Елімізде қытай тілін оқыта ма? Си Цзиньпинге Қазақстан не үшін қажет және АҚШ-қа бұл не себепті ұнамайды?

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Қытай» атты іскерлік кеңестің екінші отырысына қатысты. Бұл оның 2025 жылдың басынан бері біздің елге жасаған үшінші ресми сапары. Orda.kz осы саммиттің астарында не жатқанын саралап көрді. Неге Қытай Қазақстанға ерекше мән беріп отыр? Жақын арада мектептерде қытай тілі оқытыла бастауы мүмкін бе? Тілшіміз осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Кейбірі үнемі келгіштеп кеткен,
ал кейбірі мүлде аттап баспайтын Қазақстан
Соңғы уақытта Қазақстан халықаралық саяси кездесулер өтетін алаңға айналып келеді. Жуырда ғана елге Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони келіп қайтты. Былтыр Германия канцлері Олаф Шольц ресми сапармен келген еді.
«Мұндай кездесулердің жиі өткені жақсы. Мен осыдан он бес жыл бұрын біз үшін Еуропаның бір елінің басшысы келсе, бұл үлкен жаңалық болатын дер едім. Мысалы, АҚШ президенті елімізге ешқашан келмеген. Тек мемлекеттік хатшылар Орталық Азия елдерін аралап өткенде ғана келіп кеткен. Ал енді Қытай сияқты алпауыт, қуатты елдің басшысы келіп отыр. Бұл көп жайтты аңғартады», — дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.

Тағы бір қызық жайт — Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер көбіне біздің аумақта емес, өзге елде өтеді. Мәселен, саммитке дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанның сыртқы істер министрімен Вашингтонда кездесті. Құрама Штаттарды Қазақстанның ресурстарына қолжетімділік пен әріптестік мәселелері қызықтырғаны анық. Дегенмен әңгіме тек сол жайлы ғана емес, басқа да саяси тақырыптарда өрбуі мүмкін.
«Әрине, олар екіжақты ынтымақтастықтан бөлек, алдағы саммитке де тоқталған болуы керек. Себебі АҚШ үшін Қытай басты бәсекелес, қарсылас. Айталық, Америкаға Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқаны ұнамайды. Ал Еуропаға келсек, бұл оларды онша алаңдатпайды. Себебі өз қиындықтары бастарынан асып жатыр. Бірақ АҚШ үшін бұл жағдай маңызды. Демек, болашақта осы өңірде беделі, ықпалы жоғары болу үшін Қытай мен АҚШ күреседі деген сөз. Бұған дейін Америка Ресеймен арпалысса, ендігі қарсыласы — Қытай болмақ. Оған қарапайым мысал келтірсек, АҚШ Орталық Азияда үлкен елшілікті қай қалада салғалы жатыр? Алматыда. Бұл Америка Қазақстанды өз назарында ұстайтынын көрсетеді. Қаласақ та, қаламасақ та, біз ірі державалар арасындағы геосаяси бедел мен ықпал үшін таласатын аймаққа айналдық. Бұл — біздің тағдырымыз», — дейді дипломат.
АҚШ елшілігі қайда салынатынын және қазіргі жағдай қандай екенін мына сілтемеден оқи аласыздар.
Қытай Орталық Азиядағы ықпалын арттырған соң, АҚШ-пен экономикалық қатынасы үзіліп қалуы мүмкін. Бәлкім Қытай төрағасы осы өзгеше жағдайға дайындалып жатуы мүмкін.

«Қытайды оқшаулау деген мүмкін болмайтын нәрсе. Бұл ақылға қонбайтын дүние деп ашық айту керек. Мысал келтірейін, пандемия кезінде медициналық бетперделерді Қытайдан өзге елдер іс жүзінде өндірмейтіні белгілі болды. Демек, Қытай әлемді қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырғандықтан, оны оқшаулауға болмайды. Ресей де солай. Ресей тауар емес, табиғи ресурстармен қамтамасыз етеді. Мысалы, мұнай, газ сияқты дүниелермен көптеген елді қамтамасыз етіп отыр. Яғни, ірі елдерді оқшаулау мүмкін емес. Ал Қытай жайлы айтсақ, ол тек біздің аймаққа ғана назар салып отырған жоқ. Қытайдың ықпалы — әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Еуропада сатылып жатқан тауарлардың көбі Қытай өнімдері. Соңғы он-он бес жылда бұл өзгерістер айқын сезіле бастады. Бұрын олай емес еді. Сол себепті менің ойымша, Қытаймен диалог орнатқанымыз — жақсы нышан. Қытай түрлі жобаларды қаржыландыра алады. Бірақ, әрине, мұның бәрінің артында Қытайдың саяси мүдделері тұратыны анық. Бұл — өмірдің шындығы. Дегенмен, біз үшін Қытайдың мұндай кездесулерге келуі — біздің маңызды әріптес екенімізді білдіреді».
Қазақстанның бәсі жоғары ма?
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанның Қытай мен АҚШ үшін айырықша мәнге ие екені байқалады.
«Қазір Қытай — әлемдегі жетекші экономикалық державалардың бірі. Бүгінде бүкіл әлем Қытайға тәуелді деуге болады. Себебі Қытай Халық Республикасы жаһандық өндіріс орталығына айналды. Соған қарамастан, Қытай өз қарым-қатынасында «аға мен іні» дегендей жақын тарта салатын қағидаларға жүгінбейді. Бұл саммит – таза іскерлік сипаттағы кездесу. Себебі Орталық Азия — ықпалды елдер үшін стратегиялық маңызы зор өңір. Саммит қайда өтетіні алдын ала белгілі болады. Осы жолғы кездесудің Астанада өтуі және өзге елдерден басшылардың бізге келуі – Қытай үшін Қазақстанның маңыздылығын аңғартады. Біріншіден, бізде ортақ шекара бар, ол арқылы ауқымды сауда айналымы жүріп жатыр. Тек бізбен емес, ары қарай Ресейге және басқа елдерге де жол ашылады. Екіншіден, Қытай біздің мұнайымызды сатып алады. Осы тұрғыдан алғанда, біз Қытай үшін экономикалық тұрғыдан маңызды елміз. Бірақ бұл саммиттер енді тек бізде өтеді деген сөз емес. Уақыты келгенде келесі саммитті Қытай қабылдайды. Айтпақшы, мұндай кездесулер кезектесіп, Қытайда және біздің аймақта өтіп тұрады», – дейді саясаттанушы Бейсенбаев.

Алдағы іскерлік кеңестен сенсациялық мәлімдеме күтуге бола ма, әлде бәрі ресми хаттама шеңберінде ғана айтыла ма? Бұл жайлы сарапшы:
«Жоқ, бұл жай ғана хаттама шеңберіндегі кездесу емес. Әр елдің Қытаймен талқылайтын өзекті тақырыптары бар. Жалпы кездесуден бөлек, Си Цзиньпин әр мемлекет басшысымен жеке-жеке сөйлеседі. Кеше ол біздің елімізге ресми сапармен келіп кетті. Ал бүгін Орталық Азия елдерімен өтетін саммит аясында басқа елдің басшыларымен жеке келіссөздер жүргізеді. Әр елдің Қытаймен өзара ынтымақтастық мәселелері бар. Қытай бәрімен қатарласа қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. Ал елдер өз мүдделерін жеке дара қорғауға тырысады», – деп жауап берді саясаттанушы Бейсенбаев.
Алайда мұндай кездесулер Қазақстанның Қытайды қалай қабылдайтынына сөзсіз әсер етеді.
«Менің ойымша, бізде болашақта мектептерде қытай тілін оқыту қолға алынуы мүмкін. Өйткені қарым-қатынас күшейіп келеді. Ал қытай тілін меңгергендерге сұраныс артады. Бұл жағынан алып қарағанда, бізге Қытайдың – әлемдік экономикалық көшбасшысының іргемізде орналасқанының өзі үлкен артықшылық. Логистикалық тұрғыдан да ыңғайлы. Ұлы Жібек жолы біздің аумақтан өткенін ұмытпауымыз керек. Ол әлі де маңызды бағыт. Осы ерекшеліктерге байланысты Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның да рөлі артып келеді», – деді дипломат.
Қытай Қазақстан экономикасында елеулі орынға ие. Дипломаттың айтуынша, қазіргі уақытта LRT жобасын қытайлық серіктестер аяқтап жатыр. Сондай-ақ Қазақстан мұнайының бір бөлігі Қытайдың қолында. Осы жайттар Қытайдың Қазақстанға деген мүддесін көрсетеді. Қазақстан да мұндай әріптестікті пайдалы санайды. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бір жағы Қытайдың ықпалының артатынын ұмытпау керек.

Қазақстан бірнеше АЭС салу үшін қытайлық CNNC компаниясын таңдады. Алғашқы атом электр станциясын «Росатом» салады. Бірақ одан кейінгі жобаларды негізінен Қытай жүзеге асырады.
«Бұл біздің экономикалық тұрғыда Қытайға бет бұра бастағанымызды көрсетеді. Қытай — атом электр станцияларын салудағы жаһандық көшбасшылардың бірі. Біз біртіндеп экономикалық бағыттағы қадамдарымызды ҚХР-ға қарай жасап жатырмыз. Мысалы, келесі жобаны да Ресейге беруімізге болар еді. Бірақ алғашқысы ғана «Росатомға» берілді. Қалғанын – Қытайға бердік», – дейді сарапшы.

Ресей мен Қытай – АЭС құрылысында сөзсіз көшбасшы бола алған елдер. Ал алғашқы жобаның Ресейге берілуі тарихи тығыз байланыстар мен ұзын шекараға, құрылыс материалдарын жеткізудегі жеңілдіктерге және орысша көбі білген соң, тілдескенде кедергінің болмауына байланысты болуы мүмкін.
Қазақстанда екі бірдей атом электр станциясы қатар салынатыны жайлы жазған едік. Толығырақ осы материалдан оқыңыз.
Бүгін Астанада Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларымен кездесу өткізді.
Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Автор: Александра Мохирева
Жаңалықтар
- «Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шезофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
- Жезқазғанда «Шерзат ісіне» ұқсас қылмыстық іс қайта қаралып жатыр
- «Әкімдіктегі жемқорлық»: Ақтөбеде мердігерді қорқытып пара алған шенді әкімді сотқа шақырды
- Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
- «Жетімін жылатпаған қазақ»: Қонаевтағы балалар үйінің жағдайы қалай?
- Нұржан Бексұлтанова халықаралық жүлдеге ие болды
- Прокурор Алматы әуежайында шу шығарған ер адамды 10 жыл 6 айға соттауды сұрады
- Шағын және орта кәсіпке арналған «Өрлеу» атты жаңа бағдарлама іске қосылды
- «Жаза бәріне ортақ»: Премьер Бектенов Назарбаевтар әулетіне қатысты тергеу ісі туралы айтты
- Олжас Бектенов Әділбек Жақсыбековтың күйеу баласы ма? Премьер өзі түсініктеме берді
- Жәбірленуші бола тұра қылмыскер атандым: Аяусыз пышақталған жасөспірімнің анасы әділдік сұрайды
- Мен халыққа жақсы атану үшін «тариф өспейді» деп айтқым келмейді – премьер-министр
- Перизат Қайраттың Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен байланысы бар
- Алматыда ер адам сүйіктісінің өгей әкесін бауыздап өлтірді
- Атыраулық көпбалалы ана сүндетке отырғызу бағасына наразы болды
- Тоқаев әскери-әуе күштері қолбасшысын қызметінен босатты
- Алматыда ірі жол апатынан 23 адам зардап шекті
- Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын босатылмайды
- Семейде қылмыс әлемінің серкесі Лёха Семипалатинскийге ескерткіш орнатылды
- Ақтөбеде түнде полиция бөліміне рұқсатсыз кіргендер қамалды