотосессия кезінде бес айлық сәбиді шомылдырып тұр. Сол сәби – Ламин Ямаль еді.

Бұл кездесу жай ғана фотосессия болатын. Ол кезде ешкім бұл баланың бір күні әлем чемпионы болып, дәл Мессидің өзіне қарсы финалда ойнайтынын елестете алған жоқ. 19 жылдан кейін тағдыр екеуін қайта тоғыстырды. Бірі – футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі. Екіншісі – жаңа дәуірдің басты символына айналған жас жұлдыз. Финал аяқталғаннан кейін Ямальдың Мессиді құшақтап жұбатқаны әлемдік БАҚ-тың басты кадрына айналды. Бұл сәтті көпшілік «футболдағы эстафетаның ресми берілуі» деп бағалады.

FIFA әлем чемпионатының жеке марапаттарын табыстады: Родри, Кубарси, Симон және Мбаппе үздік атанды
Родри – осы чемпионаттың миы болғаныны көпшілік жазып жатты. Егер Испанияның жүрегі Ямаль болса, миы – Родри болды. «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы сегіз матчтың барлығында дерлік алаңдағы ойын ырғағын басқарды. Ол шабуыл мен қорғанысты байланыстырып, қарсыластардың қауіпті шабуылдарын тоқтатып отырды. FIFA оны турнирдің үздік ойыншысы деп танып, «Алтын доп» сыйлығын табыстады. Бұл марапат Испанияның бүкіл турнир бойы көрсеткен тұрақты ойынының символына айналды.
Мбаппе тағы да сұрмерген атанды. Алайда, Франция бұл жолы финалға шыға алған жоқ. Соған қарамастан Килиан Мбаппе өзінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сегіз матчта соққан 10 голы оған әлем чемпионатының «Алтын бутсысын» сыйлады. 2022 жылы финалда хет-трик жасаған француз шабуылшысы төрт жылдан кейін де әлемнің ең қауіпті шабуылшысы екенін көрсетті.
Кубарси мен Унаи Симон – Испания қорғанысының қамалы Испанияның жеңісіне шабуылшылар ғана емес, қорғаныс та үлкен үлес қосты. 19 жастағы Пау Кубарси турнирдің үздік жас ойыншысы атанды. Оның сенімді ойыны Испанияны әлемдегі ең мықты қорғанысқа айналдырды.
Ал Унаи Симон сегіз матчтың жетеуінде қақпасына гол жібермей, «Алтын қолғап» жүлдесін жеңіп алды. Чемпиондар турнир бойы бар болғаны бір ғана доп өткізіп алды.
Әлемді таңғалдырған Кабо-Верде: Өмірі бір сәтте өзгерген Возинья
Әр әлем чемпионатында жанкүйерлердің жүрегін жаулап алатын бір құрама болады. 2026 жылғы мундиальда ондай команда – Кабо-Верде болды.
Халқы небәрі 600 мыңға жуық арал мемлекеті алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, алғашқы матчында-ақ футбол алпауыты Испанияны тоқтатты. Көпшілік Испания бұл ойында ірі есеппен жеңеді деп болжаған. Бірақ алаңда мүлде басқа оқиға өрбіді.
Испандар қақпаға қайта-қайта соққы бағыттады. Ямаль, Родри, Ольмо, Ферран Торрес – барлығы гол соғуға тырысты. Бірақ олардың жолында бір адам тұрды. Ол – 40 жастағы қақпашы Возинья.
Ардагер қақпашы жеті бірдей қауіпті соққыны қайтарып, Кабо-Вердеге тарихи 0:0 есебін сыйлады. FIFA оны матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Сол кеште әлем футболы бұрын көпшілік біле бермейтін қақпашының есімін жаттап алды. Бір матч өмірін өзгертті. Матч басталғанда Возиньяның Instagram парақшасында шамамен 50 мың ғана оқырман болған. Испаниямен кездесуден кейін жағдай бір тәуліктің ішінде өзгерді.

Бразилиялық танымал стример Casimiro Miguel (CazéTV) тікелей эфир кезінде миллиондаған көрерменінен Кабо-Верде қақпашысына жазылуды сұрады. Соның нәтижесінде Возиньяның парақшасына бірнеше сағаттың ішінде миллиондаған адам тіркелді. Ал 24 сағат өтпей жатып оның оқырмандарының саны 10 миллионға жуықтады. Турнир аяқталған кезде бұл көрсеткіш 18–20 миллионнан асып, кейін тіпті 30 миллионға жуықтады.
40 жастағы қақпашы бір күннің ішінде әлемдегі ең танымал футболшылардың біріне айналды. Футболдың сиқыры дәл осында. Возинья – Еуропаның алпауыт клубында ойнаған жұлдыз емес еді, енді нағыз жұлдызға айналды. Ол мансабының көп бөлігін Португалияның төменгі дивизиондарында өткізді. Әлем чемпионатына дейін тіпті клубсыз жүрген еді. Бірақ бір ғана матч оның тағдырын өзгертті. Турнир аяқталған соң оған бірнеше клуб қызығушылық танытып, трансферлік ұсыныстар түсе бастады.
Футбол бұл тек ойын ғана емес – Бұл естен кетпес эмоция, тарих
Алғаш рет әлем чемпионатына 48 команда қатысты, футбол географиясының кеңейгенінің дәлелі. Бұл чемпионаттағы ең үлкен өзгеріс – жаңа формат болды. Көпшілік мұндай шешімді сынады. Бірақ турнир керісінше жаңа құрамалардың мүмкіндігін көрсетті. Бұрын әлем чемпионатына жете алмай келген мемлекеттер өз тарихындағы ең үлкен сахнаға шықты. Футбол тағы бір мәрте тек Еуропа мен Оңтүстік Американың ойыны емес екенін дәлелдеді.
2026 жыл – жаңа дәуірдің алғашқы беті болған Әлем чемпионаты аяқталды. Испания әлемнің үздігі атанды. Месси мен Роналду мундиальмен қоштасты. Ал олардың орнына Ямаль, Кубарси және жаңа буын келді.
Бәлкім, бірнеше жылдан кейін жанкүйерлер 2026 жылғы әлем чемпионатын Испанияның жеңісі үшін емес, дәл осы бір символдық сәт үшін еске алатын шығар. Бір кездері сәби Ламин Ямальды қолына көтерген Лионель Месси 19 жылдан кейін сол баламен әлем чемпионатының финалында кездесіп, футбол тағындағы орнын келесі буынға табыстады.
Футболда рекордтар жаңара береді, Чемпиондар ауысады. Бірақ кейбір турнирлер тарихқа нәтиже үшін емес, тұтас бір дәуірдің аяқталғанын білдіргені үшін енеді. 2026 жылғы әлем чемпионаты дәл сондай мундиаль болды.
Оқи отырыңыз:
ӘЧ-2026: Испания Аргентинаны жеңіп, футболдан әлем чемпионы атанды
ӘЧ-2026: Майкл Олисе пас беру саны бойынша Пеленің рекордын жаңартты
Жаңалықтар
- Қазақстан қорықтарында 19 орман өрті тұтанды
- Трамп Канададан келетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізді
- Тоқаев Испания құрамасын футболдан әлем біріншілігіндегі жарқын жеңісімен құттықтады
- ӘЧ-2026: Испандар жеңісі үшін гауһар тасты 30 алтын жүзік алады
- Павлодар облысында құдыққа түскен алты адам қаза тапты: Марқұмдардың ең жасы 16 жаста
- Әлем чемпионаты – 2026: Турнирдің үздіктері анықталды
- Месси мен Роналду дәуірі аяқталды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?
- Ескертуге қарамастан КҚК теңіз терминалындағы мұнай танкеріне тағы шабуыл жасалды
- Венесуэладағы жер сілкінісі құрбандарының саны бес мыңнан асты
- Астана – Шымкент рейсінен мас жолаушы түсірілді
- Талдықорғанда төрт метрлік ашық құдыққа 14 жастағы қыз құлап кетті
- БЖЗҚ-дағы барлық жинақты басқарушы компанияға беруге болады
- Ұшаққа найзағай түсіп, қозғалтқышының бір бөлігі үзіліп кетті
- Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолын» басқарады
- АҚШ он түн қатарынан Иранға оқ жаудырды: Мұнай бағасы шарықтап кетті
- ӘЧ-2026: Испания Аргентинаны жеңіп, футболдан әлем чемпионы атанды
- Қазақстан мұнайы тиелген екі танкерге шабуыл жасалды: Министрліктер не дейді?
- Шетелдік жүргізушілер енді жазадан құтыла алмайды
- Үндістан мен Пәкістан шекарасында екі сағаттық атыс болды
- ӘЧ-2026: Майкл Олисе пас беру саны бойынша Пеленің рекордын жаңартты