Еститін үкіметке: Арал тұрғындарының тауқыметі және «Аралтұз» қараша халықты сорлатып отыр ма?

cover Фото: Orda.kz

Іссапарға аттанған Orda.kz редакциясының тілшілері Арал қаласына табан тіреді. Адал еңбек, маңдай терімен нанын тауып жүрген қараша халық тілшілерді қарсы алып, әлеуметтік мәселелерді айтып, «құлдыққа» салып, өңірді «түрмеге» айналдырған Аралтұз кәсіпорнына шағымданды. Еңбекақысы мардымсыз, тұрмыс қажытқан жұмысшыларды және олардың қандай жағдайда жүргенін көрген тілшілеріміз жағасын ұстап қайтты. Ал әкімдік тілшілерімізге өтірікті судай сапырып, жалған ақпаратты бере салды. Кейін білдік, Аралтұз компаниясы әкімдікке миллиондаған қаражат беріп, жол салуға қаржы береді екен. Алайда Аралтұздың өз қызметкерлерінің жағдайы өте нашар. Ауыл жастары жұмыссыздықтан ел аралап өз үйлерін тастап, бас сауғалап кеткен. Ал Аралтұз компаниясы тұздың тұқымын құртып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығы өз құқығын қорғаймын деп ауыз ашқан жұмыскердің лауазымын төмендетіп, ауыр жұмыстарға аударып жіберген. Бұл компанияға неге биліктің күші жетпейді? 

Orda.kz тілшілері қараша халықтың жағдайы мен істің егжей-тегжейін анықтап қайтты.

«Мардымсыз еңбекақы төлеп, құлдыққа салды»

«Аралтұз» комбинаты — Арал ауданындағы ең ірі кәсіпорын. Бір қарасаң, жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайға тікелей әсер етіп, өңірдің қағанағын қарқ, сағанағын сарқ қылып, молшылыққа кенелтіп отыруы керек кәсіпорын еді. Алайда жұмыссыздық пен әділетсіздік жайлады деп, әділдік іздеп шырылдаған халыққа қарап, мүлде басқаша күйде қаласың. Биыл бұл өндіріс орнына 100 жыл толады. Тілшілерімізге тұрғындар кәсіпорын жұмысына, әлеуметтік жағдайға және экологияға қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерді айтты.

 

Жалақы төңірегіндегі дау

«2005 жылы жалақы берілмей қалды. Балалар айлап жалақысыз отырды. Сол кезде ұлым, қыздарым, інілерім бәрі ереуілге шықты. «Аралтұздың» жанына барып, талап қойды. Сол жерде полицейлер келіп, үйлерді аралап жүретін. Бір күні жаңа директорлар келіп, полицейлер ереуілге шыққан жігіттерді көлікке тиеп жатты. Ұлымды қорғау үшін жанына барып жаттым. Бәріміз жалақыны көтеруді талап еттік. Сол кезде 30–60 мың теңге төлейтін. Соның өзін уақытында бермейтін еді», – деді Райхан есімді ауыл тұрғыны.

Orda.kz тілшілері қазіргі алатын жалақылардың ең жоғарысын және ең төменінің қанша екенін сұрады. Компанияда істейтін бір қызметкер былай деді:

«Тазалықшылар 90 мың теңге, жұмысшылар 150-160 мыңның айналасында, Сырттан келген басшылар миллионнан аса алады», — деді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғындары Аралтұзға қарсы аштық жариялап көтеріліске шыққан еді. «Қызметкерлердің жалақысын көтеріп, жағдай жасасын» деген қара халық жасаған аштық пен көтерілістен тек денсаулықтарына зиян тапты.

«Ештеңе өзгерген жоқ. Ештеңе өзгермейтін де сияқты. Балаларымыздың жалақысы әлі де аз, ештеңе түзелмейді. Тіпті бұрынғыдан да жаман болып кетті. Міне, биыл комбинаттың 100 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұрын-соңды ешқандай комбинат бізді қоршамайтын. Енді бәрін тікенек сыммен қоршап тастады. Бұл — түрме, нағыз түрме. Бұрын көршілеріміз көшіп бара жатып: «Мына жерден көшіп кетіңдер, әйтпесе бір күні бәрін қоршап тастап, үстіңнен тікұшақпен тамақ тастайды, аштан қырыласыңдар» дейтін. Біз сенбейтінбіз. Ал енді, солардың айтқаны болып жатыр. Олар көшіп кетті. Кейбірі қазір дүниеден озған. Кейбірі сол кезде: «Кетіп қалдық» деп еді, ал біз кетпедік», — деді Райхан апа.

Сұрқай тартқан «түрмеге» айналған Аралдағы өмір

Тұрғындар Аралдағы көрікті демалыс орындарының жоқтығын айтып наразы болды. Олардың сөзіне қарасақ, мұнда адам өміріне қуаныш сыйлайтын саябақтар жоқ, ал мәдени іс-шаралар өткізілмейтін көрінеді.

«Адамдар үшін жағдай жасалса екен дейміз. Мұнда мәдени іс-шаралар өтпейді. Бос уақытты өткізетін, демалатын орындар жоқ. Кешкісін ата-аналар балаларын жинап, облыс орталығына кетеді. Тек түннің бір уағында оралады. Бұрын стадион бар еді. Түрлі командалар келіп футбол ойнайтын, ата-аналарымыз барып көретін. Қазір ештеңе қалмады», — дейді Райхан.

Түнде тыныштық та бұзылған. Ауыл тұрғыны Райханның айтуы бойынша түнде жастар таңғы екі-үшке дейін қираған ғимараттың маңында жүреді. Жанында ескі қамыс жатыр, бір шырпы түсіп кетсе, бәрі жанып кетеді деп қорқатынын айтты. 

«Жастарға арналған орталық та, демалатын орын да жоқ. Ештеңе жоқ. Жастар үшін бірдеңе салып берсе екен. Қалаларда аулаларда ойын алаңдары бар, балалар көңілді жүреді. Бізде ондай жоқ. Тағы бір мәселе – комбинаттағы тәртіп: «Егер біреу отырса, біреу суретке түсіріп, басшылыққа жібереді. Содан Алматыдағы басшылық сол суретке қарап бұйрық шығарады. Әлгі адамды не ауыр жұмысқа ауыстырады, не жақсы жұмысынан айырады», — деді Райхан апа.

Тұрғындарды жалмаған Арал экологиясы

Сондай-ақ ауыл тұрғындары жастарға жұмыс жоқ деп налиды. Райхан бізге отбасының басына түскен қиындығын ашық айтты. Оның бір себебі — Аралдағы экология.

«Менің ұлым 1969 жылы туған. Норвегияда оқып келді, механик болды, кейін гараж меңгерушісі, депутат болды. Үш жыл бұрын көлік қағып, омыртқасы сынған. Қазір жүре алмайды. Үш рет ота жасалды, титан орнатылды. Бірақ мүгедектік алты айға ғана берілді. Ол үшінші топ мүгедегі, жұмыссыз отыр. Алты баласы жан-жаққа тарап кетті. Әйелі де ауырады, өзі де ауырады, зобы бар, менде де зоб, қан қысымым жоғары», — деді Райхан.

Райхан бізге экологияның тұрғындарға қаншалықты зиян екенін баяндап берді.

«Мұнда, әрине, экологияның әсері бар. Міне, менде зоб бар, күйеуім де осы себептен қайтыс болды. Оған тамақ жолы ауырды, Сызғановтың клиникасында ота жасалды. 1973 жылы ота жасалып, 1996 жылы қайтыс болды. Үш жыл ғана өмір сүрді. Көршілеріміздің де жағдайы қиын. Бір көршіміз жұмысқа барып келген соң, үйінде жүрегі тоқтап қалды. Мұның бәрі — экологиядан», — деді Райхан.

Тұрғындар осы өңірде жастарға мүмкіндік жоқ екенін айтты.

«Мен 1946 жылы дүниеге келдім. Сол жылдан бері осында тұрамын. Комбинатта жұмыс істедім, қазір 80 жастамын. Ұлым Өскеменде инженер мамандығын оқып бітіріп келді. Комбинатқа жұмысқа тұрды, бірақ жаңа басшылар «тәжірибең жоқ» деп жұмыстан шығарып жіберді. Оны Бердібай Асылбек жұмыстан шығарды. Қазір ұлым өз мамандығымен жұмыс істемейді», — деді Хамит ата.

 

Ол мал шаруашылығы да қиын жағдайда екенін баяндады. Оның сөзінше шегіртке көбейіп, өсімдіктер жойылып, жайылым азайған. Соның кесірінен мал ұстаған адамдардың өмірі қатты қиындап кеткен.

«Мен — жергілікті тұрғынмын. Қазір кәсіпкермін. Қазір шөптің, көктің жоқтығы қатты қиындық тудырып отыр. Шегіртке қаптап кетті. 9 мамырда бейнежазбаға түсірдім. Сол кезде кішкентай еді. Қазір өсіп, барлық өнімді жеп қойды. Мал аш қалып жатыр. Өзімнің жайлауда жүрген 5-6 жылқым өліп қалды. Қазір жылқыларды үйге айдап әкеліп жатырмыз. Өйткені жайылымда шөп жоқ. Бір жылқының құны — шамамен 500 мың теңге. Төрт жылқым қырылып, 2 миллион теңге шығынға ұшырадым. Түйелер де ауырады. Экология кесірінен «ми құрт» ауруы тарап жатыр», — деді мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Болат Жақыпов.

 

Тағы бір тұрғын шегірткеге қарсы шаралардың дернәсіл кезінде жасалмайтынын айтты.

«Қазір ең басты мәселе — шөптің, көктің жоқтығы. Шегірткеге қарсы күрес жүргізілмейді. Олар дернәсіл кезінде уланбайды. Өсіп жетіліп, бүкіл өнімді жеп қояды. Қазір малды аман алып қалатындай жер де қалмады», — деді мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Болат Жакупов.

Осы орайда аяқ асты Orda.kz тілшілері халықпен тілдесіп жатқанын ұзын құлақтан естіген Жаңақылыш ауыл әкімі де келіп жетті. «Темірді қызған кезінде соқ» деген. Қараша халықтың мұңын естіген соң, көкейде туған сұрақтарды тілшілеріміз әкімге жаудырды.

«Аралдағы мәселелер жылдар бойы қордаланған»: Әкімнің жауабы

Әкім шегірткеге қарсы күреске мемлекеттік субсидиялар бар екенін айтты. Оның сөзінде шегіртке ауылға кірмеген. «Ауылдардың шекарасына дейін ғана келіп жеткен».

«Мемлекеттік субсидиялар бар. Биыл шегіртке кейбір ауылдардың шекарасына дейін жетіп келді. Біздің ауылға тым жақын келген жоқ. Санавиация келіп, өңдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл мәселе Вице-министрдің тікелей бақылауында болды», — деді Жақсықылыш ауылының әкімі Берсүгіров Пазылбек.

 

Әкім «Аралтұз» мәселесінің бұған дейін де болғанын айтты. Оның сөзінше, «Аралтұз» басшылығы кәсіпкерлер болған соң, әкімдік қызметкерлері «олардың аумағына кіріп, тексеру жүргізе алмайды» екен.

«Аралтұз» мәселесі кеше немесе бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл — жылдар бойы жалғасып келе жатқан күрделі түйткіл. Біз қолдан келгенше шешуге тырысып келеміз. Бірақ екінші тараптың да өз уәжі бар. Мысалы, олар: «тауар өтпейді, экспорт тек Ресейге бағытталған», «қаржылық қиындықтар бар» дейді. Оның үстіне, олар — кәсіпкерлер. Біз олардың аумағына кіріп, тексеру жүргізе алмаймыз», — деді Берсүгіров Пазылбек әкім.

Инфрақұрылым және жастар мәселесіне келгенде әкім жасап жатқан істерін алға тартып, «түсінуді» сұрады. Бұған дейін жағдайдың одан да нашар болғанын айтты.

«Жастардың бос уақыты мен спорт алаңдарына қатысты айтар болсам, мен ауылға әкім болып келгенде небәрі 36 көше болды, бәрі жарықсыз, асфальтсыз еді. Осы жылдар ішінде 27 көшеге жарық тарттық. Түсініңіздер, облыста осындай елді мекендер өте көп. Бюджет бөлу мәселесі әр жылдары әртүрлі: кейде қаржы мол бөлінеді, кейде аз. Биыл тағы екі көшеге жарық тартуды, бір спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ облыстық маңызы бар екі көшені жөндеуге 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді көздеп отырмыз», — деді әкім.

«Аралтұздағы» мемлекетке жасалған «қылмыс»

«Аралтұз» жайлы Orda.kz тілшілеріне Аралдағы мәселелерді көтеріп жүрген белсенділердің бірі Жомарт Қартбайұлы айтып берді. Ол осы кәсіпорынның тарихы мен маңызын атап өтті.

«Аралтұз» комбинаты 1925 жылы құрылған. Ол басында артиллериялық зауыт ретінде ашылды. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 100 жыл толды. Бұл комбинат стратегиялық маңызы бар нысан. Өйткені мұнда тағамға арналған тұз өндіріледі. Бұл — тек ауданның ғана емес, бүкіл Қазақстанның байлығы, біздің «ақ алтынымыз». Кеңес кезінде Аралтұз облыс бюджетін қамтамасыз етіп отырды. Тұз Мурманскіден бастап Ауғанстанға дейін жеткізілді. Кеңес Одағында негізгі өндірушілер Артемьево (Украина) мен Аралтұз болатын. Ал Соль-Илецк шахталық әдіспен өндіретін, оның тиімділігі төмен еді. Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты ол жақтағы кәсіпорындар жабылды. Сондықтан Аралтұз — Қазақстан үшін аса маңызды өндіруші. Бұл — ата-бабамыздың қанымен қорғалған байлық», — деді белсенді Жомарт Қарбайұлы.

Жомарт Қартбайұлы зауыттың қазіргі тұзды экскаватормен алуы өрескел қателік екенін айтып өтті. Тіпті оны «мемлекетке жасалған қылмыс» деп бағалады.

«Бұрын комбинатта 1500 адамға дейін жұмыс істейтін. Барлық әлеуметтік жағдай болды. Бірақ соңғы 20-25 жылда жағдай күрт нашарлады. Бізді ешкім тыңдамайды. Біздің талабымыз — тұз өндірудің қазіргі технологиясына тоқтау салу. Бүгінгі экскаваторлармен тұзды қазу — бұл тек технологиялық ереже бұзу емес, бұл халыққа және мемлекетке қарсы жасалған қылмыс. Тұздың химиялық қалпына келуі үшін 20 жыл керек. Ал оны қазіргі тәсілмен өндіру — келешекке зиян. Біз бұл мәселені парламентте, сенатта, министрліктерде көтердік. Жақында парламентте алты министрлік, депутаттар, БАҚ қатысқан жиында да бұл жағдайды қылмыс деп көрсеттік», — деді Жомарт есімді белсенді.

Тұрғындар зауытта тұз өндіру технологиясының сақталмауына алаңдайды. 

«Бүгінде тұзды экскаватормен қазып жатыр. Бұл тек ереже бұзу емес, халыққа және мемлекетке қарсы қылмыс. Тұздың химиялық реакциясы 20 жылда қалпына келеді. Ол үшін өндірістік технологияны сақтау керек. Осы мәселені парламентке, министрлерге дейін жеткіздік», – дейді ауыл ақсақалдары.

«Жекеменшік болған соң зауыт миллиардтап табыс тапса да, халыққа қарайласпайды»

Тілшілеріміз осы зауытта 45 жыл бойы қызмет еткен, кеңес одағы мен Тәуелсіз Қазақстанның дәуірін көрген Төлеген Жайназаров деген ақсақалмен тілдесті. Шындықты айтқандардың көбі қудаланатынын жасырмаған ақсақал өңірдегі жағдайды ашық баяндап берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетке тиесілі болған орындардың көбі жекеменшікке өтіп кетті. Бұл «бөліп ал да, билей бер» деген асыра сілтеуге апарып соқты. Соның елге үлкен зияны тиіп жатқанының бір мысалы — «Аралтұз». Ақсақал ата-бабаларынан қалған кәсіпті бұлай жекеменшікке беріп, халықты әлеуметтік жағынан жұмыссыздықпен буып отырудың әділдік емес екенін айтты.

«Менің атым – Жайназаров Төлеген. Мен осы жердің тумасымын. Осында туып-өстім, мектеп бітіріп, комбинатта 45 жыл еңбек еттім. Біздің комбинатты бүкіл Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем таныды. Кеңес заманында өніміміз Мәскеуге дейін жетіп, ата-аналарымыз партия съездеріне депутат болып баратын. Бірақ 90-жылдары комбинат жекешеленді. Содан бері халықтың да, жұмысшылардың да жағдайы қиындап кетті. Қазір жұмысшылардың асханасы да жоқ, демалатын орны да жоқ, респираторлары да жоқ. 1998 жылы кәсіподақ төрағасы болған кезімде заң бойынша ауыр өндірісте жұмыс істейтіндерге зейнетақы қорына 5% үстеме аударылуы тиіс еді, сүт берілуі тиіс еді. Бірақ соның ешқайсысы орындалмады. Қазір жұмысшылардың айлығы 160 мың теңге, бұл ақша отбасын асырауға жетпейді. Ал біз кезінде күніне 30 вагон тұз жөнелтетінбіз. Ақша қайда кетіп жатыр? Түсініксіз. Наразылық білдіргендерді қудалайды. Ал билік: «жеке меншікке араласа алмаймыз» дейді. Бірақ мемлекет халықтың мүддесін қорғауға тиіс емес пе?», — деді зейнеткер.

Оның сөзінше, халық туып өскен жері болғандықтан тастап кете алмайды. Болашақ ұрпақтары осы жерде қалып тұз өндіру ісін жалғастырса екен дейді. 

«Тұзды өндірудің қазіргі тәсілі — қылмыс. Бұл халыққа да, мемлекетке де зиян. Тұз — стратегиялық өнім. Қазір тұзды экскаватормен қазып, сапасын түсіріп жатыр. Өнімнің 70%-ы техникалық тұз ретінде сатылады. Бұл мәселені парламентте, министрліктерде көтердік. Президентке, үкіметке хат жаздық. Бірақ облыстық деңгейде экскаватор пайдалануға рұқсат берілген. Бұл сұмдық. Егер олар тұзды дұрыс өндіре алмаса, басқа инвестор келсін. Комбинатты қайтарып алсын», — деді зейнеткер Төлеген Жайназаров.
«Арал мен Жақсықылыш бір-бірімен тығыз байланысты. Инфрақұрылым нашар, жол жоқ, ғимараттар қираған. Халық иіс пен өндіріс қалдығынан зардап шегіп отыр. Зауыт миллиардтап табыс табады. Бірақ халыққа пайдасы тимейді. Біз әділдік талап етіп отырмыз. Бұл біздің ата-бабамыздан қалған мұра. Бұлай болмауы тиіс».

Зауыт басшылығы үнсіз

Журналистер зауыт өкілдерінен жауап алуға тырысқанымен, әзірге жақ ашқан адам жоқ.

«Бір кездері ашық болған зауыт қазір БАҚ өкілдеріне пікір айтудан бас тартып отыр», – дейді тілшілер.

Orda.kz тілшілері Арал қаласының әкімімен де сұхбаттасты. Әкімнің берген жауабы мен халықтың пікірінің арасы жер мен көктей.

Аралдағы басты мәселелердің бірі — маман тапшылығы. Біз осы жайлы Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.

«Арал ауданының аумағы үлкен. Бір шетінен екіншісіне дейін 270-340 шақырым болады. Халық дәрігерлердің жетіспейтінін жиі айтады. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді. Көшіп келген мамандарға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй беру қарастырылып жатыр. Жас мамандарды Ақтөбе, Астана, Алматыдан шақырып, оларға тұрғын үй жағынан көмек көрсетудеміз», — деді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.

Әкім жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайдан әбден тарығып, туған жерін тастап басқа өңірге кеткен жастардың оралуы үшін күш салатынын айтты. 

«Біз өз ауылдарының балалары туған жеріне қайта оралса екен дейміз. Қазір жастардың біртіндеп қайтып жатқаны байқалады. Бұрын жұмыс болмаған соң олар кеткен еді. Қазір ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатыр. 37 мыңнан астам түйе, сиыр, жылқы бар. Бұл жастар үшін қажетті мамандықтар бар деген сөз. Сондықтан біз оларды елге қайтарып, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауға күш салып отырмыз», — деді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев. 

Orda.kz тілшісі ғимараттар салуға, жол салуға көмектесетін «қамқор» Аралтұздың неге өз жұмысшыларының жағдайын жасамайтынын Аманжол Оңғарбаевтан сұрады. Әкім «Аралтұздың» тек өз пайдасын емес, «халық игілігін де ойлайтынын» айтты.

«Толық білмесем де, бір нәрсені анық айта аламын. Аралтұз өздері үшін ғана емес, халық үшін де маңызды бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырып жатыр. Олар жол салды. Бұл өздеріне де, жергілікті халыққа да өте қажет. Газ құбырын тарту бойынша да жоба жасады. Бұл да халық үшін маңызды, әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асты. Біздің ауданда Мәдениет үйі болған жоқ. Аралтұз осы мақсатқа 8 миллион теңге бөлді. Ауруханамыз ескі, соның бір қанатын жөндеуге 9 миллион теңге бөлді», — Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев. 

Оның сөзіне қарасақ, Аралтұздың әлеуметтік жобаларға жұмсаған қаржысы шамамен 50 миллион теңге екен.

«Бұл қаржы Аралтұз сияқты ірі кәсіпорын үшін аса үлкен қаржы емес», — дейді тұрғындар. 

Дегенмен, компанияның өз қиындықтары да жоқ емес. Бұл жайлы аты-жөнін жасыруды сұраған кәсіпорынның қызметкері айтып берді.

«Аралтұз өнімі қоймаларда, вагондарда, поддондарда жиналып қалған. Бұл, бәлкім, өнімді қазіргі кезде тек Ресейдің сатып алуымен байланысты болар. Тұз бағасы түсіп кетті. Сондықтан компанияда белгілі бір қаржылық қиындықтар бар шығар. Бірақ бұл туралы нақты ақпаратты Аралтұз басшылығынан сұраған дұрыс болар еді», — деді кәсіпорынның қызметкері. 

Orda.kz тілшісі қызметкерден инфрақұрылымға және ауруханаға Аралтұздың көмектесуінің маңызды екенін атап өтіп, неліктен өз қызметкерлеріне жағдай жасамай отырғанын сұрады.

«Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Себебі біз жекеменшік компанияның ішкі ісіне араласа алмаймыз. Мысалы, «кейбір азаматтарға зейнетақы қорына ақша аударылмаған» дейді. Біреулерге бір ай, енді біреулерге үш ай бойы аударылмаған екен. Менде бұл жөнінде нақты ақпарат болмағандықтан, сізге дәл жауап бере алмаймын. Бізде Еңбек департаменті бар. Солар осы мәселемен айналысады. Сіз сол департаменттің мамандарынан нақты жауап ала аласыз», — деп әкім. 

Тұз өндірудің қазіргі жағдайын Аралтұз компаниясының қызметкері, яғни өз көзімен көріп жүрген адам баяндап берді.

«Біз кімнің иесі екенін айтпаймыз. Бізді алаңдататыны — тұз өндірудің қазіргі техникасының бұзылуы. Бұл — тек жергілікті халыққа емес, бүкіл Қазақстанға қарсы жасалып отырған қылмыс. Тұз — бұл ақ алтын, бұл халықтың наны. Сіз тұзсыз дистилденген суды іше алар ма едіңіз? Тұзсыз нан жей аласыз ба? Бұл — стратегиялық өндіріс. Биыл кәсіпорынның 100 жылдығы. Мұнда біздің ата-бабамыз туып-өсіп, жұмыс істеді. Мен де өмірімнің бар саналы ғұмырын осы комбинатта өткіздім», — деді аты-жөнін жасырған кәсіпорынның қызметкері. 

Кәсіпорынның қызметкері комбинаттың талай рет сатылғанын, сол себепті қазіргі иесі кім екенін білмейтіндерін айтты.

«Жекешелендіру басталғанда комбинаттың құны 420 млн теңге еді. Бірақ оны 37 млн теңгеге сатып жіберді. Бұл құжаттарымызда көрсетілген. Біз бұл туралы кезінде Назарбаевқа хат жаздық. Бірақ ешкім жауапкершілікке тартылмады. Қазір комбинат жүз рет сатылды. Соңғы иесі кім екенін де білмейміз», — деді аты-жөнін жасырған кәсіпорынның қызметкері.

Ал енді басты мәселеге келсек... Тұрғындардың айтуынша, тұз табиғи химиялық реакция арқылы 20 жылда қалпына келеді. Бірақ қазіргі экскаватормен қазу тәсілі тұз сапасын жоғалтып отыр. Қазір өндіріліп жатқан тұздың 70%-ы техникалық тұз ретінде сатылып жатыр. Бұл туралы белсенді Жомарт Қартбайұлы былай деді:

«Біз бұл мәселені парламентте, министрліктерде, сенатта көтердік. Президент пен премьер-министрге хат жолдадық. Қазір бізді «Аманат», социал-демократиялық партия мен «Байтақ» партиясы қолдап отыр», — деді қоғам белсендісі Жомарт Қартбайұлы.

Orda.kz тілшілері ауылды аралап жүріп ластанған көлшік суларды байқады. Ауыл тұрғындарынан сұрастыра келе бұл көлдерге тұз жуылғанын білдік. Тұрғындардың сөзінше, Аралтұз компаниясы көрінген жерге төге бергендіктен ол тұздың суы ауыл тұрғындарының есік алдына жайылып үйінің фундаментін ерітіп жатыр екен. Толығырақ бейнежазбадан көріңіз:

Қадірлі оқырман, жекеменшікке өтіп кеткен соң, кәсіпорындағы қызметкерлердің, жалпы Арал тұрғындарының қазіргі жағдайы осындай. Көріп отырғаныңыздай, туып өткен атамекені болған соң, экологиялық мәселе бар екен деп, Аралтұздан теперіш көрдік екен деп, не адам өміріне қажетті демалыс орны, не саябағы жоқ, сұрқай тартты екен деп туған жерін тастап ел кете алмады. Ал мамандар мұндай жерге келгісі келмеген соң, маман тапшылығы бар. Тұрмыстың, әлеуметтік жағдайдың қиындығына қарамай, осы жерде тұрып жатқан ел үшін туған жердің қадірі тым биік. Туған жер, әрине, әрбір адамға ыстық. Дегенмен, тұрғындар осы өлкеге қолында құзіреті бар, билігі бар ел қамын ойлайтын атқамінер азаматтар болса, осы жағдаяттарға назар аударса дейді. Әрине, жастардың жанбағу үшін жұмыс іздеп жан-жақта бытырап жүргені тағы бар...

Мақала жазылып жатқан кезде белсенді Жомарт Қартбайұлы құзырлы органдардың өзінің сауалына жауап бергенін хабарлап, тілшімізге жауаптарын жіберді.

Жауаптарға қарасақ, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Аралтұз» АҚ жұмыс берушісі міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру жарналарын уақытылы аудармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлапты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Аралтұз» АҚ 2006 жылғы 27 қаңтардағы №004985 мемлекеттік лицензия негізінде жұмыс істейтінін хабарлаған. Лицензияға сай жұмыстар: Жақсықылыш көлінде тұз өндіру, оны тасымалдау, теміржол жолдарын орнату, жарылыс жұмыстары, геологиялық бақылау. Компания 2023 жылы екі экологиялық рұқсат алынған (№ KZ30VCZ03212200 және № KZ62VCZ03213758). Рұқсаттар 2027 жылға дейін жарамды.

Еңбек инспекциясының тексеру қорытындысын қарасақ, негізгі анықталған бұзушылықтар ретінде сүт өнімдерінің және диеталық өнімдердің берілмегені айтылған. 2023 жылдың қаңтарынан бастап 2025 жылдың сәуіріне дейін химиялық заттармен жұмыс істейтін қызметкерлерге сүт берілмеген. Сондай-ақ еңбек инспекциясы цехтарда аспирация (желдету) жүйесі жоқ екенін анықтаған.

Ал 2024 жылдың қаңтарынан бері жалақы кешігіп төленіп келеді. Өндірістік жұмысшылар үшін еңбек демалысының графигі бекітілмеген.

Еңбек инспекциясы жұмыс берушіге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, әкімшілік шаралар қолданылды (ҚР ӘҚБК 87 және 93-баптары бойынша).

Ал Арал ауданы әкімінің аппараты коммуналдық мемлекеттік мекемесі Арал ауданы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша мәлімет беріпті. Республикалық бюджет есебінен бөгеттерді қалпына келтіру, каналдарды тазарту, Көкарал бөгетін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 2023 жылы Арал ұлтанында 53 мың гектарға сексеуіл егілген. (6,2 млн дана көшет).

Арал ауданы әкімінің аппаратының хабарлауынша 2024 жылы 21,7 млрд теңгеге 328 мың тонна ас тұзы, 1,2 млн тонна техникалық тұз өндірілді. Бұл кішігірім шаралар Арал өңірінің мәселесін шешім бере алады деу қиын.

Біз бұл мақалаларымызды мәселелерді «еститін үкіметтің» назарына ұсынамыз.

Orda.kz тілшілері осы іссапарда Аралтұз басшылығы заңсыз жұмыстан шығарып жіберген қарапайым жұмысшымен тілдесіп, ондағы жағдай жайлы егжей-тегжейіне дейін сұраған еді. Orda.kz мақаласынан үміт пен күдіктің арасында өз құқығын қорғау үшін барын салған, табан ет маңдай терімен еңбек еткен, қарапайым жұмысшының күресі жайлы оқыңыз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар