Қазақстандық шенеуніктер неге теңге бағамының тұрақтылығы жайлы уәделерінен опық жеп жүр?

cover Фото: freepik

Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының тұрақтылығы туралы уәделер мен кейіннен күрт өсіп кеткен бағам талай шенеуніктің беделіне нұқсан келтірді. Бұл тізімде бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов те, қазіргі қаржы реттеушісі Тимур Сүлейменов те бар. Енді осы үрдістің бекер іс екенін Премьер-Министр Олжас Бектенов те өз басынан өткергендей. 15 шілдеде ол «теңгенің күрт әлсіреуіне себеп жоқ» десе, арада бір-ақ күн өткенде доллар бағамы тарихи рекордты жаңартып, 532,7 теңгеге жетті. Orda.kz саяси қайраткерлердің теңге бағамының тұрақтылығы туралы мәлімдемелері өздеріне қалай кері әсер еткенін еске салып, мұндай жағдайлар не себепті орын алатынын және алдағы уақытта теңгеден не күтуге болатынын талдайды.

Қалай болды?

Екі жылдан бергі алғашқы баспасөз конференциясында Үкімет басшысы доллар бағамы тек нарықтық факторлардың негізінде, Ұлттық банктің араласуынсыз қалыптасатынын айтты.

«Біздің және беделді сарапшылардың бағалауы бойынша, теңге бағамының күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ», — деді Бектенов 15 шілдеде.

Ол келесі жылға арналған бюджет жобасында базалық сценарий ретінде — мұнай баррелінің бағасы 60 доллар болған жағдайда, доллар бағамы 540 теңге деп белгіленгенін айтты.

«Сондай-ақ, мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендеген жағдайда пессимистік нұсқа қарастырылған. Біз девальвацияны күтпейміз», — деді ол.

Кенеттен орнаған рекорд және оның себебі

Бірақ арада бір күн өткенде доллар бағамы 532,7 теңгеге жетті. Бұған дейін ол 525 теңге шамасында болған. Бұл әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Данияр Темірбаев бұл секіруді Бектеновтің мәлімдемесімен тікелей байланыстырды.

«Қазақстан халқы «девальвация болмайды» дегеннен бері бір инстинктке үйреніп қалған: ресми тұлға валюта бағамы туралы бірдеңе десе болды — халық жаппай айырбастау орындарына жүгіреді, ал жүйріктері банктік және брокерлік қосымшаларға кіреді» деп жазды QAMS атқарушы директоры Темірбаев Facebook парақшасында. 

Оның пікірінше, Премьер-Министр жаңа шекті мәндерді байқамай-ақ жариялап қойды.

«Девальвацияны күтпейміз дейді, бірақ бюджетке түсім керек, ал мұнай жағдайы бұрынғыдай жақсы емес. Сондықтан 2026 жылға арналған базалық сценарий — орташа жылдық бағам 540, мұнай бағасы — барреліне 60 доллар (бұған дейін 75 болған). Осы болжамдарға негізделіп 2026 жылғы бюджет құрылған». 

Темірбаевтың айтуынша, айырбастау орындарына ағылған халық дүрлігу туғызды, енді алдағы апталарда теңге қысымда болады. Бірақ бұл әлі бар мәселенің басы ғана.

Бағам тұрақтылығы туралы уәдеден кімдер тағы опық жеді?

2014 жылдың басында Ұлттық банктің сол кездегі басшысы Қайрат Келімбетов журналистерге девальвацияға себеп жоқ деп сендірген. Алайда 11 ақпанда ел «қара сейсенбіні» бастан кешті: 155 теңге шамасында тұрған бағам күрт өзгеріп, жаңа дәліз 185 теңге деңгейінде белгіленді. Кейін Келімбетов бұл шешім жайында тек түнде ғана хабардар болғанын айтты.

Бір жылдан соң ол тағы да шоктық девальвация болмайтынын, себебі елдің «беріктігі жеткілікті» екенін мәлімдеді. Бірақ 2015 жылдың шілдесінде реттеуші бағам дәлізін кеңейтті, ал тамызда теңгені еркін айналымға жіберді. Қыркүйекте доллар 258 теңге болса, жыл соңына қарай 320 теңгеден асып кетті. Әлсіреу жалғасты: 2019 жылдың ақпанында доллар бағамы 378,73 теңгеге жетті.

Жуырдағы мысал — қазіргі Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке тиесілі. 2024 жылдың қыркүйегінде одан теңге 500-ден аса ма деп сұрады. Сол кезде доллар 482–483 теңге болған. Сүлейменов ондай қауіп көріп тұрмағанын айтты. Бірақ 10 қазанда доллар 490,84 теңгеге жетіп, шекті деңгейге таяды. Ол кезде де  Сүлейменов: «Мен уәде берген жоқпын» деп құтылып кетті.

«Уәде — бұл менің шығып, қолымды кеудеме қойып: «Мен уәде етемін» дегенім. Ал ондай болған жоқ. Валюта бағамы бойынша ешкім уәде бере алмайды, себебі ол еркін нарық жағдайында қалыптасады».

Қарашада доллар 500 теңгеден асты. 29 қарашада Сүлейменов бұл шектің психологиялық мәні барын мойындады.

«Мен — доллар 500 болғанда Ұлттық банк төрағасы болған адаммын. Әрине, бұл ең жағымды жайт емес».

Бірақ ол бұл жағдайдың әзірге айтарлықтай әсері жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, егер доллар «ғарышқа ұшып кетсе», онда ғана бұл бағаларға қатты әсер етеді екен.

Неге бұлай болды?


Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, саясаткерге девальвация туралы сұрақ қойылғанда, оның бір ғана жауабы бар.

«Бірде-бір шенеунік ұзақ мерзімді макроэкономикалық трендтерді өз еркімен жеңе алмайды. Одан девальвация туралы сұрағанда, сіз одан не талап етесіз? Ол: иә, біз девальвация күтеміз деуі керек пе? Онда адамдар бірден айырбастау орындарына, банктік қосымшаларға барып, депозиттерді аударып, валютаны сатып ала бастайды, және девальвация күткеннен дде тезірек болады», - дейді саясаттанушы.

Сондықтан, Әбішевтің айтуынша, жауапкершілігі бар кез келген саясаткер «девальвация болмайды» деуі тиіс.

«Бұл — ауызша интервенция».


Ол мұндай қателіктердің кейбір шенеуніктердің қызметінен айырылуына әкелгенін еске салды.

«Жыл басында экономика жөніндегі бұрынғы вице-премьер Нұрлан Базарбаев тұрғын үй бағасы өседі деді. Бірнеше күннен кейін экс-өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев бұл мәлімдемені жоққа шығарып, уәде беруіне тура келді».

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Бектенов ашық деректерді айтып, орынды жауап берді. Бірақ ол жағдайдың пайда табуға да әкелетін «қатал логикасы» бар екенін жоққа шығармайды.

«Егер экспорттаушылар салықты доллармен төлесе, теңге бағамы төмендеген сайын бюджет сол доллар үшін көбірек теңге алады. Бұл бюджетке түсетін қысымды азайтады. Сондықтан егер курс 520-дан 540-қа дейін түссе, бұл бюджет міндеттемелерін орындауға жеңілдік береді». 

Дегенмен, жалпы алғанда, саясаткерлердің риторикасы бағамға айтарлықтай әсер етпейді дейді ол.

«Бағамға әсер ететін негізгі факторлар — төлем балансы, мұнай бағасы, бюджеттің тұрақтылығы. Нарық бір сәтте эмоциямен жауап береді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада ол рационалды әрекет етеді». 


Теңгеден енді не күтеміз?

Экономикалық шолушы Юрий Масанов қазіргі әлсіреуді девальвация деп атау дұрыс емес екенін айтады. Оның айтуынша, бейсенбі күні биржа жабылар сәтте доллар 533,25 теңгеге жетіп, қоғамда пікірлер толқынын тудырды.

«Көпшілік мұны девальвацияға теңеді, бірақ мен мұндай пікірлерге күмәнмен қараймын», — деді сарапшы. 

Оның айтуынша, жағдай соншалық қорқынышты емес: жыл басынан бері курс бар болғаны 1,6 %-ға өзгерген. Масановтың айтуынша, «девальвация» термині тек бағам күрт төмендеп, курс бекітілген жағдайда ғана қолданылады.

«2014 жылы курс 155-тен 185-ке секірді — бұл девальвация болды, өйткені ол кезде курс Ұлттық банкпен бекітілген еді. Қазір бәрін сұраныс пен ұсыныс шешеді».

Экономист бұл әлсіреудің нақты себептері бар екенін айтады. Біріншіден, маусымдық фактор: жазда қазақстандықтар шетелге барып демалу үшін белсенді түрде валюта сатып алады, бұл сұранысты арттырып, бағамды жоғарылатады. Екіншіден, өздігінен орындалатын болжам әсер етті.

«Премьердің сөзінен кейін халық жаппай айырбастау орындарына барды, бұл курсқа әсер етті. Бірақ мұндай сөздердің ұзақмерзімді әсерін асыра бағаламау керек». 

Ол сондай-ақ елде экономикалық саясат реформалары енді басталып жатқанын, ал сапалы әрі тұрақты экономикалық өсім әлі қалыптасу кезеңінде екенін айтып, осы уақытқа дейінгі 30 жылдағы үрдіс сақталып отырғанын атап өтті.

«Біз бұл үрдісті отыз жылдан бері байқап келеміз. Доллардың 150 теңгеге қайта түсуін күтудің қажеті жоқ. Мықты өнеркәсіптік базаға ие экономиканы құрып болғанда ғана теңгенің тұрақтануы мен нығаюын күтуге болады. Бірақ ол үшін әлі де көп жұмыс істеу керек» деп қорытындылады сарапшы. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар